Атырау облысы, Атырау қаласы
Әжем — мейірімнің мектебі
Оқушы: Ермекова Тоғжан • Мұғалімі: Бисенғали Гүлжамал Дәуленқызы
Менің әжем бар. Ол — өте мейірімді жан. Кішкентай күнімнен бері әжемнің бауырында өсіп келемін. Әжем мені адалдыққа, білімге құштар болуға үйретті.
Әжем қазақ ауыз әдебиетінен көптеген ертегі мен аңызды біледі. Сол білгендерін күнде ұйықтар алдында маған айтып береді. Бұл әңгімелер менің қиялымды кеңейтіп, жақсы мен жаманды ажыратуға көмектеседі.
Әжемнің күнделікті қамқорлығы
- Күн сайын сабағымды тексеріп, түсінбеген жерімді түсіндіреді.
- Жақсы баға алсам, қатты қуанып, мені «құлыншағым», «ботақаным» деп еркелетеді.
- Тәрбиеме ерекше мән беріп, ибалы әрі иманды қыз болып өсуімді қалайды.
Мен әжемнің әрқашан аман болып, менің жақсылығымды көріп, қуанышыма тоймай, ұзақ өмір сүре беруін тілеймін.
Әже — әулеттің ұйытқысы
Оқушы: Жақсылық Зухра • Сынып жетекшісі: Тлепеева Светлана Кошеновна
«Әже» — баланың әкесінің шешесі деген туыстық атау. Қазақ отбасында әженің орны ерекше әрі қадірлі. Әже тек отбасының ғана емес, бүтін әулеттің ұйытқысы болып саналады.
Қазақ отбасындағы әженің рөлі
Ол ағайын-абысынның бірлігі мен татулығын сақтайтын сыйлы ана, кейінгі жастарға тәрбие беретін ақылгөй. Қазақ қоғамында жас отаудың тұңғыш баласын әжесіне беру дәстүрі де бар.
Мен де әжемнің тәрбиесінде өсіп келемін. Әжемді өте жақсы көремін. Себебі ол мені қыдыртып, тәттілер алып беріп, әрдайым көңілімді көтереді.
Айналайын әжешім,
Ақылы асқан данасың.
Немере үшін не керек —
Бәрін тауып бересің.