Күй сезіну
Нұрғиса Тілендиев (1925–1998)
Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы — қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дирижері, дәулескер домбырашысы. Қазақ музыкасының кәсіби сахнасында да, халықтық дәстүрдің өзегінде де өшпес із қалдырған бірегей тұлға.
- Туған жылы мен жері
- 1925 жыл, 1 сәуір. Аманқарағай дуаны, Күнтимес орда-қыстауы; қазіргі Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы.
- Қайтыс болған жері мен жылы
- 1998 жыл, қазан. Алматы облысы, Жамбыл ауданы.
- Мәңгілік тыныстаған жері
- Жамбыл кесенесінің іргесі.
Білім теңізі
Нұрғиса Тілендиев Мәскеудегі П. И. Чайковский атындағы консерваторияның дирижерлік факультетін (профессор Н. П. Аносов класы) тәмамдады. Ол Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында (1953–1961), Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961–1964) бас дирижер қызметін атқарды.
1981 жылы тікелей өзі ұйымдастырған «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрін 1998 жылға дейін басқарып, ұлттық оркестрлік орындаушылықтың тынысын кеңейтті. Сондай-ақ 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясының музыка редакциясына бас редактор болды.
Туындылары
Нұрғиса Тілендиев қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер және орындаушы ретінде өшпес мұра қалдырды. Ол 500-ден астам төл шығарманың авторы. Мұрасының жанрлық өрісі кең: ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет.
Ірі формалар мен сахналық шығармалар
- «Достық жолымен» (1958)
- «Менің Қазақстаным» кантатасы (1959)
- Қ. Қожамияровпен бірге жазған «Алтын таулар» операсы (1961)
- «Ата толғауы» және оркестрге арналған шығармалар (1962)
- Увертюралары: «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975)
Күйлері мен әндері
«Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» күйлері, сондай-ақ «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» секілді әндері халықтық бояуы қанық, қолтаңбасы айқын рухани қазынаға айналды.
Театр мен киноға қосқан үлесі
Композитор қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазды. Музыкасы жазылған сахналық туындылардың қатарында М. Әуезов, Ш. Айманов, Т. Ахтанов, Ә. Тәжібаев пьесалары бар.
Экранға арналған еңбектері ішінде «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» секілді классикалық фильмдер аталады.
Абай өлеңдеріне жазған әндері
«Әсемпаз болма әрнеге...», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім...», «Ішім өлген, сыртым сау...», «Қызарып, сұрланып...».
Музыкалық мәдениет
Нұрғиса Тілендиев қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал-серілік дәстүрдің соңғы ірі тұяқтарының бірі саналады. Ол уақыттың идеологиялық өктемдігі мен ассимиляцияшыл үрдістерге мойынсұнбай, табиғи болмысынан таймай, шығармашылық даралығын сақтап қала алды.
Қазақтың дәстүрлі музыкалық тілін берік ұстанған күйде кәсіби музыкалық танымды терең меңгеріп, суырыпсалмалық қуатты үнемі шабыттың тірегіне айналдырды. Оркестрлік қасаңдыққа еркін тыныс, буырқанған динамика дарытып, көп дауыстың ішінде өз үнін жоғалтпауға күш салды.
Негізгі түйін
Нұрғисаның композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы — көпке ортақ, тілі — көпке түсінікті. Оның өнері тыңдаушының жүрегіне бағытталуымен құнды: дәстүрдің әрін тайдырмай, нәрін жоғалтпай, өзіне ғана тән кәсіби биікті қалыптастырды.
Толығырақ
Нұрғиса Тілендиев қазақтың төл музыкасын төл аспаптармен оркестрлік үлгіде дыбыстаудың және оны әрі қарай дамытудың жарқын үлгісін көрсетті.
Домбырашы Нұрғиса
Қазақ күйшілік дәстүрінде орындаушылық туралы айғақты дерек аз. Сондықтан өткеннің алып күйшілері күйлерін қалай тартты деген сауал — талай көңілдің қиялын тербеткен арман. Бүгінгі күнге жеткені — күйлердің өз мұрасы және сол мұраны тірілткен орындаушылардың мектебі.
Дәстүр жалғастығының құдіретін Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеу, Әбікен Хасен, Төлеген Момбек, Қаршыға Ахмедьяров, Секен Тұрысбек, Талас Әсемқұлов секілді талай саңлақтардың өнері дәлелдейді. Олар жай қайталаушы емес, күйдің ішіне еніп, кейіпкеріне айналып тартатын күйші-орындаушылар. Осы дүлдүлдердің ішінде Нұрғиса — бірегейі.
Солақай домбырашы
Нұрғиса солақай домбырашы болған. Бұл ерекшелік оның оң қол саусақтарының пернеге қапысыз қадалу икемін күшейтіп, дыбысты мөлдір әрі анық шығаруға сеп болғандай. Ол домбыра арқылы айтар ойын дәл жеткізе алатын орындаушы еді.
Орындаушылық кеңдігі
Ол Алтайдың тік күйлерін, Арқаның қоңыр күйлерін, Сыр бойының бойлауық күйлерін, Жетісудың жайсаң күйлерін, Атыраудың адуын күйлерін тартқанда — әр мектептің мінезін бұзбай, сәні мен салтанатын келістіріп жеткізе білді.
Егер Нұрғиса композитор да, қоғам қайраткері де болмай, тек домбырашы-орындаушы ретінде ғана танылса да, қазақтың мәдени-рухани шежіресіндегі көрнекті тұлға ретінде төрден орын алар еді.
Күй сезіну
Қазақ домбырашылары күй өнері көз арқылы, қол арқылы және құлақ арқылы жұғады дейді. Осы үшеуінің ішінде күйді құлақпен сіңіретіндердің жөні бөлек: көз көргенінен таймайды, қол ұстағанынан айырылмайды — ал құлаққа сіңген күй санаға сіңіп, жүректі тербетеді.
Нұрғисаның табиғаты
Нұрғиса күйді құлақпен сіңіріп, жүрекпен тартатын домбырашы еді. Оның күйлері жүректен шыққан соң да, жүректерді тербеп, байырқап жатады.
Дарын
Нұрғиса бойындағы көп қырлы дарынның түп-төркіні туған топырақпен, шыққан тегімен, өскен ортасымен сабақтас. Оны дүниеге келгеннен әнге бөлеп, жырмен құндақтап, күймен тербеткен — Жетісудың өнерпаздық дәстүрі.
Жетісу өнер мектебін қалыптастырған Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Кенен секілді ақындар; Қанадан, Байсерке, Бердібек секілді күйшілер; Дәурен-сал, Қырмызы, Жидебай, Балқыбек секілді сал-серілердің рухани өрісі — Нұрғиса талантына кең өріс ашқан орта болды.
Әкесі Тілендінің бауырында өскен Нұрғиса күйдің тілін ерте ұқты. Анасы Салиха — Кенен Әзірбаевтың қарындасы, өзі де айналасын әншілігімен тәнті еткен адам. Бала Нұрғиса сол әуеннің құшағында қалыптасты.
Халықпен біте қайнасқан өнер
Нұрғиса барша қабілетін халқының рухын асқақтатуға арнады. Оның музыкасы баланың да, дананың да жүрегіне жол тауып, көптің рухани жан серігіне айналды. Ол атақ іздеген жоқ — атақ оны өзі тапты: композиторлар ішінде алғашқылардың бірі болып «Халық Қаһарманы» атанды.
Ұлылардың сөзі
«Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар».
«Музыка — адамзаттың әмбебап тілі. Ол жан-дүниемізді байытып, ұлттық сана-салтымызға баулитын сиқырлы күш. Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын осы ойға қалам».
«Тілендиев жазған күйлер тыңдаушысын қуанта да алады, жұбата да біледі; толғандыра отырып ойландырады; әлдилей отырып әдемі әсерге бөлейді. Онда атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік асыл қасиеттер, мейірім мен рахым шапағаты, мұқалмас жігер, ұлттық рух, намыс бар. Меніңше, Тілендиевтің күйлері бүгінгі тыңдаушысын қалай бейжай қалдырмаса, он, жиырма, жүз жылдан кейін де дәл бүгінгі құдірет күшін сақтайды — өйткені ол ықылым заманғы бабалар рухымен, арман-мақсатымен сабақтас».
«Нұрғисаның тұла бойы толған дыбыс. Денесінен бір жапырақ ет үзіп алып лақтырып тастасаң да, ол әлі бүлкілдеп, өлең айтып жатар еді».
«Нұрғисаның талантты екенін білу үшін онымен бір рет кездессең де жеткілікті... Қарапайым дыбысқа қалай жан бітіріп жіберетініне таңданасың».
