Кедей шаруа

Шай үстіндегі ауыл

Біз үйге кіріп келгенде, сары самаурынды ортаға алып, төрт-бес кісі шайға бас қойып отыр екен. Ат жақты, шүңірек көзді қара кемпір күпісін жамылып, ыстық шайға нанды малып жеп отыр. Екі жас жігіт жалаң бас, терлеп-тепшіп шайды ұрттайды. Екі келіншектің бірі шай құйып отыр, екіншісі жас балаға сүт ішкізіп отыр.

— Кеш жарық… — дедім. Бәрі бір сәтте ажырайысып қарады. Жігіттер ығысып орын берді. Ала дастарханның шетін созып, алдыма қарай тартты.

Бірер минут үнсіз, тұнжырап отырғаннан кейін, олар сөзге кірісті: аты-жөнімді, қайдан келе жатқанымды, не жұмыспен жүргенімді сұрады.

Кемпірдің сұрағы

Қара кемпір бетіме тесіле қарап отырып: — Шырағым, қашан шықтың? Сол жақта біздің бір жаман баламыз болушы еді, одан хабар білесің бе? — деді.

Самаурынға таяу отырған бақа сары жігіт кемпірдің сөзін қайырып: — Әй, әже-ай, жоқты сұрайсың-ау. Қызылордада кімдер жоқ дейсің? Бұл жігіт қайсысын біле берсін, — деп кейіді.

Кемпір жым болды. Жас әйелдер өзара күңкілдесіп, баланы сылтау қылып бірдеңе айтып күлісті.

— Бетіңнің кірін қара, “сүймеймін” дейді. Жүр, бетіңді жуайын, — деп біреуі баланы жетелей бергенде, бала көнбей бұртиды.

— Тұр, қалқам, жуғыз. Ұят болады, мына кісіні көрдің бе, — деді әжесі.

Ал кемпір бұл жолы да араласып: — Қойыңдаршы. Баланың бетін жууды қайдан шығарғансыңдар? Жуып керегі не? — деді. Балалары кемпірдің сөзін ерсі көрсе де, ештеңе демеді.

Қыдырмалар мен сөз тартысы

Шайдан соң бірен-саран қыдырма келді. Сұлу мұрынды, қара торы жігіт есіп сөйлеп, жұртты қуландырып күлдірген болды. Үй иесі жігіт онымен шәлкем-шалыс сөйлесіп, ілінісіп отырды.

Үй иесі: — Үкіметке ризамыз. Совет үкіметі келгелі адам қатарына қосылдық… Бұрын елге шыққан оқыған адамдар қайда бай болса, соны таңдап қонушы еді. Бүгін іздеп келетін болды, мұнысына шүкіршілік, — деді.

Сұлу мұртты жігіт аз-кем бөгелгендей болды: бірдеңе айтпаққа ыңғайланып еді, не менен именді, не үй иесінен именді — айтпады.

Құмалақ салу

Қыдырманың біреуі — шоқша сақалды, сары кісі — дыбдырлап сөйлейтін. Қалтасынан бес батпан кір орамалын шығарып, бұрышына түйген құмалағын киіздің үстіне төкті де: «Я, бісмілла!» — деп, быртиған саусағымен құмалақты шашып жіберіп, ежірейіп үңіле қалды.

— Құмалақты кімге салып жатырсың, Ержан?
— Өзіме салам. От басының амандығына салам.

Сары жігіт қағытып: — От басыңа не көрінер дейсің? Жалғыз сиырың бар еді, ол өлді. Енді Құдай сенің неңді алады?.. Одан да маған сал. Ертең базарға барғалы отырмын, не бітіріп қайтар екем? — деп ұмтылып келіп, жер бауырлап, көсіліп жата кетті.

Сұлу мұрт оған ала көзімен қарап: — Әй, Орман, тұрсайшы. Кісінің алдында сұлап жатқаның не? — деді.

