Азамат соғысының алғашқы жылдарында төтенше мандатпен Қазақстанға келген кісі

Шығарма жазылып бітті. Кітап болып басылып шыққалы да әлдеқашан. Енді, міне, қайта-қайта басылып жатыр. Сірә, ұзақ жылдар көз майыңды тауысып жазған осы кітапты алғаш рет жазсам деген ой басыңа қашан, қалай келгені және ол ойдың қалай жүзеге асқаны жайында толғанатын уақыт та жеткен сияқты.

Шынын айтқанда, осы сауал бұдан бұрын да алдымнан шыққан. Дәл осы сұраққа бір кезде жауап бергенмін. Ұмытпасам, 1970 жылдың көктемі еді. Алматыға белгілі сыншы Леонид Теракопян келді. «Совет романдары» сериясымен жарық көргелі тұрған «Қан мен тер» трилогиясының алғашқы екі кітабы — «Ымырт» пен «Сергелдеңге» алғысөз жазбақ болып, арнайы сапарлап келген.

Ерте көктем тынысы және бір сұрақ

Қонақтың қалауымен біз көбіне сыртқа шығып, кісі-қарасы аз, тыныш көшелермен көктем шуағын бетке ұстай жүріп әңгімелестік. Байқауымша, ол бұрын біздің жақта болмаған. Жолға шығарда қыс ызғары әлі қайта қоймаған Мәскеу маңының ауа райына қарап киінгені көрініп тұр. Ал бізде биыл көктем ерте кірген еді.

Қыс ызғары қала түгіл, көшеге шықсаң-ақ көз алдыңа көлбеп тұратын заңғар таудың өзінен де сезіле қоймайды. Биыл қыс бір-ақ күнде сынып, қардан арылған қаражон дала қала іргесінде бусанып жатты. Ертелі-кеш тау қойнауынан көңіл ашар қоңыр жел есіп тұрды. Бүр жарып келе жатқан терек бұтақтарындағы торғайлар да ерекше сайрауық.

Қонақ үстіндегі қыс пальтосын ауырсынып, қос өңірін біз кездескен сәтте-ақ айқара ашып тастаған. Ерте көктемнің анық сезілетін тынысына сергек әсерленіп келе жатып, кенет менен кітап туралы сұрады. Оның бір-ақ білгісі келгені бар еді: осы кітапты жазсам деген ой маған қалай келді?

1947 жылдың сарша тамызы: ойдың ұшқыны

Жауап көкірегімде сайрап тұрса да, мен бірден шешіле алмай, өткен күнге ой жүгірттім. Сонда есіме 1947 жылдың сарша тамызы орала кетті. Күн аптабы кісінің тынысын буып тұратын өрттей ыстық Арал өңірі мен жиырма үш жасар бала жігіт қапелімде көз алдыма келді.

Кешегі сұрапыл соғыста оның әкесі өзіне тетелес екі інісімен бірге қаза тапқан. Өзі де әскерден босап келгеніне көп болмаған. Төрт жылдан кейін оралған жігіт ошағы сөнген үйін көрді. Соғыс біткелі екі жыл өтсе де, әр үйдің ер-азаматы түгел орала қоймаған, еңсесі түскен елді көрді.

Көргені — ауыр тіршілік

Қай үйге кірсе де — жүдеп-жадаған жесір, жетім бала. Балықшы колхоздарының да еңсесі әлі көтерілмеген шақ.

Елдің күйі — жүдеу

Жүдеу жүз, жабырқау көңіл, жұпыны өмір. Күн-түн тірлік үшін тырбанып жүрген кемпір-шал, жесір, жас бала.

Соғыстың ізі — мүгедек

Ара-тұра жараланып қайтқан жарымжан мүгедектер ұшырасады. Жеңістің көлеңкесі қалың еді.

Дала жолы: үнсіз арба, шексіз көкжиек

Бір жолы ол қалаға кетіп бара жатқан ат арбаға ілесе кетті. Арбакеш кәрия жол бойы жұмған аузын ашпады. Жол қысқартқысы кеп әлсін-әлсін жалтақтап қараған сайын, кәрияның сұсынан қаймығып, қайта тына қалады.

Кәрияның қалғып отырғаны ма, әлде ат тұмсығының алдында ирелеңдеп, бір белден соң дәл сондай тағы бір белден асып түсетін дала жолына телміре қарағаны ма — белгісіз. Майланбаған ескі арбаның доңғалағы ғана бір сәт тынбай шиқылдап, зарлап келеді. Күн ыстық. Жол ұзақ. Екеуі әлі бір ауыз тіл қатпаған.

