Пристав іздірәсти
Қарқарадағы айып және алғашқы қамау
Жаңылмасам, шілденің 10-ы күні Қарқарада ақжелке пристав Подборков Албанның ел ішіндегі бірқатар адамдарын алдына шақырды. Барлығымыз шамамен жиырма шақты едік.
Приставтың айтқаны: Қарқара жәрмеңкесінен сарт-ноғайдан, саудагерден елуге жуық қара мал жоғалыпты. «Бәрін ұрлап жатқан — қазақ. Болыс-болысқа бөліп алып төлейсіңдер», — деді.
Біз бұған келіспедік: «Қарқара қазақ жері болғанымен, қазынаға қарайды, бәрімізге ортақ. Төлемейміз», — дедік. Сөз керісуге ұласты. Пристав тақтай тепкілеп, ашуланса да, біз қасарысып отырып алдық.
Ақырында пристав «бастығын» деп Жәмеңке мен Ұзақты атап, жиырма бір кісіні абақтыға қамады. Айналасындағылар: «Түбі осы малды төлемесеңдер, өлтіруге дейін барады», — деп үрей туғызды.
Қорқыныш пен қысымның нәтижесінде біз «төлейміз» деп уәде беріп босап, Албаннан 30 000 теңге жинап өткіздік.
Ақшаны алғаннан кейін де тыныштық болмады. Албан екі учаскеге қарайтын: тараншылармен қосып тоғыз болыс елді Қалжат приставы, бес болыс елді Нарынқол приставы сұрайтын.
«Жігіт беру» туралы қысым және аттың тартып алынуы
Нарынқол приставы бізді Қырғызсай қаласына «жігіт алуға» байланысты жауапқа шақырды. «Кісі бересіңдер ме, жоқ па?» — деп төтесінен сұрады.
Біз мұндай ауыр мәселені жеке отырып шеше алмайтынымызды айтып, көппен ақылдасуға уақыт сұрадық. Пристав бірнеше күн мәулет беріп, Алматыдағы жандаралға хабарлайтынын айтты. Сол жерде «соғыс пайдасына жәрдем» деген сылтаумен тағы да 1000 сом жинап бердік.
Сол күндері астымда жайлауда семірген оқтаудай торы атым бар еді. Қырғызсайдағы жиналыстан кейін Қарқараға келіп, бір ағайынның үйіне түстім. Атыма бір баланы мінгізіп, тігіншіде тігіліп жатқан етігімді әкеле ғой деп жібердім.
Екінді намазын оқып отырғанда әлгі бала келіп: «Атты орыс алып қойды», — деді. Орыстар солдат әкеліп, дайындалып қойған екен. Пристав қорасында отыз шамалы солдат жүр. Кравченков деген біреу келіп, талай қазақтың атын қашаға кіргізіп, байлап тастапты.
Менің атымды бір стражник мініп келе жатты. Жанына бір қазақ жасауыл еріпті. Мен: «Ай, бері кел!» — деп дауыстадым. Олар пристав үйіне таман беттеп барады.
Үй жанында тұрған бір құнанға міне сала, атқа қарай ұмтылдым да, торымның шаужайына жармастым: «Түс, аттан! Атымды мінгізбеймін!» — дедім. Орыс: «Мінемін», — деді. Мен: «Мінбейсің», — деп қайттым.
Қазақ жасауыл «шатақ шығады, атты қоя беріңіз» деп сабырға шақырды. Бірақ мен тоқтамадым. Стражник омыраулата бергенде, жуан қамшыммен екі тартып жібердім — ол аттан ұшып түсіп, жер құшты.
Қорадағы солдаттың бәрі жүгіріп келіп, мені жабылып ұрып-соғып, Кравченковқа сүйреп әкелді. Бұрын таныс приставқа: «Мына адамдарың атымды алып, әуре қылды», — деп айтқаныммен, ол жақтырмай, солдаттарға бірдеңе деп күбірледі де, мені қараңғы үйге тығып жіберді.
