Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын

Тәрбие сағатының мақсаты

Білімді тереңдету

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету.

Тіл мен өнерді дамыту

Оқушылардың тілін, мәнерлеп өлең оқу дағдысын, ән айтуын, би билеуін, сөйлеу мәдениетін және сөздік қорын дамыту.

Тәрбиелік бағыт

Оқушыларды елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтеуге тәрбиелеу.

Кіріспе

Мұғалімнің құттықтау сөзі

Құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар! Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз — көнеден келе жатқан мереке. Наурыз — бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын!

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші: Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!

2-жүргізуші: Бүгін — ұлыстың ұлы күні.

1-жүргізуші: Ата-бабаларымыздың сөзімен айтсақ, ақ түйенің қарны жарылған күн!

2-жүргізуші: Күлімдеген көктемнің шуақты шақтарымен бірге жер бусанып, Арқаның қысы аттан түсетін кез.

1-жүргізуші: Наурыз — табиғаттың тамырына қан жүгіртіп, тіршілік атаулыны қайта оятып, жаңартатын мезет.

2-жүргізуші: Ендеше көктемнің шуағын ала келген Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі құтты болсын!

Ән

«Наурыз»

Наурыз сөзінің мәні

1-жүргізуші: Наурыз сөзі — көне парсы тілінен енген. Қазақша мағынасы — «Жаңа күн».

1-жүргізуші: Бұл — күн мен түн теңелетін мезгіл, яғни наурыз айының 22-жұлдызына сәйкес келеді.

2-жүргізуші: Ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүрлі Наурыз тойы бүгін де есігімізді айқара ашып отыр.

Би

«Ата толғау» (қыздар орындауында)

Мұғалімнің құттықтауы

Мереке құтты болсын! Ынтымақ пен береке артып, әр шаңыраққа жақсылық пен шаттық орнасын.

Дәстүр: «Самалық»

«Самалық» — Наурызда айтылатын дәстүрлі жыр-тілек. Ол жақсылықтың келгенін, жаңа жылдың кіргенін білдіріп, елге құт-береке тілейді.

Самалық жыры

Самалық, самалық,

Қан тауының көк құсы

Ұйқыдан көзін ашты ма?

Самалық, самалық,

Самарқанның көк тасы

Жібіді ме, көрдің бе?

Самалық, самалық,

Жаңа келген жақсылықты

Көрдік пе, көрмедік пе?

Самалық, самалық,

Ескі жыл шығып, жаңа жыл кірді.

Самалық, самалық,

Сүт көп, көмір аз,

Жаңа жыл жарылқа,

Ескі жыл есірке.

Ырым және ниет

Осы кезде «қабақ сынды — қайғы кетті» деген ырыммен үйдегі ескі ыдысты сындырып, жамандық ескі жылмен бірге кетсін деп ниет еткен.

Ескі жылды шығарып салу: Барыс жылы

1-жүргізуші: Құрметті халайық! Біздің өткен барыс жылына еш өкпеміз жоқ. Солай ма?

Көпшілік: Иә, өкпеміз жоқ.

2-жүргізуші: Ендеше «өткенге салауат, болашаққа — аманат» дегендей, Барыс жылын шығарып салайық.

Сахналық көрініс

1-жүргізуші: Оу, мына жұрттың өзіне дән ризамын, қадамың құтты болды. Саған рахмет, Барыс жылы! Ал, осы жұртыңа не айтар едің?

Барыс жылы: Мен де халқыма дән ризамын! Ел іргесі бүлінбей, бейбіт тыныштық сақталды. Лайым солай болғай. Орнымды басар Қоян жылына да тілерім сол: әрдайым бақыт пен бейбіт өмір болсын. Бөбектеріміздің жүзінен күлкі арылмасын. Аманшылықта жолығайық! Көріскенше күн жақсы, халайық!

Музыкалық нөмір

Барыс жылының құрметіне «Баласы ауырған ана» көрінісін тамашалаңыздар.

Ән

«Сенің анаң алтын»

Жаңа жылды қарсы алу: Қоян жылы

Қарсы алу сөздері

1-жүргізуші: Ал енді Жаңа жыл — Қоян жылын ортаға шақырайық! (Сахнаға жүгіріп Қоян шығады.)

2-жүргізуші: Қош келдің, жаңа Қоян жылы! Төрлет, Наурыз — елімнің бақ-береке, ырыс мейрамы!

1-жүргізуші: Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

2-жүргізуші: Ұлыс бақытты болсын, төрт түлік ақты болсын!

Ән

«Ағажан»

Би

Сыған қызының биі

Болжам: «Карта ашу» көрінісі

1-жүргізуші: Сұрайықшы, мына кісі карта аша ма екен? Не дейді карта?

Сыған қызы: (Картасын жайып) Жол ашық. Жайлы жыл болатын түрі бар. Еңбек еткен адамға жағатын жыл. Табыс мол болады.

Көрініс

«Аязды күндер» қойылымын тамашалаңыздар.

Тазарту рәсімі: Аластау

Ниет

1-жүргізуші: Құрметті дос-жарандар, қадірменді аға-апалар, қымбатты іні-қарындастар!

1-жүргізуші: Халқымыздың ғұрпы бойынша өткен күндердегі реніш пен сырқаттың бәрі ескі жылда, басқан ізде, жанған отта қалсын!

2-жүргізуші: Жаңа жылда көңілдегі көркем ой, асыл арман, ақ тілектеріміз қабыл болсын деген ниетпен әр үстелден бір адам ортаға шығып, мектеп басшысы бастап, мектепті аластаймыз.

Ұран-тілек

Алас, алас,

Әр бәледен қалас!

Ескі жыл кетті,

Жаңа жыл жетті.

Айдан аман,

Жылдан есен болайық!

Аластау барысында айтылатын сұрақ-жауап

— Жаңа күн, Наурызымыз келдің бе?

— Көктем боп Наурызымыз келдің бе?

— Бүрлеген қайыңды көрдің бе?

— Күлкісін сәбидің көрдің бе?

— Құс қанатын сабылтып келдің бе?

— Ел-жұртыңды сағындырып келдің бе?

Ән

«Айналайын»

Қорытынды

Осымен мерекелік концертіміз өз мәресіне жетті.