Ескі пароход Вознесеньедегі айлақтан ырғалып әрең шықты да Онега көліне келіп түсті

Ақ түн үстіндегі сапар

Ескі пароход Вознесеньедегі айлақтан ырғалып әрең шықты да, Онега көліне келіп түсті. Айналада ақ түн созылып жатыр. Мен бұл түнді алғаш рет Нева мен Ленинград сарайларының үстінен емес, солтүстіктің орманды кеңістігі мен көлдері арасында жүріп көрдім.

Шығыста жүзі жүдеу ай қуарып, төмендеп тұрды; жарық шығармайтын сияқты. Пароходтан тараған толқындар қарағай қабығының бөлшектерін тербетіп, алысқа алып барады. Жағада—ежелгі бір қыстақ шетіндегі шіркеуде ме, әлде күзетші мұнарада ма—қоңырау сағатты он екі рет соқты. Жағалау алыста болса да, оның әуезді үні бізге жетіп, пароходты жанай өтіп, су айдынының үстінде ай салбырап ілініп тұрған мөлдір сағымға сіңіп бара жатты.

Ақ түннің әсері

Мен ақ түннің кісі жанын қажытатын жарығын қалай атарымды өзім де білмеймін: жұмбақ па, әлде дуалы ма? Бұл түндер маған әрдайым табиғаттың әсіре сыйы секілді көрінеді. Оларда аппақ ауаның, фольга мен күмістің жарқылындай тұнық мөлдірлік бар.

Адам осындай сұлулық пен сұсты ғажайып түндердің жоғалып кетуіне көнгісі келмейді. Сол себепті, ұзақ өмір сүру жазмышында жоқ таңғажайып нәрселер сияқты, ақ түндер де өзінің пәнилік баянсыздығымен кісіні жеңіл мұңға шомдырады.

Мен теріскейге тұңғыш рет кетіп барамын. Бірақ маған ол жақтың бәрі, әсіресе жан баспайтын меңіреу бақтардағы кешеуіл күзде гүл-шешегі төгіліп біткен ақ мойылдың шоғыры тым таныс көрінді. Суық та жұпар иісті мойылдар Вознесеньеде өте көп еді. Мұнда оларды ешкім үзіп алып, үстел үстіне құмыраға салып қоймайды екен.

Петрозаводскіге жол және кітап ойы

Мен Петрозаводскіге бара жатқан едім. Сол кезде Алексей Максимович Горький «Фабрикалар мен зауыттардың тарихы» айдарымен кітаптар топтамасын шығаруды ойлаған болатын. Бұл іске ол көптеген жазушыларды тартты да, бригадалар болып жұмыс істеу мәселесі шешілді—әдебиетте «бригадалық жұмыс» деген сөз сол кезде алғаш пайда болды.

Горький маған бірнеше зауытты ұсынды. Мен Петрозаводскідегі ежелгі Петр зауытына тоқтадым. Оның негізін Петр Бірінші қалаған: әуелде зеңбірек пен зәкір зауыты болып, кейін құю ісімен айналысқан, ал революциядан соң жол машиналарын жасауға көшкен.

Неге «бригадалық жазудан» бас тарттым

Мен бригадалық жұмыстан бас тарттым. Адамның іс-қимылы саласында артельдік жұмыс істеу, әсіресе кітап жұмысында, ақылға мүлде қонбайды деп мен (қазір де) нық сенемін. Ең тәуірі—тұтас кітап емес, әртүрлі очерктердің жинағы шығады.

Меніңше, кітапта материалының ерекшелігіне қарамастан, әр жазушының ақиқат болмысты қабылдауы, оның стилі мен тілінің қадір-қасиеті көрінуі тиіс. Екі-үш адам бір мезгілде бір скрипкада қалай ойнай алмаса, бір кітапты да солай бірігіп жазуға болмайды.

Мен мұны Алексей Максимовичке айттым. Ол тұнжырап, үйреншікті әдетімен саусақтарымен үстелді барабандатып, біраз ойланды да: «Жігітім, сізді жұрт өркөкірек деп айыптайды әлі. Бірақ жалпы алғанда—жазыңыз! Тек ұятқа қалмаңыз: кітапты міндетті түрде әкеліңіз. Қайтсеңіз де!»—деді.

Пароходта осы әңгімені есіме түсіріп, кітапты жазатыныма әбден сендім. Маған солтүстік қатты ұнады. Бұл жағдай жұмысты жеңілдететіндей көрінді. Петр зауыты туралы кітапқа солтүстіктің мені тұтқындаған ақ түндерін, тымық суларын, орман-тоғайларын, мойылын, әндетіп сөйлейтін новгородтық сөздерін, тұмсығы аққудың мойнындай бұралып тұратын қара қайықтарды, шөптердің суреті салынған иін ағаштарды (күйентелерді)—бәрін де кіргізгім келді.

