Іске сәт, жас достар

Немеренің алғашқы үлкен сапары

Үлкен ұлым Асылбек бір күні: «Келініңіз Сәндігүлді жұмыс орнынан Астанаға, ЭКСПО-2017-ге жіберіп жатыр. Анасымен бірге Нұрфарабиді де көрмеге жібермекпін. Билетін сатып алып қойдым», — дегенде, ел көріп, жер көргелі отырған құрттай құлыным — тұңғыш немерем үшін жүрегім қуанышқа толды.

Сол сәтте 2012 жылғы 22 қаңтар есіме түсті: дәл сол күні бұл көрмені Астана қаласында өткізу жөнінде шешім қабылданғанда Нұрфарабидің небәрі үш жаста ғана болғаны. Енді міне, Баязит әулетінің атынан көрмеге аттанғалы отыр.

Есте қалған сәт

10 маусым күні көрменің салтанатты ашылуын ел қатарлы теледидардан көріп, шаттығымыз еселей түсті.

Алайда қуанышқа қатар уайым да ерді. Әжесі Ырымкеш Мадиқызы маған аңтарыла қарап: «Әлемнің әр қиырынан ағылған халықтың, ығы-жығы кісілердің арасында құрттай бала Нұрфарабиді айтам… адасып кетпесе жарар еді. Баланы бекер жібердік-ау, ауырып қалмаса…» — деді.

Шынымды айтсам, әжесінің көңіл күдігін бөлісуге шақ қалдым. Бірақ кеш еді: олар мінген пойыз аршындай жүйткіп, Астанаға бағыт алған. Ол сәтте «Нартәуекел, бір Аллаға тапсырайық» деуден басқа лаж жоқ еді.

Сын мақалалар мен ел намысы

Бұл тұста ЭКСПО туралы материалдар басылған газеттер де қолға тие бастады. Кейбір мақалаларда келушілер саны аз, көбі балалар, ал олардың әлденені түсіне қоюы екіталай; қыруар қаражат текке шашылды деген ойлар айтылатын. Осындай көңіл құлазытқан пікірлерден соң облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Нұрбол Жайықбаевтың мақаласы маған ерекше әсер етті.

Негізгі өлшем

Ел намысы мен отаншылдық сезім бәрінен де биік тұруы керек қой.

Нұрфарабидің ағылшыншасы

Араға бірер күн салып, Нұрфараби анасымен көрмеге барып келді.

«Ата, көрме маған қатты ұнады. Білесіз бе, мен бір кісімен ағылшынша сөйлестім», — деді ол.

«Қой, кәне ағылшынша сөйлеші», — дедім. Ол іркілмей сөйлей жөнелді. Әуелде жаттаған тақпақ шығар деп ойлағанмын. Бірақ сөзін аяқтағанда: «Әлгі кісіге не дегеніңді қазақша айтшы?» — деп сұрадым.

«Мен оған өзімді таныстырдым. Қайдан келгенімді айттым. Оның кім екенін сұрап білдім», — деді.

Шешесі: «Содан кейін әлгі кісі Нұрфарабимен суретке түсті де, қолшамын ескерткішке сыйлады», — деп қосты.

Сол сәтте қарт жүрегімде мақтаныш сезімі ұялады. Оны ағылшын тіліне баулыған мұғалімдерге деген ризашылығым да арта түсті.

Өзіміз барған ЭКСПО: балалардың байыпты қызығушылығы

Бірер күннен соң облыс әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Арман Қанидың бастауымен облыста тұратын бір топ қаламгер көрмеге аттандық.

Көрініс пен әсер

Көрме алаңына келіп түскен сәтте-ақ, келушілер арасында балалар ерекше көзге шалынды. Лифтпен 8-қабатқа көтерілдік. Шолу алаңынан Астананың әсем көркі көздің жауын алады.

Содан кейін 7, 6, 5-қабаттарды аралап, республика ғалымдарының баламалы энергетика саласындағы жаңалықтарымен таныстық. Макет күйіндегі алып экрандар арқылы көрсетілген көріністер қиялыңды қиянға бастайды.

Балалар нені көрсетті?

  • Үлкендермен бірге ынтыға қарап, назарын жоғалтпауға тырысты.
  • Әдеттегі у-шу, қуаласқан еркелікті сыртта қалдырғандай болды.
  • Көргенін санаға тоқуға, еш нәрсені қалт жібермеуге ұмтылды.

Болашақ энергиясы — таныс ұғым

Бұл балалар ұсынылған тетіктер мен қондырғыларды іле-шала іске қосып жібереді. Оларға болашақ энергиясы ғарыш, күн, жел, су қуатынан құралады деген ой таңсық емес.

Ескі мектеп, алғашқы сабақ және электрдің ғажабы

Балаларға көз қиығымды сала жүріп, Арқаның алтын алқасы Баянауыл өңіріндегі, бүгінгі Жұмат Шанин ауылы атанған бұрынғы Большевик колхозының Қарақуыс пен Жәнібек атты қойлы ауылдарындағы қол кірпіштен салынған екі бөлмелі мектеп көз алдыма келді. Сол мектепте бізге әліппені алғаш үйретіп, білім әлеміне бастаған мұғаліміміз Солтан Рүстембеков те есіме түсті.

Тіпті оның ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңін шабыттана оқыған үні құлағыма келгендей болды.

Сабақтағы бір сұрақ

Оқушылардың бірі: «Өнер-білім бар жұрттар дегенде “жұрттар” деген сөзді түсіне алмадым», — деді.

Мұғалім: «Ол — “ел” деген сөз, яғни өнері, білімі бар ел. Сарай салғызады екен. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызады екен», — деп түсіндірді.

«Мен анада сендерге “Шоманда не орнатылды?” деп едім ғой», — дегенде, біз жарыса: «Телефон! Радио!» — деп шуластық.

Ал «аты жоқ құр арба күн жарымда мың шақырым жерге қалай барады?» деген сауал төңірегінде тіпті дау да туып еді. Ат не өгіз жеккен арба күніне әрі кетсе 25–40 шақырым ғана жүреді. Мың жарым шақырымға қалай жетпек?

Балалардың «ат жегілмеген арба болса» деп таласқанына мұғалім: «Ол — кәдімгі отарба ғой», — деп тоқтау айтты. «Сендердің араларыңда пойызды көргендерің бар ма?» — деді. Біз: «Жоқ», — дедік. «Павлодар не Екібастұзға барсаңдар көресіңдер», — деді.

Қуат туралы түйін

«Ал адамды құстай ұшыратын, отынсыз тамақ пісіретін қандай қуат?» — деп сұрап алып, ол жалпақ әлемді жарыққа бөлеп, өмірдің сан саласына сәуле түсіріп, ел игілігін арттырып отырған күш — электр қуаты екенін айтты. «Оның біздің ауылға да келіп жетер күні алыс емес», — деді.

Бұл — елуінші жылдардың басы. Арада көп өтпей бастауышта екі-үш сыныпты біріктіріп оқыған үш-төрт бала әке-шешеміздің жұмысына байланысты басқа мектептерге ауыстық. Мен сол кездегі Жамбыл колхозындағы мектепке бардым. Жолымыз Көмір руднигінің үстімен өтетін.

Электр шамын алғаш сол рудниктегі түскен үйімізден көрдім. Көз қарықтырған жарыққа қараған сайын, өшіргім келіп тұратын. Елең-қылам демей, төбедегі шамға жақындап барып, жан ұшыра үрлей бастадым. Өшер емес. Үй ішіндегілер күлкіге қарық болды. Біреуі: «Колхозник, ештеңе көрмеген», — деп сөге жөнелгені бар. Сөйтіп, ауылдан ұзап шықпай жатып масқара болғаным есімде.

Оған да алпыс жылдан аса уақыт өтіпті. Ал бүгінгі көрмені аралап жүрген балалар үшін электр қуаты — баяғыдан таныс дүние.

Өлкедегі жел мен су диірмені: ұмыт қалмасын

Ол кезде жер мен су қуаты ғылыми тұрғыда қалай негізделді — анығын тап басып айта алмаймын. Бірақ көнекөздерден мынадай әңгіме естігенмін: 1946 жылдар шамасында Ж.Аймауытов елді мекеніне қарасты Ескі қоныста жергілікті ұста Бектен Дүйсенбаев биіктігі шамамен үш жарым метрлік, төрт қалақты жел диірменін орнатыпты. Мұны сол істің басы-қасында болған марқұм Түсіпжан Ысқақов ақсақал айтқан еді.

Сондай-ақ Бектен Дүйсенбаев Баянауыл селосының шет жағында, тері зауыт маңындағы бұлақ бойына тоған салдырып, су іркіп, су диірменін жүргізген, ал бұрын «499» аталған жерде жел диірмен орнатқан деседі.

Ниет

Мұны айтудағы мақсатым — кейінгі ұрпақ Бектен ағаларын біле жүрсін; оң қолынан өнер тамған жандар болса, іздеп тапсын; елге сіңген еңбек елеусіз қалмасын. Жастар олардың есімін танып, ісінен өнеге алсын.

Көрменің ең үлкен жеңісі — жас ұрпақ

«Нұр Әлем» павильонын көруге кезекте тұрғандардың арасында балалардың көптігін байқап, көрменің басты жетістіктерінің бірі — ертең адамзат көшін алға бастайтын жас ұрпақтың мұнда көп келуі шығар деп ойладым.

Себебі бүгін жоба ретінде ұсынылған талай идеяны ертең жүзеге асыратындар солардың арасынан бірлі-жарым емес, ондап шығатынына ішімнен сендім.

Сапарлас сөз

Сапарлас серігім, белгілі жазушы Ақын Алақанұлы: «Бұл — айтары жоқ, әлем алдында қазақтың абыройын асқақтата көтеретін көрме болды», — деді.

Ой түйіні

Сол сәтте Ыбырай Алтынсариннің:

«Біз надан боп өсірдік,

Иектегі сақалды.

Өнер — жігіт көркі», — деп,

Ескермедік мақалды.

Біз болмасақ, сіз барсыз,

Үміт еткен достарым,

Сіздерге бердім батамды», —

деген батасы оралды. Жастарға бұдан артық қандай бата керек? Іске сәт, жас достар!