Көршіміз, Шақтай ақсақал, әлдене толы көнетоз сөмкесін арбаға салып жатып шешеме: - Бәйбіше, ақсақалың бүгін түске қарай келіп қалар, - деп ескертті
Шақтай ақсақалдың келуі
Көршіміз Шақтай ақсақал әлденеге толы көнетоз сөмкесін арбаға салып жатып, шешеме: «Бәйбіше, ақсақалың бүгін түске қарай келіп қалар», — деп ескертті. Шешем де жол жүретінін айтып еді, ол: «Иә, жұмыс қой, фермаларға барамын», — деді де, арбасына отырып, қыр асып кете барды.
Араға үш-төрт күн салып оралды. Ол кезде біз Қатынкөлге жайлауға көшіп келіп, құлағалы тұрған балағандарға жайғасқанбыз. Қойлы ауылдың адамдары ең жайлауда кәдімгідей серпіліп, сергіп қалғандай еді.
Қозы суару: шаң мен шыдам
Кешкі шай үстінде әкем: «Шақаң ертең қозы суарам дейді. Сен де көмектес», — деді. Ертеңіне құлқын сәріден ауылдың үлкені де, кішісі де осында жиналды. Тек араларында Шақаң көрінбеді.
Бірер сағаттан соң қозыларды бөліп те болдық. Отар өріске беттеді. Қой да, қозы да жақ жаппай маңырап, айналаны азан-қазан етіп жіберді. Ауыл әйелдерінің бірі Шақаңа хабар салуға кетті. Сәлден соң ол екі шелекке құйылған, суға араласқан дәріні алып келіп, Шақаңды ертіп жетті.
Көзім жеткен бір мінез
Орындыққа жайғасқан Шақаң қып-қызыл дәріні қолындағы аспаппен қозылардың аузына құя бастады. Бастапқыда іске қызыға кірісіп едім, күн қызған сайын қозыларды сүйреткенде көтерілген қара шаң тынысымды тарылтып, терлеп-тепшіп берекемді алды.
Ал үстіндегі қара халаты жер сызып, басындағы бөркін бастыра киген Шақаң үшін күннің ыси түсуі де, тұяқтан көтерілген қою шаң да маса шаққандай әсер етпегендей еді. Ол бір қалыпты жұмысын жалғастыра берді.
Сол жолы мен Шақаңның кіші мал дәрігері екенін алғаш білдім. Көп ұзамай оның сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз екеніне де көзім жетті.
Көл жағасындағы ән
Бірде ол Баяннан кішкентай гармон сатып әкелді. Ертеңіне кешке қарай Қатынкөлдің жағасына Үміт апаға киіз, құрақ көрпе төсетіп, бірде домбыраға, бірде қобызға, бірде гармонға қосылып, қазақтың небір әсем әндерін төгілте салды.
Ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай жиналып, Шақаңның әніне құлақ түрді. Тіпті бұл кезде ақтылы қой отарын ауыл маңайына төңіректетіп жүрген әкем мен көмекшісі де отарды көлге жауып, өздері келіп тыңдады.
Ел аузындағы әңгіме
Дастархан басында әкем маған Шақаңның ел таныған әнші екенін айтты: ҚазАССР-дің бір үлкен мерекесінде қазіргі радиодан да ән салып жүрген Қали Байжановтармен бірге ән сайысына қатысып, жүлдегер атаныпты. Бірақ сол кездің өзінде балалы-шағалы болса керек; кейін тұрмыс жағдайымен ауылда қалып қойған екен.
Аққулар және үнге еліткен көл
Шақаң малды ауылдарды аралап кеткенде, біз — ауыл балалары — ұзақты күн асық ойнап, бұзауға мініп, Қатынкөлдің құм көмкерген жағалауында асыр салатынбыз. Көл бетінде бірі қонып, бірі ұшып жүрген үйрек-қаздарға, әсіресе көлдің сәнін келтіретін қос аққуға қызыға қарайтын едік. Олардың соңынан ерген төрт-бес көмірдей қап-қара балапандары да бар еді.
Бір күні Шақаңның арбасы балаған алдында тұрғанын көріп қатты қуандым. Кешке қарай ол баяғы әдетінше көл жағасына жайғасып, әсем әндерді бірінен соң бірін айта бастады. Жаздың мамыражай, қоңыр салқын күндерінің бірі болатын.
Әдетте көл ортасына дейін жүзіп барып, кері бұрылатын аққулар Шақаң қобызын қолына алған сәтте, әлденеден құр қалатындай, біз жайғасқан жағалауға қарай асыға жүзіп келе жатты. Бірақ оған алғашында ешкім аса мән бере қойған жоқ: жұрттың назары қобыздың бірде құйқылжыған, бірде күңіренген үніне ілескен Шақаңның әніне ауған еді.
