Тақырып Географиялық карталар

Құрметті мұғалім!

Бұл тапсырмалар жинағы білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдерге көмек құралы ретінде әзірленді. Жинақ мұғалімдердің ұжымдық жұмысының нәтижесі.

Бағалау критерийлері мен дескрипторлары бар тапсырмалар қалыптастырушы бағалауды өткізуге, сабақты жоспарлауға, ұқсас тапсырмаларды құрастыруға және іріктеп алуға, оқу мақсаттарына жетуге қатысты сындарлы кері байланыс беруге көмектесетін үлгі болып табылады.

Икемді қолдану

Жинақ ұсыныстық сипатта берілген. Сіз білім алушының қажеттілігі мен мүмкіндігін ескере отырып, тапсырмаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізе аласыз, бейімдей аласыз.

Қосымша ресурстар

Қосымша материалдарды (нұсқаулықтар, таныстырылымдар, жоспарлар және т.б.), форумдағы талқылауларды және бейненұсқауларды Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ-ның smk.edu ресми сайтынан таба аласыз.

Кімдерге арналған

Жинақ негізгі мектеп мұғалімдеріне, әдіскерлерге, критериалды бағалау бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларға арналған.

Дереккөздер және құқықтық ескерту

Жинақты дайындау барысында ресурстар (суреттер, мәтіндер, бейне және аудио материалдар және т.б.) қолжетімді ресми интернет-сайттардан алынды. Жинақ коммерциялық емес мақсатта құрастырылған.

Жемісті жұмыс пен шығармашылық табыс тілейміз!

Мазмұны

7-сынып география пәні бойынша қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағының құрылымы.

1-тоқсан

  • Бөлім 1. Географияны зерттеу тәсілдері 4
  • Бөлім 2. Картография және географиялық деректер базасы 11
  • Бөлім 3. Физикалық география 15

2-тоқсан

  • Бөлім 3. Физикалық география 27

3-тоқсан

  • Бөлім 3. Физикалық география 55
  • Бөлім 4. Әлеуметтік география 79

4-тоқсан

  • Бөлім 5. Экономикалық география 88
  • Бөлім 6. Елтану және саяси география негіздері 108

1-тоқсан. Бөлім 1 — Географияны зерттеу тәсілдері

Бөлімше 1.1 — Зерттеулер және зерттеушілер

Тақырып: Географияны зерттеу нысандары

Оқу мақсаты

7.1.1.1 — Географияның зерттеу нысандарын анықтайды.

Бағалау критерийі

  • География ғылымын және оның салаларын атайды.
  • Зерттеу нысандарын анықтайды.

Ойлау дағдылары

Білу және түсіну.

Тапсырмалар

  1. Кестеге география ғылымдарының салаларын жазыңыз.

    Физикалық география ғылымдары

    Мысалы: Геоморфология

    Экономикалық география салалары

    Мысалы: Демография

  2. Сәйкестендіріңіз:

    а) Геосфера

    1. Атмосфера
    2. Биогеоценоз
    3. Биосфера
    4. Гидросфера
    5. Ландшафттану
    6. Литосфера
    7. Табиғи зоналар

    b) Геожүйе

    Тиісті ұғымдарды жоғарыдағы тізімнен таңдап, сәйкестендіруді орындаңыз.

Дескриптор

Білім алушы география ғылымының салаларын жазады; зерттеу аумағына байланысты нысандарды сәйкестендіреді.

Тақырып: География ғылымының дамуы

Оқу мақсаты

7.1.1.2 — Саяхатшылар мен зерттеушілердің география ғылымының дамуына қосқан үлесін сипаттайды және баға береді.

Бағалау критерийі

  • Саяхатшылардың ғылымға қосқан үлесін талдайды.
  • Қазақ Географиялық Қоғамының жұмысына баға береді.

Ойлау дағдылары

Жоғары деңгей дағдылары.

Тапсырмалар

  1. Ұлы географиялық ашылулар кезеңіндегі (XV ғ. соңы — XVIII ғ. ортасы) саяхатшылардың жүріп өткен бағытын атластан анықтап, кескін картаға түсіріңіз.
  2. Бір саяхатшының немесе зерттеушінің ғылымға қосқан үлесін SWOT-талдау арқылы бағалаңыз.

