Демалыс күн
Жаздың басындағы бір күн
Жаздың басы еді. Күн аптап. Демалыс күні. Таудағы дачада түске дейін күрек ұстап жұмыс істедім де, жуынып-шайыну үшін төменге, өзен бойына түстім.
Жер қазып, еңбек еткен адамның кейпі белгілі: аяғымда тарпылдаған кирза етік, үстімде жұмысқа арналған былғаныш ескі шалбар. Кеудем әдейі күнге күю үшін тыр жалаңаш. Ал басымда бір кездегі әдемі пішінінен түк қалмаған, сап-сары болып қаңсыған сабан қалпақ. Бас-көзім шаң-топырақ, бетімде де, жалаңаш денемде де тердің қап-қара тарам-тарам ізі қалыпты.
Бір қолымда қаңғырлаған бес шелек, екінші қолымда сабын. Ысқырып, өлең айтып, ағашы қалың жердің арасымен өзен жаққа сопаңдап шыға келдім.
Өзен бойындағы ашық алаң
Әлгі тұс — кішкене ғана ашық алаң. Бауырларын күнге қыздырып жайылып жатқан қойтастар жатыр. Сол тастардың бірінің үстінде дәл алдымда басындағы орамалын қолына алып, бетін желпіп отырған бір әйел көзіме түсті. Өзі-өзінен ентігіп қалғандай.
Көздері бақырайған, жақ сүйектері шығыңқы, екі беті солыңқы бұл әйелді бір жерден танитын секілдімін. Бірақ кім екенін бірден шығара алмадым. Сонда да кідіріп: — Есенсіз бе? — деп сәлем бердім.
Әйел ернін болар-болмас жыбыр еткізді де, маған адам көргендей емес, жабайы аң көргендей тікірейе қарап қалды.
— Иә, жеңгей, бұл жақта қайдан жүрсіз?
— Жүрмін, — деді де, мені бас-аяғымнан шолып өтті.
Кілт үзілмеген сарнау
Содан соң автоматша атылып, сарнап сөйлеп жөнелді: — О, қалыптарын құрсын. Күндерің құрысын, бүйтіп көрген. Бұл не сор, не азап? Не күн туды бастарыңа!..
Ал мен алғашында не болғанын түсінбей, тосылып қалдым. Қалшиып тұрып тыңдай бердім.
Ол тоқтар емес: — Дача деген рақат екен десем... Жол дейтін жолы жоқ. Әлгінде автобустың ішінде жұрт сығып, өлтіріп қоя жаздады. Дача деп, байимыз деп жүргендерің осы ма? — деп, ызғарлы сөзін үдете түсті.
Сірә, зығырданы қайнап, кімге тиісерін білмей отырған. Құдай сол кезде мені айдап әкелгендей. Менің жай ғана жүз таныс адам екенім маңызды болмады: уытты тілін маған төге салды.
Сол сәтте әйелдің кім екені сап етіп есіме түсті. Омекеңнің жұбайы ғой. Бұрын бір рет үйінде де болғанмын. Омекең облыстық мекемелердің бірінде ірірек қызмет атқаратын. Биыл анау дөңнің үстінен дача салуға жер алыпты. Көктемде азын-аулақ ағаш отырғызып, анда-санда келіп, шұқылап еңбек еткен болып жүретін. Көшеде де бірнеше рет көріп, амандасып өтетінмін.
«Дача» туралы түсінік
Әйел сарнауын жалғады: — Не басында көлеңкелеп отыратын үйі жоқ, не қасында суы жоқ. Қу тақыр. Жарты сағат отырдым — төбемді күн тесіп жіберердей. Еңіске түсем деп қурайға шөлкемді жыртқыздым... құрсын, құрсын!
Сонда оның көкезу, орынсыз сөйлейтін адам екенін анық аңғардым. Дегенмен дача туралы бәтуасыз, ғайбат сөзіне өзімше тойтарыс бергім келді: — Жеңгей, сіз дачаны мүлдем басқаша түсінеді екенсіз. Дача — байлық табатын орын емес. Үйді де, жолды да өздеріңіз жасамасаңыз, біреу келіп жасап бере ме?
Бірақ ол тыңдауға ниетті емес еді. Сөз де бермеді. Сөйлеген сайын бетінің бұлшық еттері жыбырлап кетеді екен.
Тағы да мені шолып өтіп: — Мына түріңе қарашы. Сұмдық! Не басыңа күн туды? Неден қысылдың соншалық? Жазушы деп сені кім айтады? — деп қадала түсті.
— Әй, жеңгей, осындай демалыста бір күн келіп, таза ауада еңбек етіп...
Ол сөзімді қақ бөліп: — Немене, қаланың ауасын біреу улап қойып па? Таза ауа іздесең, одан да алысқа кет. Ілеге барып балық аула. Курортқа бар. Тұқымы құрсын бүйткен дачаның... — деп қайтадан өрши түсті.
Такси және тыныштық
Абырой болғанда, дәл сол кезде төмен қарай бос кетіп бара жатқан бір такси қасымызға таяп қалды. Оны көрген сарнауық жеңгей қолын шошаң еткізіп, орнынан ұшып тұрды: — Такси! Такси!
Машина кілт тоқтады. Әйел жіңішке, қисық аяқтарымен судың ішіндегі қойтастардың бірінен біріне қорына-қалт-құлт секіріп өтіп, артқы орындыққа отырып, зулап кете барды.
Мен оның соңынан біраз қарап тұрдым да, ойыма Омекең түсті.
Омекең туралы ой
Омекең — аз сөзді, тұйық адам. Үнемі іші ауырғандай қабағы кірбиіп, бетіндегі әжімін қолдан көбейткендей тыжырынып жүретін. Учаске алғалы бір-екі рет кездескенімде: «Бас ауруым, гипертониям бар еді. Осы жұмыспен шұғылданғалы өзімді тәуір сезінемін», — деген болатын.
Бірақ дәл осы күннен кейін Омекең дачаға келмейтін болды. Көрінуді қойды. Сірә, сарнауық жеңгей оған дача жайлы «мықтап лекция» оқыса керек.
Отырғызған ағаштары суғарылмай, күтім көрмей қурап қалды. Жерін арамшөп пен қурай басып кетті. Шалдың азын-аулақ сіңірген еңбегі зая болды.