Қимылды ойындар

М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі • РОӘБ әдіскері: Даулетбаева Гүлзира

Жазғы балалар демалысын қызықты ойындар арқылы тиімді ұйымдастыру

Биылғы жазғы демалысқа оқушылар да, ата-аналар да, тіпті мұғалімдер де асыға жетті. Жыл бойы уақытының көбі партада отырып оқып-жазуға кеткен бала үшін демалысты тағатсыздана күту — табиғи нәрсе.

Мектептегі дене шынықтыру сабақтары мен спорттық үйірмелер жаз мезгілінде уақытша тоқтайды. Ал ең ұзақ каникул кезінде ата-ана баласының тоғыз ай бойы мектепте қалыптасқан қозғалыс белсенділігін сақтап, дене тәрбиесі мен спорт жаттығуларын үзбей, жүйелі түрде ұйымдастыра ала ма? Көп жағдайда бұл қиынға соғады: ата-ананың уақыты да, мүмкіндігі де әрдайым жете бермейді.

Тиімді шешім

Ата-ана үшін тиімді жолдың бірі — балаңызды көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан балалардың демалыс-сауықтыру (тынығу) лагеріне жіберу. Лагерь түрлері әртүрлі болғанымен, мақсат-міндеттері ортақ:

  • баланы тынықтыру және қызықты демалыс ұйымдастыру;
  • денсаулығын нығайту;
  • білімін кеңейту;
  • тәрбиелік құндылықтарды қалыптастыру.

Осы мақсаттарды орындауда ең ықпалды құралдардың бірі — ойын. Төменде ойындарды мазмұнына қарай жіктеп, балаларды бірден қызықтыратын бірнеше нұсқасын ұсынамын. Ойындардың мақсаты қысқаша берілген. Ұсынылған үлгілерді бұрыннан танымал ойындармен қатар қолдана отырып, баланың ой-өрісін, мінез-құлқын және тұлғалық қасиеттерін заманауи талаптарға сай дамытуға болады.

Ойындарды жас ерекшелігіне қарай өзгертуге, икемдеуге оңай. Көпшілігін балалар өздері де өздігінен жүргізе алады — бұл олардың дербестігін арттыра түседі.

I. Қимылды ойындар

Айдаһардың құйрығы

Мақсаты

Балалардың дене қимылдарын жетілдіру, бірлесе қимылдауға және ауызбіршілікке баулу.

Ережесі

  1. 1 Қатысушылар бірінің артынан бірі тізбектеліп тұрып, белден ұстайды.
  2. 2 Алдыңғысы — «айдаһардың басы», соңғысы — «құйрығы».
  3. 3 Көңілді музыка қосылады. «Бас» күрделі қозғалыстар жасап, «құйрықты» ұстауға тырысады.
  4. 4 «Құйрық» ұстатпай қашады. Егер құйрық ұсталып қалса, ол «бас» болады да, ойын жалғасады.

Қызыл табан

Мақсаты

Ұжыммен жұмыс істеуге, ұйымшылдыққа, шыдамдылыққа және әдепті қарым-қатынасқа үйрету.

Ережесі

  • Лагерьдегі бір адамның табанына «қызыл табан» белгісі жапсырылады (ол кез келген адам болуы мүмкін).
  • Қай топ сол адамды бірінші тауып, әдепті сөздермен табанын көрсетуін сұрап, дәл тапса — сол топ жеңеді.

Көңілді маймылдар

Мақсаты

Еркін қимыл арқылы тыңдай білуге, тәртіп сақтауға, шыдамдылыққа және топпен бірлесе әрекет етуге үйрету.

Жүргізуші мәтіні

Біз — көңілді маймылдар, Өте қатты шулаймыз, Алақанды соғамыз, Еденді де таптаймыз. Ұртымызды үрлеп, Әндетеміз гулеп. Төбеге де секірдік, Маңдайға саусақ келтірдік. Құлағымыз — қалқан, Құйрығымыз — салпаң. Бірақ тәртіп — қатаң: «Үш!» дегенде, апаң — Бәрің тілді алыңдар, Қозғалмай, қатып қалыңдар!

Ережесі

  • Қатысушылар жүргізушімен бірге тақпақты айтып, әртүрлі қимылдар жасайды.
  • «Үш!» деген сөзден кейін барлығы бір орында қатып қалады.
  • Бірінші болып қозғалып қойғандар ойыннан шыға береді. Соңғы ойыншы қалғанша жалғасады.

II. Аз қимылды ойындар

Айна

Мақсаты

Баланың зейінін, байқампаздығын дамыту және әртүрлі қимылдарды дәл қайталау дағдысын жетілдіру.

Ережесі

  1. 1 Әр бала — «айна».
  2. 2 Жүргізуші әр «айнаға» кезекпен келіп, түрлі қимылдар жасайды.
  3. 3 Айна-бала қимылды жылдам әрі дәл қайталауы керек.
  4. 4 Ең дәл қайталаған ойыншы келесі жүргізуші болады.

III. Логикалық ойындар

Балық, құс, аң

Мақсаты

Жылдам ойлау мен шапшаң жауап беру дағдысын дамыту.

