Кітаптың бетін шимайлама

Сабақтың мазмұны

Тақырыбы

Біз кітапханаға барамыз

Мақсаты

  • Білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру.
  • Кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіру.
  • Кітапқа деген қызығушылықты арттыру.
  • Оқулықтарды күтіп ұстауға үйрету.

Көрнекілігі

Кітап туралы жазылған плакаттар мен суреттер.

Кіріспе: кітап — білімнің қайнар көзі

Ұйымдастыру кезеңі мына өлең жолдарымен ашылады:

Кітап та алма ағашы —

Жемісін біздер теретін.

Тәтті алмаға балашы —

Кітабыңның әр беті.

— Мұзафар Әлімбаев

Ақын жырлағандай, әдеби кітаптар мен оқулықтар — білімнің көзі, рухани қазына. Біз кітап арқылы бастауыш мектептен-ақ бүкіл адамзат өмірімен танысамыз. Кітап білімімізді молайтады, өнеге мен тәрбие береді.

Халық даналығы: «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады».

Осы ойдың жалғасы ретінде 3-сынып оқушылары дайындаған «Кітапхана — парасаттылық мекені» атты тәрбие сағаты басталады.

Оқушылардың ойы: кітаптың құндылығы

Ақбота

Кітап — рухани азық. Ол адамның дүниетанымын кеңейтеді. Біз кітаппен күн сайын кездесеміз. Ертегі мен әңгімелер сыр шертетін кітаптар — ең жақын ақылшымыз.

Гүлім

Кітап шығару үшін көптеген адамдар еңбек етеді. Ендеше біз кітапты қалай ұстауымыз керек?

Мейірхан

Кітапты жыртпай, кірлетпей, бүлдірмей таза ұстау керек. Оқыған кезде мәнерлеп оқыған дұрыс.

Көркем бөлім: «Кітап» қонаққа келді

Мұғалім: Балалар, бүгін бізге қонаққа Кітап келіп отыр. Кітапты ортаға шақырайық.

Кітап: Балалар, мен — білімнің көзі, Кітаппын. Мені жасау үшін көп адам еңбек етті. Кітаптың қайдан шығатынын білесіңдер ме?

Балалар: Ағаштан.

Мұғалім: Иә, кітап шығару үшін көп еңбек сіңеді. Қонағымыз балалардың білімін тамашаласын.

Өлең жолдары: кітапқа апарар еңбек жолы

Айназ

Адамның досы — кітап, өмір кілті, Тең келмес оған барша жиған мүлкі. Ақылшы, жанға серік, жол бастаушы — Асыл ғой қазынасы, өмір көркі.

Нұрдәулет

Саған білім жемісін Оқулығың береді. Талай адам сол үшін Маңдай терін төгеді.

Ханшайым

Орманның аялы алақаны өсірген Сонау ағаш саялы Қағаз үшін кесілген.

Алмат

Ағаш кесіп қанша адам Ормандарда жүреді. Аға қанша шаршаған, Ағаш тиеп үнемі.

Нұрайна

Зауыттарда күн-түні Қағаз жасап бағады. Қанша адам сол үшін Маңдай терін төгеді.

Әділет

Оқулықты баршаға Талай ғалым қолға алып, Жылдар бойы қаншама Жазады ұзақ толғанып.

Бақдәулет

Әдемілеп берсем деп Бояу жағып не түрлі, Суретшілер көркемдеп Қаншама уақыт отырды.

Данагүл

Әріп теру үшін де Талай адам терледі. Баспахана ішінде Айлап тыным көрмеді.

Абулхаир

Оқулықты мектебің Берер саған теп-тегін. Білмейсің-ау сен бірақ Қаншама еңбек кеткенін.

Леонид

Оқулықты мектебің Күтіп ұста, кірлетпе. Кішілерге табыс ет, Дақ түсірмей бір бетке.

Көрініс: «Науқас кітап»

Оқушы: Сәлеметсіз бе, дәрігер?

Дәрігер: Сәлеметсіз бе!

Оқушы: Дәрігер, мен сізге кітабымды әкелдім. Ол қатты науқас.

Дәрігер: Жарайды, алдымен диагнозын анықтайық.

Оқушы: Мен үйде жоқта кішкентай балалар ұстап, осындай күйге жеткізіпті.

Дәрігер: Мұңайма, кітабыңды емдеп жазамыз. Кітабыңа су тиген, беттері жыртылған.

Кітабыңды түптеймін — жыртылмасын, Мұқабасын бүкпеймін — қырқылмасын. Таза болсын беттері — кірлемесін, Көрген адам: «Кітабың кір» демесін.

Дәрігер: Мен саған кеңестер жазып беремін, үнемі есіңде сақта.

Оқушы: Жарайды, дәрігер, кеңестеріңізді үнемі есте сақтаймын.

Дәрігер: Жарайды, сау болыңдар!

Оқушы: Көп рақмет! Сау болыңыз!

Кітапты күтіп ұстау ережелері

Мұғалім дәрігердің сөзін қорытындылап, кітаптың да «ауыратынын» еске салады. Мұндай зиянның алдын алу үшін мына ережелерді ұстану қажет:

  1. 1. Кітаптың бетін шимайлама.
  2. 2. Кітапты бүлдірмей, жыртпай, таза ұста.
  3. 3. Кітаптың беттерін бүктеме.
  4. 4. Кітаптың мұқабасын тыстап қой.
  5. 5. Кітапханадан алған кітапты уақытында қайтар.
  6. 6. Кітап бетіне сурет салма.

Нақыл сөздер: кітап туралы ойлар

Мұғалім балалардан кітап туралы ғұлама ақын-жазушылардың нақыл сөздерін сұрайды. Оқушылардың жауаптары:

Бақдәулет

«Кітап маған тақтан да қымбат».

Нұрайна

«Артық ғылым кітапта — ерінбей оқып көруге. Жақсы кітап ақылды адамның әңгімесімен бірдей».

Мейірхан

«Кітап — мұхит. Сол мұхиттан не терең… Мен біліммен ылғи дос боп өтер ем!»

«Мен бай болсам, тек қана кітап сатып алар ем».

Ақбота

«Кітап — әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі».

Алмат

«Кітап — асып-таспайтын асыл досымыз».

Мұғалім: Рақмет, балалар. Енді сендерге жұмбақ жасырайын.