Мәтіндегі автор

Әдістемелік ұсыныстар туралы

Бұл жинақ «Қазақ тілі» пәні бойынша (оқыту қазақ тілінде) 8-сынып білім алушыларына арналған жиынтық бағалауды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізуге көмекші құрал ретінде құрастырылды.

Материалдар негізгі мектептің (5–9-сыныптар) «Қазақ тілі» пәні бойынша оқу бағдарламасы мен оқу жоспарының (орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында) негізінде дайындалған.

Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары мұғалімге тоқсан ішінде жоспарланған оқу мақсаттарына білім алушылардың жету деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Жинақтың құрамында

  • бағалау критерийлері мен дескрипторлары бар тапсырмалар;
  • оқу жетістіктерінің ықтимал деңгейлері (рубрикалар);
  • дескрипторлар мен балдары көрсетілген ұсыныстық тапсырмалар.
  • ресми интернет-ресурстардан алынған қолжетімді материалдар (мәтін, фото, аудио/видео).

Ұсыныстар мұғалімдерге, мектеп әкімшілігіне, білім беру бөлімдерінің әдіскерлеріне, критериалды бағалау бойынша мектеп және өңірлік үйлестірушілерге, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларға арналған.

Мазмұны

1-тоқсан

  • Көне түркі жазбалары және қазақ жазуы. Орфография 4-бет
  • Адамзаттық құндылықтар және әлем мәдениеті. Фонетика 7-бет

2-тоқсан

  • Кәсіп пен еңбек. Болашақ мамандықтары. Лексика 10-бет
  • Ғарышты игеру жетістіктері. Синтаксис 13-бет

3-тоқсан

  • Биоалуантүрлілік. Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер. Синтаксис 16-бет
  • Қоршаған орта және энергия ресурстары; Жасөспірім және заң. Синтаксис 19-бет

4-тоқсан

  • Театр өнері мен мәдениеті. Синтаксис 23-бет
  • Қазақстандағы туризм және экотуризм. Пунктуация 26-бет

1-тоқсан тапсырмасы: Көне түркі жазбалары және қазақ жазуы (Орфография)

Негізгі ақпарат

Оқу мақсаттары
  • 8.1.1.1 Мәтіннен алынған дәйексөздерге, үзінділерге сүйене отырып, көтерілетін мәселені болжау
  • 8.1.3.1 Тыңдалған мәтіннің мазмұнын түсіну, ұсынылған ақпараттан астарлы ойды анықтау
Орындау уақыты
15–20 минут
Бағалау критерийлері
  • Үзінділер мен дәйексөздер негізінде көтерілетін мәселені болжайды.
  • Мәтіндегі ақпараттың астарлы ойын анықтайды.

Тапсырма (тыңдалым бойынша)

1-бөлік: үзінді

Келесі жылдан Қазақстанда көне руна жазуы күні мемлекеттік деңгейде атап өтіледі. Бұл туралы бүгін Астанада өткен түркі жазбалары мен мәдени күндерінің аясында Кимек мемлекетінің 1100 жылдығына арналған «Еуразия қыпшақтары: тарих, тіл және жазба ескерткіштері» халықаралық ғылыми конференциясында түркітанушы ғалым Алдан Смайыл мәлімдеді:

«Көне жазулардың тарихын мектеп оқушылары білмейді. Біз оны осы күнге дейін тереңдетіп оқыта алмай отырмыз. Сонда не істеуіміз керек?»

Сұрақтар

  • Мәтінде ары қарай не айтылуы мүмкін?
  • Қандай мәселе көтерілуі мүмкін?

2-бөлік: мәтін жалғасы

Осыны ойлай келе, өткен жылы Үкіметке тағы да хат жолдадық. Хаттың негізгі мақсаты – руна жазуы күнін арнайы өткізу. Ғылыми тұрғыда болсын, салтанатты түрде болсын, әйтеуір, оны жүйелі түрде ұйымдастыру қажет, – деді ол.

Ғалым славян елдерінің тәжірибесін мысалға келтіріп, славян жазуы күнінің халықаралық деңгейде он жылдан аса уақыт бойы өткізіліп келе жатқанын атап өтті. Ондай іс-шаралар славян мәдениетінің маңызын көрсетуге бағытталады және әлемнің әр түкпірінен мамандар шақырылады.

Ал көне түркі руна/сына жазуы туралы кең көлемде айтылмайтыны ғалымды қынжылтады. Оның пікірінше, бізде одан да ертерек пайда болған көне жазу бар, тіпті кей зерттеушілер руна жазуының басқа әліпбилерге ықпалы болғанын да алға тартады.

Өзіңізді тексеріңіз

  • Шын мәнінде, мәтінде қандай мәселе көтерілді?
  • Ғалым не үшін қынжылады?
  • Ол қандай ұсыныс білдірді?

3-бөлік: шешімге бағытталған ұсыныстар

Осыған байланысты ғалымдар жуырда тағы да республика Премьер-министріне сауал жолдаған. Олар сына жазуының, жалпы түркі жазбаларының тарихын мектепте және жоғары оқу орындарында жеткілікті деңгейде оқытудың қажеттігін атап өткен. Ол үшін арнайы ғылыми-әдістемелік бағдарлама әзірлеу керек.

Екіншіден, Қазақстанда жыл сайын сына жазуы күнін атап өту ұсынылады. Мұндай іс-шараны тек Қазақстанда ғана емес, түркі тілдес елдермен бірлесіп, түркі әлемі аясында өткізу идеясы да айтылған. Ғалым ұсыныстың мақұлданғаны туралы жауап алынғанын жеткізеді.

Ойлануға арналған сұрақ

«Мақұлданған жауап алдық» деген сөз нені аңғартады? Сіздіңше, мәселенің ықтимал шешімі қандай?

Ата-аналарға арналған рубрика (нәтиже деңгейлері)

Төмен

  • Көтерілетін мәселені болжауда қиналады.
  • Сұрақтарға жауап беру мен астарлы ойды анықтауда қиналады.

Орта

  • Көтерілетін мәселені болжауда қателесуі мүмкін.
  • Жауапты болжамымен салыстыруда және астарлы ойды анықтауда кей қателіктер жібереді.

Жоғары

  • Үзінділер мен дәйексөздерге сүйеніп, мәселені дәл болжайды.
  • Сұрақтарға толық жауап беріп, жауапты болжамымен салыстырады және астарлы ойды анықтайды.

1-тоқсан тапсырмасы: Адамзаттық құндылықтар және әлем мәдениеті (Фонетика)

Оқу мақсаттары және бағалау

Оқу мақсаттары

  • 8.2.4.1 Тақырыбы ұқсас ғылыми және публицистикалық стильдегі мәтіндердің тақырыбын, түрлерін, құрылымын салыстыра талдау
  • 8.3.1.1 Тақырып бойынша материал жинақтап, тезистік жоспар құру

Орындау уақыты

15–20 минут

Бағалау критерийлері

  • Мәтіндердің тақырыбын, түрін (әңгімелеу, сипаттау, талқылау), құрылымын салыстыра талдайды.
  • Берілген тақырып негізінде тезистік жоспар құрады.

1-мәтін

«Құндылық» термині болмыстың белгілі құбылыстарының адами, әлеуметтік және мәдени мән-мағынасын білдіру үшін қолданылады. Адам өмірінің өзегі – құндылықтар, ал басқа мақсаттар оған жеткізетін баспалдақтар ғана. Осы қағидаға сүйенсек, қоғамның жаңару кезеңіндегі жаңаша көзқарастардың бірі – құндылық бағдар.

Қазіргі заманда ғылым мен білім, ақпараттық технология мен техника қаншалықты дамыған сайын, адамның бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттердің әлсіреуін күнделікті өмірден байқаймыз. Тастанды бала, қарттар үйі, қатыгездік, табиғатты ластау, жемқорлық, алдап соғу, қылмыс сияқты келеңсіз құбылыстар жиілеп отыр.

Адам азғындауына не себеп? Заман кінәлі ме? «Заманына қарай адамы» деген ұстаным жиі айтылады. Бірақ заманды құрайтын да – адам. Демек, бәрі қайтадан адамның өзіне тіреледі. Сондықтан әлемді сақтап қалудың бірден-бір жолы – рухани-адамгершілік білім. «Өзін-өзі тану» жобасының авторы С. А. Назарбаева «Өмір әдебі» кітабында жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту арқылы рухани қайнарға жол табуға болатынын атап өтеді.

2-мәтін

Әдетте «құндылық» деген сөзді естігенде ойыңызға не келеді? Құнды зат, құнды ақпарат, басқа адамның құнды қасиеттері. Әр нәрсенің құндылығын түсінгенімізбен, өз құндылықтарымызға үнемі назар аудара бермейміз.

Ойланып көріңізші: сіздің қандай құндылықтарыңыз бар? Өзіңізді ақылды, инабатты, тәрбиелі, парасатты, адамгершілігі мол адаммын деп санауыңыз мүмкін. Мұның бәрі – құнды қасиеттер. Сондай-ақ ата-анаңызды, туыстарыңызды, достарыңызды, туған жеріңізді, еліңізді, ұлтыңызды шексіз сүюіңіз де құндылыққа жатады.

Үйіңіз, материалдық жағдайыңыз, жұмысыңыз, хоббиіңіз, шығармашылығыңыз, сыртқы келбетіңіз де құндылық ретінде бағалануы мүмкін. Сонымен бірге кей құндылықтар мақсат-мұрат ретінде көрінеді: отбасын құру, ата-ана болу, өмірде өз орныңды табу, сыйлы адам болу, тұлға ретінде мойындалу.

Тапсырмалар

1) Екі мәтінді салыстырыңыз

  • Мәтіндердің стилі қандай? Себебі неде?
  • Мәтіндердің тақырыбы қандай?
  • Мәтіндердің түрі қандай (әңгімелеу, сипаттау, талқылау)? Неліктен?
  • Мәтіндердің құрылымы қандай? Неге?

2) Тезистік жоспар құрыңыз

Сіз тәрбие сағатында «Адамзаттық құндылықтар және әлем мәдениеті» тақырыбында баяндама оқисыз. Баяндамаңыздың тезистік жоспарын жасаңыз.

Жоспарға орын

Ата-аналарға арналған рубрика (нәтиже деңгейлері)

Төмен

  • Мәтіндердің стилін, тақырыбын, түрін және құрылымын салыстыруда қиналады.
  • Тезистік жоспар құруда қиналады.

Орта

  • Салыстыруда қателіктер жібереді.
  • Тезистік жоспар құруда талаптан ауытқуы мүмкін.

Жоғары

  • Мәтіндердің стилін, тақырыбын, түрін және құрылымын дұрыс салыстырып, талдайды.
  • Тезистік жоспарды талапқа сай құрады.

2-тоқсан тапсырмасы: Кәсіп пен еңбек. Болашақ мамандықтары (Лексика)

Оқу мақсаттары және бағалау

Оқу мақсаттары

  • 8.1.5.1 Перифраз түрінде берілген сұрақтар арқылы мәтіннен қажетті ақпаратты табу, көтерілген мәселе бойынша ой тұжырымдау
  • 8.1.4.1 Мәтіндегі көтерілген мәселені талдай отырып, негізгі ойды анықтау

Орындау уақыты

15–20 минут

Бағалау критерийлері

  • Перифраз түріндегі сұрақтарға жауап беру үшін мәтіннен қажетті ақпаратты табады.
  • Көтерілген мәселені анықтап, ой тұжырымдайды.
  • Мәтіндегі негізгі ойды анықтайды.

Тапсырма (тыңдалым бойынша мәтін)

Қазақстанда мектеп түлектеріне мамандық таңдауда бағыт-бағдар беретін жүйелі нұсқаулық жоқ. Сол себепті жастар бүгін қандай мамандық сұранысқа ие екенін, қайсысы қажетсіз болып қалғанын немесе жаңа мамандықтардың қалай пайда болып жатқанын көбіне білмейді.

Бұл мәселені шешу үшін алдағы бес жылда сұранысқа ие болатын 100 жаңа мамандық туралы энциклопедия жарық көрмек.

Салтанат бір жылдан бері мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр. Ол жоғары оқу орнын биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Өзі мамандығын жақсы көргенімен, оның болашақтағы сұранысын алдын ала ескермегенін айтады. Түйіндемесін бірнеше жерге апарса да, мектептерде орын толық, сағат жоқ деген жауап алады. Сондықтан басқа саладан жұмыс іздеуді ойластырып жүр.

Қазақстанда ЖОО таңдау мүмкіндігі көп болғанымен, көптеген түлек «тегін оқу» мүмкіндігіне бола өз қалауындағы мамандықты таңдамайды. Қалаған кәсібін меңгермеген соң, дипломы болса да, жұмыс істеуге ынтасы төмендейді.

«Ұрпақ тағдыры – білім қозғалысы» жетекшісі Ерсайынның пікірінше, мектеп бітірушілердің 20–30% ғана мамандықты дұрыс таңдайды. Тағы бір күрделі жайт: диплом алғандардың 90% өз мамандығына сай жұмыс таба алмайды. Ол мұның басты себептерінің бірі – кәсіби бағдарлаудың мектепте жүйелі қарастырылмауы деп есептейді.

1) Сұрақтарға жауап беріңіз

  • Неліктен түлектер қажетті кәсіп түрлерінен хабарсыз?
  • Бұл проблема қалай шешілмек?
  • Салтанат не себепті жұмыссыз жүр?
  • Неге ЖОО бітірген жастардың бір бөлігінің жұмысқа ынтасы төмен?

2) Ой тұжырымыңызды жазыңыз

Ерсайынның пікірінше, жастардың өз мамандығы бойынша еңбек етпеуінің негізгі себебі неде? Өз көзқарасыңызды дәлелмен негіздеңіз.

3) Кестелік қорытынды

Мәтінде көтерілген мәселелер

Мәтіннің негізгі ойы

Ата-аналарға арналған рубрика (нәтиже деңгейлері)

Төмен

  • Қажетті ақпаратты мәтіннен табуда қиналады.
  • Мәселе бойынша ой білдіруде қиындық көреді.
  • Негізгі ойды анықтауда қиналады.

Орта

  • Ақпаратты анықтауда және сұрақтарға жауап беруде қателесуі мүмкін.
  • Негізгі ойды тұжырымдауда дәлдігі жеткіліксіз болуы ықтимал.

Жоғары

  • Қажетті, негізгі және қосымша ақпаратты дәл табады.
  • Көтерілген мәселе бойынша жүйелі ой тұжырымдайды.
  • Мәтіннің негізгі ойын нақты анықтайды.

2-тоқсан тапсырмасы: Ғарышты игеру жетістіктері (Синтаксис)

Мәтін: «Ғарышты игерген ел»

Ғарыш – алаштың да аяулы арманы еді. Өйткені ғарыш көгінде самғау, шексіздік әлемімен қауышу – дүниежүзі елдерінің әрқайсысының асыл арманы. Солардың қатарында ежелден өр халық болған қазақ та ғарышқа құлшына қол созды.

Ел тәуелсіздігі қарсаңында бұл арман орындалды: 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышқа ұшты. Ғарышқа ұшу – жеңіл іс емес. Тұңғыш ғарышкер Арал теңізі аумағын сегіз күн бойы ғарыштан суретке түсірді. Сол кезеңде ғарыштық суреттердің құны да жоғары болды.

Қазақ ғалымдарының тәжірибелерін Талғат Мұсабаев ұзақ мерзімді үш сапарында (1994, 1998, 2001) жүзеге асырды. Ол бидай дәнінің клеткасына туыстас дақылдың ДНК-сын енгізіп, генетикалық трансплантация жасады. Салмақсыздық жағдайында жүргізілген бұл тәжірибе зерттеулер үшін маңызды нәтиже берді.

Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш тарихындағы жаңа кезең 2006 жылдың 18 маусымында басталды: Байқоңырдан тұңғыш қазақстандық KazSat жер серігі ұшырылды. Кейін ол телехабар тарату мен интернет-коммуникация бағытында жұмыс істей бастады.

Ғарыш саласындағы маңызды тұлғалардың бірі ретінде Талғат Мұсабаевтың еңбегі, ғарыш туризмі дәуірінің басталуына қатысты оқиғалар және ашық ғарыштағы уақытының рекордтық көрсеткіштері аталады. Күні кеше ғарышта болып қайтқан Айдын Айымбетов те бүгінде ұлттық ғарыш саласында қызмет атқарып, Қазақстан-Ғарыш жобасының заңды жалғастырушысы ретінде бағаланады.

1) Кестені толтырыңыз

  • Мәтіннің жанры қандай?
  • Мәтін қалай рәсімделген?
  • Мәтіннің құрылымы қандай?
  • Қандай жанрлық ерекшеліктер байқалады?

2) Жинақы мәтін жазыңыз

Оқылым материалдарының мазмұн желісін сақтап, әр бөлігінен алынған ақпараттарға сүйеніп, жинақы мәтін (аннотация/тезис) құрастырыңыз. Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен түрлерін, есімді және етістікті сөз тіркестерін қолданыңыз.