Қуан аға күрсінді

Халық өлеңі

Жабыны жауға мінбе — жалды екен деп,

Жаманмен жолдас болма — малды екен деп.

Баласын қазанаттың бақпай қойма,

Жем түсіп, аяғынан қалды екен деп.

Халық өлеңі

Жолдың өзгергені

Күні кеше екі колхоздың арасына жаяу жүгіріп кете беруші едік. Енді жұрт машинасыз бір адым аттамайды. Бүгінде екі арадағы жалғызаяқ сүрлеу де жоғалған.

Жолға шыға бере шофер жігіт саусағын шошайтып:

— Бензин таусылды. Қайтар жолыма бензин тауып бермесеңіз, мен жолда қаламын, — деп зарлады.

Ықылық ата ішіп алғанын көріп тұрмын. Онымен айтысып оңбайсың.

— Көрерміз, — дей салдым.

Машина оқалақтаған сиырдай ойқы-шойқы жортып келеді. Бензиннің орнына багына арақ құйылғандай.

Шофер рульден қолын ала беріп, тағы да саусағын шошайтып:

— Директордың бұйрығы бар: көлік «налево» жүрмесін деген. Білсе, мені жұмыстан қуады, — деді.

Шоңқараға соқпай кету мүмкін емес

Елге келгенде осы Шоңқарадағы Әдия әпкеме жолықпасам, бірдеңені жоғалтып алғандай боламын да тұрамын. Келуін келемін-ақ, бірақ көрші колхозға қайтарда көлік қинайды.

Жаңа жиеніме:

— Әй, айналайын, маған бір ат ерттеп берсең жетеді, машина іздеп әуре болма, — дедім.

Көнбеді:

— Өзің астанадан келіп, атқа мініп жүргенің несі? Әлдекім құсап, — деп сөгіп тастады.

Сөйтіп жат та кеп машина іздеді. Бөлімше бастығына «әке-көке» деп жатып, газигін сұрап алыпты.

Шофер болса, өз мұңын төкті:

— Менің де бала-шағам бар. Бүгін ғой демалыс. Жұрт демалады, мен жұмыс істеймін. Ана бар, мына бар... Ел жатса да, енем жатпайды. Ол кім? Ол — мен. Талаптыға жеткен соң бензин ұйымдастырыңыз. Вот... — деді.

Жылқы жатқан көк өзек

Жол үстінде, қызыл жоңышқаның жағасындағы көк өзекте жылқы жатыр екен. Есіме Қуан аға түсті.

— Тоқта! — дедім шоферге.

Ол аңырып, алғашында түсінбей қалды.

— Ал, енді қайта бер.

— Сізше?..

— Сау бол!

Жолдан бұрылып, жылқы жусап жатқан өзекке қарай жүре бердім. Жиырма шақты мініс ат екен. Мен жақындаған сайын бәрі одырая бас көтеріп, оқшия қарасты. Арасында біреуі ерттеулі. Демек, Қуан аға да осында.

Айтса айтқандай, ат бағушы өзектің қабағында, шоқ тобылғының түбінде жамбастап жатыр екен. Көктің иісіне елтіп қалғандай, ішіп-жемей шала мас.

— Кел, інішек, — деді көкшіл көздері күлімсіреп. — Мына жаман ағаңды іздеп келмеген шығарсың, таңсық іздеп келдің ғой. Атқа құмарлығың әлі қалмаған, ә, қызталақ.

Жоңышқа иісі, араның ызыңы

Аттар енді әлгідей одыраймай, отқа бас қойыпты. Қызыл жоңышқаның гүл иісінен көбелектің басы айналғандай қалбаң қағады. Жабайы араның бағы жанып, қай гүлге қонарын білмей шалқақтайды. Мастықпен бұлғақтап келіп, тұмсығыңнан соғып кете жаздап, жанай ұшып өтеді.

Ырғын тоқшылық. Аттар да көлік малына ұқсамайды: бүйірлері тоқ, жүнінің жылтыры көп, жауыр-жәутігі жоқ.

«Жұмыс айырбастасақ қайтеді?»

— Қуан аға, жұмыс айырбастасақ қайтеді? Сіздің орныңызға жылқы баққым келеді.

