Мемлекеттік елтаңбамыздың басты белгісі - шаңырақ
Автор туралы
Жұмағазы Ақжол
1-сынып оқушысы, Ә. Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ
Менің ұлтым — қазақ, елім — Қазақстан
Мен өз ұлтымды қазақ, елімді Қазақстан деп мақтанышпен айта аламын. Себебі мен — тәуелсіз елдің ұрпағымын.
Біздің елбасымыз — Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы — ұлттың көшбасшысы, елдің тірегі. Әлемге әйгілі Астанамыз бой көтерді, қала күннен-күнге көркейіп келеді.
Мемлекеттік рәміздер — тәуелсіздіктің белгісі
Әр елдің тәуелсіздігін, ерекшелігін көрсететін маңызды белгілер — мемлекеттік рәміздер. Мен рәміздер туралы алғаш рет балабақшада тәрбиешімнен естідім.
— Апай, рәміздер дегеніміз не? Олар бізге не үшін қажет? — деп сұрадым.
Сонда апай: рәміздер — еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын мемлекеттік нышандар. Олар — Ту, Әнұран, Елтаңба, — деп түсіндіріп, олардың суреттерін көрсетті.
Ту
Тудың түсі — көк. Көк түс бейбітшіліктің, тыныштықтың және жарқын болашақтың белгісі. Тудың ортасында күн бейнеленген, ал күннің астында қалықтап ұшқан қыран құс бар.
Елтаңба
Мемлекеттік Елтаңбамыздың басты белгісі — шаңырақ. Шаңырақтың айналасында уықтар бейнеленген, ал оны қанатты пырақтар қоршап тұр.
Менің алғашқы жаттаған өлеңім
Тәрбиешіміз бізге мемлекеттік рәміздер туралы өлең жаттауды тапсырды. Үйге келген соң мен анамнан басқа елдердің рәміздерін көрсетуді сұрадым. Анам әртүрлі елдердің туларын көрсетті. Сол тулардың ішінен мен өз еліміздің туын бірден таныдым: ол аспан түстес, басқа ешбір елдің туына ұқсамайды.
Көк аспандай көкпеңбек — Қазақстан жалауы,
Көк емес ол тектен-тек — елдің ашық қабағы.
Мен бұл шумақты жаттап, келесі күні балабақшаға айтып бардым.
Қорытынды ой
Мемлекеттік рәміздерді білу және оларға құрметпен қарау — әр оқушының міндеті. Рәміздер — тәуелсіздігіміздің айқын белгісі, елдігіміздің айнасы.