Шиенің өзін ғана үзіп алса, ештеме емес қой
Трамвайдың соңғы аялдамасы
Трамвай қоңырауын шылдыр-шылдыр еткізіп, қала шетіндегі ең соңғы аялдамаға тақап қалды. Жұрт орындарынан тұрып, есікке қарай ығысты. Орта тұста отырған бүкірлеу, қаба сақал кішкентай шал да трамвайдың әбден тоқтауын күтпей-ақ, имек бас таяғына сүйеніп ілгері жүрді. Бір қолында азық-түлік салған сөмкесі бар еді.
Кенет трамвай жүрісін күрт баяулатқанда, шал алға ұмтылып, құлай жаздады. Оның арт жағында тақырбас кішкентай бала тұрған. Бала шап беріп, шалдың қолтығынан ұстай алды. Әйтпесе қауқарсыз қарт не құлап, не алдыңғы біреулерге соғылып кетері анық еді.
— Рақмет, балам!
Тақырбас бала шалды трамвайдың басқышынан да демеп, сүйеп түсірді.
Нөсерден кейінгі кеш
Бұл — көз байлана бастаған кешкі мезгіл еді. Әлгіндей долы нөсерден кейін жер беті шалшық суға толып, лайсаң батпаққа айналған. Бұлтты аспан әлі де сыз бүркіп, түнере салбырап тұр.
Трамвай қоңырауын тағы да шылдырлатып, келген ізіне қарай бұрыла жөнелді. Терезеден түсіп, жерді жарық етіп тұрған шаршы сәулелер онымен бірге жылжып барып, ақыры көзден жоғалды. Енді маңайды қараңғы түнек басты.
Шал шалшық судан именіп, қалай аяқ басарын бағдарлай алмай, тосылып тұрды.
Көмек қолы
— Ата, бері қарай жүріңіз, — деді тақырбас бала қайта келіп қолтықтап. — Сөмкеңізді маған беріңіз. Өзім алып жүрейін.
Бейтаныс баланың көргенділігі шалды сүйсіндірді.
Әңгіме үстіндегі тәрбие
— Балам, сен қай баласың?
— Мен сіздің үйдің жоғарғы жағындағы көшеде тұрамын. Сіздің Сашаңыз екеуіміз бірге, бір класта оқимыз, — деді бала.
— Жарайсың, балам. Азық-түлік алайын деп, базарға барып едім. Содан соң күн жауып, кешігіп қалдым. Айтшы, менің Сашам қалай оқиды?
— Жақсы оқиды.
— Класта тыныш отыра ма? Тәртіпсіз қылықтары жоқ па?
— Жоқ.
Көшедегі ұсақ ұрлық туралы сөз
— Міне, солай болу керек. Тәртіпті болып, жақсы оқу керек, — деп шал баланың қолтығында әңгіме соғып келеді. — Осы көшеде тәртіпсіз балалар да жоқ емес. Бөтен біреудің бауынан шие ұрлайды. Шиенің өзін ғана үзіп алса, бір сәрі. Кейде бұтағымен қоса сындырып әкетеді.
— Әнеукүні біреуін аңдып тұрып, ағашқа енді өрмелей бергенде ұстайын деп едім. Секіріп түсіп, ұстатпай кетті.
— Сен секілді ақылды балалар оларға: “Бұл — ұят. Ұрлық — жақсы адамның кәсібі емес”, — деп айтып, ұялтып, қызартуларың керек. Солай емес пе?
— Иә, — деп бала күмілжи жауап қатты.
Күтпеген кездесудің салмағы
Осы кезде бұлардың алдынан бір бала қараңдап шыға келді. Ол — шалдың немересі Саша еді. Атасын күтіп алмақ болып, трамвай аялдамасына қарай кетіп бара жатқан. Үшеуі шалдың үйіне дейін бірге жүріп келді.
— Ал, ата, қош болыңыз, — деп тақырбас бала қош айтысты.
— Рақмет, балам. Саған көп рақмет. Сен болмасаң, мына шалшықтардың талайын кешіп, әбігерге түсер едім. Жасың ұзақ болсын, шырағым.
Шындықтың ашылуы
Осы кезде Саша күліп: — Ата, сіз әнеукүні мұны құйрыққа оңдырмай ұрып жіберіпсіз ғой? — деді.
— Қашан?
— Әнеукүні, шие үзейін деп жатқанда.
Шалдың дауысы бәсеңдеп, үні бітіп қалғандай болды. Ол тақырбас балаға тесіліп қарап тұрды.
— Әй, сол сен бе едің?
— Иә, мен едім, атай. Сонда сіз мені оңдырмадыңыз.
Кешірім
Шал баланы құшақтап, бауырына қысты: — Кешір, айналайын. Мен сені ұрайын деп ұрған жоқпын ғой. Өзіңнен болды. Тұра қашпай-ақ қойсаңшы… Кешірім сұрасаң да, тимейтін едім ғой.
— Ата, сіз де кешіріңіз, — деді бала.
Жақсылықтың өлшемі
Үйге келген соң шал немересінен сұрады: — Анау баланың аты кім?
— Аты Мәулен.
— Сабақты қалай оқиды?
— Класымыздағы ең бірінші үздік оқушы, — деді Саша.
Ішкі түйін
— Қап, бекер ұрыппын. Бәсе, сондай үлгілі бала екені байқалып тұр еді ғой. Сотқар болса, сол таяқ жеген бойда менімен өштесіп кетер еді. Ал мынауың қарашы: қайта маған жақсылық жасап, балшыққа түсірмей, үйіме дейін жеткізіп салды.
Көргендінің аты — көргенді. “Жақсылыққа жақсылық — әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық — ер кісінің ісі” деп халық бекер айтпаған екен.