Уайет қалшиған қалпынан айнымай
Бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Каролина штатындағы Чарлстоннан Нью-Йоркке бару үшін капитан Харди басқаратын «Индепенденс» атты тамаша пакетботтан жеке каюта алдым. Ауа райы кедергі келтірмесе, сол айдың (маусымның) он бесінде жолға шығу белгіленді. Жүктерімнің қалай орналастырылып жатқанын қадағалау үшін он төртінде кемеге арнайы келдім.
Пакетботқа келген соң жолаушылардың басым көпшілігі әйелдер екенін білдім. Тізімнен бірнеше таныс фамилияға көзім түсті. Әсіресе жас суретші, көңілдес танысым мистер Корнелий Уайет те сапарлас болатынын білгенде қатты қуандым. Біз университетте бірге оқыған едік; тіпті жұбымыз жазылмайтын.
Өзгеден артық туған талай дарын иелері секілді оның мінезі де біртүрлі болатын: енжарлық пен қызбалық, көрсеқызарлық пен ұшқалақтық өзара алмасып келіп отыратын. Соған қоса, бұл жалғанда кездесе бермейтіндей адал да ақжүрек адам еді.
Мен жолаушылар тізімін қайта қарап шыққанда, Уайеттың атына үш каюта белгіленгенін аңғардым. Бұл сапарға оның өзі ғана емес, жұбайы мен екі қарындасы да бірге баратыны белгілі болды. Каюталар әжептәуір кең, әрқайсысында екі төсектен бар. Рас, төсектер тар: бір адам әрең сыйып жататын. Сонда да төртеуіне екі каюта емес, неге үш каюта керек болғанын түсіне алмадым.
Сол жазда көңілім болмашы нәрседен күдіктеніп, секем алғыш болып жүрген. Ұят та болса айтайын: осы «артық» каюта туралы неше түрлі қисынсыз болжам құрып, өзіме-өзім тыныштық бермедім. Ақыры, шешімін «тапқандай» болып, неге бұған бұрын ақылым жетпегеніне таңғалдым: «Әрине, олар қызметшісін бірге алған шығар», — дедім ішімнен.
Бірақ тізімді анықтап сұрастырсам, бастапқыда үй қызметшісін ала кетпек болыпты да, кейін райынан қайтып, өздері ғана аттаныпты. Тізімдегі «үй қызметшісі» деген сөзді сызып тастаған екен. «Ендеше мәселе жүкте шығар: трюмге түсірмей, өзімен бірге алатын заттары бар шығар», — деп топшыладым. Сосын тағы бір ой келді: «Әлде өз суреттерінің бірі ме? Итальяндық еврей Николинимен бір келісім жасасқан болуы керек…»
Осы тұжырымға тоқтаған соң, әлгі болмашы нәрсені ұмыта салдым. Уайеттің қарындастарын — әдепті де ақылды бикештерді — жақсы білсем де, оның келіншегін бұрын көрмеген едім. Жас жұбайлар жақында ғана некелескен-ді. Уайет жұбайы туралы маған талай мәрте, өзіне тән әсірелеуге бейім әдетімен, «керемет сұлу, аса ақылды, тұла бойы талант» деп айтып жүретін. Сондықтан онымен танысатын сәтті тағатсыздана күттім.
Он төртінде Уайет зайыбы және қарындастарымен бірге келмекші екенін капитан айтқан. Мен кемеде бір сағаттай күттім. Алайда миссис Уайет сырқаттанып қалып, пакетботқа тура жүрердің алдында ғана келетінін хабарлаған кешірім хаты жетті.
Ертеңіне мейманханадан шығып, пристаньға беттегенімде капитан Харди жолығып: «Кейбір жағдайларға байланысты «Индепенденс» әлі бір-екі күн портта аялдайтын түрі бар», — деді. Мен үшін бұл оғаш еді: оңтүстіктің қоңыр самалы соғып тұрды. Бірақ қанша сұрасам да, капитан нақты себепті ашып айтпады. Амалсыз мейманханаға қайта оралып, беймаза ойдың ырқына берілдім.
Бір аптадай күткен соң, ақыры хабар келді. Мен сол сәтте-ақ кемеге тарттым. Жолаушылардың бәрі дерлік жиналып қалған, сапар алдындағы әдеттегі абыр-сабыр. Уайет пен серіктері менен шамамен он минут кейін келді. Суретші түнеріп, жан біткенге түксиіп жүрген күйде екен; бұл мінезі маған таныс болғандықтан, аса мән бермедім.
Ең сорақысы: ол маған жұбайын таныстырмады. Ағасының ағаттығын түзеп, таныстыруды оның сүйкімді де инабатты қарындастары өз мойнына алды. Өз кезегінде Уайет ондайда айтылатын бір-екі сөзді асығыс күбірлей салды. Миссис Уайеттің жүзі қалың бетперденің ар жағында көмескі көрінді. Мен тағзым етіп бас игенімде, ол бетпердені сәл көтерді. Сол сәтте оның жүзін көріп, аң-таң қалдым.
Шынын айтқанда, миссис Уайет маған сұлу көрінбеді. Тіпті «ұсқынсыз» деуге болатындай әсер қалдырды. Бірақ киім киісіне қарағанда, талғамы керемет екені байқалатын. Досымды оның ақылы мен жан дүниесі баурағанына күмәнім болған жоқ.
Ол маған екі-үш ауыз сөз айтты да, мистер Уайетке ілесіп каютасына қарай беттеді. Сол мезетте мені тағы бір әуестік биледі: олармен бірге қызметші келген жоқ — бұған көзім жетті. Ендеше әлгі «артық каюта» мен «артық жүктің» сыры қайда?
Біраз уақыт өткен соң пристаньға ұзынша қарағай жәшік тиелген арба келді. Пакетбот сапарға шығу үшін соны күтіп тұрғандай еді. Жәшік кемеге тиелген бойда біз жолға аттандық: өзеннің құяр тұсындағы қайраңнан аман өтіп, ашық теңізге шықтық.
Жәшік шынымен де ұзынша болатын. Әдетте асырып айтуға құмар емеспін, сондықтан зер салып қарадым: ұзындығы шамамен алты фут, ені екі жарым футтай. Мұндай жәшіктер сирек кездеседі. Көзім түскен бетте «көрегендігіме» масаттанып қалдым: «Бұл — сурет! Ең кемі бір сурет…»
Тіпті жәшіктің сыртқы пішініне қарап, Леонардо да Винчидің «Құпия кеш» картинасын көшіріп салған қорап болуы да мүмкін деп топшыладым. Николинидің Флоренциядан кіші Рубини жасаған «Құпия кештің» көшірмесін сатып алғанын бұрыннан білетінмін. «Демек, мәселе шешілді», — дедім ішімнен де, өзімдіше күліп те қойдым.
Бұрын кәсібіне қатысты ештеңені менен жасырмайтын Уайет енді мені сезбейді деп ойлап, суретті құпия алып бара жатқан шығар. «Мені бір тосынсыймен таңғалдырмақ», — деп ұқтым. Мен де әдейі ештеңе байқамаған болып, оның ығына жығылайын деп шештім.
Бірақ жағдай менің «әзіл-қалжыңыма» қарсы шықты: жәшікті үшінші каютаға емес, Уайеттің өз каютасына кіргізді. Ол еденнің көбін алып, суретші мен зайыбына айналуға орын қалдырмады. Оның үстіне қақпақтағы шайыр бояумен жазылған қисық әріптердің қаңсыған иісі жүрек айнытарлық еді.
Қақпақта былай деп жазылыпты: «Миссис Аделаида Кертисқа, Олбани, Нью-Йорк штаты. Корнелий Уайет, эсквайрдің бақылауымен. Бет жағы. Байқап көтерілсін».
Олбаниде тұратын миссис Аделаида Кертис — суретшінің әйелі жағынан енесі екенін мен білетінмін. Бірақ жәшіктегі адрес мені адастыру үшін жазылған болуы мүмкін деп ойладым. «Нью-Йоркке барып, Чемберс-стриттегі шеберханаға түседі», — деген күмәнім жоғалмады.
Жолдың алғашқы үш-төрт күнінде ауа райы тамаша болды, жел қарсыдан соқса да теңіз жайлы еді. Жолаушылар да тез тіл табысып, көңілді отырды. Тек Уайет пен оның қарындастары жұртқа жуымай, оңаша жүрді. Уайеттің жабырқаңқылығына таңданбадым: мінезі солай. Ал қарындастарының каютадан мүлде шықпай қоюын түсіне алмадым.
Миссис Уайет керісінше, көпшілікке араласып, әйелдердің көбімен тез танысып алды. Оның еркектердің алдында қысылмай, еркін қылымсуы мені тіпті аң-таң етті. Ол жұрттың «көңілін көтерді» десем де болады, бірақ көп ұзамай бәрі оның көбіне өз-өзін келемеждеп күлетінін аңғарды.
Еркектер оған сын айтуға бара қоймайтын. Әйелдер болса оны әлденеше атқа мініп үлгерді: парықсыз, аңқылдақ, ажарсыз, тәрбиесіз, көргенсіз, дөрекі… Жұрттың бәрі Уайетты оған үйлендірген не жағдай екенін түсіне алмай дал болды. Ақыры «байлық шығар» деген қорытындыға келді. Бірақ бұл долбардың қисынсыз екенін мен жақсы білетінмін: Уайет қалыңдығының жасауынан көк тиын да алмағанын, ауқатты туыстары да жоқ екенін айтқан-ды. «Шын ғашық болдым» деуші еді.
