Көз қайда, көз

Іңірдегі үйге кіру

Іңір әлетінде «кеш жарық» деп кіріп келсең, келген үйің кешкі асын енді ғана алдына алып жатқан болса, үй иесі жоқ, ал балалардың арасындағы бас көтерері — жалғыз жас әйел ғана болса, олар да ыңғайсызданады, сен де сол үйге сыймағандай солбырап тұрасың.

Бірақ декабрь ішінің тымырсық аязы — осы үйден шықсаң-ақ шап беріп ұстайтындай. Сол себепті еріксіз аялдайсың. Жылынғаныңмен тұрмай, сын тағып кеткелі келген адамдай көзді анаған да қадайсың, мынаған да қадайсың.

Жас келіншек салманы ұрғылай түсіп: — Биыл салған үйіміз еді... Жөндейтін жері көп әлі, — дейді.

Таңырқау басталған жер

Шын таңырқау осы жерден басталады. Екі бөлмелі үй: асты-үсті тақтайлы, жинақы. Төргі бөлмеде темір керует, керует тұсында мәнерлі кілем. Көзбен бір шолып өтесің де, еріксіз қаладағы кеуде қызметкер Абалақтың пәтері елестейді.

Қаладағы Абалақтың үйі

Соғыстан шыққандай қираған бұйым, шашылған дүние. Үсті-басы дал-дұл, танауының асты нелеу, тәртіпсіз өскен балалар. Осының ортасында Абалақтың әйелі тұлданып отырады: «Қараң қалғырдың қайсы бірін жинайсың?!»

Бар бітіретіні — күнде базарға бір барып, қаланың өсегін теру ғана.

Колхозшының үйі

Ал сенің таңырқап тұрғаның — колхозшының үйі. Осы тұрмысты, мына салтанатты үйді қорашсынып отырған жас әйел — колхозшының әйелі. Бір өзінің екі жүзден аса еңбек күні бар.

Оның үстіне үйді салысқан да, қабырғадағы гүлдің нақышын көз алдына елестетіп, өз қолымен орнатқан да — осы келіншек. Бұл тұрмысты бұдан әрі көркейтем деп отыр.

Осыны ойлайсың да, Абалақты аяйсың: «Сорлы Абалақ, колхозшы да болмаған екенсің!»

Жаңа ауылдың түнгі көрінісі

Колхозшылардың тұрмысымен таныспақ болып ауыл аралап жүрсің. Көшелеп салынған жаңа ауыл. Түн қараңғысы тым қою. Қай жерде қандай үй барын жылтыраған терезелерінен ғана аңғарасың.

Әриренің мінезі өзгеше: терезеге тура барып, үңіле қарайды. Сен иығынан тартасың: «Қой мұныңды... Біреуді шошытып жүрерсің...»

Ол күліп: «Шошыған деген не? Құдайыңнан да шошымайды бұлар...» — дейді.

Тақтайы жартылай төселген үй

Әриремен тіркескендей болып тағы бір үйге кіресің. Алдыңғы бөлмесі — әлгі үйдікіндей, бірақ тақтайсыз. Төргі бөлменің жартысы ғана тақтайланған, жартысы бос. Тақтай үстінде ара, балта, мәстүрік сияқты аспаптар жатыр — жөндеуге енді кіріскені байқалады.

Керует үстінде отырған талдырмаш жас әйел әуелде мезгілсіз қыдырғандарға таңырқай қарағандай, бірақ көп ұзамай жүзіне күлкі үйіріледі: «Төрге шыға берулеріңізге болады» — дейді күлімсіреп.

Қолының астындағыны байқап қаласың: бұрын тізеге іс тігіп, кесте салынатын болса, енді кітап қойылыпты.

Әрире кітапқа жармасады: — Қандай кітап? Көрсетші?

Бұл — сауатсыздар мектебіне арнап Ғабит жазған әліппе.

— Баян қайда? — дейді Әрире.

— Саяси сабақ болады деп кетіп еді.

— Сен неге бармай отырсың мектебіңе?

— Баратын кезіміз болған жоқ...

Уақыттың тарлығы

Бұл — кешкі сағат сегіздің шамасы. Сабақтары сағат онда басталады екен. Оған дейін сабағын әзірлеп отырған әйел. Сағат 10-нан 12-ге дейін мектепте болады. Ертеңіне тура колхоз жұмысына кіріседі. Сонда бұл әйелдің бос уақыты қашан?

Терезе сыртындағы көрініс

«Сынық екеш — сынық та жұғады» деген ғой. Әриремен бірге сен де терезеден көз салдың: кең бөлме, киіз бе, текемет пе — әлденелер төселген. Керует пен үстел бұл үйден үркіп қашқандай.

Дастарқан жерге жайылған, ортада астаудай қара табақ. Үш-төрт адам отыр. Езулерінің жиылмауына қарап, «бұлар күліп отыр-ау» дейсің. Бәрінің көзі — төрде отырған қауқиған сақалды қара кісіде.

Ол жалаңбас бас мүжіп отыр. Баржиған саусағы бастың ұңғыр-шұңқырын қазып, әлсін-әлі аузына апарады. Аузына апара жатып сақалын да сипап өтеді. Сақалының дамылсыз шошаңдауына қарап, «ұзақ сонар әңгімені бастап отыр-ау» дейсің.

Әрире тістене: — Оңбағыр шіркін! — дейді.

— Кімді? — Ана сақалдыны. Барып тұрған жалқау. Кертартпа кесір.

Сауатсыздар мектебі

Қыдырып жүріп мектеп үйіне де кезігесің. Сайманы түгел: қабырғаның бос жері жоқ. Көсемдердің суреті, Қазақстан картасы, қабырға газеті — тағы-тағы. Бірақ қалай болса солай аралас ілінгенінен оқытушылардың салақтығы сезіледі. Әсіресе қабырға газетінің мазмұны да, жазуы да тым сауатсыз көрінгенде осы ой нығая түседі.

Бір партаны айнала төрт-бес әйел отыр: біреулері жазумен, біреулері есеппен әуре. Ішінде жасы едәуірге келген кексе әйелдер де бар. Ерініп-есінеп, ұйқы қысып отырған ешкім жоқ. Бұл — ынтамен кіріскеннің, білімге құмартқанның белгісі.

47 жастағы әліппе

Арық мәстек пішінді біреу көзін ежірейтіп, сұқ қолымен әліппенің бір бетін түртіп отыр. Қабағы түйілген — бар ынтасымен жанталасып отырғаны.

Үңілсең, «орынсыз» деген сөздің алғашқы буыны бармақпен кемулі.

— Бұған неге өшіктіңіз? Сөздің жазығы не? — десең, ол бажырайып: — Қоса алмай отырмын ғой, басын... — дейді.

— Өзіңіз «орынсыз» екен дейсің, күліп.

Ол күрсініп: — Қырық жетіге келгенде әліппе оқысам, қайдан «орынды» болсын... — дейді.

— Бұрын неге оқымадыңыз? — Құнт қылмадым.

— Енді ше? — Енді... шынын айтсам, ұялғаннан оқып отырмын. Бәрі хат танып алды, жалғыз мен қалам ба?

Бұл сөздің риясыздығын әлгі кісінің түрі-ақ айтып тұр.

Мұғалімдер үйі: күткен үлгі, көрген күй

Мектеппен көрші үйде мұғалімдер тұрады. Ауыл өміріндегі мәдениетті тұрмыс үлгісін мұғалімдерден іздейтін әдет бар: сол үйге кіресің. Үйінің салыну жоспары колхозшылардікімен бір, асты-үстінің тақтайы да сондай. Өзгеріс басқа жақта екен.

Босағаға орнатылған қазан-пеш

Кіреберіс босағаның тақтайы алынып, орнына қазан-пеш орнатылыпты. Үй болған соң қазан-пеш керек-ақ. Бірақ дәл босағаға орналастыруы да біртүрлі. Қазанның бетінде кірлі қара қақпақ, үсті бұрқыраған бу.

Көзің сәл ауған сәтте қазанның ернеуіне тиіп созылған адамның аяғын көресің. Қазан ернеуі мен тақтай үстіне көсілген аяқ — «үстінің тегістігі» жағынан бір деңгейде екен.

Басыңды көтерсең, үрген қарындай қампиған, бет-әлпеті шарасына зорға сыйғандай бір бейне көрінеді. Не айтарыңды білмей: — Но... бет екен! — дейсің.

Анықтап қарасаң, бұл беттің «озбырлығы» да бар: мұрын қайда, көз қайда — бәрі сол бетке шөккендей, белгісі тым аз секілденеді.

— Мұғалімнің әйелі сіз боласыз ба? — десең, көмекейден шыққан дауыс: — Біз боламыз... — деп күбірлейді.

Жасы жиырма-жиырма бестің шамасында. Дене бітімі — икемсіз тоңмойындықтың ұясы сияқты. Тәуір киімге құмарлығы бар, бірақ сол киімді жарастырып киюі бөлек әңгіме.

Әрире соның маңына үйіріліп, сөйлетіп жүріп, ақыры күлдіріп тындырады.

Тұрмыстың жұпыны шегі

Төргі бөлменің төрінде арық мәстектей арбиған жалғыз үстел. Жас бала жігіт терлеп-тепшіп жазумен шұғылдануда. Үстел үсті — тәртіпсіз үйілген кітап: кейбірінің түбі қопарылған, қабы жыртылған.

Үй ішіне көз жүгіртесің де, «Мен осы қайда келдім?» деп қаласың. Жұпынылықтың шегіне жеткен тіршілік: төр жақта аяққа оралып бірер құрым киіз жатыр. Тамақты жерге отырып ішетіндері анық — жерден басқа ішетін орын жоқ.

Әлгі жас жігіт — мектеп мұғалімдерінің бірі екен. Сөйлескің келеді, бірақ ол жазудан бас көтермей, жауапқа сараң. Мүмкін, тығыз жұмысы бар шығар.

Бір сөзінде: — Жақында спектакль қоймақшымыз, — дейді.

— Қандай пьеса? — «Тартыс».

— Авторы кім? Мұғалім күмілжіп: — Авторының кім екенін анық білмеймін... — дейді.

Мемлекеттік театрдың өзі «күшіміз жетпейді» деп сахнаға шығара алмаған пьесаны колхоз жастары ойнауға талаптанса — бұл ерлік. Бірақ жетекшісі авторын да білмесе, көңілге күдік ұялайды. Ал ауылдағы мәдениет үлгісі болуы тиіс мұғалімнің үй тұрмысы тіпті қарныңды ашырады.

Әрире әлгі әйелден сұрайды: — Хат танисың ба?

— Жоқ.

— Сауатсыздар мектебіне неге бармайсың?

Әйелі қысқа қайырады: — Қайтейін оны...

Бұл үйден тым көңілсіз шығасың. Әриренің өмірге бір күрсінгені осы жерде болады: «Шіркін... не көрінді екен? Оқытушылардың атына кір келтіретін қылық қой мынасы» — дейді.

Түйін: екінің бірі

Әрире кенет тоқтап: — Жоқ! Ауыл мұғалімінің бәрі осындай десек, қатты қателесеміз. Тамаша мұғалімдеріміз бар. Мынау — ескінің көзі болып қалған «азғын», архивке беру керек өзін! — дейді күліп.

Сөзінің жаны бар: өмір екпініне ере алмағандар аяққа оралғыдан басқа не бітіреді?

Бірақ тағы бір ой мазалайды: колхоздың бүгінгі жеткені — тасқындаған дария. Біреу сол дарияның бетінде сал секілді ілесіп, сеңдей сапырылып ағысқа ереді. Біреу қақтығып шетке шығып, шіріп, тозып, жоғалады. Екінің бірі.

Мұғалім атаулының бәрі осындай екен деп ойлай көрмеңдер. Мына шырақ өзімен кетсін.