Ақтау қаласы
Өзім туралы
Менің аты-жөнім Жұмабай Әмина Жеңісқызы. Мен 9 жастамын. Ақтау қаласында тұрамын.
Жазғы демалыста ата-әжемнің ауылына бардым. Олар Шымкент қаласы, Қазығұрт ауданында тұрады.
Жазғы демалыс: ауылдағы еңбек
Оңтүстікте жемістер өте мол піседі. Сол жемістерді жинап, қысқа дайындауға ата-әжеме көмектестім. Ауылда басқа да үй шаруасына қолғабыс еттім.
Үйренген жұмыстарым
- Өрік тердім.
- Бұзау айдадым.
- Құрт жасауды үйрендім.
- Сиыр сауып үйрендім.
Терілген өрікті күн көзіне жайып, қақ жасаймыз. Ауылда жұмыс көп, бірақ мен ауылды өте жақсы көремін. Онда адамдар еңбекпен көп шұғылданады.
Отбасы және жауапкершілік
Менің төрт бауырым бар, олардың бәрі менен кіші. Жаз бойы ең кішкентай, сүйкімді інім Ахметке қарадым. Ол жеті айлық.
Анама бала қарауға, жаялық жууға, үй жинауға көмектесемін. Анам — мұғалім, әкем — қызметкер. Олар көбіне жұмыста немесе оқуда болады.
Анамның ақылы
Анам маған: «Сен үйдің үлкенісің. Бауырларыңа мейіріммен қарасаң, олар өскенде саған да өте мейірімді болады», — дейді.
Мен бауырларымды қатты жақсы көремін.
Оқыған кітабым
Анам маған Джеймс Гринвудтың «Өгей шеше» атты кітабын әперді. Кітап маған қатты ұнады, тіпті жылағым келді, себебі оқиғасы өте аянышты.
Кітапта өгей шеше баланы қатты қинап, ұрып-соғып, кейде тамақ та бермей қояды. Бір күні ол кішкентай қарындасын құлатып алады. Өгей шеше оны ұрып, бала үйден қашып кетеді. Баланың көрген қиыншылықтары әсерлі түрде суреттеледі.
Мен кітапты толық оқып бітірдім.
Қалаға оралу және жаңа оқу жылы
Сөйтіп, біз Ақтау қаласына да оралдық. Жазғы демалысым мен үшін өте қызықты өтті.
Енді сабақ басталады, сондықтан оқу жылына дайындалу керек. Мектептегі достарымды сағындым.
Автор
Әмина Жұмабай, Ақтау қаласы
Дереккөзі: http://goo.gl/k4VmEq