Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру

Нұрболат Милена Нұржігітқызы, 7-сынып оқушысы, Бейнеу лицейі, Бейнеу ауданы, Маңғыстау облысы

Жетекшісі: Шәудірбаева Гүлнар Иманғалиқызы, тарих және құқық негіздері пәні мұғалімі

Жоспар

  1. I Кіріспе: Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.
  2. II Негізгі бөлім: «Елім деп соғар жүрегім»
    • Көне жазбалардағы патриоттық құндылық.
    • Даналардан шыққан сөз.
    • Ата-баба ерлігі — ұрпаққа үлгі.
  3. III Қорытынды: «Мен — патриотпын!»

Кіріспе: қазақстандық патриотизмді қалыптастыру

Менің ұстанымым

Мен елімді, жерімді, ұлтымды сүйемін.

Мен Отанымды, отбасымды сүйемін.

Мен тілімді, дінімді, ділімді қадірлеймін.

Қазақстан Республикасының Туын, Гимнін, Елтаңбасын құрметтеймін.

Осы құндылықтарға деген махаббатымды мақтан етемін.

Өзімді шынайы патриот санаймын.

Кез келген адамды отансүйгіштікке тәрбиелейтін ең бірінші негіз — ата-ананың өнегесі, екінші — ұстаздың тәлімі. Ал адам өзін-өзі тәрбиелеуде сүйенетін сенімді тірек — кітап.

Құдіреті күшті кітап арқылы біз өзімізді патриоттық рухта жетілдіре аламыз. Ендеше, «патриот» дегеніміз кім, «патриотизм» дегеніміз не?

Патриотизм ұғымы

Патриотизм — кең ауқымды, көп қырлы ұғым. Оны бір ғана сөзбен немесе бір ғана сөйлеммен толық түсіндіру қиын. Бұл ұғымның түп-тамыры гректің «patris» сөзінен тарайды, мағынасы — Отан, атамекен.

Патриот болу — міндетті түрде ұлттық киім кию немесе халық әнін тыңдаумен ғана шектелмейді. Мұның бәрі маңызды болуы мүмкін, бірақ ең бастысы — Отанға адал қызмет ету, еліңнің болашағына жауапкершілікпен қарау, өз еліңмен мақтану.

Негізгі бөлім: «Елім деп соғар жүрегім»

Көне жазбалардағы патриоттық құндылық

Көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында айқын көрінеді. Онда Елтеріс қағанның алғырлығы мен еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің бойына ана сүтімен сіңгені айтылады.

Күлтегін ескерткішіндегі ескерту мәні бар ойлар

«Ей, Түріктің бектері, халқы! Сендер алауызсыңдар, таққа кіріптарсыңдар... Ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан... қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен, билігіңнен айырылдың... Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрік халқы, өкін!»

Бұл сөздер жүректі шымырлатады. Бабаларымыз бастан кешкенін тасқа қашап, ұрпаққа аманаттап кеткен.

Осы көне мұралар қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімі бүгін ғана пайда болмағанын, оның тамыры тереңде жатқанын аңғартады.

Даналардан шыққан сөз

Қорқыт ата кітабындағы өсиет

  • Қолына өткір қылыш алып, оны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе.
  • Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі.
  • Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып тумағаны жақсы.
  • Өтірік өрге баспайды: өтірікші болып өмір сүргеннен, жарық көрмей кеткен артық.

Бұл өсиеттер ақыл-парасатқа, шындыққа, әке даңқын ардақтауға үндейді және әр қазақтың бойында мақтаныш сезімін оятады.

Шоқан Уәлихановтың пайымы

Ш. Уәлиханов патриоттық сезімді «ірбіт сандығындай» (матрешка секілді) деп бейнелейді: алдымен отбасыңды, туған-туысыңды қадірлеу; одан соң ауыл-аймақ, ел-жұрт; одан кейін халық.

Бұл ой патриотизмнің отбасынан басталып, біртіндеп кеңейетінін, әрі мәдени байланыстармен ұштаса алатынын көрсетеді.

Абайдың адамгершілікке шақыруы

«Махаббат пен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және сүй, хақ жолы деп әділетті.»

Абай тазаруға, бауырмалдыққа, әділеттілікке үндейді. Елдің елдігін сақтап тұратын қасиет — намыс. Намыссыз жұрт елін де, жерін де қорғай алмайды.

Бауыржан Момышұлының анықтамасы

Бауыржан Момышұлы «Соғыс психологиясы» еңбегінде патриотизмді Отанға сүйіспеншілік деп түсіндіре отырып, жеке адамның амандығы қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін, мемлекетті нығайту — жеке адамды күшейту екенін атап өтеді.

Ата-баба ерлігі — ұрпаққа үлгі

Ата-бабаларымыздың патриот болғанын олардың елін, жерін қорғау жолындағы ерлігі дәлелдейді. Хандарымыз бен батырларымыз күн демей, түн демей Отанын қорғап, бүгінгі ұрпаққа үлгі қалдырды.

XIX ғасырда адай елінде Балуанияз және Тұрмамбет атты батырлар өмір сүрген. Олар еліне тиген жауды қаймықпай тоқтатқан. Балуанияз батырдың мына шумақтары соның айғағы:

Өлең жолдары

«Салсам деп ем жауыма бұлағай сын,
Құрдастардың ішінде дүр адайсың.
Жау тиді деп еліңе, ей, Тұрмамбет,
Неге менен сүйінші сұрамайсың?»

Бұл жолдардан батырдың ел үшін аянбайтын қайсар мінезі, отансүйгіш рухы көрінеді.

Қорытынды: «Мен — патриотпын!»

Ойымды қорыта айтсам, ата-бабадан қалған көне жәдігерлерді бүгінгі ұрпақ дәріптеп, кейінгі буынға бүтін күйінде жеткізуі керек.

Ұлы Абайдың көреген ойлары, Шәкәрім мен Мағжанның мұрасы, сондай-ақ қазіргі заман ақындары мен қаламгерлерінің (мысалы, М. Шаханов, Ә. Кекілбаев) шығармалары жас ұрпаққа рухани тірек бола алады. Осындай еңбектерді оқып өскен буын өз елінің қорғаны, нағыз патриоты боларына сенемін.

Жастарға ұсыныс

  • 1 Рухани байлығымызды молайту үшін кітап оқуды әдетке айналдыру.
  • 2 «Жұрт» дегенде жұмылатын, «ел» дегенде егілетін бірлік пен жауапкершілікті күшейту.
  • 3 Тілге, дәстүрге, иманға деген құрметті тереңдету.

Бүгін ақпарат кеңістігі өте ауқымды. Кейбір мазмұндар өсіп келе жатқан жас буынның ұлттық сана-сезіміне кері әсер етіп, рухани жұтаңдыққа әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, жасөспірімдердің нашақорлыққа, маскүнемдікке, қаңғыбастыққа бой алдыруының себебін экономикалық жағдайдан ғана емес, рухани әлсіреуден де іздеген жөн.

Егер жастардың бойында мәдениетімізге, қазақы құндылықтарымызға, тіліміз бен дінімізге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, оларды құрметтеуге тәрбиелей алсақ, еліміздің рухани байлығын сақтап қаламыз.

Үндеу

Бірімізді біріміз бауыр тұтып, егемен елімізді сүйіп, отбасымызды ардақтап, жүрегімізді мейірімге суарып, көңілімізді адалдықпен ақтап, салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді және теңдесі жоқ Тәуелсіздігімізді сақтайық. Қазақстан патриоттары болайық!

Айтар ойым — осы.