Қазақ тілінің дыбыс жүйесі

Орфографияның өзгеруі және негізгі қағидаттар

Тілдің өсуі, дамуы, жетілуі және жалпы жазу мәдениетінің кемелденуімен бірге сөздерді дұрыс жазу ережелері де бірте-бірте өңделіп, жетілдіріліп отырады. Кез келген тілдің орфографиясын түзуде негізгі екі принцип бар: морфологиялық және фонетикалық.

1940 жылға дейін қазақ тілінің орфографиялық ережелері көбіне фонетикалық принципке сүйенді: сөз қалай естілсе, солай жазылды. Үндестік заңына сәйкес қазақ сөздері негізінен не жуан, не жіңішке түрде айтылады және жазылады. Бұл заңдылыққа сай фонетикалық принцип «бірден-бір дұрыс» болып көрінгенімен, жеке сөздерді бірізді, сауатты жазуды қиындатты.

Фонетикалық принциптің қиындықтары

Қазақтың байырғы сөздерінің өзін әр өңір әр түрлі айтып, соған қарай әр түрлі жазу жиіледі. Әсіресе орыс тілінен енген терминдерді жазуда фонетикалық принцип қолайсыз болды.

Мысалдар

  • советсобет, сәбет
  • институтинстөт, үнстөт, енситөт
  • газетгазит, кәзит, казет

1940 жылғы бетбұрыс: морфологиялық-фонетикалық негіз

1940 жылы фонетикалық принциптің кемшіліктері ескеріліп, қазақ жазуы морфологиялық-фонетикалық принципке негізделген жаңа орфографиялық ережелерге көшті.

Морфологиялық принцип — сөз айтылуына қарай құбылып жазылмай, түбір тұлғасы мен қосымшалардың тұлғасын сақтап жазу.

Дұрыс жазылым үлгілері

  • басшы (башшы емес)
  • қашса (қашша емес)
  • түнгі (түңгі емес)
  • айта алмай (айталмай емес)
  • келе алмай (келалмай емес)
  • Аманкелді (Амангелді емес)
  • шекара (шегара емес)
  • ақ ешкі (ағ ешкі емес)
  • кім келді (кім гелді емес)

Қазіргі кезең: емлені қайта қарау және жаңа әліпбиге дайындық

Қазіргі тәуелсіз елімізде, әсіресе соңғы жылдары, орфографиялық ережелерді қайта қарау қажеттігі жиі айтыла бастады. Латын графикасына көшу туралы шешім де осы үдерістермен сабақтас. Қалай болғанда да, жаңа әліпбиге көшкенге дейін қазіргі емлеміздің бірқатар тұстарын жүйелеп, біріздендіру қажет.

Осы мәтінде дауысты дыбыстар мен кейбір әріптердің қолданылуына қатысты қиындықтар сөз болады: е, ы, і, и әріптері, қысаң дауыстылардың түсірілуі, сондай-ақ сөз басындағы р дыбысына байланысты ала-құлалық.

Е, Ы, І: жазылады, бірақ әрдайым солай дыбысталмайды

е, ы, і әріптері сөздің барлық буындарында жазыла береді, бірақ олар үнемі е, ы, і болып дыбыстала бермейді. Еріндік дауыстылармен қатар тұрып, солардың ықпалымен айтылуы жиі байқалады.

Талдауға мысал сөздер

өзен, өлең, өнер, осы, орын, оқы, ұлы, ұғым, ұзын, үлкен, түлкі, жүрек, өмір, ауыл, бауыр, жауын, әуе, әуес, дәуір

Бұл сөздер құрамында е, ы, і кейде дыбыс ретінде емес, әріп ретінде ғана көрініп, айтылымда ө, ұ, ү реңктеріне жақындайды.

–у жұрнағы және қысаңдардың түрленуі

Соңы ы, і дыбысына аяқталған етістіктерге –у жұрнағы жалғанғанда, айтуда ы → ұ, і → ү болып түрленеді де, жазуда бір ғана у әрпімен таңбаланады.

  • алжы → алжу
  • жылжы → жылжу
  • сырғы → сырғу
  • тепші → тепшу
  • терші → тершу

Қысаңдардың көмескіленуі және түсірілуі

Қысаң ы, і фонемалары көп буынды сөздерде кейде көмескі естіледі. Орфоэпиялық сөздіктерде мұндайда кей дыбыстар түсіріліп (жарты белгімен) беріледі: дәрі'гер, қат'нас, аз'рақ, ед'реңдеу, и'рім, кеш'рім, қас'рет.

Тіпті л, р дыбыстарының алдында келгенде, сөздің лексикалық мағынасына нұқсан келмесе, қысаң дауыстылар кейде жазылмайды: лақ, ләм, леген, лекер, лес, лай, лайық, лас; рас, разы, рай, рахат, рахмет, рең, рәсуа, рәсім.

Мәселе:

Бұл сөздердің алдында ы/і-сіз айту қиын. Осыны қай ережеге сыйғызамыз деген сұрақ өзінен-өзі туындайды.