    SWOT — талдау

    • S — Жақсы жақтары
    • W — Әлсіз жақтары
    • O — Мүмкіндіктер
    • T — Қауіп-қатерлер

    SWOT — шешімдер

    Нәтижені O–T және S–W байланыстарын ескере отырып ұсыныңыз.

  3. Қазіргі кезеңдегі Қазақ Географиялық Қоғамының қызметіне баға беріңіз:
    • Қазақ Географиялық Қоғамы қашан құрылды?
    • Қандай жобалармен жұмыс істеп жатыр?
    • Қоғам зерттеулері болашақта Қазақстан табиғатындағы өзгерістердің алдын алуға көмектесе ме? Пікіріңізді негіздеңіз.

Дескриптор

  • Саяхатшылар бағытын картадан анықтайды және кескін картаға түсіреді.
  • Таңдалған саяхатшы/зерттеушінің үлесін SWOT арқылы талдайды.
  • Қазақ Географиялық Қоғамының құрылған жылын атайды және жобаларын көрсетеді.
  • Қазақстан табиғатындағы өзгерістердің алдын алу бойынша болжам жасайды.

Тақырып: Географиялық дереккөздер

Оқу мақсаты

7.1.1.3 — Географиялық дереккөздермен жұмыс істейді: карта, сурет, мәтін, фотосурет, графикалық материалдар.

Бағалау критерийі

  • Географиялық дереккөздерді қолданады.

Ойлау дағдылары

Білу және түсіну; қолдану.

Тапсырма

  1. Берілген картасызбада саяхатшылардың зерттеу жолдары көрсетілген:
    • Картасызбадағы бағытты және негізгі географиялық нысандарды кескін картаға түсіріңіз.
    • Осы саяхаттардың маңызын түсіндіріңіз.

Дескриптор

  • Картасызбадан Васко да Гаманың бағытын анықтайды.
  • Бағыттағы географиялық нысандарды кескін картаға түсіреді және маңызын көрсетеді.
  • Картасызбадан Ф. Магелланның бағытын анықтайды.
  • Бағыттағы нысандарды кескін картаға түсіреді және маңызын көрсетеді.

Тақырып: Географиялық тәжірибелер

Оқу мақсаты

7.1.1.4 — Географиялық нысандардың қасиеттерін тәжірибелік жолмен анықтайды.

Бағалау критерийі

  • Географиялық нысандардың қасиеттерін тәжірибе арқылы анықтайды.

Ойлау дағдылары

Жоғары деңгей дағдылары.

Тапсырма

Зерттеушілердің саяхаттары туралы ақпаратпен танысып, төмендегі сұрақ бойынша шағын зерттеу жұмысын орындаңыз: «Егер Христофор Колумб Америка құрлығын бірінші ашқан болса, неге Америка құрлығы Америго Веспуччидің атымен аталған?»

Құрылым

  • Болжамдар
  • Деректер/дәлелдемелер
  • Қорытынды

Салыстыру

Нәтижені «Христофор Колумб» және «Америго Веспуччи» бойынша салыстырмалы түрде кестеде көрсетіңіз.

Дескриптор

  • Ақпаратқа сүйеніп болжам жасайды.
  • Қажетті деректер мен дәлелдемелерді анықтайды.
  • Зерттеу мәселесі бойынша қорытынды жасайды.

Тақырып: Далалық зерттеу әдістері

Оқу мақсаты

7.1.1.5 — Далалық зерттеу әдістерін қолданады, көрсеткіштерді тіркейді, жинақтайды, өңдейді, талдайды.

Бағалау критерийі

  • Далалық зерттеу әдістері арқылы көрсеткіштер бойынша қорытынды жасайды.

Ойлау дағдылары

Қолдану.

Тапсырма (топтық жұмыс)

Айналадағы нысандар бойынша бағдарлау жұмыстарын орындаңыз (көкжиек тұстарын анықтау, арақашықтықты өлшеу және т.б.). Мұғалім қауіпсіздік ережелерімен, жұмыс ретімен және қолданылатын құралдармен қысқаша таныстырады (азимут, көкжиек, тұсбағдар, рулетка).

Тапсырма кезеңдері

  1. Айналаны бағдарлау
  2. Күнге қарап көкжиекті бағдарлау
  3. Тұсбағдар арқылы бағдарлау
  4. Арақашықтықты өлшеу

Нәтижені ұсыну

Әр топ жұмыс қорытындысын видео, буклет, альбом немесе постер түрінде ұсынады.

Дескриптор

  • Табиғаттағы қауіпсіздік ережелерін сақтайды.
  • Далалық жағдайда бағдарлауды орындайды.
  • Тұсбағдарды қолданып көкжиек тұстарын анықтайды.
  • Рулеткамен арақашықтықты өлшейді және есептеулер жүргізеді.
  • Нәтижесін қорғайды.

Тақырып: Географияда графикалық әдістерді қолдану

Оқу мақсаты

7.1.1.6 — Нысандардың, құбылыстардың және үдерістердің ерекшеліктерін графикалық түрде бейнелейді: сызба, диаграмма, профиль, график.

Бағалау критерийі

  • Ерекшеліктерді графикалық әдіспен көрсетеді.

Ойлау дағдылары

Қолдану.

Тапсырма

География ғылымының зерттеу нысандарын иерархиялық деңгейлер бойынша сәйкестендіріңіз (суреттердің нөмірлерін сызбаның тиісті бағандарына жазыңыз).

Дескриптор

  • Нысандарды аумақтық қамтылуына қарай деңгейлерге жіктейді.
  • Ғарыштық, аймақтық және жергілікті деңгей нысандарын сәйкестендіреді.

Бөлім 2 — Картография және географиялық деректер базасы

Бөлімше 2.1 — Географиялық карталар; Бөлімше 2.2 — Географиялық деректер базасы

Тақырып: Географиялық картосхемаларды қолдану

Оқу мақсаты

7.2.1.1 — Тақырып бойынша картосхемалар жасайды.

Бағалау критерийі

  • Картосхемаларды тақырыпқа сәйкес құрастырады.

Ойлау дағдылары

Қолдану.

Тапсырмалар

  1. Жергілікті жерді планға түсіру жұмысының ретін дұрыс орналастырыңыз:
    • Планшетті дайындау
    • Масштабты анықтау
    • Заттарға қатысты бағыттарды анықтау
    • Заттарға дейінгі қашықтықты өлшеу
    • Планшетке шартты белгілерді түсіру
  2. Пландағы шартты белгілерді пайдаланып, табиғатқа саяхат маршрутын баяндайтын қысқа әңгіме құрастырыңыз.
  3. Сынып бөлмесінің немесе мектеп ауласының планын жасаңыз (топтық жұмыс).

Дескриптор

  • План сызу ретін дұрыс көрсетеді.
  • Шартты белгілер арқылы әңгіме құрастырады.
  • Жергілікті жердің планын шартты белгілермен сызады.

Тақырып: Географиялық номенклатура

Оқу мақсаты

7.2.1.2 — Географиялық номенклатура нысандарын картадан көрсетеді.

Бағалау критерийі

  • Номенклатура нысандарын ажыратады.
  • Картадан көрсетеді.

Ойлау дағдылары

Қолдану.

Тапсырмалар

  1. Атлас карталары бойынша географиялық карта мен топографиялық картадағы шартты белгілерді анықтап, сәйкес бағанға «+» белгісін қойыңыз.
  2. Атлас карталарын қолдана отырып, берілген елдерге жоспар бойынша сипаттама жасаңыз:

    Елдер

    • Қазақстан
    • Италия
    • Перу
    • Аустралия

    Жоспар

    • Астанасы
    • Жер бедері
    • Ең биік нүктесі
    • Пайдалы қазбалары
    • Өзендері

Дескриптор

  • План мен картадағы шартты белгілерді ажыратады және карталарды белгілеріне қарай топтастырады.
  • Карталарды пайдаланып астананы, жер бедерін, ең биік нүктені анықтайды.
  • Пайдалы қазбалар түрлерін және өзендерді көрсетеді.

Тақырып: Географиялық деректерді ұйымдастыру

Оқу мақсаты

7.2.2.1 — Географиялық нысандарды топтастырып, кесте түрінде көрсетеді.

Бағалау критерийі

  • Нысандарды жинақтап, кестеде көрсетеді.

Ойлау дағдылары

Білу және түсіну.

