Мағжан кім

Атырау облысы, Атырау қаласы, Геолог кенті

Қ.И. Сәтбаев атындағы орта мектеп

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Мурзагулова Гүлжан Жәрдемқызы

Жаңа ұғымды меңгерту СТО Топтық жұмыс

Сабақ тақырыбы

Мағжан Жұмабаев — «Мен жастарға сенемін» өлеңі

Сабақ мазмұны жастардың рухы, елжандылық пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу идеяларына негізделеді.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Мағжанның Абай поэзиясын жалғастырушы, ұлтын сүйген ақын екенін таныту.
  • Өлеңдеріндегі ұлттық рух пен елге сүйіспеншілікті ұғындыру.
  • Жастар келешегіне ақынның зор үмітпен қарауын пайымдату.

Дамытушылық

  • Ойлау және танымдық қабілеттерін дамыту.
  • Шығармашылыққа баулу, пікір айту дағдысын қалыптастыру.

Тәрбиелік

  • Елжандылыққа, ұлтты сүюге тәрбиелеу.
  • Ар-ождан, жауапкершілік, қайсарлық құндылықтарын бекіту.

Сабақтың әдіс-тәсілдері мен ресурстары

Әдістер

  • Баяндау, сұрақ-жауап
  • «Мені түсін», «Жылдар сөйлейді»
  • Деңгейлік тапсырмалар
  • СТО: «Екі жақты күнделік», «Топтастыру»

Көрнекіліктер

  • Мағжан Жұмабаев шығармашылығына қатысты материалдар
  • Өлеңдер жинағы
  • Ақын туралы естеліктер (буклет)
  • Мультимедиа

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру

Сынып 3 топқа бөлінеді. Сабақтың негізгі әрекеттері топтардың белсенді жұмысы арқылы орындалатыны хабарланады.

2) Үй тапсырмасын пысықтау (сұрақ-жауап)

Талдауға ұсынылатын үзінді

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте — бұлт, жерде — желмін гулеген,

Жер еркесі — желдің жөнін кім сұрар?

  • Бұл кімнің өлеңі?
  • Мағжан кім? Ол қандай ақын? Қандай өлеңдерін білесіңдер?
  • «Мағжанның бүкіл өмірі — поэзиясында» деген ойды қалай түсінесіңдер?

Бұған дейін М.Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңі өтілген. Енді сол өлеңнің идеясы, ақын өмірімен байланысы және мәтіндегі тарихи тұлғалар туралы ой ортаға салынады.

3) Топтық тапсырмалар: «Түркістан» өлеңі бойынша

1-топ — «Білім»

Өлеңнің тақырыбы мен идеясы қандай?

2-топ — «Жылдар сөйлейді»

1893, 1905, 1910, 1912, 1913–1916, 1919, 1923–1928, 1929, 1936, 1938 жылдар бойынша ақын өміріндегі негізгі оқиғаларды атаңдар.

3-топ — Жалқы есімдер

Өлеңдегі жер-су атаулары мен адам аттарын табыңдар. Ақын қандай тұлғаларды жырлаған?

Ғ. Ибрагимов пікірі: «М.Жұмабаев — Абай мен қазіргі қазақ поэзиясының арасындағы поэтикалық көпір».

4) Жаңа сабақ: «Мен жастарға сенемін»

Өлең мәтіні

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты —

Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар.

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін!

Жас қырандар — балапан,

Жайып қанат, ұмтылған.

Көздегені көк аспан,

Мен жастарға сенемін!

Жұмсақ мінез жібектер,

Сүттей таза жүректер,

Қасиетті тілектер —

Мен жастарға сенемін!

Тау суындай гүрілдер,

Айбынды Алаш елім дер,

Алтын Арқа жерім дер,

Мен жастарға сенемін!

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға?!

Иман күшті оларда,

Мен жастарға сенемін!..

Алаш — айбынды ұраны,

Қасиетті құраны.

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемін!

Мен сенемін жастарға:

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін!

Өлеңде ақын жастарды қайсарлыққа, шындық үшін өмір сүруге, өз ұстанымынан таймауға үндейді.

Мағжан поэзиясында өзекті өртеген мұңмен қатар асқақ арман мен үміт қатар көрінеді. Ақын толықтай күйзеліске берілмей, өкінішін айта отырып, жарқын болашаққа сенім артады.

Тапсырма: өлеңді 2–3 оқушы мәнерлеп оқиды. Оқушылар өлеңнің мазмұны мен идеясын өз біліктілік дағдылары арқылы айқындайды.

5) Түсіну: топтық талдау

1-топ — Сатылай кешенді талдау

Өлең құрылымын, мазмұнын, идеялық бағыт-бағдарын жүйелі түрде талдаңдар.

2-топ — «Мені түсін»

Негізгі ұғым білдіретін сөздерді теріп жазыңдар (тірек сөздер).

3-топ — Көркемдегіш құралдар

Өлеңдегі теңеу, эпитет, метафора сияқты көркемдеуіш сөздерді табыңдар.

6) Бағалау: деңгейлік тапсырмалар

3-деңгей

Өлең мазмұны арқылы ақынның қандай мінез-құлқын, болмысын тануға болады?

2-деңгей — «Екі жақты күнделік»

Өлеңнен үзінді жазып, оны өз пікіріңмен, өмірлік мысалмен толықтыр.

1-деңгей — Ойтолғау

«Мен сенемін жастарға» тақырыбында бүгінгі жастар мен жастар ұйымдары туралы ойтолғау жаз.

7) Қорытынды

Ақынның жастарға артқан сенімінің ақталғанын бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан жастарының жеткен биігінен көруге болады.

Тәуелсіздік үшін күрестің нәтижеге жетуіне қазақ жастарының қайсарлығы мен азаматтық ұстанымы зор үлес қосты.

Үй тапсырмасы

«Мен жастарға сенемін» өлеңін жаттау.