1932 жылы Кеңес әскері қатарына алынып, тұрақты әскери қызметкер болды
Викентий Никонорович Тощенко
Викентий Никонорович Тощенко — 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан, гвардия капитаны. 1932 жылы Кеңес әскері қатарына алынып, тұрақты әскери қызметкер атанды. Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күннен-ақ майданға жіберілді.
Ол 1-гвардиялық атты әскер дивизиясының 5-гвардиялық Тамань атты әскер полкі құрамында қызмет етіп, Солтүстік Кавказдағы және Днепр бойындағы шайқастарға қатысты.
Днепрден өту кезіндегі ерлік
1943 жылғы 26 қыркүйекте Тамань атты әскер полкінің 1-эскадроны полк штабының бастығы, гвардия капитаны Тощенконың басшылығымен бораған оқтың астында Днепрден өте бастады.
Оң жағалауға шыққаннан кейін Тощенко басып алған плацдармды кеңейтіп, басқа бөлімшелердің өзеннен өтуін қамтамасыз ету үшін эскадронымен Вороново тоғайының жиегін басып алуға ұмтылды. Эскадрон күші басым жаумен бір жарым тәулік бойы шайқасты.
Тощенко жараланғанына қарамастан ұрысқа басшылық етуді тоқтатпады. Алайда ұрыс үстінде екінші рет жараланып, қаза тапты.
Марапаты
Ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Викентий Никонорович Тощенкоға КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.