Ырза болсын балалар

«Бар мейіріміміз — балаларға»

№100 мектеп-интернат жанынан ашылған «Айгөлек» күндізгі тынығу лагерінің ашылу салтанатына қош келдіңіздер! Бүгінгі ертеңгілігіміз 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне арналады.

Бақшаға біз гүл ексек — балдырғаным, сен үшін,
Бақытыңды жыр етсек — балдырғаным, сен үшін.
Жігіт болар күні ертең — гүл еркем,
Бақытты бол, өсе бер — құтты болсын мерекең!

Құрметті ұстаздар, қадірлі ата-аналар және оқушылар! Бүгінгі мерекеміз — балаларға деген қамқорлықтың, мейірім мен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Мерекенің мәні

Балаларды қорғау — әрбір сәбидің тыныштығын сақтау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз. Балаларымыз бұлтсыз күндей бейбіт өмір сүріп, жүректеріне қайғы-мұң ұяламаса екен!

Әнұраннан жолдар

Арманы бір, үні бір,
Аға ардақты, іні — гүл.
Бақыт туын көтерген —
Балалардың күні бұл.

Балалар, бүгін — сендердің мерекелерің!
Қандай күн? 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні.

Құттықтау сөздер

Мектеп директоры

Құттықтау сөз кезегі мектеп директоры Мәмбетов Әлішер ағайға беріледі.

Лагерь жетекшісі

Келесі сөз «Айгөлек» тынығу лагерінің жетекшісі Пшанова Айгүл апайға беріледі.

Қабыл алшы өнерлерін баланың,
Тілектері орындалсын ананың.
Кешегі өткен бабалардың жырын төгіп,
Өздеріңсің жалғастырар дананың.

Біз өнерсіз баламыз ба?! Көрсін аға-апалар, көрсін папа мен мамамыз да — риза болсын балалар!

Өнер бағдарламасы

Хор

«Лагерь жыры»

Әдеби-музыкалық монтаж

Ән көмейден төгілді — қайғы бұлты шегінді.
Балалармен дүние — көрікті де көңілді.

Ән

«Бал бала» — Нұрберді Олжас орындауында.

Ән

«Анашым» — Сәдір Аманбек орындауында.

Би

«Қара жорға» — бір топ бишілер.

Ән

«Қызыл гүлім-ай» — Абылай Ақжол орындауында.

Би

«Өзбек биі» — Асқар, Перизат.

Ән

«Сыныптастар, құрдастар» — 4-сынып оқушылары.

Ән

«Жаса, Қазақстан» — Абылай Ақжол орындауында.

Спорттық би

Бір топ бишілердің орындауында.

Денсаулық — ол күлуің, көңіл күйің жадырай;
Денсаулық — ол жүруің, ешбір жерің ауырмай.

Ән

«Ақ мамам» — Альбина, Сәнім орындауында.

Әнші болғым келеді бұлбұлдайын,
Әміредей болуды армандаймын.
Қанатымды қондырып ұшқан кезде,
Арманыма жақындап қалғандаймын.

Би

«Ламбада» — бір топ бишілер.

Достарымыз бар қуанып, тамашалар кештерде,
Талшыбықтай бұралып, биші боламыз өскенде.

Өнерлі өрге жүзер талаптанып,
Қыран биік самғайды қанат қағып.
Адам үшін парызымыз — өнер іздеу,
Жүрген соң «адам» деген атақ алып.

Талайлардың шырқалады жыр-әні, талайлардың жүрегі нұр құшады. Бүгінгі күн туған жер аспанында ән қалықтап, күй мен жыр бірге ұшады.

Қорытынды бөлім

Қорытынды сөз

«Бар мейіріміміз — балаларға» атты ертеңгілігімізді қорытындылау үшін сөз кезегі мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Б. Карчалова апайға беріледі.

Ақ бата

Тәрбиеленушілердің әжесі балаларға арнап ақ батасын берді:

Жүздеріңнен көрем шаттық арайын,
Осылай болсын әрбір күнің, әр айың.
Қадамдарың сәтті болсын, балалар,
Тілектерің қабыл болсын, ағайын!

Қымбатты балалар! Мерекелерің құтты болсын! Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның нағыз азаматы болуға жетелесін. Бар мейіріміміз — балаларға!