Бесік тойы
Ерланқызы Жанерке — 1-сынып оқушысы
Ә. Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ
Жетекшісі: Жұманбаева А.А.
Қ. Мырзалиевтің «Халық — қалың орман, әрі пана, әрі қорған» деген сөзі бар. Расында, әр халықтың кәсібіне, наным-сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын салт-дәстүрлері болады.
Қазақтың балаға қатысты салт-дәстүрлері
Салт-дәстүрдің түрі көп. Соның ішінде бала дүниеге келуіне, өсіп-өркендеуіне байланысты атқарылатын ғұрыптар ерекше орын алады. Атап айтқанда: құрсақ шашу, жарыс қазан, шілдехана, сүйінші, ат қою, бесік тойы, қырқынан шығару, тұсау кесер, сүндет той, тоқым қағар, сондай-ақ қыз баланың құлағын тесу.
Нәресте дүниеге келмей тұрып
Құрсақ шашу
Дүниеге келген сәт
Сүйінші, шілдехана
Өсу кезеңдері
Қырқынан шығару, бесік тойы, тұсау кесер
Құрсақ шашу
Бала дүниеге келмей тұрып-ақ, ананың аяғы ауыр екені белгілі болғанда жасалатын қуаныштың бірі — құрсақ шашу. Бұл — болашақ сәбиге ақ тілектің, анаға қамқорлық пен қолдаудың белгісі.
Сүйінші
Қазақтың жақсы дәстүрлерінің бірі — сүйінші. Жас нәресте дүниеге келгенде жақындары қуанышты хабарды жеткізіп, үлкендерден сүйінші сұрайды. Сүйінші сұраған адамға сый-сияпат беріледі.
Ат қою
Балаға ат қою — қазақ дәстүрінде аса салтанатты әрі жауапты сәт. Ата-ана баласының аты әдемі, мағыналы, өнегелі болуын қалайды.
Көбіне елге сыйлы, құрметті, атақты адамдардың атын қоюға тырысады. Мұндай есім баланың сол атқа лайық болып өсуіне тілек білдіреді. Атты көбіне абыройлы, сыйлы адамға қойғызады. Бүгінде де Бауыржан, Абай, Сәкен, Абылай, Фариза, Олжас сияқты есімдер жиі кездеседі.
Ат тергеу
Қазақта ат тергеу дәстүрі бар. Келін қайын жұрттың үлкен-кішісін құрметтеп, олардың есімін тура атамай, «ата», «қайны», «қайнысіңлім», «ағеке», «қайнаға», «би атам», «еркем» сияқты балама атауларды қолданады.
Құрметтің өлшемі
Үлкеннің атын тура атау әдепсіздік саналған. Ат тергеу — үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің бір көрінісі.
Есім азан шақырып жария етіліп, кейін бесіктегі баланың екі құлағына «Сенің атың — ...» деп үш рет сыбырлап айтылады.
Қырқынан шығару
Нәресте туғанына қырық күн толғанда қырқынан шығару рәсімі жасалады. Әйелдер баланы шомылдырып, шашы мен тырнағын алады. Бұл іске қатысқан адамдарға сый-құрмет көрсетіліп, дастархан жайылады.
Қазақ дәстүрінде 3, 7, 41 сандары қасиетті, қайырлы сандар деп есептеледі. Қырқынан шығаруда сәби «қарын шашы» мен «сүт тырнағы» алынып, ішінде тиын салынған ыдысқа 40 қасық су құйып шомылдырады.
Шілдехана
Жарыс қазаннан кейін іле-шала, кейде сол түні немесе ертеңгі кеште шілдехана жалғасады. Бұл — жаңа туған сәбидің құрметіне жасалатын думанды кеш.
Нағашы ата-әжесі қалжа қойын сойып, қоржын әкелетін дәстүр кездеседі. Тойға арналып мал сойылып, ет асылады. Мойыннан әйелдер ауыз тиіп, «баланың мойны бекісін» деген ырыммен жоғары іліп қояды.
Бесік тойы
Бесік — қасиетті, киелі мүлік, сәбидің алтын ұясы саналады. Көшпелі өмір салтында бесік баланың тазалығы мен күтіміне, жол жүруге өте қолайлы болған.
Ертеде кей өңірлерде жоралғы ретінде «пәле-жала жоламасын» деген ниетпен бесіктің арқалығын отпен аластап, қаритын. Басқа бәйбішелер «қырандай болсын» деп бүркіттің тұяғын байлайтын ырым да болған.
Бесіктегі бала көбіне емшектен шыққанша жатады. Бала еңбектей бастағанда бесікті тазалап, келесі ұрпаққа аманаттап сақтайды. «Алтын бесік» ұғымының туған жерге қатысты қолданылуы да осы құрметтен шыққан.
Бесіктеуге әдетте бала қырқынан шыққан соң кіріседі.
Тұсау кесу
Бала еңбектеуден өтіп, қаз-қаз баса бастағанда тұсау кесер жасалады. Бұл — баланың өмір жолы ашық, қадамы нық болсын деген ақ тілектен туған ғұрып.
Анасы ала-құла шуда жіптен бірнеше қарыс дайындап, оны ауылдағы ең пысық, желаяқ әйелге «тұсауын өзің кес» деп ұсынады. Ала жіп баланың екі аяғына байланып, ортасынан кесіледі.
«Біреудің ала жібін аттама» деген өнеге осы дәстүр арқылы баланың санасына ерте сіңіріледі.
Сүндет тойы
Ұл бала үш жасқа толған тұста (кейде 5, 7, 9 жаста, тым кешіксе 13 жаста) сүндетке отырғызылып, сүндет тойы өткізіледі. Бұл — қазақтағы думанды тойлардың бірі.
Баланы сәндеп киіндіріп, үкі тағып, кейде «сүндет ат» деп аталатын арнайы атқа мінгізіп, ауыл-аймақты аралатып, тойға шақыртатын дәстүр бар. Ата-ана баласы мұсылмандық парызға жақындады деп қуанады.
Тоқым қағар
Бала ашамайға мініп, кейін бәсіре атына үйренген соң алғаш рет алыс жолға шыққанда тоқым қағар жасалады. Ата-ана бір малын сойып, ақ ниетпен дастархан жайып, елді жинайды.
Осыдан кейін балаға арнайы айыл-тұрман, ер-тоқым, жүген-ноқта, шідер, арқан сияқты жабдықтар әзірленеді.
Қыз баланың құлағын тесу
Қыз бала екі-үш жасқа келгенде ойынға, әшекейге, әдемі киімге қызығушылығы арта бастайды. Осы кезеңде қыз баланы құлағын тесіп, әшекей тағындыру — қуанышты дәстүрлердің бірі.
Дайындық
Құлақ тесетін күні қыз балаға қос етек көйлек, кестелі камзол, үкілі тақия кигізіп, ауыл әйелдері жиналады. Ең «қолы жеңіл» деп танылған адамға жол беріледі.
Әдістері
Құлақ тесудің екі тәсілі айтылады: күміс инемен тесу және тары арқылы тесу. Күміс инемен тескенде тез қимылдап, орнына жібек жіп не жіңішке күміс сым өткізген. Жазылған соң жеңіл сырға тағылған. Тары арқылы тесу де нәзік теріге жеңіл өтеді деп сипатталады.
Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы