Оқушысының сұрап жүргені осы Хан Диннің Сол мекен қалай аталмақ

Естелік

Ана тіліне деген сағыныш — уақытпен өлшенбейтін сезім

«Көріп отырмын тарихтан сан бүліктің…» — азаттық туралы оймен басталатын бір өлеңнің тағдыры күтпеген жерден қайта оралды. Өз тіліңнің бар болуы қандай ғанибет: жер бетін мекендеген әр ұлт үшін ана тіл — ең қастерлі белгі.

Күтпеген хабар

Бірде Тараздағы колледжде сабақ беретін бұрынғы оқушым хабарласып: мектепте бірге оқыған сыныптасым сіздің бір өлеңіңізді сұрап жатыр, деді. Бұл — ертеректе жазылып, еш жерде жарияланбаған өлең еді.

Жадта қалған кеш

Ол өлеңді әлгі оқушым ауылдық Мәдениет үйінің сахнасында көркемсөз ретінде оқыған болатын. 22 қыркүйекке арналған «Ана тілім — ардағым» атты кеш еді. Оқиға 1998 жылы өткен, бірақ арада 18 жыл өтсе де, өлең есінен шықпапты.

Тіл тағдыры туралы бір музейлік сөйлем

Бірінші курсқа түскенде бізді оқу орнының мұражайымен таныстырды. Сонда мұражай қызметкері: «Бұл оқу орнының тарихы Қиыр Шығыстағы корей педагогикалық институтының 1937 жылы осы қалаға қоныс аударып, көшіп келуінен басталады», — деген еді.

Кейін осы сөздің жаңғырығын корей жазушысы Хан Диннің «Үрей» әңгімесінен таптым: онда Ли есімді оқытушы басын қатерге тіге отырып, ана тілінде жазылған, ұлты үшін баға жетпес қымбат кітаптарды сақтап қалады.

Көршінің ауласындағы ой

Студент кезде үй ауласында немерелерін ойнатып отыратын кәріс әжені жиі көретінмін. Екі кішкентай қыз орыс тіліндегі балабақшада тәрбиеленетін болу керек, өзара орысша сөйлеп ойнайтын. Әже кейде сол тілде тәртіпке шақырғанымен, өз тілінің мәнері аңғарылып тұратын.

Сонда менің ойыма бір сұрақ қайта-қайта оралатын: егер әже ана тілін білсе, ал немерелері білмесе, олар әжесімен өз тілінде қалай түсініседі?

Осы ойдың дәл өзін кейін Хан Диннің тағы бір әңгімесінен оқыдым.

Әңгімеден туған өлең

Оқуды бітіріп, мұғалім болған соң тіл мерекесі қарсаңында оқушыма сахнада оқытатын «Корей қызының қасіреті» атты өлең жаздым. Ол Хан Диннің «Сол мекен қалай аталмақ?» әңгімесінің әсерімен дүниеге келген еді.

Өлеңнің өзегі

Әңгімеде науқас анаға туған қызы қарап жүреді. Ана соңғы аманатын айтпақ болады. Ана корей тілін білсе де, қызы ол тілді білмегендіктен, екеуі орысша сөйлеседі. Бірақ ақырғы сәтте ана Отанын ойлап, ақтық сөзін корей тілінде айта бастайды. Қызы ештеңе түсінбей қиналады — ең ауыр қасірет сол.

Өлеңнен үзінді

Ақтық сапар ақыретке қалды ма екен барып тым,

Өкілі еді жатқан ана корей деген халықтың.

Перзент — қорған, жанашыр ғой тіршіліктің барында,

Бір бойжеткен күтім жасап жүрді ана жанында.

Аудармайды ана байғұс бойжеткеннен жанарын,

Қызы еді өйткені ол жатқан сырқат ананың.

Сұлулығы байқалады қарасаңыз ақырын,

Тек айыбы бар бір ғана — ана тілінен мақұрым…

«Түсінбедім, мама, сені!..» — құрығандай амалы,

Бойжеткеннің лажсыздан жасқа толды жанары.

Қалдырмастан ақтық сөздің осы қазір түгінде,

Ана байғұс жатты сөйлеп барлығын өз тілінде…

Баяғы оқушым сұрағаны — дәл осы өлең екен. Кейін өзі де қоңырау шалды.

Қайта оқуға деген ықылас

«Сол өлеңді іздеп жүрсің бе?» — дедім.

«Иә, қайтадан оқығым келген еді», — деді ол.

Өлеңнің Хан Дин әңгімесінің әсерімен жазылғанын айтып бердім. Поштасын сұрап алып, жіберіп едім, алғыс айтып хат жазды.

Бір ауыз сөздің салмағы

Өлеңнің қалай туғанын айтқанда, ол: «Бірақ бір ұлт бола тұра, бір-бірімізді ана тілімізде түсіне алмайтын жағдайлар бізде де бар ғой», — деді. Мүмкін, ол ауыл сахнасында өлең оқып тұрғанда да осы ой жанын тырнаған шығар.

Өз тіліңде сөйлесуге зәрулік

Расында, мұндай хәл өзіміздің ортамызда да кездеседі. Бірінші курста оқып жүргенде, мамандығымыздың бесінші курс студенттері мұғалімдік тәжірибеден өтуге Солтүстік Қазақстан облысына кеткен болатын. Дәстүр бойынша бізді студент қатарына төртінші курс қабылдады.

Сол сапарда барған апайларды бір қазақ әже үйіне жатқызып тұрып: «Ешқандай жамбасақы алмаймын. Тек қайтамын дегенше, өзіміздің тілімізде сөйлесші», — деген екен.

Үй ішіндегі үнсіздік

Себебі ол өз ұлымен де, келінімен де, немересімен де ана тілінде сөйлесе алмайтын көрінеді. Тек олар жұмысқа, балабақшаға кеткенде ғана Алматыдан қазақ тілінде хабар тарататын радионы бар даусымен қосып қояды екен. Жан дүниесі сол үннен, сол дауыстан ғана байыз табатын.

Түйін

Бір өлеңнің қайта сұралуы — бір ғана шығарманың тағдыры емес. Бұл — уақыт өтсе де өшпейтін тіл сағынышының айғағы. Ана тілі жоғалса, ұрпақ пен үлкеннің арасындағы ең табиғи көпір де әлсірейді. Ал сол көпірді берік ұстау — әр үйдің, әр жүректің ішкі жауапкершілігі.