Менің анам

«Рахмет, анашым!»

Алғаш жаттағаным — тіс жарып, дүниені уысында ұстап тұрған күш алып, «Ана» деген үш әріп еді. Ана… Осы бір сөздің өзінде қаншама мән-мағына бар десеңізші.

Ана деген кім?

  • Қамқоршы — қорған, тірек.
  • Сүйеуші — мейірімнің бастауы.
  • Отбасының ұйытқысы — шаңырақтың шырағы.
  • Қоғам қызметкері — елге еңбегі сіңген жан.

Жүректегі ақиқат

Иә, дүниеде анаға теңесер жан болмас, сірә. Әр адамға өз анасы қымбат. Ақын тілімен айтсақ:

«Аналардың бәрі жақсы» дегенмен,
«Менің анам — ең жақсысы» дер ем мен.

Менің анам — менің тағдырымның тірегі

Біреулер үшін ол — қарапайым ғана ауыл әйелі. Ал мен үшін — орны бөлек жан. Мен әкемнен ана құрсағында жатып айырылдым. Сол себепті анамның әрбір мейірімі, әрбір демеуі мен үшін екі есе қымбат.

Есімімнің мәні

«Орнында бар оңалар» деген сөзді жанына медет еткен анам мені Орынбек деп атапты. Әкесінің орнын бассын, ошағының отын өшірмесін деген ізгі ниет болса керек.

Қашанда жақсылықты алдағы күннен күткен, барға шүкіршілік еткен анамның қажыр-қайратына қайран қалам. Ол ата-анасының жалғыз перзенті болғандықтан, нағашы атам мен нағашы әжемді де өз қолымен арулап, жер қойнына тапсырды. Жар қазасы, туған әке мен ананы мәңгілік сапарға аттандыру… Осынша қайғыны көтере жүріп, бір сәт налығанын көрмеппін.

Әлде бізді әлдилеп ұйықтатқан соң, ошақ басында көз жасын талай көлдетті ме екен? Сәби көңіл қайдан білсін… Аязды күндерде үпір-шүпір үш перзентін құшағына қысып, ыңылдап ән салып отыратын.

Өнер мен ұстаздықтың тоғысқан тұсы

Ән — жүректің серігі

Анам бала күннен әнді жанына серік еткен. Қаршадайынан ауыл сахнасының сәні болып, әсем үнін көпке танытты. Бүгінге дейін әнімен талайды тәнті етіп келеді. Кейде ойлаймын: егер өнер жолын таңдаса, республикаға танымал әнші болар ма еді?

Таңдалған жол — ұстаздық

Бірақ анам ұстаздықтың ұлы жолын таңдады. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге алғаш қалам ұстатып, олардың жетістігіне бірге марқайып, талай толқынды үлкен өмір сапарына аттандырды.

Ел анасы болу

Еңбек пен оқу демалысында амандаса келген шәкірттерін «жаным», «құлдығым», «құлыным-ау» деп айналып-толғанып қарсы алатын анамды кейде қызғанып та қаламын. Бірақ ол тек менің анам ғана емес — көпке мейірімі жеткен, ел анасы болған жан. Мұны мақтаныш етемін.

Шүкірлік, тәрбие және жауапкершілік

Үш перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізу анама оңай тимегенін сәби жүрегіммен сеземін. Екі апам студент болған кезде, еңбекақысын алған күні ақша аударып, көңілдерін демеп отыратын. Мені де ұмытпай, тәттісін әкеліп, күрең шайды рахаттана баптайтын.

Ана сөзі

«Келесі жалақыдан саған…» — деп қояды кейде, сосын: «Құдайға тәубе, екі апаң да грантта, жатақханада. Әйтпесе қайтер едік…» — дейді.

Қанағат

«Қанағат қарын тойғызар» деген сөздің мәнін мен анамның мінезінен үйрендім. Барды бағалау — берекенің басы.

Ер мінезді тәрбие

«Үйкүшік болып бара жатқан жоқсың ба? Туғандарыңа барып кел, ағаларыңның ақылын тыңда», — деп көрші ауылға, қалаға аттандырып отырады. Әкем бере алмаған өнегені өмірден алсын дегені екенін түсінемін.

Өнер жолымдағы ең үлкен демеу

Анашым, өмірімдегі әрбір жетістігім үшін сізге шексіз ризамын. Қанша қиын болса да, менің өнердегі жолыма бөгет болмадыңыз. Домбырашылардың байқау-сайыстарына қатысуыма да демеуші болып келесіз.

Сапарларым

Сіздің арқаңызда Алматы, Астана, Көкшетау, Түркістан төрінде күй тарту құрметіне ие болдым.

Ойға жетелеген ән

Қазір Сәкен Майғазиевтің анаға арналған бейнебаянын көріп, әнін тыңдап отырмын. Анаға деген шексіз құрмет пен сүйіспеншілікті паш ететін бұл туынды мені алыс жағалауларға жетеледі.

Мен де азамат болармын. Бүгінгі көрген қиындығыңыз бір күнгідей болмай өте шығар, анашым.

Көңілімдегі көрікті ойды ақ қағазға көркемдеп түсіре алдым ба, білмеймін. Бірақ менің шығармашылығымның бастауы сізге арналған туынды болар, бәлкім. Жүрегімді жарып шыққан сол күйді мен «Рахмет, анашым!» деп аяқтармын.

Автор туралы

Аты-жөні

Нұрланұлы Орынбек

Мектебі

Атырау облысы, Махамбет ауданы, Д. Төленов атындағы мектеп-гимназиясы

Сыныбы

9 «А»

Пән мұғалімі

Қайырғали Лиза