Түймебай тәуіп

1985

Әбітай төсекте сұлық жатады. Бұл — бір тыншыған кезі. Әйтпесе, ояу болса, екі жағынан екі кісі қолын басып отырады: босанса, тұра қашады. Ондайда жолында не тұрса да қаймықпай, соғып өтеді. Бірде жанында отырған әйелдерге әл жетпей қалып, ол тұра қашып, ұста дүкенінің алдында жатқан арбаның шенін тартатын диірмен тасты сүзіп жүрген жерінде әрең ұстап алдық.

Ол кезде есі кіресілі-шығасылы болатын. Есі бір кіріп кеткенде, мені құшақтап: «Балбақ, мен қор болдым-ау…» — деп жылап жібергені бар. Сонда сай-сүйегім сырқырап кеткен. Не дейін? «Әлі-ақ жазылып кетесің» — деп жұбаттым.

Соғыс жылындағы ауыр тіршілік

Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан 1944 жылдың қысында оның жанына отырғызатын еркек табылмайды. Күші күн асқан сайын кернеп келе жатқан он алты жастағы жас жігітке әйелдердің әлі жетуі қиын. Әйелдерді отырғызғандағы амалымыздың соңы — жоғарыдағыдай: екі әйелді екі сілкіп, қашып кетеді.

Сондықтан көбіне тапсақ, қасына ең болмаса бір ер адамды отырғызамыз. Көбінесе жалынып-жалпайып, соғыстан бір аяғы қара санынан кесіліп қайтқан Қарекеге, оң аяғынан жараланып шойнаңдап келген — Әбітайдың өз жездесі Әбуге бақтырамыз. Шаруаның да шеті жоқ: кейде олар шығып кете қалса, Әбітайға әйелдердің шамасы жетпей, әлдері көздеріне жетіп жылайды.

Дос туралы жақын сыр

Орта мектепте де, бастауышта да бірге оқып, жұбымыз жазылмай бірге жүрген мен үшін Әбітайдың мінезі, ой-арманы, болмысы етене еді. Бірімізден біріміздің жасырын сырымыз болмайтын.

Әке-шешесі тоғыз ағайынды өсірген: алты ұл, үш қыз. Сол алтаудың төртеуі соғысқа аттанған. Біреуінен қара қағаз келген. Екеуі із-түзсіз жоғалған. Енді бірі Өскемен жақта бір зауытта істейтін. Қалған екеуі — үлкен ағасы жасы әскерге алудан асып кеткен, ал Әбітайдың жасы әлі жетпеген. Үлкені: «Әбітай ержеткенше соғыс бітсе екен» деп тілеуші еді.

Дерттің басталуы

Жеңіс беті бері қарап, жау беті әрі бұрылған 1944 жылдың қысы болатын. Әуелі Әбітай өңі сарғайып, бірнеше күн ұйқысынан айырылды. Артынша әркім-теркім, ілгерінді-кейінді сөйлейтін болды.

Мінезі ауыр делінетін ол бұрын көп нәрсені көтеріп, үндемей өте шығатын. Енді айқайлап, тарсылдап, билеп, елең айтқандай болып, ұйқысырап, бастығырылған адамның дауысындай тарғыл үн шығаратын. Біреуді қойып қалу, біреуді түйіп кету күн өткен сайын үдей берді.

Соған бола кіші жеңгесі Жәнан оны үш-төрт ай Алматыдағы «тәуір» деген дәрігерге көрсетіп, еш ем қонбай қайтты. Дәрігерлердің айтқаны — жындыхана. Содан бері ол үйде жатты. Кейін есінен біржола айырылды: босанып кетсе, елді шу-шұрқан қылады.

Тәуіпке үміт арту

«Түймебай тәуіп жазбаса, ешкім жазбайды, бұл — иелі ауру» деген сөз ауылды шулатты. Бір күні ат жіберіп, тәуіпті алдырды.

Шынымды айтсам, мен тәуіп атаулыны жақтыра бермейтінмін. Бұған себеп те бар еді: бұдан бұрын Әбділ деген бақсыны алдыртып, Әбітайға ойнатқан. Қаба қарасақалды, түрі қазақтан гөрі ұйғырға ұқсас, ұзын бойлы, қоңқақ мұрынды Әбділді мен 1940 жылдың көктемінен білетінмін.

Әбділ бақсы және сынған домбыра

Жетімнің жүрмеген жері бар ма — әркімнің босағасында жатып оқыдым. 1940 көктемінде Ұзынағаштағы Аманбай деген тұстаныстың үйінде тұрдым. Сол үйдің бала көтермейтін Құрыш деген әйеліне Әбділді әкелген. Әйелді қарсы алдына отырғызады да, қолындағы қысқа, тоғыз пернелі қоңыр домбырасын дыңғырлатады. Ол дыңғыр он шақты күнге созылды. Бірақ бала шықпады. Құрыш өмір бойы сол күйі қалды.

Сол көргенімнен кейін Әбділдің бұл жолы да келуіне қарсы болдым. Бірақ дәрігерлерден қайран болмаған соң, «біреуінен болмаса біреуінен сәті түсер» деп, ағалары бақсы-балгерге де қарсы болмады.

