Адам - Алланың шығармасы
Эссе
Аспан астын, жер үстін алай-дүлей етіп, жан-жағына нұр шашқан найзағайлы сәтте «Адам» атауы жаратылғандай. Сол күннен бастап «Ғажайып әлем» деген әлі тәмамдалмаған шығарма жазылып келеді. Оның кейіпкерлерінің ішінде сен де барсың, мен де бармын.
Адам мен өмір арасындағы үзілмеген көпір
Жерді де, елді де жаратқан Тәңір қандай шебер еді! Алайда адам мен өмір арасында әлі күнге дейін толыққанды байланыс орнамағандай. Адам өзі сияқты басқа жаратылыстармен тіл табыса алады, бірақ өмірдің өзімен келісімге келе бермейді. Неліктен? Жауабы әрқилы.
Парадокс: саналы да, ақымақ та
Адам — ерекше жаратылыс: қаншалықты саналы болса, соншалықты ақымақтыққа да ұрынады. Алла адамға саф алтыннан қымбат өмір беріп тұрса да, адам бұл дүниеден әлі күнге дейін алтын іздеуден шаршаған емес.
Бұл — ақылдылық па, әлде ақымақтық па? Ақылдылық дер болсақ, себебін іздеп көрейік: адам дүниеге келгеннен кейін өзгеден ерекше болуға, жайлы өмір сүруге, берілген өмірін мәнді өткізуге тырысады. Ал жайлылық үшін ол «жақсы жағдайды» талап етеді, кейде тіпті әлемдегі бар алтынды иеленгісі келеді. Сөйтіп мансап пен байлықтың соңына түседі.
Бірақ көп жағдайда адам байлықты көксеген сайын надандыққа жақындайды. Себебі дәулет көздің нұрына, тердің суына сіңген соң, бойдан адамгершілік қасиет сырғып кететін сәттер болады. Өзімізге өзіміз тым жақындаған сайын, өмірден алыстай түсетініміз де рас. Міне, бұл — ақымақтық.
Өмірдің мәні: адамгершілік
«Өмір дегеніміз не?» деген сұраққа келмес бұрын, өмірдің мәні болған адамгершілікке үңілейік. Адамгершілік — Алланың жүрекке қосып берген киелі қаны, мінезі, қасиеті. Қанның ішінде — мейірім мен шапағат, мінезде — махаббат, қасиетте — рух бар.
Мейірім
Мейірім — қаның тулап, бойға тараған шақта жүрекке жылу беріп, ішкі әлемнен сыртқы әлемге ыстық нұр тарататын қуат. Адамның мейірімі жарқырағанда, күннің нұры да әлсіз көрінетіндей.
Махаббат
Махаббат — жүректің түпкі бөлмесінде көңілмен бірге жайғасқан құбылыс: тылсым күшке, тылсым жанға, құбылысқа құштарлық. Құштарлық бар жерде сезім бар; сезім бар жерде тәттілік бар.
Рух
Рухты адам — ең мықты адам: өзгерістен қашпайды, өткенге байланып қалмайды, болашаққа нық қадам басады. Шыншыл адам — қадірлі, сыйлы.
«Адам» деген төрт әріптің салмағы
Адамгершілік туралы айтқанда, әуелі «Адам» сөзінің өзіне тоқталайық. Адамды біз сырт келбетіне қарап ажыратамыз ба, әлде ішкі әлеміне үңілеміз бе?
Қадір Мырза Әлі айтқандай: «Адам — Алланың шығармасы».
Расында, адам — Алланың жазған, жаратқан шығармасы. Әлеммен бірге тіршілік иелері де жаратылды. Бізге жүрек, ойлайтын сана, биік шыңды көздеген арман берілді. «Адам» деген ұғым жүрек, сана, сезімнің тұтастығынан құралады. Бар болғаны төрт әріп болғанымен, мағынасы ұшан-теңіз.
«Адам» сөзімен тіркескен «адамгершілік» те топырақ астында қалмайды. Адамгершілігі бар жан ғана «Өмір» деген төрт әріптің қырық сырын түсіне алады; әлемнен іздеп келген жан рахатын таба алады. Өйткені адамдар — жердің егесі емес, өмірдің иесі ғана.
Өмір: ұғымы бір, болжамы көп тылсым
Ендеше өмір деген не? Өмір — ұғымы бір болғанымен, түсіндірілуі сан тарау тылсым дүние. Бірі оны махаббатқа теңейді, бірі — өзенге, бірі — алыс жолға балайды. Қадірін де әркім әр түрлі ұғынады: әкесі жоқтың өмірі қандай, анасы жоқтың өмірі қандай, баласыздың өмірі қандай?
«Өмір дегеннің не екенін өлгеннен сұра дер едім», — деген Мұқағали сөзі өмір қадірінің әркімге әрқалай өлшенетінін аңғартады.
Сондықтан өмірдің түпкілікті түйіні бір ғана анықтамаға сыймайды. Мұқағали Мақатаев бір жырында: «Өмір деген — бір жарқ-жұрқ еткен найзағай!» — дейді. Бұл теңеу өмірдің найзағай жарқылындай қысқалығын да, сол қысқа сәтте жарқырап үлгерудің қажеттігін де меңзейді.
Қысқалық және тоқтамайтын толқын
Өмір — өте алыс жол секілді, бірақ адамға берілетін уақыт аз. Өйткені өмір толқыны бір адамның уақыты бітті екен деп, жарға соғуын тоқтатпайды. Өткінші: өтеді де кетеді. Кейде бір тал темекінің шоғы секілді — бітерде ғана қадірлі болып көрінетіндей.
Ұшқын қалдыру: өмірмен байланыс іздеу
Досым бірде: «Өмір — арсыздікі» деген еді. Әрине, мұнда биологиялық емес, психологиялық арсыздық айтылған болуы мүмкін: өмір кейде лаулап жанатындардыкі, бақыт үшін қасқырдай таласатындардікі тәрізді көрінеді.
Мүмкін, өмірде «қасқыр» мінез қажет те шығар: өз бақытың үшін бәсекеге түсу, қажетті сәтте тәуекел ету, өз орныңды қорғау. Бірақ бұл — өмірді түсіну деген сөз емес.
Меніңше, өмір сүру деген…
Өмір сүру — әлемге бір жарқ етіп ұшқын сыйлау: қорқыныш пен жарықты қатар алып келу, ай төңірегіндегі бұлттарды «соқтығыстырып», жан айқайыңды бір күркіретіп, артынан ай нұрына айналу не күн шуағына сіңу; сол жарқылың арқылы әлемге нұр шашу.
Өмірді түсіну, өмірмен байланысу деген — бәлкім, осы.
Адамзат зарығып күткен байланыс та осы болуы мүмкін. Өкінішке қарай, ол байланыс әлі толық орнаған жоқ. Бүгінде шынайы адам да, қияли адам да көп; олар өмір түгілі, бір-бірін түсінбей жүр. Ең алдымен бір-бірімізді түсінуге ұмтылсақ, сонда ғана өмірді бір көзқараспен зерттеудің жолы ашылар, сонда ғана нәтижеге жақындаймыз.
Бір күн келеді: жаратылыс пен өмірдің арасында тәтті бір байланыс орнайды. Ол күн — ақырзаманның ақырғы күні болуы да мүмкін…
Нұрлан Әбдікәрімов
ТарМУ студенті