Қуан аға көзі сығырайып, көнтек ерні қыбырлап біраз жатты. Сірә, айтпақ сөзін ішіне жұтып, мені бір боқтай жаздап барып тоқтады. Сосын шынтақтаған жерінен көтерілді.

— Сенің бала күніңде жылқы баққаныңды білемін. Бақсаң, қазір қолыңнан келер, бәлкім. Әй, қайдам... Бірақ мен сенің қызметіңді істей алар ма екем? Жылқы бағу оңай емес, інішек. Құйрығын ұстап жүрмесең — қиын. Біреуі жоғалса, ең кемі үш жүз сом мойныңа сарт ете қалады.

— Ал мен мына сұңғыттардың әрқайсысына айына жазда 2 сом 05 тиыннан, қыста 3 сом 09 тиыннан ақы аламын.

Есептеп шығып:

— Аз ғой, — дедім.

— Аз. Қайтесің?

Колхоз бастық таудағы жылқыдан күш-көлікке деп тағы жиырма ат бермекші екен. Ақы — аттың санына қарай. Ал мұнда қып-қызыл ақша қой мен қошқар баққанда.

Қамбарқасқа: «Жақсы ат аяғынан қалады»

Аттар бір жерге шоғырланып, екі-екеуден қасыныса бастады. Біреуі ғана аулағырақ барып «ыңқ» деп жата кетті де, аяқтары серейіп, өліп қалған малдай көрінді.

— Оу, Қуан аға, анауыңыз жоңышқадан іші кеуіп жатқан жоқ па?

Қуан аға күліп:

— Жоқ. Жоңышқадан жылқы баласының іші кеппейді. Аяғы жарым ғой байғұстың. Танымай қалдың ба? Ана жылы келгеніңде ерттеп бергенім — кәдімгі Қамбарқасқа.

Жүрегім шым ете түсті.

— Апыр-ай, шынымен бе? Шымқай қара еді, қарагер тартып кетіпті ғой. Оған не болған?

Қуан аға аузына салып тістелеп отырған раң шөбін ызалана түкіріп тастады:

— Не болған? Не болушы еді? Жұрттың бәрі өзің сияқты. Ана жылы өзің де тақымыңа бір тиген атты қан-сорпа қылып қайтармап па едің? Сені қойшы, аттың жайын біле бермейсің...

— Аудан бойынша бәйгенің алдын бермеп еді, жануар. Көрінген мініп, ақыры аяғына су түсіп, мүсәпір болып жатысы анау. Осы қой қырқымда қырқыншыларға сойылмақшы.

Қуан аға күрсінді. Әкесі Сұлтан соғыстан келмей қалғанда да бұлай күрсінгенін көрмеп едім.

Бөдене үні — айтыстың елесі

Қызыл жоңышқаның арасынан бөдене безілдеп қоя берді. Әріректен тағы бір бөдене бытпылдықтады. Екеуі кезек-кезек сайрайды.

Мен құлақ түріп қалғанымды байқап, Қуан аға:

— Әшіркүл мен Тамабайдың айтысы ғой, — деді.

Мағынасын біраздан кейін түсініп, күліп жібердім. Ертеректе Тамабай мен Әшіркүл деген ерлі-зайыпты кісілер өткен екен. Той-жиында, шілдехана, бәдік, бастаңғыда екеуі екі жақ болып, жаңа танысқан қыз бен жігітше өлеңмен айтысады екен.

Тамабайдың сөзі:

Әшіркүл, Зейнеп,

Отырмын сөйлеп.

Бұл қызық өтер-кетер,

Өй деп, бүй деп...

Бөденелер де — бірі еркек, бірі ұрғашы — біріне-бірі жете алмай, ғашықтарша үзіліп-үзіліп тамылжиды.

— Бірін-бірі таба алмай жүр ме? — дедім таңданып.

— Бірін-бірі іздемесе, бәлсінбесе — сән болмайды, — деп күлді Қуан аға.

Тоқшылық пен мұң

Өзек бойындағы дүлей теректерден құс жастықты біреу сілкілегендей мамық бұрқырайды. Баяу желден бәйтеректің басы шайқалып, жапырақтары жамырап, жер бетіне жайылып ұшқан мамығын жоқтап тұрғандай күйзеліңкі.

Май айы — күн ақ жарылқап туғандай. Бірақ сонда да көңілі бүтін ешкім жоқ сияқты. Тіпті көкшіл аспан төсіндегі ақ желкен бұлттар да баяу қалқып, мұңды пішін танытқандай.

Сары байталдың мазасыздығы

Жиырма аттың ішіндегі жалғыз байталдың күні күн емес пе деп қалдым. Басқарма қатаң тыйым салса да, Қуан аға өзінің жалғыз сары байталын үйдің жанына арқандап қоюға обалсынып, аттарға қосып бағады.

Сары байтал іші пысып, аласұрып, ұрынарға қара таппай тарпаң. Өзі жұнттай, жүні қызғылтым алтындай жылтылдаған таза семіз. Байтал ойнақтап барып, ұрынып өткенде, аттар жақтырмай, құлағын жымитып, тісін ақситып, кіржің ете қалады.

Тек бүрікқұлақ дәу қарагер ат қана қоқиланып, оқыранып қояды. Қыста қар қалыңдап, машина-трактор жүре алмай қалғанда ол председательдің шанасына жегіледі. Сондықтан ала жаздай оның арқасына шыбыннан басқа қонбайды, желден басқа мінбейді.

Сары байтал кәрі лақса жиренге де барып ұрынғанда, Қамбарқасқаға жуымайды. Сұңғылалықпен оның жақында «жат дүниелік» боларын сезгендей аулақ жүреді.

Бірде байтал ауыл жаққа зарыға қарап тұрып, ақыры шыдамай салып ұрып, көшенің бас жағындағы огородтың аяғын ала арқандаулы тұрған Сапардың күрең айғырына жетті.

Қамауда тұрғандай кісінеген күрең айғыр мойнын қаздай иіп, тоқпақ жалы күдірейіп, құйрығы желбірей көтеріліп, тұла бойы атылатын садақтай шиыршықтала бастады.

Байтал айғырды алқындыра түспек болып, бәлсініп, шыңғырып, мөңкіп, артқы аяғымен күреңді тұмсықтан сарт-сарт тебеді.

Сол кезде шатырлы үйге бөксесін тығып тұрған киіз үйден Сапар атып шықты.

— А, сайқал, иттің малы! — деп, жерде жатқан балтаны ала сала ұмтылды.

— Әй, дүлей, абайла! Біреудің малын жазатайым жарып тастама! — деп, іргеден бәйбішесі айқайлады.

Балта шынында да лайықты қару емес екенін енді сезген Сапар Сәмбіден жаңа иген уықтың бірін іле көтеріп жүгірді...

Уықтың ізі санына айқыш-ұйқыш түскен байтал ойқастап отырып, өріске қайта оралды. Баяғы бір сәттік құмарлықтың сиқырынан сытылып шығып, енді мына даланың бал ауасы мен жұпар иісіне мас болып, басы айналғандай.

Даланың дәрісі: шөптің тілі

Қызыл алтын түстес күреңсе мен раң гүл толқын-толқын. Ақ селеу әр жерде бір сылаң қағып, сусып бара жатқан күміс құйрық түлкідей. Итқызғалдақтан дүние қызыл киінгендей. Былтырғы сүдігердің үстін биыл сары гүл қаптап кетіпті.

Изен әлі гүлдемеген, балғын. Бірақ мия бас тартып, ақ гүл аша бастапты. Шырыш бойлап, әр жерде алқымы кепкен кобрадай шапши шаншылып тұр. Иманжапырақтың тамырлары адырайып-адырайып, сөлге буаз болған кез.

Түп-түп өскен қылша ғана өңсіз, сұрқай, иісі де жоқ. Бірақ ине жұтып, күшәла жеген ит сүйретіліп жүріп өрістен қылша тауып жесе, жазылады деседі. Ал насыбайшы шалдар қылшаның күлін темекінің кепкен жапырағына араластырып түйеді.