Осы сөздер есіме түскен сайын, ішімнен: «Шынымен есі ауысқан ба?» — деп қайран қалатынмын. Өйткені Уайет нәзік, асқақ сезімді адам; болмашы мінді де көтермейтін, сұлулықты пір тұтатын жан.
Әйелі оны ерекше жақсы көретін сияқты көрінетін: күйеуі жоқ жерде оның айтқанын қайталап, күлкіге қалып жүрсе де, «күйеуім» деген сөз аузынан түспейтін. Дегенмен кемедегі жұрттың бәрі Уайеттің одан қашқақтайтынын сезді: әйеліне еркіндік беріп, өзі каютасын жауып алып, сыртқа сирек шығатын.
Көрген-білгенім мені бір ойға итермеледі: тағдырдың тәлкегімен, әлде соқыр құмарлықпен өзінен төмен біреумен қосылып, көп ұзамай одан суынып, енді жеріген болуы мүмкін. Мен оны аяп кеттім. Бірақ оның «Құпия кешті» менен жасырын сатып алғаны көкейімде дақ болып қалды. Ақыры мен де қарымтасын қайтаруға бекіндім.
Бір күні ол палубаға шықты. Әдеттегідей қолтығынан алып, екеуміз ары-бері жүрдік. Ол түнерген күйі үнсіз қалды; анда-санда тіл қатса да, сөзін зорға сығып шығаратындай. Мен бір-екі рет қалжыңдап көрдім, ол еріксіз езу тартты.
Сосын жоспарымды іске қостым: ұзынша жәшік туралы астарлап сөз қозғап, өзімше «жасырын зеңбірегімнен» ата бастадым. Көз қысып, жәдігөйлей жымиып, бүйірінен жеңіл түрттім. Осы бейкүнә қалжың оның есінен адасқанын бірден көрсетті: алдымен бақырайып қалшиып қалды, кейін көздері шарасынан шығып, алара түсті.
Артынша өңі бұзылып, қып-қызыл болып кетті де, кенеттен ішек-сілесі қатып қарқылдап күлді. Күлкісі барған сайын үдеп, он минуттан астам алқынып тоқтай алмады. Ақыры палубаға сылқ етіп құлап түсті.
Мен еңкейгенімде, өліп қалғандай көрінді. Көмек шақырдық. Әупірімдеп есін жидық. Ол күбірлеп бірдеңе былдырлады. Артынша қан алып, төсекке жатқыздық. Ертеңіне дені сау сияқты болды, бірақ ақыл-есі туралы айтуға аузың бармайтын.
Сол күннен бастап капитанның ақылын тыңдап, онымен кездесуден қашқақтай бастадым. Капитан менің «ақылы ауысқан» деген пікіріме толық қосылатын сияқты еді, бірақ бұл туралы ешкімге тіс жарып айтпауымды қатаң өтінді.
Сол жолғы оқиғадан кейін менің әуестігім бұрынғыдан бетер күшейді. Бұған бірнеше себеп болды: жүйкем жұқарған, үстіне капитан сыйлаған көк шайды көп ішіп қойып, түн бойы ұйықтай алмадым. Турасын айтсам, екі түн қатарынан көз ілмедім.
Менің каютамның есігі үлкен салонға қарайтын; салон әрі асхана қызметін атқаратын. Еркектерге арналған екі каютаның есігі де сол жақтан шығатын. Уайеттің үш каютасы салонмен түнде жабылмайтын жеңіл сырғымалы есік арқылы бөлінетін шағын залға тірелетін.
Қатты қарсы желге қарсы жүргендіктен кеме үнемі ауытқып, бағытын өзгертіп отырды. Бірде кеме оң жамбасына жантайғанда салон мен шағын зал арасындағы сырғымалы есік кейін серпіліп, қайта жабылмай ашық қалды. Ешкім тұрып барып жабуға құлық танытпады. Менің каютамның есігі де ыстықтан көбіне ашық тұратын. Осылайша төсегімнен тұрып әуре болмай-ақ шағын залды, әсіресе Уайеттер каюталарының есігі тұрған жақты анық көріп жаттым.
Екі бөлек түнде, шамамен сағат он бірлерде, миссис Уайеттің ақырын ғана мистер Уайеттің каютасынан шығып, үшінші каютаға кіргенін көрдім. Ол таң атқанша сонда болып, тек күйеуі шақырғанда ғана бұрынғы орнына қайтатын. Бұл олардың арасындағы салқындықты дәлелдегендей еді: ресми ажырасуды ойлап, қазірдің өзінде ортақ төсектен бас тартқан болуы мүмкін. «Үшінші каютаның құпиясы ашылды», — деп ойладым.
