Ашық сабақ тақырыбы

Ашық сабақ: «Бастауышпен қоштасу» мерекесі

Мақсаты

  1. Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің берік негіз болып қаланатынын ұғындыру.
  2. Бастауыш сыныппен және алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру; әр баланың ерекшелігін танытып, сәт-сапар тілеу.
  3. Білім ордасы — мектепті және ұстаздарды құрметтеуге, білімге деген құштарлықты арттыруға тәрбиелеу; өз Отанының адал ұлы мен қызы болуға баулу.

Көрнекілігі

  • «Шуағын төккен 4 жыл» фотомонтажы
  • Слайдтар
  • Қанатты сөздер мен тақырыптық безендіру

Негізгі ой

Тарыдай болып кіріп, ақыл-ойы толысып, оң мен солын таныған шәкірттердің бастауышпен қоштасу сәтін мәнді, әсерлі етіп өткізу; алдағы орта буынға сеніммен қадам бастыру.

Кіріспе сөз

Мұғалім: «Бұл оқу тамақ болар қарның ашқанда, жол табар қараңғыда адасқанда. Мал озбас, біле білсең, білім озар — ақыры керек болар бір сасқанда», — деп Міржақып ақын айтпақшы, тарыдай болып кіріп, ақыл-ойлары толысып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріміздің ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған «Қош бол, бастауыш!» мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!

Қош келіпсіздер, құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгінгі күн — осы залда отырған бәріміз үшін ерекше күн. Өйткені осыдан төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз бастауышта білім алып, қанаттарын қатайтып, енді бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.

«Бесіктегі баланың күлгенін көрген — бір мұрат, алдына түсіп ананың жүргенін көрген — бір мұрат», — дегендей, бастауыш сыныпты бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық!

Жүргізуші мәтіні:

Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұндай күй болған, сірә, қаншаңызда?
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
4-сыныптарды ортамызға!

Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға келеді.

Төрт жылдың естелігі

Мұғалім: Сіздердің алдарыңызда тұрған 4-сынып оқушылары осыдан төрт жыл бұрын алты жасар бала болса, бүгін — ес біліп, етек жиған шәкірт.

Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап «Әліппемен қоштасу», дәстүрлі Наурыз тойлары, «Әдепті бала», «Әнші, биші балапан», «Кішкентай күз аруы», «Наурыз аруы», «Кішкентай жігіт сұлтаны», мәнерлеп оқу сайыстары, түрлі тақырыптағы көрмелер, сыныпаралық спорттық жарыстар, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары — балалардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Армандасаң да, қиялдасаң да, балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір — осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады.

Бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, тағы бір белеске қадам басқалы отыр. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өз жолын табуға бағыт берген ұстаздарына және ата-аналарына арнап өз өнерлерін көрсетуге дайын. Олай болса жүргізушілерімізді ортаға шақырайық!

Жүргізушілер сөзі

Есен

Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!

Гаухар

Армысыздар әжелер мен аналар,
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.

Тұралбек

Армысыздар өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп, кешегі сәби-еркелер!

Айнұр

Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім!

Есен: Дұрыс айтасың, Айнұр! Бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші. Менің атам да, әжем де, әкем де, анам да, енді мен де осы мектептен тәлім алудамын.

Айнұр: Олай болса, Есен, алтын ұя мектебімізге арнап Бота Бисенованың «Мектебім» әнін шырқайық!

Ән

«Мектебім»

Слайд: «Мектептегі мерекелер»

Тұралбек: Иә, мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады. Ендеше сыныптастарымыздың мектепке арналған өлеңдерін тыңдайық.

Оқушылардың арнауы

1-оқушы

Мектеп деген — білім кені, жыр кені,
Мектеп деген — ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген — тәрбиеші адамға,
Мектеп деген — даналардың мекені.

2-оқушы

Мектебім — білім берер алтын ұям,
Ер жетіп, сенде сөзім артты, санам.
Баулыған төрт жыл бойы ата-анамдай,
Әрқашан қасиетті атың маған.

Арада өтсе дағы дүркіреп жыл,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы —
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.

3-оқушы

Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі, мектебім.

4-оқушы

Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.

5-оқушы

Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.

6-оқушы

Мектеп — үйім, ұстазым менің — ата-анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырланып, сан тарапқа тараған.

7-оқушы

Мектебім — сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін, көктеймін.
Сен — бұлақ, мен — қайың бүр ашқан,
Өзіңнен нәр алып көктедім.

8-оқушы

Мектеп — кеме, білім — теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Төрт жыл алған білім нәрін,
Азық етіп ер жетеміз.

Қорытынды ән

«Үйретеді мектепте»

Дереккөз

Санат: Қазақша ашық сабақтар жинағы

Дереккөзі: http://www.sabak865-bastauysh_mereke_koshtasu.html

©