Жасырын бұйрық және Қарақолға айдалу
Таңға жақын үстіме Албанның бас көтерер адамдарын — Ұзақ пен Жәмеңкені бастап, тағы бірнеше кісіні айдап әкеліп қосты. Бұларды да ауылынан әдейі солдат жіберіп ұстапты.
Сол кезде әңгіменің мәні ашыла бастады: елдің «бала бермейміз» дегенін естіп, шекараға жақын қазақтардан бүлік шығады деп қауіптенген Жетісудағы жандарал алдын ала жасырын бұйрық беріпті. Қарқараға бір рота әскер жіберіліп, қалаларға мылтық таратылған. Дайындық толық болған соң, ел ішіндегі басты адамдарды қамау туралы қаулы шыққан.
Шалкөде маңындағы жиын күдік туғызып, пристав бізді әдейі ұстатып отыр екен. Бізге кісі жолатпады, қарауылды күшейтті. Ел «тартып аламыз» деп жиналып келіп, біраз адам өліп, кейін қайтқанын да естідік.
Төртінші күні пристав: «Сіздер Қарақолға барасыздар», — деді. «Онда не бар?» — десек, «қырғыз-қазақ бас қосады, жігіт беру-бермеу талқыланады, Алматыдан үлкен жандарал келеді» деді. Біз киім ауыстырып, ат мініп баруға рұқсат сұрадық. «Жоқ, солдат апарады», — деді.
Иірсудан өтіп, Үкiлiнiң кезеңіне келгенде ымырт жабылды. Дәрет алып, намаз оқыдық. Іштей «қарсылассам ба?» деген ой да келді, бірақ қасымдағы үлкендерді қимадым. Ақыры Қарақолға қарай жүріп отырдық.
Қарақол абақтысы: қорлау, «билет» және қамаудағы тізім
Қарақолға келгенде ояздың алдына апарды. Сол жерде Қарақолға қараған 22 болыс қырғыздың игі жақсылары ояз алдында жиналып тұр екен. Конвой қолындағы пакетті өткізді де, бізді абақтыға тықты.
Абақтыға түскен қазақтар (мәтіндегі тізім бойынша)
- 1. Саурықұлы Ұзақ
- 2. Мәмбетұлы Жәмеңке
- 3. Естібайұлы Нүке
- 4. Шорманұлы Қазбек
- 5. Құдайбергенұлы Жаңабай
- 6. Сұлтанбекұлы Әубәкір
- 7. Разақұлы Біләл
- 8. Жансеркеұлы Тұрлықожа
- 9. Сұлтанқұлұлы Бекдайыр
- 10. Төбеұлы Саза
- 11. Әбділбекұлы Құрман
- 12. Бектенұлы Жайшыбек
- 13. Арғынұлы Сыбанқұл
- 14. Қаңтарұлы Кәрбоз
- 15. Жәмпейіс
- 16. Құдиярбек
- 17. (аты көрсетілмеген)
Ояз мені шақырып, «сен бұзылғансың!» деп кіжінді. Мен: «Бұзылған мен емес, бұзық — Кравченков. Екеумізді тексеруге прокурор мұнда жіберді», — деп жауап бердім. Ояз: «Әзір абақтыда жата тұр. Алматыға телеграмма соғып, жауабын күтемін», — деп қайта қамады.
Жарты сағат өтпестен үш «қызыл билет» әкеліп, «губернатор бір айға кесіпті» деді. Мен мұның өтірік екенін айтып, билеттерді жыртып тастадым. Артынша бұрын писарь болып жүрген Шафранов та сондай қағаз әкеліп, «ұлыққа қарсы сөйлеме» деп ескертті. Оған да көнбедім.
Кейін Қарақолдағы Сұлтанмұрат төре келіп, сабырға шақырып, «құдайдың салғанын көрерсіңдер, орысты ширықтыра бермеңдер» деген соң қағазды амалсыз қабылдадық. Ол бізге көрпе-жастық, төсеніш әкеліп берді.
