Елбасымыздың осы қиын жолда сіңірген еңбегі зор, баға жетпес
Эссе
Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл
Орындаған
Абдраманов А.К.
Қызметі
Қаржы институттарымен жұмыс жасау департаменті, Қаржы институттарына мониторинг жасау басқармасы, фронт-менеджер
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» (қазақтың халық мақалы)
Тәуелсіздік: ғасырлар арманының жүзеге асуы
Көзді ашып-жұмғанша, биыл қазақ халқы тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтеді. Тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ — бұл ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттың орындалуы.
Тәуелсіз мемлекетке айналу бізге серпін беріп, өз еркімізбен алға ұмтылуға, мемлекет болып өркендеуге жол ашты. Егемендік алған сәттен бастап, бірқатар шұғыл әрі тағдыршешті мәселелердің шешімі табылды: Семей ядролық полигоны жабылды, Арал теңізі мәселесі күн тәртібіне нақты қойылды, тарихи мұра мен мәдениет, қазақ тілі қайта жаңғырып, табиғи байлықтарымыз өз иелігімізге қайтты.
Бүгінде Қазақстан — болашағына сеніммен қарайтын, зайырлы, өркениетті, индустриялық жаңғыру жолында жоғары қарқынмен дамып келе жатқан мемлекет.
Кешегі қысым және ұлттық сананың оянуы
Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде өз жерімізде еңсеміз түсіп, экономикамыз да, ішкі-сыртқы саясатымыз да, табиғи қорларымыз да өзге мемлекеттің ықпалында болды. Сол қиын-қыстау уақытта ұлттық сана-сезім мен намыс оянды.
Қайта құру кезеңі де қоғамдағы серпілісті үдете түсті. Қазақ мектептерінің жабылуы, қазақ тіліндегі газет-журналдардың, кітаптардың азаюы, биліктегі теңсіздік — мұның бәрі ел ішінде әділетті талап еткен батыл буынның шығуына әсер етті.
1986 жылғы Желтоқсан — тәуелсіздікке бастау
1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының ерік-жігерін, ұлттық мүддені қорғауға дайын екенін көрсетті. Уақыт өте келе, сол тарихи оқиғаның мәнін тереңірек түсіне бастадық.
Мемлекеттік бағдар және көшбасшылықтың рөлі
Қазіргі таңда Қазақстанның өзіндік үні, пікірі, халықаралық беделі бар. Мұндай нәтижеге қол жеткізу — ішкі және сыртқы саясатты сауатты жүргізуді, әлеуметтік-экономикалық дамуды, халықаралық қауымдастықпен кәсіби қатынас орнатуды талап ететін күрделі үдеріс.
Тәуелсіздік жарияланған сәттен бастап мемлекет алдында тұрған тарихи міндеттерді түсініп, дұрыс даму бағытын таңдауда көшбасшылық қажет болды. Бұл жауапты кезеңде мемлекеттің беталысын айқындаған тұлға — Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Нарыққа өту және инвестиция
Стратегиялық таңдаудың өзегі — ашық нарықтық экономикаға көшу және құрылымдық өзгерістерде шетелдік инвестицияны маңызды фактор ретінде пайдалану болды.
Бәсекеге қабілеттілік
Осы шешімдердің нәтижесінде Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы елеулі жетістік.
Стратегиялар сабақтастығы: «Қазақстан–2030» және «Қазақстан–2050»
Еліміздің 25 жылдағы маңызды жетістіктері «Қазақстан–2030» стратегиясында белгіленген негізгі міндеттердің орындалуымен айқындалады: ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық пен бірлік, ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу.
2012 жылғы желтоқсанда «Қазақстан–2030» қорытындыланып, жаңа саяси бағдар жарияланды. Негізгі мақсат — 2050 жылға қарай мықты мемлекет, дамыған экономика және жалпыға ортақ еңбек негізінде берекелі қоғам құру.
Нақты басымдық
«Қазақстан–2050» стратегиясы ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды көздейді. Соның ішінде кәсіпкерлікті қолдау — ұлттық экономиканың жетекші күші ретінде ішкі нарықты нығайтудың маңызды бағыты.