Ережесі

  • Жүргізуші ойыншылардың қасына барып, жай дауыспен «балық, құс, аң» деп қайталай береді.
  • Бір ойыншының тұсына келгенде даусын қаттырақ шығарып: «Балық!» (немесе «құс», «аң») дейді.
  • Ойыншы сол сәтте өзіне таныс кез келген атауды (мысалы, балықтың атын) айтып үлгеруі керек. Айта алмаса — ойыннан шығады.

Мақал жарыс

Мақсаты

Мақал-мәтелдің мағынасын түсіндіру арқылы тәрбиелік құндылықтарды ашу, ауыз әдебиетіне қызықтыру, шешендікке баулу және сөзді орынды қолдануға үйрету.

I нұсқа

Балаларды екі топқа бөлеміз. Жүргізуші әр топқа алдын ала дайындалған бір сөзді айтады. Қай топ сол сөз кіріктірілген мақалдарды көбірек тапса — сол топ жеңеді.

Мысал: «тіл» сөзі — «Тіл — тас жарады, тас жармаса — бас жарады».

II нұсқа

Әртүрлі мақалдар жазылған қағаздар теңдей етіп екі топқа таратылады. Жүргізуші бір тақырып айтады. Сол тақырыпқа қатысты мақалы бар бала ортаға шығып, мағынасын дәлелмен түсіндіреді. Қай топтан көбірек және түсіндіруі нақты жауап берілсе — сол топ жеңеді.

Тапқыштар

Мақсаты

Астарлы сұрақтарға жауап іздеу арқылы баланың логикалық ойлауын дамыту.

Тапқырларға арналған әзіл викторина

Елекпен су тасуға бола ма?
Болады, мұз күйінде.
Аңшы көлде жүзіп жүрген үйректерді бір оқпен атса, көлде неше үйрек қалады?
Қалмайды, бәрі үркіп ұшып кетеді.
Есік пен терезенің арасында не тұр?
«Пен» тұр.
Орыс күнтізбесінде ең қысқа ай қай ай?
Май (үш әріптен тұрады).
Қай өзен ең қорқынышты?
Тигр өзені.
Страус «мен құспын» деп айта ала ма?
Жоқ, ол сөйлей алмайды.
Нені дайындауға болады, бірақ жеуге болмайды?
Сабақты.
Жасыл доп сары теңізге құласа, не болады?
Су болады.
Қай қолмен шайды араластырған дұрыс?
Шайды қасықпен араластырған дұрыс.
Қандай сұраққа «иә» деп жауап бере алмаймыз?
«Сіз ұйықтап жатырсыз ба?»
Жаңа жылда адамдарды жаппай құлататын табиғат құбылысы?
Мұзтайғақ.
Он жұмыртқа салынған себетті екі рет түсіріп алсаң, нешеуі қалады?
Бәрі жарылып қалады.

IV. Өзін-өзі тануға арналған ойындар

Жақсы сөз — жарым ырыс

Мақсаты

Баланың білетін жақсы сөздерін ортаға салдыру арқылы өзара сыйластық пен достықты нығайту, сөздік қорын молайту, тіл байлығын бағалауға үйрету және бойындағы ізгілікті ояту.

Ережесі

  1. 1 Қатысушылар шеңбер болып отырады.
  2. 2 Жүргізуші жақсы сөз айтып, допты кез келген балаға лақтырады.
  3. 3 Допты алған бала бір жақсы сөзді тез айтып, допты келесі балаға береді.
  4. 4 Айтылған сөздер қайталанбауы тиіс. Сөз таппай қалған немесе қайталаған бала ойыннан шығады.
  5. 5 Ізгі шарт: ойыннан шыққан баланы досы жақсы сөз айтып, бір рет қайта ойынға қоса алады.

Мамандықтар таңдау

Мақсаты

Мамандықтар туралы білімін кеңейту, еңбек арқылы мақсатқа жетуге болатынын ұғындыру, өзін таныстыру дағдыларын дамыту.

Ережесі

  • Ортаға мамандық атаулары жазылған қағаздар тасталады.
  • Әр бала бір қағаздан алып, сол мамандықты қысқаша таныстырады: шағын көрініс, тақпақ, монолог, сипаттама немесе презентация түрінде.
  • Соңында «Ең жақсы презентация» марапатталады. Барлық қатысушыны қамту үшін әртүрлі номинациялар беруге болады.

Мен кіммін?

Мақсаты

Баланың өз қасиеттері мен қылықтарын таразылауға, жақсы мен жаманды ажыратуға, әділдік пен шыншылдыққа тәрбиелеу.

Тапсырма

1-бейне: күліп тұрған «бала-күн»

Суреттің айналасына тек өз бойындағы жақсы қасиеттерін жазады.

2-бейне: қабағын түйген «бала-күн»

Суреттің айналасына өзіне ұнамайтын қылықтарын жазады.

Соңында әр бала өз жұмысына өзі баға береді. Ең шыншыл қатысушыға «Шыншыл бала» атағын беруге болады.

Қорытынды

Жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру — баланың денсаулығы мен тұлғалық дамуына салынған инвестиция. Ойын — әрі тәрбиелік, әрі дамытушылық, әрі біріктіруші құрал. Оны дұрыс таңдап, мақсатқа сай қолдану арқылы балалардың қозғалыс белсенділігін арттырып, ойлауын шыңдап, өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыруға болады.