Унковский елшілігі - Ресей өкіметінің 1722 жылы Жоңғар хандығына жіберген елшілігі

Унковский елшілігі (1722–1723)

Унковский елшілігі — Ресей өкіметінің 1722 жылы Жоңғар хандығына жіберген дипломатиялық миссиясы. Елшілікті орыс артиллериясының капитаны И. Унковский басқарды.

Елшіліктің мақсаты

Миссияға екі негізгі міндет жүктелді:

  • жоңғар билеушісінен Ресей бодандығын қабылдайтыны туралы ант алу;
  • Жоңғар хандығының жерін картаға түсіру.

Қабылдау және келіссөздердің барысы

Елшілік 1722 жылғы 26 қарашада Севан Рабданның қабылдауында болып, Ресей патшасы жіберген сыйлықтарды табыс етті. Севан Рабдан Ресей бодандығын қабылдау Цин әскерлерінің Шығыс Түркістанға басып кіруіне тосқауыл қоя алады деп есептеді.

Алайда бодандық мәселесін шешу үшін ол жоңғар ақсүйектерімен алты айдан астам уақыт кеңес жүргізді. Бұл кезеңде сарай ішіндегі ұстанымдар айқын бөлінді: Севан Рабданның ұлы Шоно-Лоузан мен лама шіркеуінің ықпалды өкілдері бодандықты қолдаса, әскери жасақ басшылары оны үзілді-кесілді қабылдамады.

Нәтижесі

Қарама-қайшы пікірлерге байланысты Севан Рабдан Унковский елшілігіне Ресей бодандығын қабылдау жөнінде ант беруден бас тартты.

1723 жылғы қазанда нақты шешімге келе алмаған елшілік Ресейге қайтты.