Кенет ашылған көрініс
Бір мезетте отырғандардың бірі сыбырлап: «Керемет-ай!» — деп, иегімен көл жақты нұсқады. Балапандарын ерткен аққулар біз отырған жағалауға таяқ тастам жерде жүзіп жүр екен.
Сәлден соң аққулар жағалауға шығып, ауыл алдындағы қырға беттеді. Осы әдемі сәт кейін де бірнеше рет қайталанды.
Тұнық заман, тосын оқ
Ол уақыт — техниканың кем кезі, ауаның да ластанбаған тұнық шағы еді. Кейде гүрілдеген мотор дыбысы естілсе, балалар сыртқа атып шығып, орталықтан келетін қара жолға көз тігетінбіз.
Көп күттірмей үш аяқты үш-төрт мотоциклмен әскери адамдар көрінді. Сол сәтте балалар көлге қарай құстай ұшты. Олар жағалауға іліккен кезде офицерлердің бірі қаруын көтеріп, әлденені ұзақ көздеп, шүріппені басып қалды. Дыбыссыз қарудан шыққан оқ масадай ызыңдап ұшты.
Сол мезет қос аққу аспанға көтеріле берді. Балапандары суға сүңгіп, жоқ болды. Бірақ самғап биіктей берген тұста аққулардың бірі қиралаңдап, кібіртіктеп барып, бір-ақ сәтте көлге құлап түсті. Жансыз денесін толқын баяу тербетіп, жағаға қарай жылжыта бастады.
Қуғын және апат
Мұны көрген әскери адамдар мотоциклдеріне асығыс мініп, өлі аққудың денесі ағып шығатын тұсқа қарай ағыза жөнелді. Дәл сол кезде көтерілген құйын жел толқынды қарама-қарсы жаққа бұрып жіберді.
Мұны байқаған рөлдегі офицер келе жатқан мотоциклді шұғыл бұрып қалғанда, көлік ауып, аққуды атқан мергенді басып қалды. Ал рөлдегі кісі анадай жерге ұшып кетті. Қалғандары бірден аңғармай, толқын қуалаған өлі денені бетке алып, жағалауға қарай асыға жүріп кетті.
Үзіліп қалған үн
Ауып қалған мотоциклдің рөліндегі офицер біраздан соң атып тұрып, қайта құлап түсті. Ал қораптағы офицер мотоциклдің астында жаншылып жатты. Алғашында әлсіз ғана: «Помогите!» — деп екі-үш рет үн шығарды да, ыңырси бастады. Сәлден соң тына қалды.
Осы сәтте сыңарынан айырылған аққу Қатынкөлді шыр айналып, қанатымен суды сабалап, сұңқылдап ұшып жүрді. Құс біткен түгел даурыға көтеріліп, аспан тітіркенгендей болды. Аунап қалған мотоциклге жақындап тоқтаған серіктері сұлап жатқан қаруластарына ұмтылды. Жаралыларды мотоцикл қораптарына салған кезде жан дауысы шықты да, олар қозғалып кетті.
Көлдің жетімдігі
Сол түні ай жарық еді. Ауыл адамдары көз іле алмады. Тіпті балалардың өзі көл айнала ұшқан аққудың зарлы үнінен шошып ояна берді. Сол күннен бастап көл жетім қалғандай көрінді.
Ауыл адамдары: «Е-е, байғұс, мына сыңар аққу балапандарын аялдатып қалды ғой. Әйтпесе сыңарының қаны тамған көлге бір минут аялдар ма еді?» — деп отыратын. Оны кім білсін. Бірақ аққудың мұнтаздай пәктігі мен ерекше қасиеті жайлы айтылатын әңгімелердің шындыққа жақын екеніне сол күннен бастап шүбәсіз сенетін болдым.
Қоштасу әуені
Каникул бітіп, біз мектепке қайтар шақта үлкендер: «Шақа, балалар ендігі жазға дейін әніңді сағынады ғой», — деді. Сол сөзді жерге тастай алмады ма, көл жағасында тағы да ән салды.
Қобызбен күңірентіп, «Қараторғай» әнін айтып отырғанда, «Айрылдым қапияда сенен неғып» деген тұста нұры кеми бастаған жанары жасқа толып еді. Бәлкім, бұл қарт әнші ойда-жоқта оспадар оққа ұшып, апатқа ұшыраған құс патшасы — аққумен және оның қамкөңіл қосағымен мәңгілікке қоштасып отырған шығар.
Ал келесі жылы Қатынкөлге аққу оралмады.
Сүлеймен Баязитов