Көздерінен мейірім төгілген ұлағатты ұстаз, күлімдеп қана
Өмірлік ұстаным: ұстаздыққа адалдық
Менің өмірлік ұстанымым — шәкіртіме шынайы білім мен тәрбие беретін ұстаздық мамандық. Бұл мамандық — мойныма тағылған қасиетті тұмарым, жүрегіме жақын жауапкершілік. Шәкірттің жан дүниесіне білім мен тәрбиенің ұясын салып, оның жолына жарық түсіре алатын ұстаз — қоғамдағы ойдың көшбасшысы.
Ұстазды жұрт жақсылыққа жақ, жамандыққа қас; әділдіктің туын көтеретін, ұшқыр ойы мен отансүйгіш мінезі арқылы ықпал ете алатын белсенді тұлға ретінде қадірлейді. Мұндай ізгіліктің иесі болу екінің біріне бұйыра бермейді: білімді де тәрбиелі ұрпақ өсіру — әдепті мінезді, сауатты сабақты, үздіксіз ізденісті талап ететін үлкен еңбек.
Ұстаздық — талап пен мейірім тоғысқан жол
Мен үшін ең дұрыс шешім — шәкірт жүрегінен орын тауып, тәрбие мен білімнің дәнін сеуіп, оны көгерген жасыл ағаштай өсіруге үлес қосу; ең бастысы — жақсы адам болып қалыптасуына бағыт беру.
Бағбан мен ұстаздың ұқсастығы
Шәкірт тәрбиелеген ұстаз бен ағаш өсірген бағбанның еңбегі ұқсас. Бақшадағы ағаштардың ішінде бапталғаны — түзу өседі, қараусыз қалғаны — қисық өседі. Түзу, саялы, жапырағын жайған ағаш өсіру бағбанның тынымсыз еңбегі мен тұрақты қадағалауына байланысты.
Ұстаздың басты құралы
Бағбанның құралы — үшкір күрек пен маңдай тер. Ал мұғалімнің басты құралы — өз бойындағы жақсы мінез-құлық, адамгершілік қасиет және сапалы білім. Ұстаз ең алдымен шәкіртін өз баласындай көріп, жүрегінің жылуын сезіндіре білуі керек. Сонда ғана шәкірт білім мен тәрбиені жатырқамай, санасына сіңіреді.
Шынайы сүйіспеншілік тәрбиенің өзегі
Бұл ойымды нақтылай түсу үшін бір оқиғаны айтып өткім келеді.
Балтимордағы зерттеу
Бір профессор студенттерін Балтимор қаласының маңындағы шағын ауылға жібереді. Тапсырма: сол ауылда тұратын 200 ер баланың мінез-құлқын зерттеп, әрқайсысының келешегі туралы тұжырым жазу. Студенттердің қорытындысы бір жерден шығады: «Бұл балалардың ешқайсысы адам болып шықпайды».
Арада 25 жыл өткен соң, социология пәнінің басқа бір профессоры осы зерттеуді тауып алып, студенттеріне жобаны жалғастыруды тапсырады. Олар ауылға барып, балалардың қандай азамат болып өскенін анықтайды. Көшіп кеткен немесе қайтыс болған жиырма шақты баладан басқасының бәрі табылып, қалған 176 баланың көбі үлкен жетістікке жеткені белгілі болады: адвокат, дәрігер, кәсіпкер атанғандары көп еді.
Профессор таңырқап, бұрынғы болжамның неге қате болғанын білгісі келеді. Ержеткен азаматтардың әрқайсысымен сөйлескенде, бәрі бір ауыздан: «Ауылымыздағы мектебімізде бір мұғаліміміз бар еді. Бәрі соның арқасы», — дейді.
Профессор әлгі мұғалімді тауып, үйіне барады да: жасөспірімдерді көшенің теріс әсерінен қалай сақтап, жақсы азамат болып қалыптасуына қандай тәрбие бергенін сұрайды. Бетін әжім басқан құрметті ұстаз көзінен мейірім төгіліп, жай ғана күлімсіреп: «Оп-оңай. Мен ол балалардың бәрін жүрегіммен, шынайы жақсы көрдім», — деп жауап берген екен.
Қорытынды
«Егер бір жылыңды ойласаң — дән сеп; он жылыңды ойласаң — ағаш ек; бір ғасырыңды ойласаң — жақсы адам тәрбиеле».
Сондықтан жақсы шәкірт тәрбиелеп өсіру — менің өмірлік ұстанымым, өмірімдегі ең дұрыс қабылдаған шешімдерімнің бірі болып қала береді.