Сабақтың жүру барысы

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Мұғалім
Нуржанова Гульден
Ақшұқыр мектеп-лицейі
Тақырып
Қанағат — асыл қасиет
Сабақтың түрі
Қорытындылау, білімді жүйелеу
Сабақтың әдістері
Сыни тұрғыдан ойлау, пікір айту, сұрақ-жауап

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушылардың танымдық қабілетін жетілдіре отырып, кейіпкерлерге сын көзбен қарауға үйрету.

Тәрбиелік

Оқушы бойына адамгершілік, қарапайымдылық, қанағатшылдық сияқты құндылықтарды дарыту.

Дамытушылық

Өз ойын мақал-мәтелдер жүйелілігін пайдаланып дәлелдеу, ізденушілік белсенділігін арттыру, өз пікірін қорғауға дағдыландыру және өздігінен қорытынды шығаруға машықтандыру; әдеби-теориялық ұғымдарды тереңдету.

Көрнекілік (эпиграф)

«Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл».
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Сабақтың құрылымы

  1. I. Ұйымдастыру кезеңі
  2. II. Топқа бөлу (фигура таңдау арқылы)
  3. III. Топ атауына талдау
  4. IV. Тәрбие сағатымен таныстыру
  5. V. Нақыл сөздер
  6. VI. Сұрақ-жауап
  7. VII. Бейнеролик
  8. VIII. Ой қозғау
  9. IX. Қанағаттану сәті
  10. X. Қорытындылау

Сабақтың өту барысы

I. Ұйымдастыру

Мұғалім оқушылар мен қонақтарды қарсы алып, «Қанағат — асыл қасиет» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатының мақсат-міндеттері мен жоспарын таныстырады.

II. Топқа бөлу (фигура таңдау)

Дөңгелек белгісі бар оқушылар — «Төзімді» тобы.

Шаршы белгісі бар оқушылар — «Сабырлы» тобы.

Кеспе қағаздың ішінде ерекшеленген смайлик алған оқушылар — бақылаушылар. Олар сабақ барысында топтардың төзімділік пен сабырлылық танытуын қадағалайды.

III. Топ атауына талдау

Мұғалім топ атауларына байланысты талқылау сұрақтарын ұсынады:

  • Төзімділік дегеніміз не?
  • Сабырлылық дегеніміз не?
  • Бұл қасиеттер қандай адамнан байқалады?
  • «Сабыр түбі — сары алтын» дегенді қалай түсінесіз?

Әр топқа арнайы бау беріліп, оқушылар бір-біріне жақсы қасиеттерін айтып, бауды мойындарына байлайды (ынтымақтастық пен қолдауды күшейту үшін).

IV. Пікірлесу: «Қанағат» ұғымы

Талқылау сұрақтары:

  • Қанағат дегеніміз не?
  • Қанағатшылдық адамды үнемі жақсылыққа жетелей ме?
  • Қанағатсыздық адамды қандай жағдайларға итермелейді?
«Қанағат — қарын тойдырар, қанағатсыздық жалғыз атын сойдырар».
Эпиграф мағынасын ашу арқылы оқушылар барға разы болу мен тойымсыздықтың салдарын салыстырады.

Оқушы пікірі (1)

Адам бойында жақсы да, жаман да қасиеттер болады. Қанағат — сол жақсы қасиеттердің бірі. Қолдағы барға қанағат ету керек. Тойымсыздық жақсылыққа апармайды; адамның қалауында шек болуы тиіс.

Оқушы пікірі (2)

Әр адамның мінезі әртүрлі: бірі жомарт, бірі сараң; бірі қанағатшыл, бірі қанағатсыз болуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі сабақ қанағат тақырыбын тереңірек түсінуге бағытталған.

