Тырнауышқа жегілген қос өгіздің қапталына соқыр атты жеге тұрып, балалардың мазағы ойына оралған Жолдыбай терең күрсінді

Жолдыбайға тиген «сыбаға»

— Саған осы атты лайық көрдік, Жолдыбай. Өзгелерден бойың да, жасың да кіші. Алас ұрып тұрған асау атқа ие бола алмассың.

Жолдыбай бригадир меңзеген атты жүгендей бергенде-ақ, жануардың бір көзінің жоқ екенін, қабырғалары арса-арса болып, әбден жүдеп кеткенін аңғарды. Ең сорақысы — арқасындағы ошақтай жауырдан тамшылап аққан қан аралас ірің еді.

Балалардың мазағы

Өз аттарын жүгендеп алып, көңілдері тау бұлағындай тасқындаған балалардың бірі: «Опыр-ай, мына Жолдыбайдың асығы алшысынан түсуін қара! Соқыр десең — соқыр, жауыр десең — жауыр…» — деп кекетті.

Екіншісі: «Мына атқа мінгенде, біздің Жолдыбай әлгі… диірменмен соғысатын кім еді?» — деді.

Тағы бірі қыран күлкіге бөлеп: «Е-е, ол — Сервантестің Дон Кихоты ғой. Санчодан аумай қалатын болды!» — деп қарқылдады.

Соқыр аттың тулағы

Жолдыбай ел қатарлы ерттемек болғанда-ақ қиындық басталды. Таңертеңгі көргені «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей: соқыр ат ер салғызбай мөңкіп, тулап, әлек-шәлек шығарды.

Әупірімдеп ерді салып, айылын тарта бергенде, жануар аспанға шапшып, тебініп, тістеп ала жаздады. Мұны көрген шөпші балалар:

Күлкі мен қауіптің арасы

— Мұның қасында Алпамыс Тайшық ханның темір үйін талқандап шығатын Байшұбар да «аяқ артуға тұрмайтын тулақ» шығар!

— Әй, әрірек тұрыңдар. Жалғанның жазымы көп: тұяғы тиіп кетіп, жазым болмаңдар!

Балалар мазақты үдете берер ме еді, үлкендердің бірі: — Қойыңдар, кәне! — деп тыйды. Содан кейін Жолдыбайды қолтықтап демеп, соқыр атқа мінгізді.

Ерге қонған сәтте-ақ ердің қыры ошақтай жараға батып кеткендей, ат ышқына мөңкіп, айдалаға ала жөнелді.

Жұмысқа кіріскенде күдік сейілді

Кейін соқыр атты тырнауышқа жегілген қос өгіздің қапталына қосты. Балалардың мазағы есіне түсіп, Жолдыбай ауыр күрсінді: «Опыр-ай, осылай жалғаса берсе…»

Алайда сабасына тез түсті де, іске кірісті. Тырнаушының соңында қалып бара жатқан тақтаға түскен шөпті қос өгіз бен соқыр ат тізе қосып сүйреп келе жатқанын көргенде, ішкі күдігі сейілгендей болды. Көңіл түкпірінде әлдебір үміт оты жылт етті: «Әлденеден бұл атқа да қарармыз…»

Түс ауа сонадайдан шөпшілердің көліктерін доғарып жатқанын көріп, «түс болды» деп ұқты. Өгіздерін доғарып, соқыр атқа ер салуға беттеді. Бұл жолы таңертеңгідей емес: ат тебуге де, тістеуге де ұмтылмады. Басын салбыратып, бей-жай тұрды.

Қамшы да көмектеспеді

Үлкендердің көзін ала беріп, Төкен бас қамшыны суырып алып, алға түсе берді. Балалар ғана емес, жастар да соқыр атқа қамшы басты. Әуелде тепіректеп шапқансыған жануар көп ұзамай-ақ барын салғандай болып, кібіртіктеп аяңға көшті.

