Дейді тағы

Еңбегі елге үлгі болған басшы

Қазалы ауданындағы №25 мектепке ұзақ жылдар басшылық жасаған Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Алмас Темірбайұлы жуырда 63 жасқа толып, құрметті демалысына шықты. Мектеп әкімшілігінің ұсынысымен мерейтойлық іс-шараның сценарийін әзірлеу барысында, бір шағын естелік ойға қайта оралды.

Қызылордадағы оқу орнын бітіріп, әдебиет пәнінің мұғалімі болып келген жас маманға мектеп директоры: «Кел, жұмысқа алайын», — дейді. Бұл — жағдайды түсінгені, апасының жанынан ұзап кетпесін дегені әрі өмірден өткен көкесіне деген құрметі еді. Оның үстіне, сол сәтте мектеп дәл осы мамандық иесіне қатты зәру болып тұрған жоқ-тын.

Апасы мұны естіп: «Бұл бала да көргенін істеп отырған бала ғой», — деп қояды.

Шешім директордың қолында емес

Алайда мәселені мектеп директоры шешпейтіні белгілі болады: кадр мәселесін аудандық білім бөлімі шешеді. Ол кезде аудан шалғай ауылдарға маман жетіспегендіктен, жас кадрларды сол жақтарға жіберіп жататын. Осылайша, тамыздың ортасынан қыркүйектің басына дейін аудандық білім бөлімі мен ауылдың арасын сан мәрте жол қылып жүреді.

«Сөзіңді біреу сөйлесе…»

Бір күні аудандық білім бөлімінің маңынан мектеп директорын кездестіріп қалады. Директор: «Сені ауылға жіберген жоқ па?» — дейді. Жауап: «Жоқ, жіберген жоқ». Сонда директор: «Бастыққа кіріп, айтып көрейін бе?» — деп ұсыныс білдіреді.

«Сөзіңді біреу сөйлесе…» деген осы. Директор — туғаны да, туысы да, руласы да емес. Бірақ ол жас маманды өзіне сұрап алуға шын ықыласпен кіріседі. Жұрт оны: «Бұл да бір қасқыр жігіт қой» дейтін.

Қатаң басшының қабылдауына кірер сәт

Сол «қасқыр жігіт» бұл жолы кәдімгідей қобалжып тұрады. Қабылдау бөлмесіндегі айнаға қарап, тізесін сәл бүгіп бойын бағдарлайды, шашын реттеп, тарағын қалтасына салады. Хатшы қызға бұрылып: «Қалай, бәрі дұрыс па?» — дейді. Хатшы қыз жымиып: «Дұрыс, ағай», — деп жауап береді.

Директор дәл сол сәтте не судың тереңіне сүңгігелі тұрған, не қалың өрттің ортасына кіргелі тұрған адамдай еді. ЗавРайОНО кабинетінің жымдаса жабылған есігі суық қабақ танытып тұрғандай. Ол есікті ашып, ішке кіріп кетеді.

Жауап қатал болады:

«Маған ешкім ешкімнің шаруасымен кірмесін! Нүкте!»

Шаруасы толық шешілмесе де, сол жолы жас маман директордың өз үшін кіріп отырғанына риза болады. Қатаң мінезді басшының қабағынан өзі де сескеніп тұрса да, жас ұстазды мектепке сұрап алуға тырысқан әрекеті бүгінге дейін жылы әсер ретінде сақталған.

«Бергі беттің заврайоносы» деген ат

Бір жолы осы жолдардың авторы мектеп директорымен бірге сол кездегі №102 мектепті басқарған Шынтас Жәдиұлының кабинетінде отырғанда, Шәкең қалжың аралас былай дегені бар: «Біз, бергі беттің директорлары, Алмасты “Бергі беттің заврайоносы” деп айтамыз». Сол бейресми атағы бар директор бүгінде 63 жасқа толып, құрметті демалысқа шығып отыр.

Тілек

Ұстаздары, ұжымы, шәкірттерінің ата-аналары мерейтойда: «Мектебіңіздің нөмірі 25 екен, ендеше, демалысыңызда да 25-тегі жігіттей болып жүре беріңіз!» — деп ізгі ниетін білдіреді.

Оқу жылы табысты өтсін, жетістік алдан үздік жетсін деген ақ тілек те осы сөздің өзегінде.

Ұстаздар кеңесі — педкеңес

Ұжым өміріндегі ең салмақты жиындардың бірі — педкеңес. Онда сән-салтанаттан гөрі, мазмұн мен талап басым: уақыт тығыз болса да, жауапкершілік одан да тығыз. Тәртіп, сабаққа қатысу, ата-анамен байланыс, жұмыстың жүйесі — бәрі де сөз болады.

Өлең-жол естелік

Жиналысты басқаратын директор,

Ұстаз үшін оның аты — педкеңес.

Жиналып ұстаз, келсе уақыт ыңғайға,

Демейді, рас, жапқыш қайда, гүл қайда.

«Басталсын ба?» — деп сұрайтын педкеңес,

«Басталмасын» дейтін кім бар мұндайда?

Тәртіп керек, жарат, мейлі, жаратпа,

Неге оқушы қатыспай жүр сабаққа?

Ата-анадан сұрадың ба сол жайлы,

Соны бүгін шеш, ертеңге қаратпа.

Сендіріп айт, сөздеріңе сенбесе,

Көндіріп айт, айтқаныңа көнбесе.

Болмаса ертең шақырып кел өзіме,

Өздеріңнің әлің егер келмесе.

Дейді ұжымға: болмайды одан бағаң кем,

Өмір деген өту емес алаңмен.

Жұмыс істей білу керек әрқашан,

Тіл табыса білу керек адаммен.

Сызылса да жетістіктер сызығы,

Дей алмаймыз бар мектептен біз ұлы.

Деген сәтте тым-тырыс боп ұжымы,

Тек шыбынның естілетін ызыңы.

63 — белес, мектеп — тағдыр

Мектеп үшін шәкірт — үлкен үміт. Сол үміт жолында ұстаздар бір мақсатқа бірігеді. Ал сол ұстаздардың басшысы бүгін 63-тің асқарына шықты. Өткен істің жетістігі бар; «Үздік» атағы — соған берілген баға.

Темірбаев — ресми аты. Ал талай сыйласқан жан оны: «Алекең» деп құрметпен атайды. Шәкірт үшін білім — арман; білімнің салмағы — көп білгенде. Әр ұстазды жауынгер десек, әр директор — сол саптың сардары.

Қорытынды тілек

Әр шәкірттің болса өмірде талабы,

Мектеп соның ең алғашқы қадамы.

63-тің дәл бүгінгі тойы да —

Мектебінің тойы да екен бағалы.

Ұшырып сап талай ұл мен қызыңды,

31 жыл басқарыпты ұжымды.

63-тің асқарына шығыпты,

Артқа тастап сонша көктем, күзіңді.

Өтсін деп той шаттықты әнге бөлете,

Дейді ұжымы: келсін бақ пен береке.

Дейді тағы: «63-тегі тойыңыз

Жалғастығын таба берсін, Алеке!»