V. Нақыл сөздер

«Не пайда күш жоқ болса, нарлығыңнан,
Пайда жоқ, кең болмасаң, тарлығыңнан.
Көрінбеген нәрсені аламын деп,
Айырылма қолыңдағы барлығыңнан».
Мәшһүр Жүсіп Көпеев

Аристотель

«Қанағаты бар адамға бақыт бұйырады».

Халық даналығы

«Барға — қанағат, жоққа — сабыр!»

Халық даналығы

«Жоқты бар десең — құт болар, барды жоқ десең — жұт болар».

VI. Сұрақ-жауап: «10 әдеттен қашық бол»

Фьоре Нейлдің «Жаңа өмірді бастаудың жеңіл жолы» кітабынан алынған үзінді негізінде оқушылар өз әдеттері мен таңдауларын саралайды.

  1. Өзіңнің өзіңді бағалауыңды төмендететін адамдармен араласудан қашық бол.

  2. Ағыспен жүзіп, ең жеңіл жолды таңдаудан қашық бол.

  3. Өз пікірің мен сезіміңді іште сақтап қалудан қашық бол.

  4. Барлығына бірдей жағуға тырысудан қашық бол.

  5. Жақындарыңды және ата-анаңды ұмытудан қашық бол.

  6. «Қолымнан келмейді» деп айтып, өзіңді сәтсіздікке байлап қоюдан қашық бол.

  7. Кек сақтаудан қашық бол.

  8. Жауапкершілікті өзгелерге артып қоюдан қашық бол.

  9. Орындай алмайтын уәде беруден қашық бол.

  10. Көре алмаушылықтан қашық бол.

VII–VIII. Бейнеролик және ой қозғау

Талқылау сұрақтары

  • Бейнероликтен қандай ой түйдіңіздер?
  • Бала жалқау ма? Неліктен?
  • Оны осындай күйге түсірген қандай себептер болуы мүмкін?
  • Сен оның орнында болсаң не істер едің?

«Төзімді» тобының ойы

  • Бала төзімділік танытуы керек еді.
  • Жалқаулық барға қанағат етуге кедергі келтіруі мүмкін.
  • Еңбекқорлық мақсатқа жеткізеді.

«Сабырлы» тобының ойы

  • Сабыр сақтап, айналасындағы балалармен тіл табысуға тырысар едім.
  • Сабырсыздық жағдайды ушықтыруы мүмкін.

IX. «Қанағаттану сәті» (тәжірибелік тапсырма)

Мұғалім оралған шоколадты сыйлық ретінде ұсынып, шарт қояды: кім сыйлықты төзімділік танытып, сабыр сақтап ашса, сол топ сыйлыққа ие болады.

Сыйлық ашылғаннан кейін оқушылар оны қанағат етіп, бөлісуге шақырылады. Бақылаушылар екі топтың сабырлылық пен төзімділік деңгейін белгілеп отырады.

X. Қорытынды

Қанағатшыл адамның белгілері

  • кішіпейіл
  • қарапайым
  • шүкіршілік ете біледі
  • мейірімді
  • парасатты
  • инабатты
  • адамгершілігі мол

Негізгі ой

Қанағат — адамның барға риза болып, нысаптан шықпай, нәпсіге ермей өмір сүруінен көрінетін қасиет. Қанағатшыл адам кішіпейіл әрі қарапайым болып, қолындағы игілігіне разы болып, шүкіршілік етеді.

Қанағатшылдық ашкөздікке жол бермейді, біреудің байлығына немесе дүниесіне сұғанақтық жасатпайды. Сондықтан халық: «Адамды қанағат аздырмайды», — дейді.

Қанағат ету — жетіспеушілікке амалсыз көне салу емес; ол ақылға сүйеніп, өзін-өзі тежей білу, құнығудан саналы түрде бас тарту.

Сабақ соңында бақылаушылардың бағалауы тыңдалып, топтар өз постерлерін қорғайды. Осылайша «Қанағат — асыл қасиет» тақырыбындағы ашық тәрбие сағаты қорытындыланады.