Түлектер кешіне арналған ЖҰЛДЫЗДЫ КЕШ

Түлектер кешіне арналған сценарий: «Жұлдызды кеш»

Бұл мәтін — мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты кештің жүргізуші сөзі, құттықтаулар, аттестат тапсыру сәті және соңғы қоңырау мен отшашуға дейінгі толық сценарий.

Салтанатты ашылу Түлектер таныстыру Аттестат тапсыру Құттықтаулар Соңғы қоңырау

Кештің ашылуы

(Ақырын музыка. Вальс. Әсем әуен.)

Жүргізуші: Армысыздар, ұстаздар мен оқушылар, қадірлі қонақтар! «Қош бол, алтын ұя мектебім!» атты салтанатты жиынға қош келдіңіздер. Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, мектебіміздің 20 түлегі бүгін балалықпен, мектеппен қоштасқалы тұр.

Бұл күн — мектеп тарихында да, түлектердің жүрегінде де мәңгі сақталатын ерекше сәт.

Жас жүректің өмірлік құштары — гүл,
Бағбан-ұстаз баулыған құстары бұл.
Қоштасып бүгінгі күн ұясынан,
Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.

Олай болса, осы вальс әуенімен ұядан ұшар түлектердің қоштасу кешін бастайық!

(Музыка: вальс)

Жүргізуші: Жетекші деген — ерекше тұлға, дара шың, ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын жан. Сарғайған альбомын қолына алып, шәкірттерін оңаша еске алатын — деп, ортаға сынып жетекшілерін шақырамыз:

  • 11 «А» сынып жетекшісі — Донгелекова Балайша Ануарбекқызы
  • 11 «Б» сынып жетекшісі — Омарова Аманкүл Байтұрсынқызы

Жүргізуші: Нұрлы үмітін арқалаған арқаға, жан сәулесін тарататын баршаға. Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп, түлектерді ортаға шақырайық!

(Музыка әуенімен барлық бітірушілер сахнаға тізіліп тұрады.)

Түлектер таныстырылымы

Әр түлек — бір жұлдыз. Әрқайсысының мінезі, таланты, арманы бар.

Айдана

Ойы ұшқыр. Математиканы сүйеді, қиын есеп болса да лезде шешіп береді.

Асан

Ер жүрек, жүйрік. Компьютер тілін меңгерген, спортты сүйеді, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді.

Самат

Сыныптың жүрегі. Ізденімпаз, тарихтың сырларына үңіліп, оқудан бір сәт бас алмайды.

Толғанай

Ақылды, намысты, алға ұмтылған. Мәнерлеп оқудың шебері.

Нұрсұлтан

Сегіз қырлы, бір сырлы, намысшыл жігіт. Әрдайым биіктен көрінуге талпынады.

Алуа

Сынып басшысы. Өткір, ер мінезді; бәріміз сыйлап, қадірлейміз.

Ерлан

Картаны мүдірмей сөйлететін, өлкенің жер-су аттарын жақсы білетін зерек түлек.

Гүлнұр

Қандай игі іс болсын, онсыз сирек бітеді. Гүл жайнаған жауқазындай нәзік те мейірімді.

Маржан

Биологияға қызығушылығы зор, нәзік жан, биікке самғауды мақсат етеді.

Ұлпан

Алғыр, зерек, талапты. Көркем шығарма оқудан алдына жан салмайды.

Ақсәуле

Ақжарқын, тіл табысқыш. Жақсылықтың жаршысы, ақкөңіл жан.

Назира

Айдай сұлу, сыңғырлаған күлкісі бар, үні жылы. Сыныптың ажары.

Аэлита

Көпшіл, алғыр, әдепті. Ағылшын тілін еркін меңгерген.

Гүлім

Биязы мінезді. Түрлі рөлді сомдай білетін, достары қолдайтын сүйкімді жан.

Әсем

Сабырлы, жайсаң, адалдықты сүйеді. Билегенде жұртты тамсандыратын өнерлі түлек.

Меңдеш

Мектептің жарық жұлдызы. Көркем сөз оқу шебері, дарынды әрі ізденімпаз.

Жұлдыз

Заңгер болуды армандайды. Салмақты, жан-жақты, ортаны нұрландырған ерекше тұлға.