И әрпі: жіктелуі, айтылымдағы ауытқу және қосар дыбыстар

Дауыстыларды жуан және жіңішке деп бөлгенде, мектептен бастап көпшілікке белгілі жіктеу бойынша жуан дауыстылар: а, о, ұ, ы, у; жіңішке дауыстылар: ә, е, ө, ү, і, и. Сондықтан и әрпі жіңішке айтылады деген ұстаным орныққан.

Қазір жастардың (әсіресе мектеп оқушыларының) тілінде байырғы сөздердегі и әрпін тым жіңішкертіп айту жиілеп барады: «мійіміз ашійді», «жійна», «қійын», «бійіл», «сійла», «тійсін», «тійын» т.б.

Екінші буындағы ы/і-нің түсіп қалуы

Жалғау дауысты болса немесе дауыстыдан басталса, кей сөздердің екінші буынындағы ы, і (айтуда да, жазуда да) түсіп қалады:

  • халық → халқы
  • қарын → қарны
  • ерін → ерні
  • ерік → еркі
  • әріп → әрпі

Баспасөзде орыны, дауысы, әріпі түріндегі жазылымдар да ұшырасады.

Заңдылықтың шегі: қашан сусиды, қашан сақталады?

Соңғы буында ы, і қысаңдары бар кейбір сөздерді тәуелдегенде, соңғы қысаң дыбыстар сусып түседі: халық+ы → халқы, көрік+і → көркі, ерік+і → еркі. Бұл көбіне қысаңдардың р/л үнділері мен қ/к қатаңдарының аралығында келгенде байқалады.

Ал басқа жағдайларда қысаң дыбыстар сақталып айтылады және жазылады: киім → киімі, құлын → құлыны, ойын+ы → ойыны, бұрым+ы → бұрымы.

Кейбір зат есім, сын есімдерге а, е сияқты ашық дауыстыдан басталатын қосымшалар жалғанғанда, соңғы буындағы ы/і түсіріліп айтылады және жазылады: орын+а → орнады, ойын+а → ойнады, ерін+еу → ернеу, қырық+ыншы → қырқыншы.

Сөз басындағы «р» және ы/і әріптерінің жазылуы

Р дыбысынан басталатын бірқатар сөздердің басында (р әрпінің алдында) ы/і жазылса, енді бірқатарында жазылмайды. Айырудың бір белгісі мынадай:

Ы/І жазылмайды

Егер р дыбысынан кейін ы/і-ден өзге дауыстылар келсе: рас, рай, рахмет, ресми, рең, рет, риза, ру, рұқсат, рәсуа.

Ы/І жазылады

Егер р-дан кейін қысаң ы/і келсе: ырым, ырыс, ырық, ірі, іріту т.б.

Кірме сөздер, қосар дыбыстар және буынға бөлу мәселесі

И әрпі кірме сөздердегі жалаң и дыбысымен қатар (кино, философ), қазақ сөздеріндегі ій, ый қосар дыбыстарын да таңбалайды. Бұл кей сөздерді буынға бөлуде қиындық туғызады: тиек, киім, ирек, иіс, ине, қиын, қуыс, сиыр, гуіл.

Мұның бір себебі — «қазақ сөздерінде сөз ортасында буын тек дауыссыздан басталады» деген ережемен қабыспайтын құбылыстардың пайда болуы.

Жазылымдағы ала-құлалық

Анықтағыштарда ый қосары негізінен сый, тый сөздерінде және олардың тұлғаларында жазылады: сыйлық, сыйлау, сыйымды, тыйым, тыйылу. Алайда баспасөзде силық, силау, тиым, тиылу түріндегі жазылымдар жиі кездеседі.

Орфографиялық сөздіктердің өзінде де бірізділік сақталмай қалған тұстар бар. Мысалы, 2001 жылғы сөздікте сый – сыяпат деп берілсе, 2007 жылғы сөздікте сый – сияпат түрінде көрсетіледі.

Түйін:

Емле ережелерінің тиянақсыздығы жазатын адамға үлкен қиындық келтіреді; белгілі бір сөздер мен тіркестердің жазылуы бір ізге түспесе, ең сауатты адамның өзі де күмәнданып, қиналады. Бұл әсіресе баспа қызметкерлері мен мектеп мұғалімдерінің тәжірибесінде жиі байқалады.

Мұндай ауытқулардың бір бөлігі орыс тіліндегі и әрпінің әсерімен байланысты болуы ықтимал. Сондықтан жаңа әліпбиге көшпес бұрын орфографиялық, орфоэпиялық және пунктуациялық нормаларды мұқият қарап, ретке келтіру қажет.

Автор және пайдаланылған әдебиеттер

Автор

Асылбек Тасымов

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. 1 Р. Сыздықова. Қазақ тілінің анықтағышы. Астана, 2000.
  2. 2 1988, 2001, 2007 жылғы орфографиялық сөздіктер.
  3. 3 С. Мырзабеков. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. 1999. 47-бет.