Қала тынысы және ауыр тұйық

Петрозаводск ол заманда құлазып жатқан тып-тыныш қала еді. Көше-көшелерде мүк басқан қойтастар жататын. Күллі қала бір түрлі слюда сияқты көрінетін—бәлкім, бұл көлден шығатын бозғылт сәуледен бе, әлде көзге қораш, бірақ жанға жайлы ақшыл аспаннан ба, әйтеуір солай әсер ететін.

Петрозаводскіде мен мұрағаттар мен кітапханада ошарылып отырып, Петр зауытына қатысты бар нәрсенің бәрін оқи бастадым. Зауыттың тарихы күрделі де қызғылықты екен: Петр Бірінші, шотланд инженерлері, басыбайлы талантты ісмерлеріміз, металл құюдың каррондық әдісі, су машиналары, дағдылы әдет-ғұрыптар—бәрі де мол материал берді.

Ең әуелі кітаптың жоба-жоспарын жасадым: қыруар тарих пен сипаттама болды, бірақ адамдар аз еді. Мен кітапты Карелияда жазбақ болдым да, бұрынғы мұғалима Серафима Ионовнаның үйінен бір бөлме жалдап алдым. Ол көзілдірік киетін әрі француз тілін білетін, бірақ мінезі мұғалимаға ұқсамайтын, қара дүрсін тартып кеткен кемпір болатын.

Материалдың «тірілмеуі»

Мен жоспар бойынша жазуға кірістім. Бірақ қанша қиналсам да, қол астындағы кітап қожырап, шашыла берді. Материалды дәнекерлеп, «цементтеп», табиғи ағыс арнасына салғым келді. Алайда ол ыдырай берді: қызықты бөлшектер бірін-бірі тіреп тұрмаған соң жансызданып, ілініп-салына берді.

Мұрағат фактілеріне жан кіргізетін бірде-бір нәрсе—шырайлы егжей-тегжейлер, уақыт ауасы, өзіме туыс адамдардың тағдыры—қолдап-қостап тұрмады. Су машиналары туралы, өндіріс туралы, ісмерлер туралы жаза бердім; бірақ мұның бәрі менің жеке тәжірибеммен байланыспаса, лирикалық тыныспен жан кірмесе, кітаптан ештеңе шықпайтынын қамыға отырып түсіндім. Тіпті жалпы кітап шықпайтынын да сездім.

Материал алдында әл-дәрменсіз тұрып қалудан өткен жеркенішті, ауыр нәрсе жоқ. Жадымда Горькийдің: «Тек ұятқа қалмаңыз—кітапты міндетті түрде әкеліңіз!» деген сөзі оқта-текте қадалып, маза бермейтін.

Ақырында, ештеңе жазбай, Петрозаводскіден тайып тұруға бел будым. Өз басыма түскен күйді бөлісетін бір-ақ адам бар еді—Серафима Ионовна. Мен сәтсіздік туралы айтайын деп ыңғайланғаным сол-ақ, ол мұны баяғыдан аңғарып қойған екен.

Серафима Ионовнаның сөзі

«Сіз, шынында, баяғы емтихан алдындағы ақылы аз гимназист қыздарым секілдісіз,—деді ол.—Олар басына көзіне түскеннің бәрін тықпалап алады да, ештеңені көрмейді: ненің мәнді, ненің бос сөз екенін түсінбейді. Сіз әбден шаршағансыз. Мен сіздің жазушылық ісіңізден бейхабармын, бірақ мұнда қысыммен ештеңе жасауға болмайды деп ойлаймын. Тек өзіңізді бекер жүйкелетесіз. Бұл зиянды, тіпті қауіпті. Кетіп қалмаңыз. Тынығыңыз. Көлге барыңыз, қаланы аралап көріңіз. Біздің қала қарапайым да жақсы. Мүмкін, бірдеңе шығар».

Қорым, құлаған тұғыр және табылған кейіпкер

Мен бәрібір жүріп кетпек едім, бірақ кетер алдында Петрозаводскіні аралап қайтуды ұйғардым. Осы уақытқа дейін қаланы жарытып көрмеппін. Көлді бойлап, терістікке қарай жүріп, қаланың шетіне шықтым. Шағын үйлер шоғыры бітті де, бақшалар басталды.

Бақшалардың арасынан бірде ана жерден, бірде мына жерден айқыштар мен зират ескерткіштері көріне бастады. Қайдағы бір шал сәбіздің жүйегін отап жатыр екен. Мен одан айқыштардың жайын сұрадым.

«Бұрын бұл маңда қорым болатын…»

«Бұрын бұл маңда қорым болатын,—деді шал.—Шетелдіктерді жерлейтін сияқты еді. Қазір бұл ара бақшаға керек болды, ескерткіштердің көбін алып тастады. Қалғандары да ұзаққа бармас. Келесі көктемге дейін тұрар, одан әрі шыдамас».

Ескерткіштер аз екен—бес-алты ғана. Соның бірі әдемілеп құйылған шомбал шойын қорамен қоршалыпты. Қасына бардым: сынған гранит тұғырда француз тіліндегі жазудың сілемі көрінеді. Биік ошаған жазуды тұтас дерлік жауып тұр. Ошағанды сындырып, жазуды оқыдым:

«Шарль-Евгений Лонсевиль, Император Наполеонның Ұлы армиясының артиллерия офицері. 1778 жылы Перпиньянда туып, 1816 жылдың жазында Петрозаводскіде, отанынан алыста қайтыс болды. Оның құсалы жүрегі тыныштық таппады».

Көз алдымда сирек кездесетін, қайғылы тағдырдың моласы тұрғанын түсіндім. Ең бастысы—дәл осы адам маған көмекке келетінін сездім.

Мұрағаттағы тоғыз күн

Үйге қайтып келіп, Серафима Ионовнаға Петрозаводскіде қалатынымды айттым да, сол бойда мұрағатқа тарттым. Онда әбден қуарып, қаңсып қалған, арық шөлмектей болып кеткен, көзілдірік киген шал—математиканың бұрынғы оқытушысы—жұмыс істейді екен. Мұрағат әлі толық жиналмаған, бірақ шалдың өзі оны әлдеқашан толық игеріп алғандай.

Мен оған бастан кешірген жайымды айттым. Шалдың толқығанын көрсеңіз: ол жұртты жалықтыратын анықтамалармен—көбіне шіркеу кітабына қарап туу туралы куәліктер берумен—ғана айналысып үйренген. Ал енді жүз жыл бұрын Петрозаводскіде түсініксіз жағдайда қайтыс болған, жұмбақ Наполеон офицеріне қатысты дерек атаулыны іздеу керек болды.

Мұрағаттан Лонсевильдің титтей де болса ізі табылар ма екен? Аз ба, көп пе—әйтеуір соған қарап, оның ғұмырын қайта қалпына келтіруге болар ма? Әлде мүлде ештеңе шықпас па? Шал кенет үйіне қонбайтынын, түні бойы мұрағатты тінтетінін айтты. Менің бірге қалғым келген, бірақ бөтен адамға мұрағатта қалуға болмайды екен.

Содан қалаға барып нан, шұжық, шай мен қант сатып алдым да, сол түні ауқаттансын деп, бәрін шалға апарып бердім.

«Радикалдар» деп белгіленген істер

Іздеу тоғыз күнге созылды. Күн сайын таңертең шал маған, өз болжамынша, Лонсевиль туралы бірдеңе шығатын құжаттардың тізімін көрсететін. Ең қызықты істердің қасына «белгі» қойып, оларды математикше «радикалдар» деп атайтын.

Жетінші күні ғана қорым кітабынан француз армиясының тұтқыны Шарль-Евгений Лонсевильдің түсініксіз жағдайда жерленгені туралы жазба табылды. Тоғызыншы күні екі адамның жеке хаттарында Лонсевильдің аты аталды. Оныншы күні Олонец губернаторының: «Лонсевиль дегеннің әйелі Мария-Цецилия Тринитэ Франциядан оның моласына ескерткіш орнату үшін келді» дейтін қол қойылмаған жыртық жолдаухаты табылды.

Материал осымен бітті. Бірақ архивариус шалдың олжаға қуанған жүзі-ақ қиялымды оятып, Лонсевильді тірілтуіме жетіп артылды.

Лонсевиль пайда болысымен-ақ, мен кітапты жазуға кірістім. Жуырда ғана басы бірікпей, төгіліп-шашылып жатқан материалдың бәрі кенет оның арқауына айналды. Ол өзінен-өзі француз революциясы мен Наполеонның Ресейге жорығына жалғанып, Гжатск түбінде қазақтар тұтқынға алғаннан кейін Петрозаводскіге жер аударылған, ақыры қатты қызумен қайтыс болған артиллеристің айналасына топтасып қала берді.

«Шарль Лонсевильдің тағдыры» хикаяты осылай жазылды: адам пайда болмайынша, материал да өлік сияқты екен. Бұған қоса, күні бұрын жасалған жоспарым түгелдей тас-талқан болды. Ендігі әңгімені Лонсевильдің өзі домалатып алып жөнелді.

Свирь бойындағы табыт және тоқтаусыз жоқтау

Хикаятта өлген Лонсевильді жоқтаудың бір көрінісі бар. Әйелдің дауыс қылуының сөзін мен нағыз жоқтаудан алдым—бұл арнайы айтуға тұрарлық оқиға.

Мен пароходпен Свирь өзенімен жоғарыға, Ладога көлінен Онега көліне қарай бара жатқанмын. Бір жерде, Свирицада ма, төменгі палубаға кемежайдан қарапайым қарағай табытты әкеліп қойды. Свирицада Свирь бойындағы ең кәрі, ең тәжірибелі лоцман қайтыс болыпты.

Дос-жаран лоцмандар марқұмның мәйіті салынған табытты, көз жұмған байғұс өз сүйікті өзенімен қоштассын дегендей, бүкіл өзенді бойлай Свирицадан Вознесеньеге дейін алып өтпек болды. Бұл жағалау тұрғындарына да сол өңірдің ерекше қадірлі адамымен қоштасуға мүмкіндік беретін.

Свирь—табалдырық-бөгесіндері көп, ағысы қатты өзен. Тәжірибелі лоцман болмаса, пароходтар оның екпінді ағысынан өте алмайды. Сондықтан да Свирь бойында ертеден-ақ өзара тығыз тамырласқан лоцмандардың тұтас бір руы тіршілік құрып жатады.

Біз табалдырықтардан өткенде, пароход толық жүріспен жұмыс істесе де, оны екі буксир сүйреп келе жатты. Ал пароходтар ағыс екпінімен төмен қайтқанда, табалдырықтарға ұрынып қалмас үшін, пароход та, буксирлер де ағысқа қарсы, кері жүріспен жұмыс істеді.

Өлген лоцманды әкеле жатқаны туралы өзеннің жоғары жағына жеделхат жіберілген. Сол себепті әр кемежайда пароходты тұрғын халық қалың нөпірімен қарсы алатын. Алдыңғы қатарда қара орамал тартқан жоқтаушы кемпірлер тұратын. Пароход жақындай бергеннен-ақ, олар ашық та қамыққан дауыспен марқұмды жоқтай жөнелетін.

Қайталаусыз суырыпсалма жоқтау

Олардың сөздері ешқашан қайталанбайтын. Меніңше, әрбір жоқтау—суырыпсалма жыр сияқты. Сол жоқтаулардың бірі мынадай еді:

«Шынымен-ақ бақиға қанат қақтың ба, шынымен-ақ бізді жетім еттің бе? Біз сені қастерлемеді дейсің бе, жан ырысы—жақсы сөзбен елітіп, мейірімімізді төкпек пе едік? Әкетайым, Свирьге бір қарашы бұрылып, ақырғы рет көз салшы—жарқабақтан аққан қан қарайып барып қатты ғой, қатыныңның көз жасы көлдей болып ақты ғой. Аһ, жалған дүние-ай, ажал саған неге беймезгіл келді екен? Аһ, құдайым-ай, Свирь бойын қуалай өлім шырақтары неге ғана епелектеп жанып тұр?»

Сөйтіп, біз түні бойы бір сәт те үзілмеген жоқтау астында Вознесеньеге дейін жеттік. Ал Вознесеньеде пароходқа қабақтары салыңқы лоцмандар келіп, табыттың қақпағын ашты. Ішінде бет-жүзін жел мен аяз қақтаған, әлуетті, ақ шашты шал жатыр екен.

Табытты кенеп сүлгілердің үстіне салып, жоқтау айта отырып жағаға алып кетті. Артында ақ жүзін шәлімен бүркеген жас әйел сары шашты баланы жетектеп келеді. Одан бірнеше қадам кейін өзен капитанының формасын киген орта жастағы еркек кетіп барады. Бұлар—марқұмның қызы, немересі, күйеу баласы екен.

Пароход үстіндегі жалауды сәл төмен түсірді. Табыт зиратқа қарай кетіп бара жатқанда, пароход бірнеше рет созылта гудок берді.

Таң алдындағы Шолпан

Хикаятта тағы бір әсерім төбе көрсетті. Маңызды нәрсе емес сияқты, бірақ теріскеймен тығыз байланысты болғандықтан, есімде қалыпты: бұл—Шолпанның төтенше жарқырап тұруы.

Мен оған дейін жұлдыздың дәл солай маздап, мөлдіреп тұрғанын көрмеген едім. Шолпан таң алдында, көгілсіп тарта бастаған аспанда дымқыл гауһар тамшысындай құбылып тұрды. Ол шынында да тым ғажайып таңғы шапақтың хабаршысындай, аспан-көктің өкілі секілді еді.

Орта өңірлер мен оңтүстікте мен оны ешқашан бұлай байқамағанмын. Ал мұнда—құлазыған жазық пен орман-тоғайлардың үстінде—ол күллі бейкүнә сұлулығымен жалғыз өзі ғана жарқырап, Онега мен Заволочье үстінде, Ладога мен Заонежье үстінде таң алдындағы сәттерде жеке билеп-төстеп тұрғандай көрінетін.

Аударған: Әбілміжін Жұмабаев