Әбділ баяғы дыңғырына басты. Сұлық жатқан Әбітай бір кезде басын тез көтеріп отырып, бақсының домбырасын жұлып алып, мойнынан ұстап есікке бір-ақ ұрды. Артынша Әбділді бір қойып қалып, далаға ата жөнелді. Екі бала қуып кетті. Домбыраның шанағы бір бөлек, мойны бір бөлек болып, босағада жайрап жатты. Әбділ бақсы сүмірейіп тұрып, мойны салбырап кете барды. Тұп-тура «жынынан айырылған бақсы» деген осы шығар.

Түймебай тәуіптің келуі

Мен Түймебай тәуіп те дәл сондай болар деп ойлайтынмын. Оның үстіне, тәуіптің қарындасы — біздің көрші Әнафия кемпір көктемде ағасы келіп кеткеннен бері қайтадан науқастанып жүрген.

Кемпірдің ауруы қызық: кейде «қос қожам-ау, қос қожам» деп айғайлап, есінен адасып жатады. Бір күні келінін жіберіп, мені шақыртыпты. Барсам, етпетінен жатыр екен. Басына үлкен ақ кездеме қойып, белін буды. Қамшыны алып, сабы мен өрімін қосып ұстап, беліне буылған белбеуден қыр арқасына қарай өткізіп: «Енді мына келін екеуің жабылып, қамшыны бұраңдар» — деді.

Біз белбеуден өткен қамшыны екі басынан ұстап, әліміз келгенше бұрадық. Жүк артқан түйеге салған бұраудай. Кемпірдің белі бір-ақ уыс болып қалды. Мен жүрексініп: «Өлтіріп алмаймыз ба?» деп қорықтым. Ал ол болса: «Қатты бұраңдар, тағы, тағы!» — деп қояды. Әйтеуір бұрап тастадық. Сонда да риза болмай: «Қап, осындайда әлгі Нұрсейіт қатты бұрап тастаушы еді…» деді. Нұрсейіті — соғысқа кеткен үлкен ұлы.

«Түскен жерінде» өзгерген күй

Түймебай тәуіп қарындасының үйіне түсті деген сөз шағын ауылға тез тарады. Мен көрші үйге жұрттан бұрын жеттім. Таңертең елі мен тірінің арасында жатыр деп жүрген Әнафия шешей түк болмағандай ағасымен жайбарақат сөйлесіп отыр. Тіпті шай қоюға қамданып, шаруаға кіріспек.

Дегенмен, «кемпір дәл тәуіп түсе салысымен тұрып кетті» деуге тілім бармады. Өздігінен айығып қалған шығар, ағасы келген соң ғана ес жиған болар деп ойладым.

Жол және жұрттың күдігі

Тәуіп көп бөгелмеді, арнайы шақырған үйге бармақ болды. Мен: «Ертіп барайын» дедім. Шал орнынан жігітше дік етіп тұрып, түйе жүн шекпенін қалдырып, жұқа бешпентінің сыртынан қапсырмалы кемер белдігін буды. Күмісі жарқыраған белдікте кісе де, қын да ілулі екен. Бір қараған кісіге орыс түстес көрінетін, өзі өте зор адам.

Қабағы тік, қастары түксиген, желкілдеген аппақ сақалы мен салбыраған мұрты айбарын арттырып тұр. Қамшысын бүлдіргесінен қолына іліп, сыртқа шықтық. Күн шайдай ашық, маусымның алғашқы аптасы, сәске түс ауған шақ.

«Ең қысқа жолмен тарт!» — деді. Үй арасындағы бауды белден басып, жүгеріні қақ жарып өттік. Шал қатты адымдап, қабағы қатулы келе жатты. Маған ол әлденеге ашуланып келе жатқандай көрінді.

Әбітай үйінің алды ығы-жығы адам: жұмыс уақытында қайдан жиналғанын кім білсін, бәрі «не болар екен» деп келген. Шал есік алдындағы адамдардың ешқайсысына тіл қатпады: жылы қабақ танытпады, сәлем алмады. Көзіне көзім бір түсіп еді — бет-аузынан адам шошырлық бір суықтық көрінді: қой көзінің шеті құрланып, жүзі сұрланып, қанын ішіне тартып алғандай.

Үй ішіндегі сәт

Екі бөлмелі үйдің сыртқы есігі күншығыс жақта, шалқасынан ашық тұр. Әбітай түстігінде бір, шығысында бір терезесі бар түпкі үйдің төрінде жатыр. Есіктен көрінгені — Қареке мен Әбу екі жағынан басып ұстап отыр, ал Әбітай қолын босатпақ болып жұлқынып жатыр.

Тәуіп табалдырықтан аттай бере қатты дауыстап: «Ассалаумағалейкум!» — деді. Сол сәтте Әбітай екі көзін тарс жұмып алып, қайта ашпай қойды.

