Жасырын кезең
Қызылша
Қызылша — жалпы жағдайдың бұзылуымен, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуымен және тері бетіне көтеріліп шығатын дақты бөртпемен сипатталатын жедел жұқпалы ауру.
- Қоздырғышы
- Фильтрленуші вирус.
- Ерекшелігі
- Қоршаған ортада төзімсіз, бірақ өте ұшпа: ауамен тез және алысқа таралады.
- Таралу жолы
- Ауа-тамшы (ауа–сілекей) жолы.
- Иммунитет
- Тұрақты.
Эпидемиологиясы
Ауру көзі — науқас адам. Қызылша әсіресе бастапқы кезеңде және бөртпе шыққан алғашқы күндері өте жұқпалы болады. Бөртпе шыққаннан кейін 4 күн өткен соң науқас әдетте жұқпалы емес деп есептеледі.
Жөтелу және түшкіру инфекцияның таралуын күшейтеді. Қызылшамен ауырған адаммен бір бөлмеде немесе іргелес бөлмелерде болу балалар үшін жұғу қаупін арттырады.
- Сезімталдық: балалар жасына қарамастан қызылшаға бейім, әсіресе 1–8 жас аралығы.
- Маусымдылық: қыс және көктем айлары.
Клиникалық кезеңдері
Қызылша ағымы 4 кезеңнен тұрады: жасырын, катаральды, бөртпе шығу және реконвалесценттік кезең.
1) Жасырын кезең
Әдетте 9–10 күн созылады. Егілген балаларда 21 күнге дейін ұзара алады.
2) Катаральды (бастапқы) кезең
3–5 күн созылады. Дене қызуы 38–39°C-қа дейін көтеріледі. Катаральды белгілер пайда болады: мұрыннан су ағу, жөтел, түшкіру, конъюнктивит, көздің қарығуы.
Қызылшаға тән белгі (Бельский–Филатов–Коплик): ауыз қуысының шырышты қабатында, азу тістердің тұсында ұнтақ жармаға ұқсас ұсақ ақ дақтар пайда болады. Олар әдетте 2–3 күн сақталады.
Сонымен қатар жұмсақ таңдайдың шырышты қабатында қызғылт дақтар — энантема байқалады.
Баланың беті ісіңкі, көзі қызарып жасаурайды, қабақтары ісінеді, жарыққа сезімталдық (қарығу) болуы мүмкін. Мұрыннан су ағып тұрады.
3) Бөртпе шығу кезеңі
Дене қызуы 39–40°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Жалпы жағдай нашарлайды: бас ауыруы күшейеді, тәбет төмендейді, ұйқы бұзылады, мазасыздық байқалады.
Бөртпе толық шыққаннан кейін дене қызуы төмендеп, жалпы жағдайы біртіндеп жақсара бастайды.
4) Реконвалесценттік кезең
Бөртпе шыққан кезектілігімен солып, орнына қоңыр дақ қалады. Клиникалық белгілердің жойылуы толық сауығуды бірден білдірмейді: бала ағзасының қорғанысы уақытша әлсіреп, әртүрлі микробтарға қарсы тұруы төмендеуі мүмкін.
Аурудың ауырлық дәрежелері
- Жеңіл түрі
- Орташа түрі
- Ауыр түрі
Асқынулары
- Пневмония
- Ларингит
- Бронхит
- Энцефалит
Емі
- Оңашалау. Көп жағдайда бала үй жағдайында емделеді. Ауруханаға тек ауыр түрінде немесе науқасты оқшаулау мүмкін болмаған жағдайда жатқызылады.
- Күтім және гигиена. Бөлмені таза ұстап, жиі желдету керек. Бетті-қолды уақытылы жуу, көз бен мұрынды тазалау, ерінді майлау, ауызды шаю ұсынылады.
- Тамақтану. Баланың жасына сай, дәруменге бай тағам.
- Дәрумендер кешені.
- Симптоматикалық ем.
Профилактикасы
Арнайы профилактика (вакцинация)
Бала 12 ай толғанда қызылшаға қарсы вакцина 0,5 мл бұлшықетке енгізіледі. Ревакцинация — 6–7 жаста.
Ауру ошағындағы эпидемияға қарсы шаралар
- Науқас баланы 5 күнге оқшаулау.
- СЭС-ке №58 форма бойынша хабарлау.
- Науқаспен байланыста болған балаларға 21 күн карантин: күнделікті бақылау; балаларды басқа топқа ауыстыруға және топқа жаңа бала қабылдауға болмайды.
- Есік саңылауларын екі жағынан қос қабаттап желімдеу.