Жантақ та бар: көркімен мақтана қоймас, бірақ тілін білгендер гүлдегенде орып алып, көлеңкеде кептіріп, жапырағын шай орнына қайнатып ішсе, қан тасыған ауруға дауа көрінеді. Тіпті оның қасиеті туралы бір түрікпен әйелі докторлық диссертация да қорғапты дейді.

Тіршілік мінезі: көртышқан, шегіртке, құйын

Тобылғы түбіндегі іннен көртышқан жылтың-жылтың етеді.

— Әп, бәле! — деп Қуан аға қамшымен етігінің қонышын сарт еткізіп қалған соң, көртышқан көпке дейін көрінбей жатады.

Теңгегүл арасында шегірткенің екі көк «қасқасы» бірін-бірі шайнап жатыр. Көрсетіп едім:

— Тұқымың құрымағыр, айғырлары ғой, — деді Қуан аға.

Анда-санда тентек құйын шалықтап өтеді. Қызыл жоңышқаның басы ұйпаланып, аспанда оқ тиген қырғауылдың қанатындай тыпыр-тыпыр ете қалады.

Енді біраз күннен кейін машина шығып, жоңышқаны шабады. Мен ойлаймын: бөденелер қайтер екен? Ұя басып жатқаны да бар шығар. Ақымақ құс болмаса, жоңышқаның арасына ұя салып несі бар?

Сөйткенше болмай, жоңышқаның арасынан бөденелер тағы да кезек-кезек безілдеп, сайрап қоя берді.

Кештің ізі: суға түсу, ауылға қайту

Сары байтал басын жерден көтеріп, киікотының бір талы ерніне ілінген күйі қызыл жоңышқа жаққа қарап, құлағын тігіп қалт тұрып қалды. Сосын сыңғырлай кісінеп, билей басып барып аттарға қосылды. Әлгі бір қызтеке мінезін қайта бастады.

Аттардың ауыздарынан көк иісі аңқиды. Жаңа түскен жас тезекті қара қоңыздар апыл-ғұпыл домалатып, індеріне әкетіп жатыр. Енді ылдиға түсіп, Ақсайдың салқын суынан ішсе де болады.

Аттардың лақса көрісі — сиыр пішіндес жирен — ауылға қарай аяңдады. Бұл шөліркегеннің белгісі.

Кеш те білдірмей келіп қалған екен: өрмекші күміс жіппен әуелетіп «десант» тастапты.

Сәмбет меринос қошқарларын «кіш-кіш» деп ауылға беттеткенде, Қамбарқасқа үш ұмтылып орнынан тұрды. Масыл аяғын жерге тигізбеуге тырысып, үштағандап аттардың соңынан ілесті. Жануардың басын біреу жоғары-төмен тартқылап бара жатқандай кегжеңдеп, сұйық кекілі желп-желп етеді. Теректен ұшқан мамық кең танауына тығылып, қайта-қайта пысқырынады.

Жүйріктің тағдыры және адамдық парыз

Қамбарқасқаның қой қырқымда сойылатынын есту маған ауыр тиді. Ауыл мен ауданның атағын шығарған жүйрікті талқаны таусылған күні арулап көмсе де болар еді. Оның сорпа-суына бір тойғаннан не пайда?

Кеше ғана Жаңатастан Қаратау қаласына қайтып келе жатқан жолда сонадайдан сап-сары тулаққа көзім түскен. Шофердің айтуынша, Жаңатасқа көшпелі цирк келіп, цирктің кәрі арыстаны жол үстінде ауырып өліпті. Адамдары оны фургоннан лақтырып тастап кете берген екен. Енді ары-бері заулаған машиналардың дөңгелегінің астында тулақ болып қалған.

Егер бес-он минут тоқтап, жол шетінде тас көп қой, сол таспен кәрі арыстанның денесін жасыра кетсе, ол төбешік «Арыстан қалған» атанар ма еді — кім білсін. Қанша дегенмен, айуан демесең, неше жыл қызмет қылған жолдасы ғой ол артистердің.

Қамбарқасқаның да сүйегі шашылып қалатын шығар. Қой қырқым науқаны өтер. Ел пункттен көшер. Сонда келер жылдары Қамбарқасқаның сүйегі қалған жұртқа бұрын-соңды ешкім көріп-білмеген ғажайып қарақасқа гүлдер өсіп шығар...