Перизат

Ортамыздың ажары. Ерке қыз, мейірімге бөленген, көңілді жан.

Жүргізуші: Бүгін қандай шаттыққа толы кеш! Көңіл тасып, толып өседі. Кешегі ұл — жігіт болып қалыпты, кешегі бантикті қыз — бойжетіпті.

«Жұлдызды кеш» атауының мәні

Жүргізуші: Қараңыздаршы: кеше ғана мектеп табалдырығын тарыдай ғана болып аттаған бүлдіршіндер, бүгін бір-бір шоқ жұлдыздай жарқырап тұр. Ал бәрін қоссаң — жарық жұлдызға айналады. Сондықтан кешімізді болашағымыздың осы жарық та жарқын жұлдыздарына арнап «Жұлдызды кеш» деп атайық.

Жүргізуші: Бүгінгі кеш — сіздер үшін, қымбатты түлектер! Бүгінгі айтылар тілек те, орындалар ән мен күй де, ыстық құрмет те, дуылдата соғылған шапалақ та — барлығы сіздерге арналады.

Еліміз күннен күнге көркейіп, әлемге танылып келе жатқандай, сендер де кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де Қазақстанның атын тек игі істеріңмен, терең білімдеріңмен шығара беріңдер!

(Түлектерді орындарына қошеметтеп шығарып саламыз. Музыка ойнайды.)

Ресми ашылу

Жүргізуші: Құрметті қонақтар, түлектер! Бүгінгі салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!

(Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.)

Жүргізуші: Кештің ашылу салтанаты үшін сөз мектеп директоры Жолдыбаева Күляш Рахымқызына беріледі.

Жүргізуші: Жұлдыздарымызға ақ жол тілеп, құттықтау сөз кезегін Жезқазған қалалық әкімшілігінен келген қонақ ________________ алады.

Жүргізуші: Түлектердің биіктен көрінуіне қуанышын білдіріп, құттықтау сөз кезегі Жезқазған қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінен келген қонағымызға ________________ беріледі.

Аттестат тапсыру салтанаты

Бұл — 11 жылдық еңбектің, төзімнің, үміттің және ұстаз еңбегінің нәтижесі.

Жүргізуші: Енді көптен күткен салтанатты сәт те келіп жетті. Ол — алтын ұяда 11 жыл бойы жинаған білімнің дәлелі — аттестат тапсыру рәсімі.

Мектеп түлектерінің аттестатын және ҰБТ сертификатын тапсыруға мектеп директоры Жолдыбаева Күляш Рахымқызын және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Смайлова Сәуле Тұрсынқызын ортаға шақырамыз.

Жарқын болашаққа жолдама — жарқыраған аттестаттарыңызды алуға рұқсат, мектеп бітіруші түлектер!

«Жұлдызды кеш» топтары: табиғат төрттағаны

Әр түлектің «жұлдызын» тану үшін түлектер төрт топқа бөлініп, табиғаттың төрт қуатымен сабақтастырылады: Су, Жер, Ауа, От.

Су жұлдыздары

Су — нәзіктік пен сезімталдықтың нышаны. Бұл топтағы жандар әлеуметтік іске, ұстаздыққа бейім; шапшаң шешім қабылдай алады; талапты әрі талантты келеді.

Түлектер: Айдана Ж., Перизат

(Аттестаттарын алып, сахнада қалады. Тілек айтады.)

Жер жұлдыздары

Жер — нық қадам, тұрақтылық, өмірге бейімделу. Театр өнеріне жақын, зерек, басшылыққа бейім мінездер осы топтан табылады.

Түлектер: Меңдеш, Айдана Ә., Гүлім, Маржан, Ұлпан, Толғанай

(Аттестаттарын алып, сахнада қалады. Топ атынан Айдана Ә. сөйлейді.)

Ауа жұлдыздары

Ауа — ойдың еркіндігі, жаңалыққа құштарлық. Әдебиетке, әсемдікке, тың идеяларға жақын, ортасын зеректігімен таң қалдыратын жандар.

Түлектер: Алуа, Толғанай Ж., Ақсәуле, Самат, Қобыланды, Нұрсұлтан, Жұлдыз, Назира

(Аттестаттарын алып, сахнада қалады. Топ атынан Самат сөйлейді.)

