Менің берген жауабымның аясы тар екендігін ішім сезді

Көрмеден кейінгі әсер

Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сәуірдің 24-і күні ашылған «Сезіну тәсілі» атты фотокөрмеден алған әсерім ерекше болды. Бұл — Кино және ТВ факультетінің 2-курс студенттері ұсынған жұмыстардың топтамасы.

Сол көрмеде 2-курс студенті Моисеева Камиланың «Қолдар тіл қатады» атты фотосуреттер сериясы мені айрықша толқытты. Жүрегі нәзік, жас автордың қолмен ғана сөйлеткен кең тақырыптарын көріп, бейжай қалу өнерден алыс адамға да қиын болар. Дегенмен, әр көрермен шығарманы өз деңгейінде қабылдайтынын ескерсем, автордың өз ойын тікелей есту мен үшін маңызды еді. Сол себепті Камилаға бірнеше сұрақ қойдым. Жауабы да салмақты, ойлы шықты.

Моисеева Камила: автордың сөзі

«Бірде менен: “Неге фотокөрмең қолдар тақырыбына арналған?” — деп сұрады. Мен ойланбастан: “Бұл — жаныма жақын дене мүшесі”, — деп жауап бердім. Бірақ жауабымның аясы тар екенін іштей сездім. Егер толықтыратын болсам, айтарым көп.

Қол — адам өмірінің айнымас бөлшегі. Ол саздан құмыра жасап, сол әдемі құмыраны майда бөлшектерге де быт-шыт қыла алады. Демек, жақсыны да, жаманды да өз қолымызбен іске асырамыз — бәрі пиғылға байланысты.

Зағиптар үшін қол — көз, мылқаулар үшін қол — тіл. Көзді “адам жанының айнасы” десек, қол да адам туралы көп ақпарат береді.

Бұл фотокөрмеде қолдар “тіл қатады”. Олар — менің басты кейіпкерлерім. Мен актерлерге қоятын талапты қолдарға қойдым. Есесіне, олар маған дүниетанымымда, санамда сақталған образдар мен қиялымды жеткізуге көмектесті.

Сондай-ақ, “әркімнің бақыты — өз қолында”, “болашақты бүгін жасаймыз” деген ұстанымды фотосуреттерде сөйлеткім келді. Себебі мен бұған кәміл сенемін. Ал сіз?..»

Ой толғау: қол — таңба, тағдыр, тәртіп

Он сегіз мың әлемді жаратқан Алла тағаланың саналы құлы — адамзаттың тіршіліктік қағидалары ұқсас болғанымен, саусақ таңбалары ешқашан қайталанбайды. Тіпті саусақ терісін қанша рет сыдырса да, қайта қалпына келгенде бұрынғы саусақ ізі мен алақан сызықтары өзгеріссіз сақталатыны айтылады.

Сондықтан алақан мен саусақ таңбасын адамның бірегей коды деп танып, әлемде қылмыскерлерді анықтауда осы белгі кеңінен қолданылады.

Ежелгі тастарға қашалған қол таңбалары да бізге көне замандардың үнін жеткізеді. Ерте дәуір адамдары XIX ғасырда ғана ғылым нақтылай бастаған кейбір сырларды қайдан білген деген ойға еріксіз қаласың.

Алақандағы сызықтар мен айрықша белгілерді зерттейтін хиромантия да осы түсініктермен сабақтас. Көше кезіп, алақан сипап жүрген сыған жұртының да тұрмысында бұл дағды кәсіпке айналғанын аңғарамыз.

Қол пішіні мен адамның өмірі

Адам қолының пішіні оның шығу тегі, атқаратын еңбегі, әлеуметтік жағдайы мен қызығушылығынан да хабар береді. Жылы жерде өсіп-өніп, ауыр жұмыс істемеген жұмсақ қол мен жер тырмалап, суық судан қол үзбеген еңбектің қолын айыру қиын емес.

Кішкентай баланың ұзын саусақтарына қарап, “мына бала музыкант болады”, “мүсінші болады”, “спортшы болады” деп болжам жасайтын сәттерді күнделікті өмірден де кездестіреміз.

Гигиена және дәстүр

Медицинада қол ең лас дене мүшелерінің бірі ретінде аталады. Дәрігерлер балалар арасындағы аурулардың бір бөлігі ауа арқылы жұқса, қалған бөлігі көбіне қол арқылы тарайтынын ескертеді. Мұның себебін есі кіре қоймаған балалар үшін қарапайым гигиенаны тұрақты сақтау қиын болуымен түсіндіреді.

Дініміз бен салтымызда да қол жууға ерекше мән берілген: киіз үйдің кіреберісіне құмған мен шылапшын қою үрдісі соның айғағы.

Дәрет алуда қолды шынтаққа дейін жуу тәртібі, реті мен санының сақталуы — тазалықтың ғана емес, тәртіптің де белгісі. Дұға-тілек айтқанда бет сипау, Құран оқығанда алақан жаю, намаздағы қол қимылдарының өзі — терең мағынаға толы бөлек әңгіме. Бұл жөніндегі пікірлер мен сөзталастар да аз емес.

Әсел Сәлім