Бірақ мені одан да қатты мазалаған басқа жайт болды. Сол екі түнде де миссис Уайет үшінші каютаға кеткен бойда, күйеуі жатқан жақтан бір тықыр, тоқылдаған дыбыс естілді. Ұзақ тыңдай келе, оның сырын ашқандай болдым: дыбысты бәсеңдету үшін балға мен қашауды жұмсақ жүнге не мақтаға орап, ұзынша жәшікті ашып жатқан болуы керек.
Қақпақты қай уақытта көтергенін де шамалап айырардай едім. Төсек үстіне апарып абайлап қоймақ болса да, ағаш төсектің жұмыр жиегіне сәл тигізіп алғанын дыбысынан аңғардым: еденде қақпақты қоятын орын жоқ болатын. Содан кейін тып-тыныш. Алғашқыда да, екінші түнде де басқа сыбыс естімедім. Кейде ғана булыққан өксікке не күбірге ұқсас әлсіз дыбыс құлағыма шалынғандай болды, бірақ бұл көк шай қоздырған қиялымның ойыны да болуы мүмкін.
Таң алдында екі мәрте де мистер Уайеттің жәшіктің қақпағын жауып, шегелерін қайта қағып жатқанын құлағым шалды. Содан соң киініп шығып, үшінші каютадағы миссис Уайетті шақыратын.
Сапардың жетінші күні біз Гаттарас мүйісіне таяп қалған едік. Кенет оңтүстік-батыстан долы дауыл соқты. Ауа райы алдын ала түнеріп тұрғандықтан, біз аса бейқам болған жоқпыз: люктер тығындалған, жүк пен құрал-сайманның бәрі мықтап бекітілген. Жел күшейген соң желкендерді жинап тастап, кеме екі-екіден риф қалған контр-бизань мен формарсельдің ырқымен ғана ілгері жылжып келе жатты.
Осы күйде екі тәулік жүздік. «Индепенденс» өзінің мықты кеме екенін көрсетті: трюмге су да жөнді кірген жоқ. Бірақ екінші күннің кешіне қарай жел мүлде күшейді. Контр-бизань жұлым-жұлым болып, кеме ілгері жүзуден қалды. Жүйткіген алып толқындар бірінен соң бірі төпеп, үш теңізшіні, асхананы және сол жақ фальшбортты теңізге шайып әкетті.
Біз ес жия алмай жатқанда формарсель қақ айырылды. Дегенмен дауылда қолданылатын желкендерді көтеріп үлгердік те, бірнеше сағат кемеміз аман жүріп отырды. Бірақ дауыл үдей берді, тыншыған түрі жоқ. Арқандардың кейбірі мықтап тартылмаған екен: үнемі күш түсе берген соң, үшінші күні кешкі бестер шамасында кеме күрт бұлт етіп бұрылғанда бизань-мачта төтеп бере алмай морт сынып, палубаның ортасына гүрс етті.
Қапталдан соққан адуын толқынмен алыса жүріп, кемені қатерден құтқаруға бір сағаттан артық әлек болдық. Бірақ артынша балғашы (тескіш) трюмдегі судың төрт метрге көтерілгенін хабарлады. Қырсық шалғанда помпаларға қоқыс толып, су айдайтын күйден қалды.
Кемеде аласапыран басталды. Қалған екі мачтаны да кесіп, жол ашып теңізге лақтырып, кемені жеңілдетуге кірістік. Ақыры амалсыздан солай жасадық. Бірақ помпалар бәрібір жүрмеді, ал су трюмге толассыз құйыла берді.
Күн еңкейе дауыл саябырсығандай болды. Абыржу да басылып, қайыққа мінсек аман қалармыз деген үміт оянды. Кешкі сегізде қою қара бұлт сейіліп, көк жүзінен толық ай сәулесін төкті. Күтпеген осы көрініс жұрттың еңсесін көтеріп жіберді.
Әзер дегенде вельботты суға түсірдік. Оған бүкіл команда мен жолаушылардың көбі мінді де, кеме бортынан алыстай жөнелді. Олар кейін, кеме апатқа ұшырағаннан үш күн өткен соң, талай қиындық көріп, арып-ашып, ақыры Окракок-Инлетке жеткен екен.
Ал пакетботта капитанды қоса санағанда, тағдырын кормадағы қайыққа сеніп тапсырған он төрт адам ғана қалды. Толқын суға табан тигізе бере жұлып әкете жаздағаны болмаса, біз қайықты аса қиналмай-ақ түсірдік. Бұл қайыққа капитан жұбайымен, мистер Уайет пен оның серіктері, мексикалық офицер, оның әйелі мен төрт баласы, негр қызметшім және мен отырдым. Әрине, қайықта бос орын қалмады. Сондықтан енді оған аса қажеттіні ғана алып мінуге тура келді…