Тәуіп екі жеңін сыбанып: «Қолын жіберіңдер. Өздерің былай тұрыңдар» — деді. Екі мүгедек жігіт демалып, әрең босатты.

Әбітай көзін ашпай, сұлық жатыр. Тәуіп тізерлей бергенде, түсі өзгеріп, айбарланып: «Ей!» — деп шаңқ етті.

Әбітай басын жастықтан жұлып алып, шошып оянған адамдай, екі қолын артына тірей отырып, екі жағына алақ-жұлақ қарады. Торы өңі қызарып, екі көзі қанталап кетіпті.

Тәуіп оң тізесімен тізерлей отырып, күректей алақанымен Әбітайдың сол жағына бір тартып жіберді. Сескенгенде, оң жағына тағы бір періп жіберді де: «Бар, үйді үш айналып кел!» — деді.

Мен шыдай алмай: «Ойбай, қашып кетеді!» дедім. Тәуіп: «Қашпайды. Үйдің иесі сүйеп барсын» — деді де, үйге топырлап кірген қатын-қалашты қамшысымен сабап-сабап жіберді. Сескенген жұрт дүрлігіп, сыртқа қашты.

Адам тараған соң тәуіп төрге малдас құрып отырмақ болды. Дірілдеп, ашуы басылмай тұрған адамдай, аяғын зорға бүгіп, малдасын әрең құрды. Бір сәт өңі бір қуарып, бір қызарып барып, зорға тыншығандай болды.

Сол арада Әбітайдың жайын білгім келді. Жеңгесі Жәнан оны қолтығынан сүйеп, үйді үш айналдырып, кіргізіп келе жатыр екен. Әбітай моп-момақан: күлгені де, жылағаны да жоқ, беті жылымшыланып, ыржиғандай болып, босағаға сүйеніп табалдырықтан аттады.

Тәуіп: «Үйде осы үйдің адамынан басқа ешкім қалмасын» — деп бұйырды. Жұрт тарады. Құдды бір жазғы жұмыстың ең қауырт шағы: тірі адам тіршілік қылмай тұра ма, бәрі өз шаруасына кетті. Мен де кеттім.

Үш күндік үнсіз «ұрыс»

Сол күн маған батпастай ұзақ болды. Күн үлкен бесіннен ауып, екіндіге жақындағанда аптап қайтты. Жұмысымды ыңғайлап болған соң, қайта Әбітай үйіне бардым.

Үйдің кәжекеңкесіне үлкен текемет жайып, үстіне төрт қабат көрпе төсепті. Жастыққа шынтақтап Түймебай тәуіп жатыр. Қасында Әбітай оның бетіне қарап, мөлиіп отыр. Мен жақындағанда тәуіп басын көтеріп, «отыр» дегендей ишара білдірді.

Тәуіптің сөзі

Тәуіп Әбітайға қарап сөз бастады: «Ей, сен жігітсің, мен шалмын. Кел, екеуміз күресеміз» — деді.

Осындайда шалдың бет-пішіні өзгеріп, қабағы түксиіп, төбелесетін кісінің кейпіне кіретін. Жанындағы Әбітайға төне түседі. Ал Әбітайдың өзі бағана үйді айналғандағыдай, бет-жүзі жылымшыланып, ыржиғандай болып, үнсіз басын шайқай береді.

Тәуіп қайта-қайта: «Кел деймін, күресеміз» — деп қақайды. Әбітай тағы да басын шайқайды. Тәуіптің өзі мүсәпірленіп төне түссе, Әбітай бетіне қарай алмай бүгежектейді.

Ақыры тәуіп: «Әйтпесе тыныш отыр. Әйтпесе таяқ жейсің» — деп қатаңдайтын.

Ертеңіне де тәуіп орнынан қозғалмастан, Әбітайдың қасында отырды.

Қоштасардағы уәде

Үшінші күні тәуіп аттанбақ дегенді естіп, тағы бардым. Үйден шығып бара жатып, ол Әбітайға бір бұрылды да, үй иелеріне қарап: «Қалаған тамағының бәрін бере беріңдер. Он бес күннен кейін тілі шығады» — деді.

Тәуіп кетісімен, бәріміздің ішіміз тынбады: «қайта қозып кетпей ме?» деп Әбітайға қайта-қайта келіп қараймыз. Ол болса мылқиып отыра береді.

Айтқанындай-ақ, он күн болғанда жаңа тіл шыққан баладай жалғыз-жалғыз сөз айта бастады. Он екінші күні екі-үш сөздің басын құрады. Он бес күнде кәдімгідей сөйлеп кетті. Бірақ есі бірден толық орнына келмегені анық еді.

Арада екі ай өткенде Әбітай баяғы қалпына келіп, ел қатарына қосылды.

Із қалдырған құпия

Түймебай тәуіп қартайып, елуінші жылдардың аяғына таман қайтыс болыпты. Бір әттегенайы — жынданып ауырған адамды жазудың сырын шашпай, өзімен бірге алып кетті…

Мәтін редакцияланып, тыныс белгілері мен сөйлем құрылысы ықшамдалды; мазмұн мен баяндау өзегі сақталды.