Менің Алмаш мұғалімім
Жақанова Ғалия, 1-сынып
Ә. Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ КММ, Қарағанды қаласы
Жетекшісі: Жұманбаева А.А.
Отан және мемлекеттік рәміздер
Әрбір адам өз Отанын, елін, жерін мақтан тұтады. Мен де өз Отанымды сүйемін және құрметтеймін. Әрбір тәуелсіз мемлекетті басқа мемлекеттерден айырып тұратын ерекше белгілері болады. Ол белгілерді біз мемлекеттік рәміздер деп атаймыз. Рәміздер әрбір азаматқа өз елінің бірлігі мен тұтастығын сезінуге көмектеседі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
-
Ту
Бейбітшілік пен биіктіктің нышаны
-
Елтаңба
Ортақ үй мен бірліктің белгісі
-
Әнұран
Ел рухын көтеретін салтанатты ән
1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз еліміздің Туын және Елтаңбасын бекітті. Мен өз елімнің мемлекеттік рәміздерін құрметтеймін. Рәміздерді сыйламау — өз еліңді, халқыңды, тіпті өзіңді сыйламаумен тең.
Ту: көк аспан, күн және қыран
Көгілдір түс нені білдіреді?
Қазақстанның мемлекеттік Туы — тікбұрышты, көгілдір түсті. Көгілдір түс — ашық аспанның, бейбітшілік пен тыныштықтың белгісі.
Күн мен қыранның мәні
Тудың ортасында сәулесін төккен күн және қыран құс бейнеленген. Күн — өмірдің белгісі: оның жылуы жер бетіндегі тіршілікке ортақ. Бұл — көпұлтты еліміздің ешкімді бөлмей, баршаны бір ортаға біріктіретін тұтастығын меңзейді.
Қазақ халқы қыранды ерте заманнан киелі құс деп білген. Қыранның Туда орын алуы — еліміз қырандай әрдайым биікте болсын деген ақ тілектің нышаны. Ту ұлттық ою-өрнекпен безендірілген. Ертеде ою-өрнек жаман күштен қорғайды деп есептелген.
Мен еліміздің көк аспанында нұрын шашқан күн астында шарықтаған қыран құстай, бірлігіміз бен тыныштығымызды ешбір жаман күш бұзбасын, мемлекетіміз әрдайым биіктен көрінсін деп тілеймін.
Елтаңба: ортақ шаңырақ және қорған
Кез келген мемлекеттің өз таңбасы болады. Қазақстан Республикасының Елтаңбасы — дөңгелек пішінді, негізгі бөлігі алтын түстес. Оның ортасында күн сәулесіндей әсер беретін шаңырақ бейнеленген.
Шаңырақ
Бабаларымыз шаңырақты ерекше құрметтеген. Бұл бейне Қазақстанда тұратын барлық халықтың Отаны бір, үйі бір екенін білдіреді.
Уықтар
Шаңырақты күн сәулесіндей тараған уықтардың ұстап тұруы — еліміздегі бірліктің символы.
Қанатты аттар мен жұлдыз
Екі жақтағы қанатты аттар — ер азаматтың адал серігі әрі халқымыздың мықтылығын танытады. Жоғарғы жұлдыз — мемлекетіміздің жұлдызы жарық болсын деген тілек.
Елтаңбадағы қанатты аттар ортақ шаңырағымызды екі жағынан қоршап, сыртқы жаман күштен қорғайтын әсер қалдырады. Бұл — елдің қорғаны, берекенің белгісі.
Әнұран: ел рухын көтеретін салтанат
2006 жылдың қаңтар айында Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні (сөзі: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев) Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны болып бекітілді.
Әнұран туралы естелік
Анам маған бұл ән Әнұран болмай тұрған кезде де халыққа өте сүйікті болғанын айтқан. Оны орындағанда адамның көзінен Отанға деген ыстық сезім байқалатын. Қазір бұл әнді барлығы біледі, сүйіп тыңдайды және сүйіп орындайды.
Мемлекеттік Әнұран — салтанатты ән. Оның сөздері өткен тарихымызды, бүгінгі өмірімізді, келешек арманымызды сипаттайды. Әнұранның мәтінін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін білуге міндетті.
Құрмет көрсету тәртібі
Әнұран орындалғанда біз оң қолымызды жүрегімізге қойып тұрып айтамыз немесе тұрып тыңдаймыз. Бұл — жүрек түбінен шыққан құрметтің белгісі.
Салтанатты сәттер
Кез келген салтанатты жиын Әнұранмен ашылады. Спортшыларымыз жеңіске жеткенде көк Туымыз биікте желбіреп, Әнұранымыз шырқалады.
Сондықтан да еліміздің аты әлемге кең танылып, Туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз асқақ шырқалатын күндер көп болсын деп тілеймін. Мектебімізде де Әнұран алғашқы қоңырауда, соңғы қоңырауда және басқа да жиындарда орындалады.
Менің алғашқы таныстығым және ой түйінім
Мемлекеттік рәміздермен мен алғаш рет балабақшада таныстым. Сол кезде тәрбиешілеріміз рәміздерді сыйлау керектігін түсіндіріп, Әнұранды жаттатты. Кейін сүйікті ұстаздарым — Райхан мұғалім мен Алмаш мұғалім — рәміздер туралы көп әңгіме айтып, әрбір бөлшектің мәні мен мағынасын түсіндірді.
Алмаш мұғалімім үнемі: «Сендер Қазақстанның болашағысыңдар. Сондықтан туған елдеріңді, рәміздеріңді және елбасынды қазірден бастап сыйлаңдар» — деп айтып отырады.
Егер елімізде тыныштық орнап, көк Туымыз биікте желбіреп, Елтаңбамыз әлемге танылып, Әнұранымыз асқақ шырқалса, келешегіміз де жарқын әрі ұзақ болады деп ойлаймын.
Тілек
Қазақ елінің, Қазақстанымның мәртебесі биік, ғұмыры ұзақ болсын. Мемлекеттік рәміздерімізге деген құрмет арта берсін!
Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы