Қазақстан халқының бірлігі күні

Сабақтың тақырыбы

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні.

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың бірлік пен ынтымақтастық туралы түсініктерін кеңейту, көпұлтты халқымыздың тыныштығы мен татулығын нығайтуға үлес қосатын азамат етіп тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Суреттер мен ұрандар
  • Жер шарының макеті
  • Қима көгершіндер
  • Гүлдер

Сабақтың барысы

Тәрбие сағаты Қазақстан халқының бірлігіне арналады. «Өз елім» әні үнтаспадан орындалып тұрады. Оқушылар түрлі ұлттардың киімдерін киіп, қолдарына гүл ұстайды.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Бірлік пен ынтымағы халықтың,
Көгімізде жарқыраған жарық күн.
Ырыс, дәулет, бақыты үшін халқымның,
Жайнай берсін, жайнай берсін алтын күн!

Осы шумақпен Қазақстан халқының бірлігіне арналған тәрбие сағаты басталады.

Оқушылардың өлең-жырлары

1-оқушы

Жан біткендей жас тауға,
Шуақ ойнап арайлы.
Күн күлімдеп аспанда,
Мамыр әні тарайды.

2-оқушы

Мамыр қандай, шіркін-ай, мамыр қандай!
Айнала жасыл кілем жамылғандай.
Алатауым басына ақ шәлі орап,
Мойнына гүлден алқа тағынғандай.

3-оқушы

Мамыр қандай, шіркін-ай, құлпырады,
Күй толқып, көңіліңе жыр тұнады.
Жыл еркесі — гүл мамыр, сұлу мамыр,
Секілді адамзаттың ынтымағы.

4-оқушы

Мамыр келсе халқымыз,
Мерекені тойлайды.

Хормен

Бейбітшілік, еңбек, мамыр жасасын!

Би

«Туған ел».

Бірлік туралы ойлар

5-оқушы

Болсын жер мен су да ортақ,
Болсын біздің ту да ортақ.
Ақпыз, қара, сарымыз —
Ағайынбыз бәріміз.

6-оқушы

Бұл мереке бұрын бүкіләлемдік Еңбекшілер күні ретінде тойланған. Қазір ол дүниежүзілік ынтымақтастық күні ретінде бағаланады.

7-оқушы

Сары, ақпыз, қарамыз —
Бәріміз де баламыз.
Бір Отанды сүйеміз,
Бір мектепке барамыз.

8-оқушы

Алтай, Кавказ ұласып,
Баурайы бұйрат кең жатыр.
Бақыттың әні асқақтап,
Құлаққа даусы кеп жатыр.

9-оқушы

Қырғыз, қазақ, өзбектер,
Моңғол, ұйғыр, дүнгендер.
Армян, тәжік, грузин,
Орыс пен украин —
Терезесі тең жатыр.

Ән

«Дос болайық бәріміз».

10-оқушы

Енді бүгін қарасам,
Айналам бақыт кең жатыр.
Бір-бірімен туысқан,
Қол ұстасқан ел жатыр.

11-оқушы

Достығымыз жарасқан,
Ақпыз, қара, сарымыз.
Қара жер мен көк аспан —
Ортақ дала, тауымыз.

12-оқушы: Негізгі ой

Бірлік — халықтың салты. Халқымыздың бірлік дәстүрі отбасынан басталып, бүкіл елдің және барша адамзаттың татулығына ұласады.

Көрініс

«Бірлік».

Сұрақ-жауап: Тыныштықтың мәні

13-оқушы: Балалар, мен сендерге бір сұрақ қойғым келеді: бұл әлемде адамзат баласына ең қажетті нәрсе не?

14-оқушы: Дүниежүзінде бәріміз жақсы көретін ең қымбат құндылық — тыныштық пен бірлік.

15-оқушы: Ал тыныштық деген сөздің мәнін білесіңдер ме?

16-оқушы: Дүниежүзінде соғыс болмаса — сол тыныштық.

17-оқушы

Бейбіт күн — тыныштық,
Біз үшін тым ыстық.
Ырыс-құт тұтқасы —
Ынтымақ, туыстық.

18-оқушы

Бейбітшілік құсы — ақ көгершін,
Биік ұшып самғасын.
Тілегімді жерге жайсын,
Қанаттары талмасын.

Ән

«Ақ көгершін».

Бейбітшілікке үндеу

19-оқушы

Сәбилер зәресін бұлт алмасын,
Гүл бәйшешек еш уақытта солмасын.
Ақ көгершін аспанымда қалықтап,
Барлық халық бейбіт күнді қолдасын.

20-оқушы

Барлық елдердің балаларын ынтымаққа, татулыққа шақырамыз.

21-оқушы

Әй, әлемнің әділ жанды балалары,
Әкелер мен аталарға айтайық!

Хормен

Ажал оғын атпасын, тыныштықты сақтасын!

Хор

Әрқашан күн сөнбесін!