Түн ортасында абақты есігі ашылып, үстімізге Албаннан тағы он үш кісіні кіргізді: Жайшыбек, Тұрлықожа, Бекдайыр, Қазбек, Саза, Кәрбоз, Сыбанқұл, Құдиярбек, Нүке, Жәмпейіс, Құрман, Жаңабай, Біләл. Бұларды Қарқарада шақырып алып, жауапсыз-ақ конвоймен айдап әкеліпті.
Соттағы жауап: уәде, алым және «бала беру» дауы
Қамауда он күн жатқан соң, он бірінші күні алты солдат келіп: «Әубәкір, Жәмеңке, Ұзақ — үшеуін судья шақырады», — деді. Ол кезде Жәмеңке мен Ұзақ кісендеулі еді. Жәмеңке ауыр науқас болатын, мен сүйемелдеп апардым.
Жол бойы солдаттар «Аубакр батыр… Ұзақ батыр… Жаманке батыр… Үш батыр…» деп мазақтап күлді. Сот қорасына кіргізіп, үстелін сыртқа шығарып алып, сұраққа көшті.
Менің жауабымның өзегі
«Алғашқы ақ патша қазақтан солдат алмаймын деп уәде еткен, түтін салығын салған. Кейін алым-шегім көбейіп, ел титықтады. Солдат алам десеңдер, үстіміздегі үйге дейін алғандарыңды қайтарыңдар. Бастапқы уәдеңнен тайдым деп қолыңнан қағаз бер. Сонда қазақ баласын береді», — дедім.
Судья ашуланып, үстелді қойып-қойып қалды. Мен қаймықпадым. Кейін Жәмеңкеден сұрады. Жәмеңке: «Жасым 75-тегі шалмын. Берем деп уәде қылуға өз балама да билігім жүрмейді», — деді. Судья «жұртқа бергіз» деп қысты.
Ұзақ та болған жайды айтып, «бізді Қарақолда қырғыз-қазақ бас қосады деп алдап әкелдіңдер; бала бер десеңдер, абақтыдан шығарып, қырғызбен басымызды қостыр, босат, көппен ақылдасып жауап берелік» деді. Судья «босатуға бұйрық жоқ» деп қайырды.
Қайтадан абақтыға айдап апарды. Артынан «Жәмеңкенің ауруына дәрі» деп құмырамен бір орыс дәрісін жіберіпті. Мен «ішпеңіз, бұл у» дедім. Бірақ Жәмеңке ауырсынған соң, кейін ішіп қойды. Дөңбекшіп, талаурап барып, екіндіде Жәмеңке қайтыс болды.
Жәмеңкені өзіміз конвоймен бірге мұсылман қауымына апарып жерледік.
Абақтыдағы атыс, қашу және жара
Одан кейін тағы бес күн түрмеде жаттық. Басқалардан жауап алмады. Бізбен бірге отырған жеті орыс бар еді, кейін оларды «мұнапас» деп босатып жіберді. Түрмеде қазақ қана қалдық.
Бір күні түсте үш солдат келіп, тесіктен сығалап: «Әубәкір батыр, сендерге патшадан мұнапас келді. Сағат 2-де шығасыңдар», — деді. Мен бұған сенбей, «орыстарға келген мұнапас бізге неге бірге келмеді?» деп ұрыстым. Көпшілік те күдіктенді.
Дем беріп, Кәрбозды имам қылып, бесін оқыдық. Ясын оқытып, ата-бабаның аруағына дұға қылдық.
Намаздан кейін сол үш солдат қайта келіп, темір есіктің тесігінен оқ жаудырды. Түтін тұманданып, абақты іші астан-кестен болды.
Орнымнан тұра бергенімде арқама екі оқ тиді, қайта айналғанда сүбемнен тағы бір оқ өтті. Есіктің тасасына тығылдым. Оқ тиген алты кісі төрде аунап жатты: Нүке, Саза, Құдиярбек, Жәмпейіс, Қазбек, Кәрбоз.
Аздан соң «ақыр өлем» деп, шекпенімнің жеңімен бесатардың аузынан шап беріп ұстап алдым. Солдаттың шинелінің етегі қолыма ілікті. Қасындағы екеуі мен ұстап тұрған мылтыққа үшеулеп таласып, тартып алды да, өздері қашып шықты. Солдаттың шинелінің етегі менің қолымда қалды.
«Абақтыны бұзайық!» дегенде Ұзақтың өкшесіне оқ тиді. Соған қарамай «есікті бұзыңдар, шығып өлейік!» деді. Мен бір тақтайын суырып алып, темір есікті түйіп едім — шегесі суырылып, есік қайырыла берді. Ішіндегілер дүркірей жөнелді. Сыбанқұл, Ұзақ және мен кейінірек қалдық.
Қақпадан өте алмай, Ұзақты және кісенді бес қырғызды дуалдан лақтырып шығарып, өзім де ырғып өттім. Сыбанқұл етегімнен ұстай шықты. Түсе бергенімізде қарсы үй бұрышынан көздеп тұрған солдатты көріп, «Сыбанқұл, қарғы!» дедім. Бірақ оқ дуал үстінде оған тиді.
Қаланы мылтық басып кетті. Абақты қақпасының алдында Жаңабайды атып түсіргенін көрдім. Түтін, тұман, аласапыран… Мен қашып, қаланың ішіндегі бір ноғайдың үйіне бардым — ол қақпасынан сүйреп шығарып, қуып жіберді. Мешітке келсем, онда да жан жоқ: терезесі сынған, молдалар қашып кетіпті.
Мешіт алдынан молданың тобылғы таяғын тауып алып, бір ескі қораға бекіндім. Кешке дейін сол жерде жаттым. Күн батқан соң шығып, Қарабөлдек тауына жеттім. Жаяумын, әлім құрыған.
Ақыры ата қырғыз Балпақ дегеннің үйіне келіп, оташы алдырдым. Үш оғымды алғыздым, жарама мылтық дәрісін құйғыздым. Содан ат мініп, ертеңіне түнде Сарқырдағы үйіме жеттім.
Үдере көшу, шығын және кейінгі үміт
Үйге келсем, ел бөлініп, қырғыз да, қазақ та қалмай үркіп кетіпті. Қатын-баламды жиып алып, мал-мүлік пен үйді тастап, жұрттың артынан Құмбелге қуып жеттім. Қалмаққа тарту тартқанда 2000 сом беріп, ары өттім.
Қас деген өзен бойына барып, Дәрібай деген Қызайдың (Қытай қазағы) ақалақшысымен құшақтасып, соның қасында қыстадым. Қыстай күтініп жүріп, жарам жазылды. Оқ дененің ішін аралап кетпеген екен.
Ол жақта көрмегенді көрдік: қалмақ еріксіз талады, қолдағы көлік пен мал жұтады. Малдың көбі жұртта қалды. Мен Албан ішінде алды болмасам да дәулетім бар еді — 1917 жылдың жазында қонысқа екі сиыр, он алты ат, екі жылқымен ғана келдім.
«Бостандық болды» деп елге келгенде көңіл тынбады: бостандық казак-орыстікі екен. Келген соң бар малымды сыпырып алды. Екі жыл атысып жүріп, тақыр кедей болдым.
Қорытынды ой
Әкем Тазабек те Албанды алғаш орыс алғанда қарсыласып жүріп, оққа ұшып өлген екен. Мен де азды-көпті азап көрдім. Дегенмен жаным тірі. Кеңес өкіметі орнығып, қолдағы азын-аулақ несібеміз өзімізге тиіп, шаруамызды өсіруге ниеттеніп отырмыз. Жігіттер, жұртың тыныш болсын деңдер!
Ақтоғай болысы, Албан руынан — Сұлтанбекұлы Әубәкір.
Архивтік сілтеме
Қолжазба араб қарпінде. ҚР Орталық мемлекеттік архиві: Қор — Р-1368; тізбе — 1; іс — 56.