От жұлдыздары

От — жігер мен шабыттың белгісі. Музыкаға, сахнаға, шығармашылыққа бейім тұлғалар. Өнерге жақын болғанымен, ең бастысы — бойдағы жалынды дұрыс арнаға бұру.

Түлектер: Әсем Ә., Әсем Т., Ерлан, Аэлита, Гүлнұр, Асан

(Аттестаттарын алып, сахнада қалады. Топ атынан Ерлан сөйлейді.)

Жүргізуші: Ешқашан сөнбеңдер! Тағдыр сыйлаған лаулаған отты өмірдің ең жақсы сәттерінде қолдана біліңдер. Биіктен көрініп, бақытты болыңдар!

Түлектердің соңғы сөзі

Жүргізуші: Ендігі сөз өздеріңізде, түлектер! Қазір — сіздердің нағыз «жұлдызды шақтарыңыз». Көкейде қалған сұрақ болса, жүректе сақталған лебіз болса — дәл қазір қысылмай айтыңдар.

Бұл бақытқа жеткендер бар, жетпей кеткен талайлар,
Отыр, бәлкім, арада расында Абайлар.
Жарқ-жұрқ етіп өте шыққан жасындар —
Бейімбеттер, Ілиястар, Сәкен, Мұхтар, Қасым бар!
Отыр, бәлкім, сөз зергері Ғабеңдер де,
Отыр, бәлкім, кең жүректі Сәбендер де.
Ана тілін сүйіп өскен ұрпақтың,
Хақысы жоқ ешқашан төмендеуге —
Жүрегінде ізгілік оты жанғанда.

Мектеп бітіруші түлектер атынан құттықтау, соңғы сөз кезегі 11 «А» сынып түлегі Сарбаева Гүлнұрға беріледі.

(Сөз түлектерде.)

Жүргізуші: Талай-талай жылдар өте табысты, қабырғаңнан жас түлектер бүгін ұшты. 10-мектептің қырандары, көтеріңдер биікке намысты!

(Түлектердің музыкалық сәлемі.)

Ән: «Ұстазым»

Гүлдер тапсырылады.

Ата-аналардың құттықтауы

Жүргізуші: Қандай ғажап, қарашы айналаңа — бақыттан басың, сірә, айнала ма?! Ұл-қызы азамат боп есейеді деп, құрметпен сөз берейік ата-анаға!

Барша ата-аналар қауымы атынан құттықтау сөз кезегі:

  • 11 «А» сыныбын бітіруші түлек Құлманова Гүлімнің ата-анасы — Несібелді Ибатаевнаға
  • 11 «Б» сыныбының бітіруші түлегі Аппазова Аэлитаның ата-анасы — Қамбар Тасқымбаевич

Жүргізуші: Мойытпасын қиындықтар сендерді, батылдықпен асыңдар сан белдерді. Біліміңмен қуантсаңдар мектепті, жақсы іспен қуантыңдар елді енді.

Соңғы қоңырау және қоштасу

Жүргізуші: Құрметті түлектер! Сіздердің жарқын өмірге қадам басқандарыңызға біз де қуаныштымыз. Алда басталар өмір жолы ешкімді адастырмасын. Егер сендер жердегі жұлдыз болсаңдар, аспандағы жұлдыздарың серік болып, алысқа жетелесін!

Көгершіндей самғаңдар, түлектерім,
Орындалсын өмірде тілектерің.
Үнімен соңғы естіген қоңыраудың,
Дірілдеді-ау ерекше жүректерің.

Соңғы қоңырау

Соңғы қоңырау үнін шығару үшін екі жақтан екі оқушы шығады: ұл бала және қыз бала.

Өмір жолдарыңызда бақыт шашуы мол болып, қадамдарыңызға ақ жол тілейміз!

Жүргізуші: Сонымен қоштасу сәті де таяп қалды. Бүгіннен бастап «Өмір» атты ғаламшардың ең жарық жұлдыздары болуларыңа шын жүректен тілектеспіз.

Ендеше, түлектерімізге ақ жол тілеп, мерекелік отшашуды тамашалау үшін мектеп ауласына шақырамыз.

(Мектеп ауласында отшашу — фейерверк.)