«Н. Тілендиев — бір ғасырда бір туып, ғасырлар бойы өнерімен халқының ортасында өмір сүретін тұлға».
«Домбырашы Нұрғисаның қолына домбыра тисе, теңіз төрінде дауыл көтерілгендей... дирижер Нұрғисаның қолына оркестр тисе, Алатау жапырылып кеткендей... композитор Нұрғиса билік алса, дүние жарқырап жүре беретіндей әсер қалдырады».
«Нұрғиса Тілендиев — қазақ даласын сахнаға айналдырып, сазға бөлеген жасампаз; таусылмайтын кені, сарқылмайтын бұлағы, сөнбейтін шырағы... бармағынан бал тамған арқалы домбырашы, кеудесінен күй қоздаған күй-құдірет».
«Сөз жоқ, Нұрғиса Тілендиев — оқшау дара тұлға. Зор талант иесі. Халқымыздың ақындық, әншілік, шешендік, күйшілік, композиторлық рухы бір басында тоғысқан біртуар жан».
«Кейде мен өзімді әке-шешеден тумағандай сезінем. Өйткені халық алақанына салып, өмір бойы аялап келеді».
Арман
Бір ауылда той өтіп, сол тойға Нұрғиса арнайы шақырылады. Той болған соң күй тартылады, ал күйді тартатын — Нұрғиса. Күй тартылған сайын тыңдаушының айызы қанып, қошемет күшейеді. Қошемет артқан сайын Нұрғиса да домбырасын құбылтып, шабытын үдете түседі.
Алайда көпшілікке араласпай, шеткерірек жерде ақ сақалды бір қарт құйған мүсіндей қимылсыз отырады: күйге селт етпейді, ықылас танытпайды. Жұрт гуілдеп, Нұрғисаны қайта-қайта қолқалай береді. Әбден қызған шақта бір жас жігіт: «Нұрғиса, сіз күйді башпайыңызбен де тартады дейді ғой, башпайыңызбен тартыңызшы!» — деп өзеурейді.
Нұрғиса кебісін қағып тастап, домбыраны башпайымен қағып та береді. Жұрт ду етіп, таң-тамаша болады. Бірақ әлгі қарт қана сол қалпы селт етпейді.
Түн ортасы ауа, қонақтарды үйлерге бөліп қондырады. Нұрғиса баяғы тұнжыр қарттың үйіне түседі. Үйдің төрінде қозы қарын, қызыл домбыра ілулі тұрады. Нұрғиса домбыраны қолына алып, шертіп көрсе, көмейі күмбірлеп, көкірек шымырлайды. Ол үй иесіне: «Ақсақал, бір күй тартып берейін бе?» — дейді.
Қарт самарқау кейіппен қарап: «Тартсаң тарт, шырағым. Тек үйдің берекесін алмай, адам құсап тартшы», — дейді. Бұл сөз Нұрғисаның көңілін күрт құлатып жібереді: күнұзынғы қолпаш та, марапат та жалғандай көрінеді. Оның үстіне әкесі Тілендінің: «Күйдің берекесін алмай, күйін келтіріп тарт» деген өсиеті есіне түсіп, жанын қарып өтеді.
Сол сәт көкірегінен еріксіз: «Ах, арман-ай…» деген сөз лықсып шығады. Нұрғиса домбыраны бауырына қысып, бала күнінен құлағына сіңген ескі сарынды тереңнен қозғайды. Күй қолмен емес — жүрекпен тартылады. Иірімдер өз-өзінен құйылып, арманымен қауышқандай күй кештіреді.
Күй тәмам болғанда, қарттың қабағы ашылып, жанары шоқтай жайнап кетеді: «Ой, бәрекелді, өркенің өссін, қарағым!» — дейді. Нұрғиса сонда ғана еңсесін тіктеп, көңілі орнына түскендей болады.
Кейін белгілі болғандай, бұл қарт соғысқа дейін тыңдаушысын тәнті еткен дәулескер домбырашы екен. Соғыстан сол қолы шынтағынан кесіліп оралыпты. Қол кесілсе де, көкірек аман: домбырасын баптап, күйге ынтық көңілін жоғалтпай өткен. Нұрғиса осы қарияның алдында тартқан күйін кейін «Арман» деп атап, елге таратқан деседі.