Сыбыр сөз және күдік

Ас артынан қыдырмалар тарады. Үй иесі жігіттер қонақтың атын жайластыруға шығып кетті. Пеш жанында шынтақтап құмалақшы жатқан. Қара кемпір оған қарай еңкейіп, сыбырлап: — Біздің үйдің амандығына құмалағыңды тартыпшы, — деді.

Құмалақшы тартып болып: — Кірер кіріс болмаса, шығын жоқ… — деп бастап келе жатып, көзі маған түсіп, кілт мүдірді. Қысылып, өңі қызарғандай болды.

Өзін-өзі ақтағысы келген адамдай: — Құмалақ не білуші еді? Әшейін «кәләкәйт» қой… Дым да білмейді. Бір Құдайдан басқа кім білуші еді? — деді. Бұл сөзді маған естіртіп айтты. Іштей «жудым» деп ойлағаны көрініп тұрды.

Ел шаруасы, дүкен, науқан

Оңашаланған соң, үй иесі жігіттен елдің шаруасын сұрадым. Жүріп жатқан науқанның жайына қандым.

— Ауданда ұйым дүкені бар еді. Соның бөлімшесін аштық. Отыз бес мүшеміз бар. Тауардың келуі жақсы. Ел тауарға молықты.

— Әсіресе, кедей-батырақ артық астығын өткізіп, керегін дүкеннен алып, қарық болып жатыр… Дүкен осы біздің үйде. Ертең жүрерде көріп кетіңіз, — деді.

Үй иесі жігітім сол дүкеннің приказчигі болып шықты. Белсенді кедей екен. Астық дайындау науқанына едәуір көмегі тиген.

Ол кейіппен: — Елде артық астық жоқ емес, бар. Бірақ көбі бұқпантайлық қылып бермей отыр. Бірсыпырасы артық сатып, керегіне жаратып қойып отыр… — деді.

Соғымға кеткен астық

Әңгіме соғымға ауысты. Бұл елде соғым сою деген — бәсеке: өлмелі кедей де жылқы тауып соймаса, көңілі көншімейді. Семіз жылқы алуға шамасы жетпеген соң, арық жылқы алып, бар астығын соған жұмсайды. Көбінің тілеуі сонымен-ақ құрып отыр.

Мен табаққа салған қазысы білектей екенін көріп, үй иесінен тіке сұрадым: — Өзіңіз де соғым жемдегенсіз ғой?

Ол қызараңдап отырып, шынын айтты: — Жемдедім.

— Қанша астық жегіздің?
— Сексен пұттай!

Негізгі түйін: кедей шаруаның ішерлігі мен тұқымдығынан артылған астығы соғымға кеткен. Соғымы семіз, қазысы жарты қарыс. Бірақ үкіметке беретін «артық астық» жоқ — артығының бәрі қазыға айналып, майы тамған бес саусақпен желініп отыр.

Мен бірсыпыра түсіндіріп айттым. Ол түсінді, қатесін мойнына алды.

— Наданбыз ғой. Ештеңенің жайын білмейміз, елден қалмаймыз, — деп даурығып кеп күрсінді.

— Түсіндірсе, үгіттесе ел елпеңдеп дайын-ақ тұр. Бірақ түсіндіруші кем. Осындағы кеңес қызметкерлері ерте бастан елді түсіндіріп, артық астығын үкімет орнына төккізіп отырса, жоспар әлдеқашан толып қалмай ма? — деді.

Қысқы түн

Түн қараңғы. Жел қатты. Боран. Күртік қар. Қардың астында да өмір бар. Күртік қардың ара-арасынан жылтыраған от көрінеді — бұл терезенің сәулесі. Мал да, жан да үйде: жылы қорада, жылы үйде ұйықтап, мүлгіп жатыр.

Қысқы ауылды біраздан бері көрмеп едім, сағынып қалғандай болдым. Жылы төсекте, тастай қараңғы үйде жатып, ысқырған желдің үнін тыңдап, маужырап ұйқыға кеттім.