Тапсырмалар

  1. Төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз:
    • I. Сандық масштабты атаулы масштабқа айналдырыңыз: 1:4 000; 1:50 000; 1:900 000; 1:700; 1:10 000 000; 1:350 000
    • II. Атаулы масштабты сандық масштабқа айналдырыңыз: 1 см — 50 м; 1 см — 7 км; 1 см — 600 м; 1 см — 30 км; 1 см — 400 км; 1 см — 8 000 км
    • III. Келесі масштаб түрлерін сызықтық масштаб түрінде көрсетіңіз: 1 см-де 350 км; 1:90 000 000
  2. Карта мен глобустағы меридиан мен параллельдердің негізгі ерекшеліктерін анықтап, кестені толтырыңыз (бағыттары, ұзындығы, пішіні және т.б.).
  3. Масштабты қолданып, Астана мен әлем астаналары арасындағы қашықтықты есептеңіз: Астана–Мәскеу, Астана–Вашингтон, Астана–Лондон, Астана–Пекин.
  4. Берілген қалалардың географиялық координаталарын анықтаңыз: Астана, Париж, Ташкент.

Дескриптор

  • Сандық масштабты атаулыға және атаулыны сандыққа айналдырады.
  • Сызықтық масштаб құрастырады.
  • Ендік пен бойлықтың негізгі қасиеттерін сипаттайды.
  • Масштаб бойынша қашықтықты есептейді.
  • Қалалардың координаталарын карта бойынша анықтайды.

Бөлім 3 — Физикалық география (Литосфера)

Бөлімше 3.1 — Литосфера

Тақырып: Литосфераның құрылысы мен заттық құрамы

Оқу мақсаты

7.3.1.1 — Литосфераның құрылысы мен заттық құрамын анықтайды.

Бағалау критерийі

  • Литосфераның құрылысы мен құрамын сипаттайды.

Ойлау дағдылары

Білу және түсіну.

Тапсырмалар

  1. Сызба-нұсқаға жер қыртысының құрылысын және оның құрамын жазыңыз.
  2. Тау жыныстарының ерекшеліктерін сипаттап, кестені толтырыңыз:
    • Шөгінді тау жыныстары
    • Магмалық тау жыныстары
    • Метаморфтық тау жыныстары

    Сұрақтар: түрлері, пайда болуы, кездесетін аймақтары.

Дескриптор

  • Литосфера құрылысының бөліктерін және олардың құрамын көрсетеді.
  • Тау жыныстарының түрлерін, пайда болуын және таралу аймақтарын кестеде сипаттайды.

Тақырып: Жердің тектоникалық құрылысы

Оқу мақсаты

7.3.1.2 — Жердің тектоникалық құрылымын және литосфералық плиталардың орналасуын картадан көрсетеді әрі сипаттайды.

Бағалау критерийі

  • Тектоникалық құрылымды анықтайды.
  • Литосфералық плиталарды картадан көрсетеді.

Ойлау дағдылары

Қолдану.

Тапсырмалар

  1. Атлас карталары бойынша литосфералық плиталарды анықтап, олардың шекараларын және негізгі қатпарлы аймақтарды кескін картаға түсіріңіз.
  2. Жоспар бойынша (таңдауыңыз бойынша) бір литосфералық плитаның қазіргі қозғалысын анықтап, талдаңыз: атауы, шекаралас плиталар, қозғалу жылдамдығы, бағыты, қорытынды.

Дескриптор

  • Ірі литосфералық тақталарды картадан көрсетеді және кескін картаға түсіреді.
  • Негізгі қатпарлы аймақтарды сызады.
  • Таңдалған плитаны жоспар бойынша сипаттап, дәлелді қорытынды жасайды.

Тақырып: Литосфераның тектоникалық қозғалыстары

Оқу мақсаты

7.3.1.3 — Жер қыртысының тектоникалық қозғалыстарын талдайды: дрейф, коллизия, субдукция, спрединг.

Бағалау критерийі

  • Тектоникалық қозғалыстарды жіктеп, түсіндіреді.

Ойлау дағдылары

Қолдану.

Тапсырмалар

  1. А. Вегенердің «Континенттер дрейфі» теориясы туралы бейнематериалды қарап, тапсырмаларды орындаңыз:
    • Қозғалыс түрлерін сызбаларымен сәйкестендіріңіз (субдукция, коллизия, спрединг) және таралған аймақтарын жазыңыз.
    • Литосфералық плиталардың қозғалу себептері мен салдарын талдап, кесте құрастырыңыз.
  2. Картадан өз таңдауыңыз бойынша (жазықтар немесе таулар) бір жер бедерін алып, зерттеу жүргізіңіз:
    • Жер бедерінің түрін анықтаңыз.
    • Жер қыртысы картасы мен физикалық картаны салыстырып, қалыптасу заңдылығын түсіндіріңіз.
    • Биіктік шкаласы мен бояулар арқылы биіктігін және жасын ажыратыңыз.
    • Тақталардың қозғалысы картасына сүйеніп, болашақтағы өзгерістеріне болжам жасаңыз.

Дескриптор

  • Тақталардың қозғалыс түрлерін анықтап, аймақтарын көрсетеді.
  • Қозғалыстың себеп-салдарын дәлелдермен түсіндіреді.
  • Таңдалған аймақтың жер бедерін талдап, негізделген болжам ұсынады.

Тақырып: Литосфералық катаклизмдер

Оқу мақсаты

7.3.1.4 — Литосфералық катаклизмдердің себеп-салдарын және таралуын түсіндіреді.

Бағалау критерийі

  • Апат аймақтарының пайда болу себептері мен таралу заңдылықтарын дәлелдейді.

Ойлау дағдылары

Қолдану.

Тапсырма

Суреттерде апат түрлері берілген. Тақырыптық карталарды қолданып, кестені толтырыңыз: апаттың түрі, себебі, кездесетін аймақтары, зардаптары.

Дескриптор

  • Апат түрін анықтайды.
  • Пайда болу себебін түсіндіреді.
  • Таралу аймақтарын көрсетеді.
  • Негізгі зардаптарын талдайды.

Тақырып: Апат кезіндегі қауіпсіздік ережелері (жергілікті компонент)

Оқу мақсаты

7.3.1.5 — Литосфералық катаклизмдер кезінде өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіреді (жергілікті компонент негізінде).

Бағалау критерийі

  • Апат жағдайында өзін ұстау ережелерін құрастырады.

Ойлау дағдылары

Қолдану.

Тапсырмалар

  1. Берілген суретке сүйеніп, жер сілкінісі кезінде үй ішінде өзін ұстау ережесін құрастырыңыз.
  2. Суреттерге сүйеніп, су басу (тасқын) жағдайында өзін ұстау ережесін құрастырыңыз.

Дескриптор

  • Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелерін құрастырады.
  • Су басу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін құрастырады.

Қайталау және кіріктірілген тапсырмалар

Төмендегі тапсырмалар географиялық дереккөздермен жұмыс, графикалық әдістер, картография және деректерді ұйымдастыру дағдыларын кешенді түрде дамытады.

Фотосуреттер бойынша апат түрлерін анықтау

Фотосуреттерге қарап апат түрін анықтап, таралу аймағын және ерекшеліктерін кестеге енгізіңіз.

Дескриптор

  • Апат түрін анықтайды.
  • Таралу аймағын жазады.
  • Ерекшеліктерін сипаттайды.

Профиль және талдау: Тянь-Шань

  • Тянь-Шань тауының профилін сызыңыз.
  • Ең биік нүктесін анықтаңыз.
  • Осы аймақта болатын апатты құбылысты көрсетіңіз.
  • Қайталану жиілігін, себебін және салдарын түсіндіріңіз.

Дескриптор

  • Профиль сызады және ең биік нүктені анықтайды.
  • Апат түрін атайды, себеп-салдарын талдайды.

Сейсмикалық белдеулерді картаға түсіру

Дүниежүзінің сейсмикалық қауіпті аудандары картасын пайдаланып, кескін картада сейсмикалық белдеулерді көрсетіңіз.

Дескриптор

Кескін картада сейсмикалық белдеулерді дұрыс көрсетеді.

Зардап шеккен мемлекеттерді белгілеу

Жер сілкінісі мен цунамиден зардап шеккен мемлекеттерді кескін картада көрсетіңіз: Чили, Тибет, Армения, Гватемала, Филиппин, Тайланд, Жапония, Үндістан, Моңғолия, Қытай.

Дескриптор

  • Жер сілкінісінен зардап шеккен мемлекеттерді картадан тауып белгілейді.
  • Цунамиден зардап шеккен мемлекеттерді картадан тауып белгілейді.

Қорытынды тапсырма: Жер қыртысының қозғалыс түрлерін топтастыру

Жер қыртысының қозғалыс түрлерін топтастырып, қысқаша сипаттаңыз. Түсіндіруде негізгі ұғымдарды қолданыңыз (дрейф, коллизия, субдукция, спрединг).