Әскербеков Диас

Автор: Әскербеков Диас (7-сынып)

Мектеп: №3 ЖББОМ, Жезқазған қаласы

Жетекші: Оспанова Б.Ж.

«Отан», «Атамекен», «Тарих» — қай құлаққа да асқақ естілетін, қадірі биік ұғымдар. Адамзат дамуының бүкіл жолында жер үшін сан қилы дүрбелеңдер, сындарлы кезеңдер аз болмаған. Ғасырлар қойнауына үңілсек, өз жерін жауға бастырмай, жанын шүберекке түйіп, ерлік пен бірліктің үлгісін көрсеткен ұл-қыздардың даңқты ізі бүгінгі ұрпаққа аманат болып жетті.

Желтоқсан жаңғырығы және Тәуелсіздік таңы

Ерлік пен елдікке үндеген сол рухани сабақтастық бір ұрпақтан екіншісіне табиғи түрде ауысып, ақыры 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының жаңғырығына ұласты. Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың өлмейтінін жарқын түрде дәлелдеді.

«Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы, Лаула, лаула — желтоқсанның мұзға жаққан алауы. Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!»

Ақын жырымен үндес ой: елді тік ұстайтын күш — намыс пен бірлік.

Осы рухтың жалғасуы 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік таңын тудырды. Мен үшін тәуелсіздік ұғымы, ең алдымен, Желтоқсан оқиғасымен сабақтасып есте қалады. Өйткені мен — сол кезеңнің перзентімін, сол дәуірдің шынайы леп-тынысын сезінгенім — мен үшін үлкен қуаныш.

Қастерлі мереке мәні

Ғасырлар бойы халық армандаған тәуелсіздік пен егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн — Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке.

Тәуелсіздікке жетелеген жол: өнеге мен мұра

Бізді осы күнге жеткізген ұмытылмас оқиғалар — ел қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістері. Қандай ауыртпалықты да көтере білген жасымайтын жігер, қайтпайтын табандылық — өшпес өнеге, өлмес мұра.

Сондықтан тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін жақсы білеміз. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.

Кеше

Елдік үшін күрес, жерді қорғау, рухты сынға салған тарихи кезеңдер.

Бүгін

Тәуелсіздікті сақтау, күшейту, білім мен еңбек арқылы елді өркендету.

Егемен елдің қалыптасуы: институттар, экономика, мәдениет

Кең байтақ, күн сәулелі Қазақстан прогрессивті адамзатпен бір сапта болу үшін жаңаша өмірге қадам басты, дамудың даңғыл жолына түсті. Егемендік жылдары ішінде өзіне тән институттары қалыптасқан, әлемдік қауымдастықта ықпалды орны бар мемлекет құрылды. Қауіпсіздік пен тәуелсіздік негіздері нығайды.

Елдің демократиялық жолмен дамуының берік іргетасы қаланып, ішкі экономикалық жүйе түбірімен өзгерді: нарықтық қатынастар орнығып, Қазақстан әлемдік экономикада өзіндік орны бар елге айналды.

Мәдени жаңғыру бағыты

  • Салт-дәстүрді жаңғырту, тарихи сананы күшейту
  • Ұлы тұлғаларды әлемге таныту
  • Рухани қазынаны жаһандық өркениетпен ұштастыру

Бірлік пен татулық: Қазақстанның берік тұғыры

Қазақ елі — бейбітсүйгіш, бірлігі жарасқан дархан ел. Сан түрлі ұлттардан құралған халқымыз ауызбірлігімен танылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетті.

Еліміздің халықаралық беделі де нығайды: Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, Астанада саммит өткізу сияқты ірі оқиғалар Қазақстанды әлемге жасампаз халық ретінде танытты.

Сондай-ақ қысқы спорт түрлерінен өткен Азия ойындарының жоғары деңгейде өтуі бүкіл халықтың мерейін өсіріп, ерекше мақтаныш сезімін оятты. Осындай жетістіктер Отанға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін күшейтеді.

Қағида

«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген ұстаныммен Қазақстан халқы бірігіп еңбек етіп, мемлекеттің еңсесін көтерді. Сындарлы саясаттың нәтижесінде экономика дамып, ел өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылды.

Болашаққа бағдар: тәуелсіздікті сақтау және нығайту

Тәуелсіздік — болашақ ұрпаққа аманат ету үшін көздің қарашығындай сақтайтын әрі нығайтатын басты игілігіміз. Еліміздің егемендік жылдарында қол жеткізген табыстарының барлығы — Тәуелсіздіктің жемісі.

2011 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ретінде аталып өтті. Бұл мерейтой «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» ұранымен өрбіді. Негізгі идея — әр айға белгілі бір тақырып арнап, түрлі бағыттар бойынша ауқымды істерді жүзеге асыру, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік-мәдени нысандарды пайдалануға беру.

Қорытынды ой

Отанымыз, Қазақстанымыз туралы айтарымыз да, мақтанарымыз да көп. Елімізді көркейтетін, шаңырағын биіктетіп, ырысын арттыратын күш — білім мен білікті таңдаған ұрпақ және жұмыла атқарылған адал еңбек. Мен әрдайым қазақ халқының арманы мен мүддесі, елдігі мен еңбегі баянды болатынына сенемін. Өйткені біз — жасампаз халықпыз.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы