Үлкен мереке
Білімнің бастауы – балабақшада (ертеңгілік сценарий)
Бұл ертеңгілік 1 қыркүйек – Білім күні мерекесінің маңызын түсіндіруге, сезіндіруге және 30 тамыз – Ата Заң күнін атап өтуге арналған. Мақсат – балаларды сахна мәдениетіне баулу, көтеріңкі көңіл күй қалыптастыру және ортақ мерекелік бірлікті сезіндіру.
Мақсаты
- Білім күнінің маңызын ұғындыру
- Ата Заң күнін дәріптеу
- Сахна мәдениеті мен ұйымшылдықты қалыптастыру
Атрибуттар
- Түрлі-түсті шарлар
- Көңілді әуендер, би қойылымдары
- Күлдіргіштердің ойын элементтері
Нәтиже
Балалар білімнің құндылығын түсінеді, мемлекеттік рәміздер мен Ата Заңға құрметі артады, мерекелік ортада өзін еркін ұстап, сахнада мәдениетті әрекет етеді.
Кіріспе көрініс
Басталуы
Барлық балалар «Балдәурен» әнінің әуенімен түрлі-түсті шарлар ұстап, көңілді би билейді. Би аяқталған соң шарларды ұшырып жібереді. Ортада жүргізуші және 5–6 бала қалады.
1-бала: Қандай керемет! Бүгін көңіл күйім шарықтап тұр!
2-бала: Себебі бүгін мереке ғой!
3-бала: Иә, иә! Бүгін – 1 қыркүйек, Білім күні!
4-бала: Бәсе, бүгін оң көзім қайта-қайта тартқан еді…
5-бала: Осылай әңгімелесіп тұра береміз бе? Балаларды шақырып, мерекені бірге тойламаймыз ба?
1-бала: Кеттік онда!
Ескерту: Ортаға тақпақ айтатын балалар кезекпен ауысып шығады.
Тақпақтар бөлімі
Жаңа оқу жылы
6-бала: Өмірдің бейбіт бағы бұл,
Асудан асып асқарлы.
Мінекей, биыл тағы бір
Жаңа оқу жылы басталды.
7-бала: Балабақша есігін
Үшке тола ашқанбыз.
Балапандай мәпелеп,
Өсіруде бақшамыз.
8-бала: Бұл – екінші үйіміз,
Бір туғанбыз бәріміз.
Біз – осы үйдің гүліміз,
Біз – осы үйдің сәніміз.
Ел мен болашақ
9-бала: Егемен елдің төсінде,
Шуағын шашқан арай күн.
Азамат болып өсеміз,
Қызыға әлем қарайтын.
10-бала: Биіктерге бастайтын асқаралы,
Әр жүректің сүйікті, асқақ әні.
Мерекеде бәріміз бір дауыспен
Шырқайық еліміздің әнұранын!
Орындау: ҚР Мемлекеттік Әнұраны
Құттықтау және жалғасы
11-бала: Бүкіл елде басталып бүгін жыры,
Бақ қоңырау шақырар ұғымдыны.
Білім-ғылым бастауы, мерекелі,
Құтты болсын бүгінгі Білім күні!
12-бала: Шайдай ашық бейбіт күннің аспаны,
Ауламыздың келісіп тұр бар сәні.
1 қыркүйек – салтанатты мерекемен
Құттықтайды меңгеруші баршаны!
Сөз кезегі: Сүйікті жетекшімізге (аты-жөні) құттықтау сөз ұсынылады.
Ән және күлдіргіштер көрінісі
Ән: «Сүйкімді баламыз»
13-бала: Мерекемізді апайларға арнап әсем әнмен жалғайық.
Ән: «Сүйкімді баламыз» (муз. Б. Жұмабекова)
Күлдіргіштер (көңілді музыкамен)
Екі күлдіргіш ойынға кіріп келеді (су ататын пистолет немесе ұсақ түрлі-түсті доптармен ойнау элементі).
1-күлдіргіш: О! Мұнда балалар көп екен! Жақсы болды!
2-күлдіргіш: Келіңдер, балалар, қызық ойын ойнайық!
1-күлдіргіш: Неге сонша сәнденіп киініп алғансыңдар?
13-бала: Бүгін – Білім күні ғой! Үлкен мереке!
14-бала: Біз енді ойынды азайтып, көбірек оқитын боламыз.
2-күлдіргіш: Солай дейсіңдер ме?! Ал көп оқып, миды ашытудың керегі не?
Білім туралы тақпақтар
15-бала: Кемені басқарып,
Көк жүзіне самғатар.
Тауды бұзып, тас жарып,
Мұхиттарды жалғатар.
Сыры көп ғылымның,
Шешілмеген әлі де.
Тереңдігі білімнің
Керек екен бәріне!
16-бала: Білім – менің ертеңім,
Өсу үшін өркенім.
Жүзем оқу айдынында,
Жайып білім желкенін.
Қиындықтан өтуге,
Армандарға жетуге
Білім алам ерінбей,
Еліме қызмет етуге!
1-күлдіргіш: Керемет! Ендеше басқа күлдіргіш достарымызды шақырып, мереке құрметіне би билеп берейік. Шашуымыз болсын!
Би: «Күлдіргіштер биі»
«Бақыт құсы» көрінісі және қос мереке
Жеке ән
17-бала (Аида): Бүгінгідей мереке күні біз де Бақдәулет досымыз екеуміз барша қауымға әнімізді арнағымыз келеді. Қабыл алыңыздар!
Жеке ән: «Жас дәуірдің түлегіміз» (муз. И. Нүсіпбаев)
Бақыт құсы келеді
Әсем әуен ойналып, Бақыт құсы ұшып келеді.
Бақыт құсы: Сәлем, баршаңызға! Мен – Бақыт құсымын. Қариясы сыйлы, балалары бақытты Қазақстан дейтін байтақ елді мекен етемін. Мәңгілік ел халқының қос мерекеге арналған лебіздерін мына сиқырлы шарға жинап жүрмін. Лебіздерге толған сиқырлы шар еліміздің көгінде нұрлы шуағын шашып тұратын болады.
18-бала: Неліктен «қос мереке» дедіңіз? Бүгін Білім күнінен басқа тағы қандай мереке бар?
Бақыт құсы: 30 тамыз – Ата Заң күнін кеше ғана бүкіл ел тойлады. Ата Заң – елдегі бақыт пен бірліктің, бостандық пен теңдіктің кепілі. Бұл мереке туралы бұрын естімедіңдер ме?
19-бала: Әрине естідік! Ата Заң күніне де арнайы тақпақтар жаттадық. Тыңдап көріңіз.
Ата Заң туралы тақпақтар
20-бала: Ата заңым – тірегім,
Арман, үміт, тілегім.
Өрлеп, өскен бүгінгі –
Өз Отаным, ұлы елім!
21-бала: Ата заңым – бірлігім,
Берекелі іс, тірлігім.
Елдің ырыс, бақыты –
Бейбітшілік, нұрлы күн!
22-бала: Ата заңым – қуатым,
Сенім, мақсат, мұратым.
Мақтанышым, көк туым
Көкте шалқып тұратын!
Жеке ән: «Мақтаным – Қазақстаным»
Жеке ән: «Мақтаным – Қазақстаным» (муз. А. Еспенбетова)
Бақыт құсы: Өте тамаша! Риза болып тұрмын. Кеткім келмейді, бірақ бүкіл Қазақстанды аралап шығуға асығуым керек. Мына сиқырлы шарға мерекелік лебіздеріңді айтып жіберіңдерші.
- Қос мереке құтты болсын!
- Еліміз өркендей берсін!
- Білімділер көп болсын!
- Бейбітшілік күні жарқырай берсін!
- Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
- Мәңгілік ел болайық!
Бақыт құсы: Көп рақмет, балалар! Мереке мерекеге ұласа берсін! Сау болыңдар!
Балалар: Сау болыңыз!
Қорытынды бөлім
Би және кіші топты қарсы алу
23-бала: Біз – еліміздің жас өркеніміз,
Желді керген желкеніміз.
Желбіретер көкте туын –
Біз – еліміздің ертеңіміз!
Би: «Ерке балалар биі»
24-бала: Балабақшамыздағы нағыз ерке достарымыз апайларымен бірге келе жатыр, қарсы алайық!
(І сәбилер тобы балалары ортаға шығады.)
26-бала: Ерке достарымыздың тілін тапқан апайлардың мерекелік құттықтауларын тыңдайық.
Құттықтау сөз
Би: «Бөбектер биі»
Алғашқы қоңырау салтанаты
27-бала: Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу сәті де келіп жеткен сияқты.
28-бала: Ендеше, алғашқы қоңырау соғу құрметін кішкентай бөбектерімізге (ұл мен қыз) сеніп тапсырайық!
Салтанат: Алғашқы қоңырау соғу
29-бала: Шырылдаған, тыным алмай,
Қоңыраудың үні қандай!
Мақсатына жете ме адам,
Оқу оқып, білім алмай?!
Ғылымның көп тас қамалы,
Ғалымдық та асқаралы.
Бар білімнің нұр бастауы –
Балабақшадан басталады!
Жеке ән: «Күмбірле, қоңырау!» (муз. А. Еспенбетова)
Қорытынды сөз
30-бала: Мереке құтты болсын! Қоңырау үнімен жаңа оқу жылының алғашқы оқу іс-әрекетін бастау үшін тобымызға асығайық. Шаршамай-талмай білім теңізіне сүңгейік! Биіктерді бағындырудан жалықпайық!
Ескерту
Мәтінде кейбір орындарда аты-жөні көрсетілмеген (мысалы, меңгеруші, тәрбиеші, жүргізуші). Оларды өз мекемеңізге сәйкес нақтылап толтырыңыз.