Тәуелсіздік жолында қаншама саңлақтарымыздан айырылдық

Бердіхалық Тілеу, 10-сынып

№3 орта мектеп, Іле ауданы, Жетіген ауылы

Жетекшісі: Жексетова Ә.С.

Атамекен, Атажұрт, Туған жер — ең биік құндылық

Атамекен… Атажұрт… Туған жер… Бұл — ең жоғарғы құндылықтардың, ең асыл ұғымдардың бірі. Атамекен — ата-бабаларымыз қоныс тепкен, киесі мен ізі қалған құтты мекен. Туған жер — әр адамның дүние есігін ашып, өмірге келген қасиетті топырағы.

Бұл ұғымдарды ерекше айтуымның басты себебі — Тәуелсіздік. «Атамекен» мен «Туған жер» сөздерін «тәуелсіз» деген ұғымсыз толық түсіну мүмкін емес. Тәуелсіз болу — егемен ел болу, байтақ жұрт болып еңсені тіктеу.

Тәуелсіздік — теңеулерге сыймайтын ұлы ұғым

Қыранның самғауы

Мен Тәуелсіздікті қанатын кеңге жайған қыран құсқа теңеймін: ол еркіндіктің де, биіктіктің де белгісі.

Сәйгүліктің серпіні

Оны шапса бәйге бермейтін сәйгүлік тұлпардай көремін: алға ұмтылған рух пен қайраттың көрінісі.

Терең теңіз

Тәуелсіздік — түпсіз тұңғиық теңіз секілді: мәні терең, жауапкершілігі зор, мүмкіндігі мол.

Тамыры терең алып ағаш

Ол — тамырын тереңге жайған алып ағаштай: тарихтан қуат алып, болашаққа сая болатын тірек.

Тәуелсіз ел деген екі ауыз сөздің өзі-ақ жүрекке қуат береді. Тәуелсіз болу — қиындыққа мойымай, тар жол, тайғақ кешуде сүрінбей, кеудені тік ұстап, берілмеудің нәтижесі әрі жемісі.

Желтоқсан рухы және азаттықтың бағасы

Тәуелсіздік жолында қаншама саңлақтарымыздан айырылдық. Олардың қайтпас қайсарлығының, еліне-жеріне деген сүйіспеншілігінің, келер ұрпаққа деген сенімінің арқасында қол жетпес арманға жеттік.

1986 жылғы қаһарлы Желтоқсан оқиғасы әркімнің жүрегін сыздатып, көзге еріксіз жас үйіреді. «Желтоқсан» дегенде боранды, дауылды күндерде қыршыннан қиылған жастар елестейді.

Қазақ жігіттерінің арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты мінезі, қыздарымыздың ер жігітке тән қайсарлық көрсетуі — Тәуелсіздіктің бір бастауы болды. Олардың басты мақсаты — келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі, еліміздің еңсесі биік болуы еді.

Өсиетке айналған ұстаным

Отанның намысы үшін оттан қашпа, Шын сүйсең, мақсатыңнан қия баспа. Тайсалма, бар — Отанның құрбаны бол, Өмірің орынсыз боп кетпес босқа…

Мен осындай аға-әпкелеріміздің ерлігіне мақтанамын. Олардың жасаған ерлігін құр жырлап қана қоймай, қатарлас достарыма және кейінгі буынға жеткізу — менің парызым деп білемін.

1991 жыл — киелі белес

1991 жыл — қазақ халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған, киелі жыл. Бұл — Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып жарияланған жылы. Қиын-қыстау күндер артта қалып, ел еңсесін тіктеген, азаттықтың қасиетін айқын сезінген тарихи кезең.

Бүгін аспанымыз ашық, кең байтақ жеріміз бар, көк байрағымыз желбірейді. Әсем ән мен тәтті күй, елді біріктіретін Әнұран, киелі домбыра — ұлт рухының айғағы. Еңселі ел болу үшін бұдан артық не керек?

Ел танылған кезең: даму мен бедел

Жетістік — күн санап көркейген өмір

Жылдар өте талай игі іс атқарылды: еліміз көркейіп, өркендеп келеді. Күн сайын жаңарған бүгінгі Қазақстанды кешегімен салыстыру оңай емес.

Қазақстан деген мемлекеттің әлемге танылғанының дәлелі ретінде елімізде өткен халықаралық жиындар мен ірі спорттық додаларды атауға болады. Мұндай шараларды жоғары деңгейде өткізу — тәуелсіздіктің жемісі.

Ұстаным

  • Тәуелсіздік — тек құқық емес, жауапкершілік.
  • Даму — тоқтамайтын үздіксіз еңбек.
  • Елдің күші — бірлік пен білімде.

Еліміздің әлем сахнасында бой көрсетуі, еңселі ел болуы — зор еңбектің нәтижесі. Бұл жолда ел тізгінін ұстаған тұлғалардың де үлесі айрықша екенін жоққа шығаруға болмайды.

Тарих алдындағы борыш

Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Екі-үш ғасырға созылған тар жолдың арғы жағында жоңғар шапқыншылығы, бергі жағында отарлау кезеңдерінің зобалаңы тұр. Азаттық жолында жанын шүберекке түйген талай ерлердің ерлігі ұмытылмайды, санамыздан өшпейді.

Осындай қиын да қилы тарихты бастан кешкен ата-бабаларымыздың алдында біз қарыздармыз. Сол борышты өтеудің жолы — білім алу, еңбек ету, елдің гүлденуі мен көркеюіне үлес қосу.

Ой түйін

Мемлекет өздігінен қалыптаспайды. Әр отбасы — шағын мемлекет. Сол шағын мемлекеттердің бірлігі мен ынтымағынан қуатты да тұрақты үлкен мемлекет құралады.

Жас буынға үндеу

«Тәуелсіздігім — тірегім» тақырыбында жазудағы басты мақсатым — жас буынды туған елді қастерлеп, шын сүйе білуге шақыру. Бұл тәуелсіздік өздігінен келген жоқ: алда да талай сын, талай белес бар.

Сол белестерден өту үшін ата-бабаларымыздың ерлігін естен шығармай, әрдайым алға ұмтылып, уақыттың әр сәтін бағалай білуіміз керек.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы