Қара шалдың бірақ онда шаруасы қанша

Бұл тірлік атаулыдан баз кешкен бұлаң құйрық сауысқан екен. Бұл болса — сол сауысқанның санасы билік еткен пенде екен. Қу құлқынның құлы болып, қу нәпсінің тұтқыны болып күн кешіп келіпті. Сауысқан саңғыған сезім салғыртсып, сауысқан сорған сана кеуіп қалғандай.

Ал ала мойнақ, құба құйрық сауысқан өлі-тіріге саят құрғалы қай заман?! Өлі өлексені де, тірі тірсектіні де жұмырына жұқ көрген емес.

Дәл бүгін де ауладағы молақ шөрке бетінде сыңар сауысқан шықылықтап отыр. Бөтегесі бос. Молақты амалсыз тұғыр еткен түз құсы секең-секең жортақтап, қысқа мойнын соза жұтынып, ұзын құйрығын шоқаң-шоқаң қағады.

Үй іргесінде көлеңкелей отырған иесі — қара шал. Қос жанары қанжардай қадалады. Ақиқатында, қалбиған қара шалға емес, иесінің алдында жатқан қақпыш бастарға көзін сатқан. Бірақ сырғақ сауысқанның қу бас атаулыны күзетіп, көзұясынан жылы-жұмсақ қарбытқалы да көп болды. Балапан кезінен баулынған беймаза құс қой.

Үзіліс

Қақпыш бастар

Күн қақтаған қара шалдың қатулы қабағының астында жатқан екі бас та ессіз. Екеуі де шикі, қанды бас. Бірі — арбиған орақ мүйіз арқардікі. Екіншісі — құлағы едірейген көк бөрінікі. Сойылмаған, бітеу күйі. Көк желкелерінен балтамен шабылғаны көрініп тұр.

Арқар

Жанары жоқ. Жазықсыз жәудірі ғайып болып, орнында үңірейген қара үңгір ғана қарауытады. Құрғаған құйқа терісі тұз сіңгеннен қақпыштана кеуіп қалыпты.

Көк бөрі

Қасқа маңдайынан қаракөк қылшық пышақ қырындай көтеріле келіп, шабылған желкесінен шорт кесілген. Жанар орнында — екі қара үңірейген қуыс.

Ет жүректі селт еткізер сесті бастардың жанарсыздығы көңілге үрей түсіреді. Бірақ қара шал қыңқ етпейді — еті өліп кеткендей. Ол ауыр бастарды жерге дүрс еткізіп тастағанда, анадайдағы шөрке үстіндегі сауысқан шыңғыртып шықылықтап жіберген еді. Енді аштығын білдіріп, ащы-ащы үн қатып, молақ үстінде жорғалап қояды.

Аштық пен әдет

Қос басқа сып етіп ұшып-ақ келгісі келеді, бірақ сирағынан сақиналанып салынған балақ бау мен шығыршықты шолақ бау ешқайда жібермейтінін біледі. Біледі де, қара шалға мұң шаға да, ашу шақыра да ащы үн қатады.

Сауысқанның «ас мәзірі»

Бұл құстың жегені — көз еді: қойдың көзі, иттің көзі, тауықтың көзі... Әйтеуір, көз атаулының жанарын қылғытатын. Иесі кешқұрым алты құлаш ала шыжыммен ұшырып-ұшырып алатын — тобан аяқ, шабан қанат болып қалмасын деп.

Арқар басы мен бөрі басы сауысқанның ас ішер, жем басар жемаяғы еді. Көз атаулы сол жемаяққа салынып, шайналмай жұтылатын. Кейде қызыл ет те, жылы-жұмсақ та, тіпті шөлін басар су да — сол қу бастардың көз ұясынан ішілетін.

Кешеден бері ол қуаныш жоқ: көз жоқ. Сауысқан шықылықты қойып, ықылық ата мазасызданады. Иесі болса көлеңкеде кебу бастарға қадалып, өткеніне ой жіберіп, қолындағы қызыл етті жапырақтап турай береді. Арлан бөрінің көзұясына қызыл етті саусағымен тығындап-тығындап қояды.

Үзіліс

Думан ауылындағы таң

Алматының тап іргесіндегі Думан ауылына қара шал күні кеше ғана көшіп келген. Қартайған шағында көшейін деп көшті ме?! Хантәңірінің төрінен амалсыз келді. Ол ұзақ хикая. Оның үстіне жалғыз ұлы — Қайрат үшін, одан көрген екі немересі үшін.

Келінінің аяғы тағы ауыр екен. Ол келісімен емханаға түсті. Мектепке барып жүрген қос немересіне қарауыл болып бұл қалды. Кеше түнде келіні аман-есен босаныпты. Бірақ сәби көзсіз туыпты: көзсіз, қассыз. Бет-жүзі жып-жылмағай көрінеді.

Үй ішіндегі сөз

Ұлы түн ортасы ауа үйге келіп: «Тәте, енді қайттік?!» — деп кемсеңдей беріп еді.

Бұл: «Тәйт, ары!» — деп тыйды. «Қайтушы едік, ішке сыйған сәби сыртымызға да сыяды. Өй, босбелбеу! Келін көрмесін мына түріңді...»

Ұлы: «Оған әлі баламды көрсетпепті де...»

Шал: «Кет, сандалмай! Далада жатқан адам жоқ. “Іштен шыққан шұбар жылан” болса да үйге алып келіңдер!»

Қараш еріксіз кемпірін есіне алды. Қанша бала тапса да тәңірі тұрғызбаған-ды; өлі туған жылбысқалардың соңынан аман қалған «өлім сарқыты» — осы жалғыз ұл еді. Кемпірінің мына сұмдықты естімей ертерек кеткені де жөн болғандай.

Бірақ бұл жайдың куәгері болса, қара шалын кінәлауы күмәнсіз еді: «Сен! Сен кінәлі!..» дер еді, баяғы ашыну мен торығуға басып. Иә, ол тағы да тәңіріне жалынып, бұл жолы да қарғап-сілер еді. Бәріне жарық дүние куә. Анау алшаңдаған ала қанат сумақай да куә.

Кінәлі болса да, күнәлі болса да — сол сусыл қанат сауысқан себепкер. Ал ашқарақ сауысқан болса қос бірдей жемаяқ жұмыр басқа жұтына қарап, «қанды көмей бері тарт» дегендей шықылықтап отыр.

Үзіліс

Қараштың өткен жолы

Қияңқы Қараш қыстығулы. Қыстықтырған да — сауысқан билік құрған саят дүние, адам ғұмыр кешкен саяқ өмір. Сағымдай алдаған қилы қоғам, қоғамды күйлеген пенделер. Одан да опа жоқ. Болмаса — сұрқия сауысқанмен сандалып несі бар?!

Ол кезде Қараш жас еді. Отызға енді іліккен ерен жігіт Ерен Қабырғадан Алай тауларына дейін жылқы барымталап, бір өңірдің жел көтерер жалдыларын бөгде жұрттың бұлаулаған байсүліктеріне айырбастап, талай қуғын-сүргінді бастан кешірді. Жалғыз жортқан жолбасар қарақшылықты нәсіп еткен-ді.

Сол жылдардың серігі — Косман деген жатжұрттық біреу болды. Алпысты алқымдаса да аттан түспейтін. Тау арасында, мал-жансыз қиян қақпалар мен қар-мұзды асу белдерде бет көрісіп, жетектегі жүйріктерді тізгіннен іліп алысып, әрқайсысы өз жөнімен кете баратын.

Екеуінің ғана үрейі

Бұл екеуі бір-ақ нәрседен үркетін: өкімет. Құрығы ұзын сол немеден басқа қауіп жоқ-ты. Қу жандарын қу нәпсінің құлы еткен қос қарақшы өзгенің обалына қалып жүрсе де, бір-біріне адал еді.

«Көзжендет»

Жыл өте келе Косман хантәңірілік Қарашқа жембасар жатағын көрсетті. Сонда ғана Қараш сауысқанның алапат сұмдығы мен Косманның зұлым қулығына қайран қалып, жаны түршігіп шошынды. Шошына тұрып аңсары да ауған: өз бойында да қомағай нәпсі оянып, қорқау сезімге ден қойдырған.

Құлжат қолатындағы жатаған тамның алдына келіп тоқтағанда, Косманның жас келіншегі үйден ала сауысқанды иығына қондыра шығып, иіле сәлем салды. Косман құсты білегіне қондырып, шақырып-еркелетті. Құстың қос сирағында балақ бау, сақиналы ұзын шыжым ілулі еді.

Косман шыжымнан тартып қалып, құсын серпе ұшырды. Сол сәтте әйел үйден бір жүнді басты алып шықты. Бас — теңбіл барыстың басы еді. Епті әйел оны екі діңгектің қасына апарып қойды. Керілген сырғауылдың асты толған саңғырық, сүйек-саяқ, жүн-жұрқа. Сауысқан тегін шүймегенін Қараш сонда түсінді.

Әйел ас қалдығын ыдыспен әкеліп, барыстың жанарсыз көзұясына төкті. Сонда ғана Косман құсты босатты. Ала қанат құс жеңіл ұшып келіп, көзұядағы асты тоқылдақтай шоқи бастады. Қараш тұңғыш рет өзіне сұмдық жаңалық ашты. Сол сәтте оның санасын бір сөз тіліп өтті: «Көзжендет».

Жанарсыз, жансыз басты ашқарақтана шоқыған құстың қимылы — өз көзін шоқып алғандай — мәңгілік сана сарайында таңбаланып қалды.

Ақыры Косманның қаупі дұрыс шықты: екеуі де қырғыздардың қолына түсіп, Қарабалтада жеті жылға кесілді. Бірі Сібірге, бірі солтүстіктегі көмір қазуға кете барды. Қараш жеті жылды жамбасқа өңгеріп, Хантәңіріге оралды. Оралды да отбасын құрды. Қойшы болғысы келмеді, жылқыны бұған қаратуға қорықты, сиырды ғана қиды.

Уақыт сынаптай сырғып өтті. Заман да зауалдай тез құбылды. Бір кезеңде орыстың өркеуде мемлекеті шілдің боғындай шыл-шыпыры шыға күйреді. Қазақ жұрты бағзы қара шаңырағын көтерді. Сол тұста жалғыз ұлы қала сағалап кетті де, кемпірі екеуі босағаны күзетіп қалды. Кемпірі де көп ұзамай дүниеден көшті. Бұл болса шошайып жалғыз қалды. Сонда жан серігі — баяғыдан адам маңынан ұзамаған сауысқан болып шықты.

Еріккеннен емес, зеріккеннен Қараш баяғы Косманның «ата кәсібін» елегізи есіне түсірді. Сауысқан ғана жалғыздығын сездірмеді. Жебелеп ұшқан жендет сауысқан жетпістің де желкесіне шықты. Сонда да ол саятшылықты тоқтатпады: көзжендет аң мен жануардың жазықсыз жанарын оюын қойған жоқ.

Үзіліс

Әр қу бастың хикаясы

Сұңғыла сауысқан үшін әр қу бастың өз хикаясы бар, тұңғиық тағдыр-талайы бар. Анау бөрі басын көзжендет Іленің бойында мүжіді. Күн бұлыңғыр еді: қоңыр күздің қоңыр бұлты бүркеп, аспан аласарып тұрған. Теріскейден желемік соққан. Бесін ауған шақ.

Қара шал көк аттың үстінде сауысқанын ыңғайлап, оқтын-оқтын еміне түседі. Құсы да балдақ үстінде шоқаңдап, биялайлы байлаудан сытылып кете алмасын біліп секең-секең етеді. Шарын шатқалы — құсқа да, иесіне де таныс мекен: қара шал оны бес жыл бұрын балапан кезінде ағаш басынан алып еді.

Шілік ішін айнала бере, арқан шалым жерден сөлпеңдей жорта жөнелген бөрінің үстінен түсті. Аш сауысқанды иесі оқыс ұшырды. Керіскедей келген көкшулан бөрі аңшыдан айылын да жимай бөкен желіспен жорта берді. Аңшы: «Қанды басың бері тарт!» — деп ілескен.

Сауысқан бұрын бөріге түспеген. Бірақ ашпа-жалап аштық пен көрсеқызар жауыздық жыртқыштығын қоздыра түсті. Көк бөрі оңтайлы бір сәтте мойнын бұрғыштай бергенде, ала қанат басына бүре қонды да, жанарын зор жылдамдықпен шоқып үлгерді. Айналасы үш-төрт секунд.

Қамаукөз бөрі басын бос қапша сілкілеп, бей-берекет ырылдап, алдыңғы сирақтарымен жанар орнын сипалап шыр көбелек айналды. Сол сәтте иесі мырс-мырс күліп, қақ сойылмен ұрып алды.

Ал анау жатқан арқар басын сауысқан Бартоғайдың басындағы биіктен құлатқан. Ол жолы қамаукөз құлжа тіпті оңай олжа болды: ай мүйіз маңғаз күйде жартас жиегінде секиіп тұрған. Иесі құсын барлатып көтеріп, «Оуп, оуп!» деп шақырып алып, аңғардан шүйілте сілкіп салған. Құс қия жартасқа жетіп, мүйіздің арасына қыстырыла қонды да, қара көзін қанжоса етіп ағызды. Саусоқыр күйге түскен құлжа қиядан құлап мерт болды.

Көктемнен бері қара шал осы қос қу бастың көзұясынан ас беріп, қабағынан қарауыл қаратып қойды. Енді, міне, қу молақтың үстінде тозақы құс тықыршып, жанын қоярға жер таппай жұтынып отыр. Ал иесінің алдындағы жемаяққа айналған шикі бастар сұғанақ сұрқанатқа қарай жылжыр емес.

Үзіліс

Соқыр сәби, соқыр қоғам

Қаңтарулы Қараш қапалы. Ал алмағайып дүние алмасып келе береді. Адам да арғы-бергі ашкөздігін тез ұмытады: ұйқы басқан қабағын оқыс қағып, анда-санда албасты басқандай айқайлай оянады. Қаңтарулы адам қырандай қанат қаққысы келетінін қайтерсің?!

Ақыры келіп Алматының түбінде, ала сауысқанға жем тастап, өзі де бір қу молаққа айналып, жанарсыз туған ұрпағын күтіп отыр. «Құдайдың бұл да бір қысасы» деп мойынсұнады. Ғайыптан пайда болған соқыр сәби мен сұм тұмсық сауысқан дәл бүгін көкейіндегі көп ойына қозғау салды.

Ойдың түйіні

Соқыр сәби — соқыр адам. Соқыр адам жарық дүние есігін ашыпты. Соқыр ұрпақ қилы қоғамға келіпті. Ұрпақ соқыр болса — қоғам да соқыр.

Соқырлық не істетпейді?! Ал соқыр қоғам, соқыр адам жайлаған дүниеден не күтуге болады? Мүгедек адам — мүсәпір. Мүгедек қоғам — кісәпір. Кісәпір қоғам не істемейді...