Жерге кіріп барам

Куәлік жазбасы

(Жаркент оязы, Тұзкөл болысы, Аламан ауылының Албаны) Мен шілденің 10-ы күні Шалкөдеден келе жатып, дүйсенбі күні Албанның Қарқараға жиналатынын естіп едім. Шілденің 11-і, дүйсенбі күні, Албан Қарқараға жиналды. Кеңестің негізгі мәні — бала беру-бермеу мәселесі болды.

Қарқарадағы кеңес және приставтың қысымы

Жұрт көп бермеуге қаулы қылып келіп, Серікбай, Айтбай, Тұрлықожа — үшеуіне жауабын берді. Үшеуі барып приставқа айтты.

Пристав бір мезет ашуланды. Бір мезет ақыл айтып, майдалады. Ақыры: «Қатты қатарға алынасыңдар», — деді. Жұрт илікпей, қайсарлық танытып тұрды. Соңында: «Елге тараңдар, не жауап болса да болыстарыңнан естірсіңдер», — деп тарқатты.

Бұған дейін жұрт арасында «песір мен болыстар шет-пұшпақтап, іспескі жазып жүр» деген күңкіл болатын. Әлгі жиналыстан қайтып келген соң, өзіміздің песірдің қолындағы қағазын тартып алып, жыртып тастадым.

Қақтығыс

Песір елге өкпелеп, «ел қарсы болды» деп протокол жазып көрсетпекші еді.

Ымыра

Ел старшындары «басы бір қозыдан» деп, сегіз қозының ақшасын қосып, песірге бермек болып тоқтады.

Мен қайта Шалкөдеге жүріп кеттім. Үш-төрт күннен соң қайтып келе жатып, Қарқараға Әбдіқалықты шақыртып кеткенін және мені іздеп жүргенін естіп, үйге келдім. Үйім у-шу болып, жылап отыр екен.

Ұлыққа шақырту, тұтқын және абақты

Болысқа барсам: «Сені ұлық бізге тап деп жатыр. Ұлыққа барайық», — деді. Екеуміз ұлыққа келдік. Пристав бізді Кравченковқа жіберді. Келісімен-ақ мені екі солдат күзетке алды.

Кравченков шақырып, жауапқа алды: — Ұзақтікінде бие сойғанның ішінде жүрсің бе?
— Білмеймін, — дедім.

Қағазға қол қойдырып алып, мені Әбдіқалықтың қасына абақтыға тықты. Серікбай да сонда екен. Екі күн жаттық.

Қарақолға айдау және қайтадан Қарқараға қайтарылу

Бір күні кешке жақын бізді жаяу айдап, өздері атпен үш солдат конвойлатып Қарақолға қарай жүргізді. Сол күні жолда Қарақолдан арбалы бір орыс келіп, «қырғыз бүлінді» деп хабар қылды. Солдаттар не істерін білмей, жолда тоқтап тұрған кезде Қарқарадан жасауыл келіп, бізді қайта әкеліп, абақтыға тықты.

Ертеңіне біздің үстімізге 12 тараншыны әкеп қосты. Базардағы саудагерлер мен адамдар заттарын тасып, ұлықтың үйін айнала жиналды: ор қазылды, арбадан қорған жасалды.

Ертеңіне кешке, ел жатарда, бізді абақтыдан Жаркентке қарай 15 солдат айдап шықты: үш қазақ, он екі тараншы. Топымызбен «томпылдатып», өгізше қуып келеді.

Жол үстіндегі зорлық

Жардың жағасына жеткенде Маңсыр деген бір тараншы болдырып, оны өзге он бір тараншы сүйемелдеп отырғызып қойды. Қарқараның тоғанынан өткенде әлгі тараншыны алып жүре алмады. Ол жерге жығылып, аузын ашып жатқанда бір солдат ат үстінен мылтықтың істігімен найзалап кетті.

Тараншының құлындай даусы шығып бақырды. Біздің иманымыз ұшты.

Таңға жақын Кегендегі пошта станциясына айдап келді. Бір беті ашық қораға қамап қойды. Солдаттар шай қайнаттырды. Бір-бір ожаудан шай ішіп, таңдай жібіттік.