Кедір-бұдырға келгенде арба селкілдеп, белі үзіле жаздап бара жатқан соң, ол бір кезде жерге қарғып түсті. Ботинкасын шешіп, қолына ұстап алды да, арба доңғалағының ізімен ілбіп жүрді. Ыстық қоламтадай топырақ табанын күйдіргенде жол жиегіне шығып кетеді. Шөл қысқанда ауылдан шығарда аузына салған құртын тілімен үйіріп, тамағын дымдап алады.

Қай жағына қараса да, таспа боз жусан күн көзінде қуарып, қуқыл тартқан жұпыны дала жолаушы көңілін жүдетіп барады. Тірлік нышаны тіпті сезілмейтіндей. Бірақ осы елсіз-сусыз құба дала қашан көрсең де көзіңе оттай ыстық басып, ет жүрегіңді елжірететіні несі?

Жас жігіт іштей толғанды: бұл дала үстімен бағзы заманнан бері сансыз ұрпақ көшіп өтті; талай ұл мен қызға атамекен болды; арманмен келіп, көпшілігі дегеніне жете алмай, күңіреніп өтіп кетті. Сонда да тіршілік үзілген жоқ: түтін түтеді, сүйді, жар құшты, перзент сүйді.

«Қан мен тер»: атау қалай туды

Сол күні әлденеше ойдың түбі бір сөзге келіп тірелгендей болды. Жас жігіт ішінен қайта-қайта: «Қан мен тер… қан мен тер…» деп күбірлей берді. Бұл сөз жүрегін шоқтай шарпып өтсе де, түп астарындағы анық мәні мен мағынасын ол кезде әлі толық ұға қойған жоқ.

Кешке қарай Арал қаласында тұратын жақын ағасы Байқабылдың үйіне жетті. Сол бойда столға отырып, қолына іліккен бір жапырақ қағазға «Қан мен тер» деп тұңғыш рет жазып қойды. «Өзіңнің, аз ғана халқыңның болашақ бақыты үшін қаны мен терін төккен ата-бабалар туралы бір күні шығарма жазсам, атын дәл осылай атармын-ау» деген ой сол сәтте алғаш рет көңіліне ұялады.

Атаудың ішкі салмағы

Кейін ойласам, кітаптың дәл осылай аталуында болашақ шығарманың көтерер жүгі де, суреттелер дәуірдің әлеуметтік сипаты да алдын ала меңзеліп тұрғандай. Трилогия бойында оқушы жүрегін сыздататын ауыр халдер аз емес; кейіпкерлердің тіршілік үшін арпалысы, ішкі есеп-қисабы, үздіксіз тебіренісі — бәрі осы атаудың өзінен-ақ сезіледі.

Ойдан кітапқа дейін: білім мен тәжірибенің қажеті

Әрине, ол кезде мұның бәрі — тек бастың ішіндегі ой еді. Ал ойды қағазға түсіріп, халыққа ұсыну мүлде бөлек шаруа. Шығармаға бел байлаған әр адамға таланттан басқа тағы екі нәрсе керек: бірі — білім, екіншісі — тәжірибе. Шынын айтқанда, сол тұста менде осы екеуі де жеткілікті емес еді.

Мен бітіргені — он жылдық мектеп қана. Оның өзі де бізге білімді өндіре бере алмады: ол кездің оқытушыларының ішінде жоғары білімді адам ілуде біреу. Мысалы, Ақтөбе педучилищесінің бірінші курсын ғана тәмамдаған кісі мектепте жоғары кластарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін.

Әдеби сауатым мен ой-өрісімнің тарлығын сезген соң, үлкен тақырыпқа асықпадым. Арал өңірінде, балықшылардың арасында тұра бердім. Соғыста өз басымнан кешкен, көзіммен көрген оқиғаларды асықпай жаздым. Қолым қалт еткенде болашақ кітапқа керек тарихи деректерді де тірнектеп жинай бердім.

Ішкі даярлық және ұзақ жол

Сол кездің өзінде-ақ үш кітапта қамтылар оқиғаның ауқымы мен әлеуметтік салмағын, тап пен таптың, ру мен рудың және сан қилы қаһармандар арасындағы қым-қиғаш тартыстың сипатын шамалап сезгенмін. Қазір сол кітаптар жазылып бітті. Кейінгі жылдары қазақ және орыс тілдерінде ғана емес, басқа да тілдерде жарық көріп жатыр.

Енді артқа көз тастап, азабы мен мехнаты мол ұзақ жолды шолып өтуге шама бар. Дегенмен, осы ойды тудырған тылсым күштің сыр-сипаты маған әлі күнге дейін жұмбақ. Бұл не: жанның аяқ астынан рухтанып, қанаттануы ма? Әлде оқыс от алған ұшқыр сезім бе? Мүмкін, соғыста қырылған қыршын жандар мен төгілген қасиетті қанды көріп, жас жүректе сыртқа шығуын күтіп булыққан кек пен ызаның дүмпуі шығар?

Қалай болғанда да, оқыс келген ой бар болмысыңды баурап алады. Ол ой қағаз бетіне түсіп, көркем шығармаға айналып, үш кітап болып стол үстінде томпайып жатқанша тыныштық бермейді. Бұдан былай сен бұрынғыша бейқам өмір сүре алмайсың: темірқазыққа мықтап байланған аттай, қанша бұлқынған сайын, қайта-қайта сол ойдың төңірегіне орала бересің.

Алда алты жыл оқу тұрды. Оның үстіне жас шаңырақтың бірі жетсе, бірі жетпейтін күйбеңі де уақытты жұтып қоятын. Көзді ашып-жұмғанша он бір жылдың қалай өтіп кеткенін сезбей қаласың. Бірақ осы жылдардың ішінде кітапқа біржола кірісіп кете алмасам да, шығармашылық адамында еркінен тыс жүретін ішкі даярлық үздіксіз жүретіні анық.

Дерек іздеу: дәуірдің рухани бейнесі

Осы он бір жыл ішінде тарихи дәуірдің арғы-бергі жағын қазбалап, материалды негізінен екі арнадан іздедім. Бірі — дәуір сипатын танытатын тарихи деректер. Ключевскийдің сөзімен айтқанда, көне дүниенің рухани бейнесін білу — аса қажет.

Әр дәуірдің болмысын сол заманда тірлік кешкен ірі тұлғалардың іс-әрекетінен анығырақ көресің. Араға ұзақ жыл түсіп, көз бен көңілден қашықтаған өмірді бүгінгі оқушыға сол қалпында тірілтіп әкелу оңай емес. Институт қабырғасындағы бес жыл ішінде кітапханалар мен архивтерді ақтарып, қалың қағаздың арасынан бізден қағыс қалып жүрген көне сырларға жол тапқандай болдым.

Колчак туралы: таныс бейнеге жаңа штрих

Азамат соғысының оқиғаларына тікелей қатысқан адамдардың ертеректе басылған мемуарлары мен күнделіктерін таптым. Мысалы, Колчак туралы бізден бұрын да, біздің дәуірімізде де көп жазылды. Бірақ Қазақстанның батыс өлкесіндегі азамат соғысын суреттегенде оны аттап өту мүмкін емес еді.

Азамат соғысының тарихынан хабары бар адамға аян: Сібірдегі Омбы үкіметінің басына адмирал Колчакты құдіретті ағылшын империясының қолымен апарып қойған. Ол ағылшындардың дегенінен шықпаған, Омбыдағы өкіл Нокстың әмірін бұлжытпай орындаған. Сол Нокстың пәрменімен Колчактың әйгілі Түстік армиясы Ақтөбеден бастап, Аралға дейін темір жол бойымен ұрыс сап ілгерілеп отырған.

Детальдың құны

Колчак бейнесін жасағанда бұрыннан белгілі жайларды қайталаудан гөрі, қолдан келсе, оқушы ұғымындағы таныс тұлғаны тың бояумен толықтыратын психологиялық жаңа штрих табу керек еді. Осы ретте патша заманында генерал-лейтенант болған барон Алексей Будбергтің күнделігі назар аудартты. Ол Колчакпен Омбы әскери үкіметі құрылған күннен бастап күйреген күнге дейін бірге қызмет істеген, Жоғарғы ставканың бас интенданты болған адам.

Будбергтің жазуына қарағанда, Колчак қолағаштай үлкен мұрынды, ұзын бойлы, арық кісі болған. Осы секілді дәл, нақты штрих кейін жазушы қаламына іліккенде оқушы көкірегіне қона кететін қажетті детальға айналуға тиіс.

Көркем штрихтың мысалы

Үшінші кітапты жазу үстінде, көлденең біреудің көзімен Колчак былай суреттеледі: Генерал Чернов мырс етіп күліп қояды. Колчак кең кабинетті кезіп жүр. Алдынан ерсілі-қарсылы өткен сайын адмиралдың қара хром етік киген тырнадай ұзын аяғы қайта-қайта көзге түседі. «Тырна аяқ екен ғой» деп ойлап, анау орнына барып отырғанша кеудесіне түскен басын көтермей, өз-өзінен қысылып қалады.

Немесе басқа бір жерде Колчак Омбының атақты актрисасының қолын сүймек болғанда, ернінен бұрын қолағаштай мұрны тиіп кетіп, келіншек тыжырынып, қолын тез тартып алады.

Фролов дерегі: дайын прототип және авторлық еркіндік

«Қан мен терге» материал іздеп жүрген кез. Жазғы каникулда елге келген бір сапарымда Аралда әр нәрсеге зер сала жүретін Сағи Жабасов деген интеллигенттен азамат соғысының белгілі әскери қайраткерлерінің бірі — Фролов туралы жақсы дерек таптым.

Фролов — Кронштадт морягі. Азамат соғысының алғашқы жылдарында төтенше мандатпен Қазақстанға келген. Бір кезде Қостанайда атты әскер полкін ұйымдастырушылардың бірі болған. Кейін Колчактың Түстік армиясына Красноводск маңын иемденген ағылшын экспедициялық әскері қосылмақ болған тұста, ақтар Орынбор—Ташкент темір жолының бойымен ілгерілеп, Арал теңізіне дейін жетеді. Қызылдар болса, Арал қаласының күнбатысында топталып, осы жерде тойтарыс бермек болады.

Осындай қиын кезеңде Фролов та Түркістан майданының төтенше мандатымен Аралға келеді. Бұл арада тағы бір жайт бар: XX ғасырдың басында Арал теңізінің жағалауында алғаш промысел ашқан орыс көпестері — Марков пен Мокеев, Кисин — балықтан түскен табыспен тоқтап қалмай, Хиуа хандығының мақтасы мен матасына қол созады. Солайша теңіз айдынында ірі кемелер мен кебеже құрсақ баржалар көбейе бастайды.

Соғыс флотилиясы және комиссар

Фролов Аралға келген бетте сол кемелерді күшпен жинап алып, палубасына пулемет пен пушка орнатып, соғыс флотилиясын жедел құрып жібереді. Өзі сол флотилияға комиссар болады. Комиссар образын жасайтын адамға бұл — құйып қойғандай дайын әдеби прототип: жазық маңдайлы, өткір көзді, сырт келбетінде ақылды, парасатты әрі ұстамды адамның нышаны бар.

Бірақ мен бұл кісіден, яғни комиссар Дьяковтың бойына иненің жасуындай да нәрсе алмадым. Трилогияның үшінші кітабын оқыған адам аңғарады: «Күйреудегі» комиссар Дьяков Фроловқа өмірбаян жағынан ғана ұқсас көрінетін кейбір ортақ белгілері болғанымен, сырт бейнесі мен психологиялық болмысы мүлде кереғар.

Комиссар бейнесі: дәстүр мен жаңалықтың арасы

Мен азамат соғысы туралы жазған әр суреткердің комиссар бейнесіне соқпай өте алмайтынын жақсы білдім. Сол отты жылдарда қызыл комиссарлар партиялық көрегендік пен қырағылықтың, саясатта да, соғыста да шым-шытырық арасынан сүріндірмей жол табатын кемеңгер ақылдың, ұйымдастырушылық қабілеттің және жаңа заман әкелген зор адамгершіліктің жарқын үлгісі болды.

Орыс прозасы комиссарлардың сан алуан сұңғыла бейнелерін жасап, жаңа әлеуметтік шындықтың рухани дидарын ашуда көп ғасырлық дәстүрді шебер пайдаланды. Ондай бейнеге, дос былай тұрсын, жаудың өзі табынбай тұра алмайтындай әсер бар еді.

Сондықтан комиссар образын жасауда бір жағынан әдеби канонға айналып бара жатқан үйреншікті сүрлеуге түсуге болмайды, екінші жағынан өміршең дәстүрдің қағидаларын да ескерусіз қалдыруға болмайды. Кейде оқушыны селт еткізер жаңа сипат, соны бояу қажет.