Ораз - большевик

Ораздың өзгерісі

Ораз соңғы күндері қатты өзгеріп кетті. Бірге оқитын жолдастары үшін бұл күтпеген жағдай еді. Ол түнеріп алып, ешкіммен сөйлеспей қойды. Бұрын да мінезі ауырлау болатын, ал қазір тек сұраққа ғана қысқа жауап береді.

Гимназияның жоғары сыныбындағы құрбылары оның әлгі емтихандағы оқиғаға өкпелі екенін топшылады. «Кімнен көрді екен?» деп, ашық айтпаса да, әркім әртүрлі жорамал жасады. Кеңес өкіметі орнағалы бері Оразды қайта-қайта іздеп келіп, алып кететін әртүрлі адамдар да бір мезет тыйылғандай болды. Гриша оның мінезінің өзгерісін осыдан көрді.

Гриша оңаша сәт тауып, Ораздан сұрап көрді. Бірақ Ораз бұрынғыша ештеңе айтпады.

Емтихан және «үштік»

Жақында гимназия бітірушілер орыс әдебиетінен емтихан тапсырды. Ораз шығарманы өлеңмен жазды. Соның салдарынан оның кәмелеттік аттестатына өмірінде алғаш рет «үштік» баға түсті.

Сыныптағы үнсіз текетірес

Орыс әдебиетінің мұғалімі: «Әй, Жандосов, бекер істедің. Аттестатыңды бүлдірдің ғой» — деді.

Ораз мойымады: «Ол да мемлекеттік баға ғой» — деп күле салды.

Гимназиядағы он жыл ішінде «үш» алып көрмеген Оразға төмен баға қойылғанына жолдастары әрі қынжылып, әрі қиналды. Ағарту үйірмесін басқарып, бәріне ақыл айтатын жігіттің өздерінен төмен баға алуы олар үшін ауыр тиді. Ораз үндемей томсырайып жүргенде, көп гимназист «осыған бола ренжіп жүр» дескен. Бірақ олай емес еді.

Аттестат алған күні Ораз ерте жатып, ұйықтап қалды.

Жауынды түндегі шешім

Түн ортасында төсегіне оралған Гришаның көзі жаңа ілініп бара жатқанда, үй ішінде біреудің түрегеліп жүрген сыбдыры естілді. Сыртта сытырлап жаңбыр жауып тұр. Алматының жауынды сәуір түнінде далаға беттеген кім?

— Ораз!

Жауап жоқ. Есікке қарай жақындап қалды.

— Ораз, қайда барасың?

— Соғысқа!

Есік тарс жабылды. Гриша бірге жүгірмек болды, бірақ қою қараңғылықта Ораздың қарасын жоғалтып алды.

Қызыл әскерге өз еркімен

Гриша Оразды тек бір айдан кейін ғана қайта көрді. Ораз сол кеткен түні қызыл әскерге өз еркімен қосылып, соғысқа аттанған еді. Тастақты жақта ақ қазақтар қару алып, қызылдарға қарсы оқ атып жатты — мұнда соғыс жүріп жатқан.

Ораз бұл соғысқа үш күн бұрын-ақ кетпек болған. Бірақ гимназияға да большевиктер керек деп, Тоқаш Бокин Жандосовты жібермей қойған екен. Ақыры, міне, соғысқа өзі келді.

Алғашқы міндет

Талдырмаш жас жігіт командирге әлсіз көрінді ме, әлде «ұрынып қалар» деді ме — оны бірден алғы шепке жібермей, жаралылар таситын қызыл керуенге қосты. Екі-үш күн майданнан жаралыларды тасып жүрді де, артынан қылыш пен мылтық асынып, ұрысқа араласып кетті.

Алматы маңындағы он сегізінші жылғы бұл шайқас аяқталып, большевиктер жеңіске жетті.

Аңызға айналған Ораз

Осы кезде гимназия жазғы каникулға тарай бастаған. Балалар арасында Ораз туралы түрлі әңгіме гуілдеп жүрді: «Ораз мылтық асынған қызыл әскер болыпты», «енді мылтық емес, тапанша байлайды», «қызыл командир болыпты» деген қызбалы сөздер көбейді.

Гришаның сұрағы

Ақыры соғыс саябырлап, қала сәл тынышталғанда, Гриша Оразды штабтан іздеп келді.

— Ол мұнда жоқ, — деді қызыл әскер. — Оны уездік совдептен іздеңіз!

— Әйтеуір тірі ме? Өлген жоқ па?

— Большевиктер өлу үшін тумайды, шырақ. Өмір сүру үшін туады!

Гриша Федоров ойланып қалды: «Большевиктер өмір сүру үшін… Ораз — большевик!» Кеше ғана бір төсекте бірге жатқан досының қалай және қандай большевик болғанын өз көзімен көргісі келді.

Ревком үйіндегі кездесу

Гриша төтелей жүріп, сарыала шіркеуге жақын орналасқан уездік ревкомның үйіне кірді. Іште адам сапырылысып жүр. Бұрын әкімдер үйінде қазақтар сирек болатын: қасқыр, түлкі ішік киген, жуан-жуан санаулы шонжарлар ғана көзге түсетін. Енді қазақ та, орыс та араласып кеткен — көбінің киімі жыртық, жүзі шаршаңқы.

Күткізу

Есік алдындағы солдат: «Жандосовқа кіруге болмайды, сәл күтіңіз» — деді.

Гриша ішінен: «Япыр-ай, Ораз тым үлкен адам болып кеткен екен-ау!» — деп ойлады.

Ол күтіп тұрғанда, түсінісе алмай әлек болған бір қазақ пен орыс қариясының сөзін, ыммен ұғынысқан қимылдарын қызықтап қарап қалды. Сол сәтте бір таныс дауыс өкпе тұсынан саңқ етті:

— Гриша, сәлеметсің бе? Неғып жүрсің?

Ораз. Гриша таңырқап қалды: оны дәл мұндай кейіпте көремін деп ойламаған. Бұрынғы жылтыр түймелі гимназия киімі жұлым-жұлым болыпты. Етігі ақжемделіп тозған, шалбарының екі тізесі жыртылған. Тек басындағы мүйізді күнқағары бар картуз ғана тозбаған сияқты.

Жаңа бейне

Ең үлкен өзгеріс — беліндегі белдік пен оған байланған тапанша еді. Ол Оразға айбын бергендей. Қабағы қатулы, ойлы.

— Сені мұндай түрде көрермін деп ойламаппын, — деді Гриша ойын жасырмай.

Ораз езу тартып қана күлді: — Сен мені патша министрі болып кетті деп пе едің? Осы жыртық дүниені бүтіндеуіміз керек.

Бұл сөздің мәнін Гриша бірден түсінді.

Асығыс кеткен жол

Ораз: «Гриша, сен бүрсігүні кел. Мен Ғабдуалиевтің үйіне асығыс кетіп бара жатырмын» — деді де, сыртқа шықты.

Гриша сауда капиталы Ғабдуалиевті танитын. «Менімен сөйлеспей, байдың үйінде не шаруасы бар?» дегендей, қабағын шытып қалды. Ал Ораз көп аттының алдында шоқырақтатып кете барды.

Келесі күннің хабары

Ертеңіне Гриша «Заря свободы» газетінен: «Ғабдуалиевтің мүлкі конфискеленді, оны совдеп нұсқаушысы Жандосов жүргізді» — деген хабарды оқыды.

Сонда ғана ол кешегі асығыстың мәнін ұғып, еріксіз езу тартты.