Солдаттар қайта жүруге ыңғайланды. Серікбай мен Әбдіқалық: «Біз жүре алмаймыз. Ақыр өлтіресің ғой, осы жерде өлтір», — деп отырып алды.

Орыстар ұрмай-соқпай аз ғана сөзге келіп, «жүріңдер, арбалы тараншыға жетейік, соның арбасына мінгізем» деп, жалынғандай болып, қайта айдады.

Қайқыға жақындағанда Серікбайлар тағы жүре алмады. Жалынып жүріп біраз дем алдық. Сол жерде солдаттар мылтығына оқ салып, тас-ши атып, күліп отырды. Қайта айдады. Әбдіқалық пен Серікбай жүре алмады — оларды аттың бауырына алып ұрды. Мен Серікбайды демеп алып жүрдім.

Ату сәті және аман қалу

Күн сәске болғанда, артымыздан келе жатқан солдаттың мылтығы тарс еткенде, алдымыздағы бір тараншы жалп ете түсті. Артынша тарс-тұрс, түтін-тұман.

Серікбай екеуміз қатар құлай кеттік. Жер бауырлап жата бердік, қимыл жоқ. Аздан соң Серікбай: «Ай, Әбдіқалық, көтер басыңды!» — деп айқайлады. Мен селк еткенімде Әбдіқалық: «Қозғалма!» — деді.

Үстіме бір тараншы құлап түсті. Бауыздалған малдай тыпырлап жатыр. Сол мезетте бас жағымнан сайманы салдырлап, бір солдат аттан түсті. Мылтығын сақырлатқандай болды. Жерге кіріп бара жатқандаймын: кеудемде жан бар-жоғын білмеймін, өне бойым шымырлап, өліп бара жатқандай сезіндім.

Құлақ шекеме бірдеңе шақ ете түсті... «Өліп кеттім» деп ойладым. Орыстың дабырын құлағым шалды. Әуелі Әбдіқалықты тінтті, кейін менің алқымымнан көтеріп, қойным-қоншымды ақтарды. Мен тілімді шығарып, дем алмадым — тірі екенімді білдірмедім. Тінтіп болған соң сылқ еткізіп тастай салды. Естен айрылдым.

Қанша жатқанымды білмеймін. Көп уақыт өткенде, айнала тыншығанда басымды көтерсем, бір жақ шекем томардай болып ісіп кетіпті, көзім де ашылмай қалған екен. Сипасам — көзім қатқан қан мен топырақ. Сыпырып, көзімді аштым: оқ құлақ шетін ота кеткен екен.

Басымды жұлып ала сала Ақшоқы тауына қарай жан ұшыра қаштым. Біраз жүрген соң бір шилеуітке келіп бұғып қалдым. Тілім аузыма сыймайды. Шапанымды көлеңке қылып, құлап едім — ұйықтап қалыппын. Күн екіндіге таяпты.

Ілбіп жүріп бір бастау тауып, су ішіп, бетімді жуып алдым. Сол жерде талып, тағы ұйықтап қалыппын. Күн бата оянып, жаяулап келе жатсам, екі атты кісі жолығып, мені мінгестіріп алды.

Үркіншілік, Қытайға ауысу және қайту

Ертеңіне Көміршінің сазына үркіп барған елдің артынан жеттім. Ел одан әрі тағы үркіп, Құлжа ауданына өтті. Малдан айрылып қалыппыз. Бір қызымның арқасында қыстай Қытай жерінде жан бағып шықтым.

Мең-зең болып, әбден тозып, тарыққан соң, 1917 жылдың жазы туған кезде қонысқа қарай жаяу шұбап қайттық.

Ащы қорытынды

Қарқарадан айдалған он бес кісіден сол алғашқы сәтте болған Маңсыр тараншымен екеуміз ғана құтылдық. Қалған он үші Қайқыда, атылған жерде қалды. Серікбай мен Әбдіқалықтың моласы да сонда. Бәрінің сүйегін жинап, сол жерге көме салған екен.

Дерек

Қолжазба араб қарпінде. ҚР Орталық мемлекеттік архиві: Қор — Р-1368; тізбе — 1; іс — 56.