Кәсіпкерлік және даму институттары
Шағын және орта бизнесті қолдауда 1997 жылы құрылған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының рөлі ерекше. Бүгінде қор кәсіпкерлердің несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктер алдындағы міндеттемелерін кепілдендіру бағытында қаржылық агент ретінде жұмыс істейді.
Экономиканы әртараптандыру, оны шикізат секторына тәуелділіктен арылту үшін ірі жобаларды қолдау да маңызды. Осы мақсатта 2001 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» құрылып, шикізаттық емес секторларға инвестиция салу арқылы тұрақты өсімге үлес қосып келеді. Соңғы деректерге сәйкес, 14 жыл ішінде банк қолдауымен 78 инвестициялық жоба іске қосылып, 20,4 мың жұмыс орны ашылған; жыл сайын бюджетке 10 млрд теңгеден астам салық түсімі қамтамасыз етіледі.
Өнеркәсіптің жаңа қарқыны
Дағдарыс әсері жағдайында өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін қаржыландыруды жалғастырып қана қоймай, болашағы бар ірі жобаларды шетелдік инвесторлар арқылы қолдауды тоқтатпау маңызды.
Ашық нарықтағы сынақтар
Алдымызда Еуразиялық экономикалық ықпалдастық, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық нарық талаптарына бейімделу міндеті тұр.
Кедергілерді азайту
Жасанды әкімшілік бөгеттерді жою, парақорлық пен бюрократияға қарсы күресті жүйелі жалғастыру — «мықты бизнес – мықты мемлекет» қағидасын жүзеге асырудың алғышарты.
Жастар: білім, мамандық таңдауы және кәсіпкерлік рухы
Жастарға заманауи білім берумен қатар, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға қажет жаңа мамандар даярлау — маңызды міндет. Кейінгі жылдары жастар арасында белгілі бір салаларға шамадан тыс шоғырлану байқалды; ал еңбек нарығы әрдайым өзгеріп отырады. Мысалы, мұнай бағасының төмендеуі салдарынан көптеген жұмыс орындары қысқарып, бұл жағдай отбасыларға да әсер етті.
Осындай тәуекелдер қайталанбауы үшін жастардың экономиканың игерілмей қалған салаларына қызығушылығын арттыру қажет. Бұл үшін мектептер мен жоғары оқу орындарын заманауи техникамен, инновациялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, тәжірибеге жақын оқытуды күшейту маңызды.
Жастар кәсіпкерлігі — жаңа мүмкіндіктер көзі
- Жаңа жұмыс орындарын ашуға ынталандырады.
- Білікті мамандар қалыптастыруға жол ашады.
- Инновациялық даму жолына жедел көшуге мүмкіндік береді.
Алматыда жыл сайын кәсіпкерліктің жаһандық аптасы аясында «Жастар кәсіпкерлігінің форумы» өтіп, жас кәсіпкерлер клубы, бизнес-инкубаторлар сияқты бастамалар дамып келеді. Мұндай жобаларды жүйелі қаржыландыру қажет.
Қазақ тілі: рухани байлық және қоғамдық жауапкершілік
Қазақстан — көпұлтты, көпконфессиялы қоғам. Соған қарамастан, ана тіліміз — қазақ тілін дамыту мен оның өмірдің барлық саласында қолданылуын кеңейту — ортақ міндет. Ана тілі — рухани байлығымыз әрі тарихи құндылығымыз.
Қазақ тілін қай жерде болмасын ұялмай, керісінше мақтанышпен қолдануымыз керек. Білмейтіндер үйренуге талпынсын. Мемлекет тарапынан тегін курстар, оқу материалдары ұсынылып жатыр — осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланайық.
Қарапайым қағида
Тілді құрметтеу — өзіңді құрметтеу. Тілімізді қадірлесек, қоғамдағы қатынас та өзгереді, ал мәртебеміз одан сайын биіктейді.
Астана және ЭКСПО-2017: тәуелсіздіктің келбеті
25 жыл ішінде мемлекетіміз экономикалық, әлеуметтік, интеллектуалдық тұрғыдан айтарлықтай өзгерді. Архитектуралық тұрғыдан алғанда, бұл өзгерістің символы — Астана. Ол тәуелсіздіктің үні мен келбеті, елдің жаңарған бейнесі.
Астанада өткен және өтетін халықаралық шаралар Қазақстанның мүмкіндігін көрсетеді. Солардың бірі — ЭКСПО-2017. Бұл — Орталық Азия мен ТМД кеңістігіндегі алғашқы осындай көрме ретінде елдің халықаралық беделін күшейтетін маңызды оқиға.
Көрменің өзегі: «Болашақ энергиясы»
Тақырып жасыл технологияларға және сарқылмайтын энергия көздеріне — күн, жел, жер асты сулары арқылы энергия алуға бағытталған. Бұл адамзат үшін өзекті әрі болашағы зор мәселе.
Ұзақтығы
3 айға дейін
Қатысушылар
100-ге жуық ел, 10+ ұйым
Келушілер
2 млн+ адам (болжам)
Мұндай ауқымды шара өндірістік қуатқа серпін беріп, халықаралық әріптестік пен инвестициялық тартымдылықты арттыра алады.
Отбасы құндылықтары: қазіргі өзекті мәселе
Қоғам дамыған сайын жаңа сұрақтар да өткірлене түседі. Соның бірі — жас отбасылар арасындағы ажырасудың көбеюі. «Жастар қандай мақсаттарды көздейді? Басты құндылықтары қандай? Отбасында қандай тәрбие алды?» деген сауалдар ойландырады.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бекер айтылмаған. Отбасы институтын сақтап қалу, оны қадірлі ету үшін нақты шешімдер қажет: жоғары сыныптарда отбасылық психология пәнін енгізу ме, әлде отбасымен жұмыс істейтін орталықтарды көбейту ме — мұны мамандар талқылауы керек. Бірақ бұл — назардан тыс қалмайтын мәселе.
Тәрбие және балабақша: болашақтың іргетасы
«Бала тәрбиесі — бесіктен» демекші, тәрбиенің негізі балабақшадан басталады. Патриоттық сезім де жастайынан қалыптасады. Бұл тұрғыда елімізде жүзеге асқан «Балапан» бағдарламасының ықпалы зор.
Бағдарлама аясында мыңдаған балабақша ашылғаны айтылады. Мен көрген мысалдардың бірі — Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында 10-нан астам балабақша мен балалар орталықтарының іске қосылуы.
Дегенмен, балабақша санын арттырумен шектелмей, жаңа әдістемелер мен тәсілдер арқылы тәлім-тәрбиені үздіксіз жетілдіру қажет.
Халықаралық бедел және тарихи жауапкершілік
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, әлемдік қоғамдастықтағы белсенді рөлін дәлелдей білді: Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті; халықаралық бастамаларға ұйытқы болды; Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет өткізілді.
Осының бәрі — еңбектің, тұрақтылықтың және қоғамдық келісімнің нәтижесі. Ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық, ынтымақтастық сақталған жерде ғана ұзақмерзімді жетістіктер орнығады.
Қорытынды
25 жыл ішінде жеткен жетістіктердің маңызын бағалай отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. 90-жылдары айқындалған стратегиялық бағыттардың арқасында Қазақстан қысқа тарихи мерзімде сөзі өтімді, беделі жоғары мемлекетке айналды.
Екі алып мемлекеттің ортасында орналасқан ел ретінде осындай деңгейге жетуіміз — маңдайға біткен бақ әрі үлкен жауапкершілік. Өз тарихымызды қадірлеп, ұлттық идеяны сақтап, мәдени мұра мен құндылықтарды кейінгі ұрпаққа аманат ету — ортақ парыз.
Басты ұстаным
Елдің жаңа экономикалық бағдары көрсеткен бағытты берік ұстанып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтай отырып, болашаққа сеніммен қадам басайық.