Ана тілі ұраным

Сабақ туралы

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың білімдерін бекіту, алған білім-білік дағдыларын көрсету.
  • Тілін дамыту, сөздік қорын молайту.
  • Ұқыптылыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу.

Түрі

Әдеби-музыкалық монтаж.

Көрнекілігі

Оқулықтарға арналған баннерлер, слайдтар, фотомонтаж.

Сабақтың барысы

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін — тәуелсіз еліміздің еңсесі биіктеп, еркіндігіміз айқындалған шақта, қуанышымызға қуаныш қосылатын ерекше күн.

Ана тілінің ғажайып әрі шынайы әлеміне бүлдіршіндерді жетелейтін алғашқы кітап — Әліппе. Бүгін сіздер барлық ғылымның бастауы саналатын осы қастерлі оқулықпен қоштасу тойына келіп отырсыздар. Тойларыңыз тойға ұлассын!

Арнау

Өсті міне бойларың, өсті ақыл-ойларың.
Қуанышқа ортақпын — құтты болсын тойларың.

Кенен Әзірбаев айтқандай, бала тілі — балдай. Ендеше, бүлдіршіндердің бал тіліне құлақ салайық.

Оқушылардың құттықтауы

Айжан

Өлшеулі ар-намысы халқымыздың,
Қорғаны адамдықпен салтымыздың.
Армысыздар, аяулы ұстаздарым,
Сенері — сендерсіңдер халқымыздың.

Ақбота

Өмір берер ертеңгі бағаларын,
Әліппемен қоштаспақ бүгін балаларың.
Халқыма ұрпақ берген, өмір берген —
Қош келдің, ата-әже, әкелер мен аналарым!

Жазира: Бүгін біз үшін үлкен қуаныш! Алғаш мектепке келіп, оқу-жазуды үйренген алғашқы оқулығымыз — Әліппені аяқтап, қоштасқалы отырмыз.

Мақсат: Мектеп табалдырығын аттағалы 6 ай өтіпті. Осы уақыт ішінде 42 әріпті үйреніп, енді өзіміз оқып та, жаза да аламыз.

Жазира

Ең алғаш алғанымда Әліппені, қызығып қарай бердім әріптерді.

Мақсат

Ұстазым кілтін оның алып берді — жұмбақ болып қалар ма еді?

«Әліппеге саяхат» көрінісі

Мұғалім: Балалар, бүгін соңғы рет Әліппе оқулығына саяхат жасап, қош айтысасыңдар. Әзірміз бе?

Фанфар үні.

Ақжол

Алыстан бір зат көрінеді (дүрбімен қарап). Қайықты жағаға бұр! Бұл не екен?

Арай

Суреттермен сөйлеткен, әріптерді үйреткен.
Баспа әріп пен жазба әріп, дауысты мен дауыссыз —
Айтыңдаршы, балалар, қай оқулық үйреткен?

Оқушылар (хормен): ӘЛІППЕ! ӘЛІППЕ!

Азамат

Армысыздар, жас достар! Армысыздар, ата-аналар!
Болашаққа жол бастар Әліппе келді ортаға.
Білім деген ғажайыптың әліпбиін меңгерген —
Келешегі қазақтың басталады сендерден.

Әліппенің сұрақтары

  1. 1. Балалар, Әліппені алғаш жазған кім?
  2. 2. Ыбырай аталарың қандай өсиет қалдырды?

Мұғалім: Құрметті Әліппе, төрге шық. Балалардың саған айтар алғысы мол.

Ән: «Анадай асыл, мектебім — барлығы»

Әліппеге арналған тақпақтар

Еркегүл

Бар кітапқа бас болған — Әліппе, ғылым ағасы.
Әліппеден басталған даналықтың данасы.

Ердаулет

Іші толған әріпке — жақсы кітап Әліппе.
Барлық білім-ілімнің ағасы осы Әліппе.

Зейнеп

Біз жазамыз «ана» деп, біз жазамыз «дана» деп,
Біз жазамыз «бала» деп, біз жазамыз «Отан» деп.

Нұрсұлтан

Келгенде алғаш мектепке білмеуші едік әріп те,
Оқимыз қазір ертек те — үйреткен оны Әліппе.

Фариза

Көлге айналған бұлақтың қайнар көзі — Әліппе.
Том-том қалың кітаптың басы болар — Әліппе.

Арай

Әліппе деген — даңғыл жол, апарар сені алысқа.
Жеңіл емес ауыр жол — тырысып бақ намысқа.

Ән: «Дос болайық бәріміз!»

