Күзді сүю сағынышты аңсау деген сөз
Төрт мезгілдің ішінде — күз
Төрт мезгілдің әрқайсысының өзіне тән қасиеті бар: бірі жаныңды жылытса, бірі қайта туған жауқазындай бүршік атады, енді бірі суығына да үйретіп үлгереді. Сол төрт мезгілдің ішінде ең кереметі — күз секілді.
Күздің бояуы мен көңіл күйі
Күз… Сарғайған жапырақтар тал басында желге шыдас бермей жерге түскен шақ. Көз алдыңда бүкіл әлем қоңырқай реңкке боялып, бейне бір алдын ала салынған суреттей өзгеріп кетеді. Аспанның шелегі тесілгендей күн сайын тамшы тамып, жаңбыр құяды. Көңіл құлазып, ой тұңғиығына тартып әкетеді.
Біреуді сағынсаң, ол да сені сағынса — міне, бұл күздің өзі.
Күздің кереметі — сағынышқа толы жүректі шымырлатып, ішкі әлеміңді күңірентсе де, жан дүниеңе шынайы сезім сыйлайтынында. Күзді сүю — сағынышты аңсау деген сөз.
Қаншама ақынның жырына, қаншама жазушының қаламына арқау болған бұл мезгілдің, меңірейіп тұрғандай көрінсе де, өзіне тарта беретіні — өзінше бір құдірет.
Күз — адамзаттың сағыныш айы
Күз — адамзаттың сағыныш айы: мектепке асыққан оқушының сағынышы; қара жерге асыққан жапырақтың сағынышы; егістіктегі мол жеміске үміт артқан бағбанның сағынышы; алыстап кеткен достардың қауышуға деген сағынышы; бойжеткен мен бозбаланың махаббат сағынышы; ақынның қаламына, суретшінің күзгі эллегияға деген сағынышы…
Байқайсыз ба — бәрі сағыныш. Табиғат ананың көз жасы бұлақтай төгілсе, көк аспан да оған үн қосқандай болады.
Құстардың саңқылы, тырналардың тырауы, тізбектеле ұшқан керуені; қызарып атып, қызарып батқан күннің сәулесі; қара аспан төсінде дөңгеленіп, нұрын төгіп тұрған айдың сағымды кейпі — бәрі де бір суретшінің туындысындай. Бірақ бұл сурет те емес, жасандылық та емес: бұл — қанық түске боялған шынайы күз.
Жабырқау — қалыпты
Сағынып сарсаңға түсіп, салың суға кетіп жүрсе — қапа болмаңыз. Бұл қалыпты. Мезгілдің мезгілінен тыс мазалайтын әдеті жоқ. Күзде жабырқауыңыз — біреуге деген сағынышыңыздың белгісі.
Ал сағыну — керемет сезім: ол аңсауға жетелейді, арманға қанат бітіреді, үмітке сүйрейді.
Кеудеңіздің тұсындағы жапырақтай ғана жүрек — бәріне куә. Күз кейде күлімдеп қарайды: сол сәттен алданыш табыңыз. Бұл оның шынайы мінезі болмаса да, сізге деген мейірімін сездіретін ишарадай.
Әркімнің өз табиғатына сай мезгілі бар. Мезгілдеріңіз мерзімінен бұрып келіп, сізді шаттыққа бөлесін. Ал мен сағынуға кеттім… сағыныш әнін айтуға кеттім…