Дыбыстар әлемі: «туған-туысқандар»

«Әр жігіттің үш жұрты болады» деген тәмсілге сүйеніп, балалар Әліппенің «туған-туысқандарын» таныстырады:

Өз жұрты

Дауысты дыбыстар

Нағашы жұрты

Дауыссыз дыбыстар

Қайын жұрты

Ъ, Ь белгілері

Әріп-тақпақтардан үзінді

Зейнеп — «А»

Алма берсем жейсің бе?
Мені «А» әрпі дейсің бе?
Аузыңа сап жегенде,
«А» деп айтып жейсің бе?

Нұрсұлтан — «Ә»

«Ә» деген әріп мен болам,
Әділдікке шақырам.
Әдепті бол әрқашанда,
Қасыңда болам сонда ғана.

Еркегүл — «Б»

«Б» әрпінен бастап ұстазың
«Бүлдіршін» дейді сүйкімді.
Қуанып сен үшін ата-анаң
«Балапаным» дейді сүйікті.

Ортақ түйін

Әріпсіз сөз болмайды, буын онсыз толмайды. Адам барлық әріпті ардақтайды, қолдайды.

Ән: «Жас дәуірдің түлегіміз»

Тәрбиелік көрініс: «Жақсылық пен Жамандық»

Бір күні Жақсылық пен Жамандық кездесіп, сөз таластырады. Көріністің мақсаты — баланы үлкенді сыйлауға, кішіні қорғауға, әдептілік пен тәртіпке баулу.

Жақсылық

Жамандыққа жол бермеймін ешқашан. Үлкендерді сыйлауға, кішіге қамқор болуға үйретемін — баланы жақсылыққа бастаймын.

Жамандық

Бала жамандыққа үйренсе, жұрттың бәрі қорқады. Құстар ұшып, тауық қашып, ал бала қорқақтап бұғып өтеді.

Серт

Мұғалім: Балалар, тәртіпті, білімді болуға серт береміз бе?
Оқушылар (хормен): Тәртіпті, білімді оқушы болуға серт береміз!

Ән: «Досым-ай»

Қоштасу сөздері: Әліппеге алғыс

Дилара

Ашылды енді алдымнан кең дүние есігі,
Соғылған Әліппе — білім бесігі.

Амангүл

Әліппем менің, Әліппем, өмірді көрем танып мен.
Қайталап айтам мың рет: өзіңе көп-көп рақмет!

Ақжол

Қош бол, құтты Әліппем, көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен, тақылдатып сөйлеттің.

Келесі қадам

Оқушылар Әліппемен қоштасып, енді «Ана тілі» оқулығын қолға алатынын айтады: сауатты оқу, көркем жазу, ойды анық жеткізу — жаңа кезеңнің басты мақсаты.

Жаңа дос: «Ана тілі»

Мұғалім балаларды Абайдың өсиетімен жігерлендіреді: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой». Осы бес қасиетті бойға дарыту үшін ана тілін терең меңгеру қажет.

Елдос — «Ана тілі» туралы

Туған елдің тілімін, ақылыммен таныламын.
Түсіндірер бәріне — Ана тілі пәнімін.
Ана тілі — ұраным, Ана тілі болмаса,
Мықты болмас тұрағым.

Ана тілі балаларға: «Енді мені оқитын боласыңдар. Мен сендерге көп нәрсені үйретемін. Барлық қазына байлық — оқу-білімде», — деп үн қатады.

Оқу-білім туралы мақал-мәтелдер

  • Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
  • Ақыл — тозбайтын тон, білім — таусылмайтын кен.
  • Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.
  • Ақыл азбайды, білім тозбайды.
  • Оқу — инемен құдық қазғандай.
  • Білім іздеген озар, бүлік іздеген тозар.
  • Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.
  • Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.

Ана тіліне құрмет (үзінді)

Зейнеп

Ана тілін білмеген — ақылы жоқ желікбас.
Ана тілін сүймеген — халқын сүйіп жарытпас.

Маншүк

Ана тілің — арың бұл, ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.

Ердаулет

Ана тілім — елдігім, ана тілім — ерлігім.
Ана тілім болмаса, бүтінделмес кемдігім.

Би: Ана тілінің құрметіне вальс

Қорытынды тілек

Ана тілі

Білімнің бетін жарық ет! Ұл-қызымды білімді ет.
Келесі оқу жылына аман-есен түгел жет!
5 болсын алар бағамыз, білімнен бақыт табамыз.
Өнер-білім көп тоқып, өсе берсін санамыз! Әумин.

Мұғалім

Бүгінгі кеш әр үйдің той басы деп саналар. Балалардың есімі әулеттерге таралар. Ырым етіп, кеш соңында ақ ниетпен барша қонақ тілек айтар.

Ата-аналарға алғыс

Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты оқып-жазуға ата-аналардың қосқан үлесі зор. Ұстаздар алғыс білдіріп, сөз кезегін ата-аналарға ұсынады.

Дереккөз: http://wwwsabak5246-alippe.html