Қосқа таянғанда балалар шайларын ішіп болып, көлеңкеде тыныстап отыр екен. Олар жырқ-жырқ күліп, әлдене деп әжуалай қарсы алды. Бірақ Жолдыбайдың тыңдауға құлқы да, уақыты да жоқ еді: бір-екі кесе шайды асыға ұрттап, қайтадан сыртқа беттеді.

Бейсенбай қарттың сабыры

Кешке қарай ауылға жұрттың соңын ала кешігіп келген Жолдыбайды күш-көліктерді бағатын Бейсенбай қарт күтіп алды: — Қарағым, атыңның ерін алып, табынға қос. «Ат» дейді ғой тулақты…

Жолдыбайдың күні бойғы ыза-кегі сыртқа тепті ме, соқыр атты босата беріп, қолындағы жүгенімен бастан бір-екі салып жіберді. Сол сәтте Бейсенбай қарт қатқылдау ескертіп қалды:

«Жылқыны басқа ұрма…»

— Әй, жақсының баласы, мұның білгендік емес. Әкең марқұм «жылқыны басқа ұрма, обал болады» деп талай ескерткен болар. Тек құйма құлаққа айтсаң — құйып алады, ақпа құлаққа айтсаң…

Жолдыбай сөздің аяғын тыңдамай, қосқа қарай жүгіре жөнелді.

Аздан соң шөпші балалардың бірі: — Сені Бейсенбай ата шақырады, тез келсін, — деп сыртқа алып шықты.

«Сөзімді тыңдамай кеттің» деп ұрысар деп қауіптенген еді. Бірақ Бейсенбайдың «Уай, жақсының баласы…» деп жайдары қарсы алғанына таңырқап қалды.

— Атыңның ерін ал, кәне. Енді сәл әрірек тұр, — деді қарт. Атқа жақындап, арқасындағы ошақтай жараны екі қолымен қысып, іріңін ағызды. Сосын өзімен ала келген дәріні сеуіп жіберді.

— Шипасы Алладан. Енді бірер рет сепсек, жараның ізі де қалмайды, — деп жымиып қойды.

Ақ бұршақ пен суға толған қос

Таңға жақын Жолдыбай жұрттың шулаған үні мен абыр-сабырынан оянды. Сыртқа шықса, баданадай ақ бұршақ қыр төсін басып қалыпты. Төбеден тамған тамшы қос еденінен ішке кіріп, су тізеден асып көтерілген: төсек-орын су бетінде қалқып жүр.

Асығыс шешім

— Апыр-ай, мұндай лайсаңды кім көрген? Бір-ақ сәтте суға кетіп қала жаздадық-ау!

— Жер дегдігенше аттарыңды ерттеп, ауылдарыңа беттеңдер.

Күн бір жауып, бір ашылып тұрды.

Таза бұлақтағы тосын тапсырма

Таза бұлаққа келгенде, неліктен екені белгісіз, Жапар ата бағатын колхоз қойы әлі шарбақта қамалып тұр екен. Аттан түсіп жатқан Жолдыбайға Жапар атаның кішкентай немересі жүгіріп келді: — Аға, сізді атам шақырады, тез келсін!

Жолдыбай Жапар атаның балағанына бас сұқты. Әдетте түнеріп, айналасына ызбар шашып жүретін қарт бұл жолы мән-жайды қысқа қайырды: аттан құлап, аяғын сындырып алған екен.

— Сен қойды шығарып, дөңгелете тұр. Апаң атқа мініп, ауыл ортасына хабарлауға кетті. Сен қойды өз атыңмен бағып тұр, — деді.

Шарбақтың аузын аша бергенде, отар далаға лап қойды. Сәл ересектеу балалардың бірі ат үстіндегі Жолдыбайға атасының мылтығын ұстатты.

Мылтықты ала бергенде-ақ, соқыр ат осқырына үркіп, бұлқынып, қанша тартса да басылмады. Жайшылықта қадамын санап басатын жануар құйындата жөнеліп, жан ұшыра шұрқырап кісінеді.

Жолдыбайдың төбе шашын тік тұрғызған сәт — мылтық қолынан сусып түсіп бара жатты. Сол мезетте ғана соқыр ат мөңкіп алды да, кісінегенін доғарып, баяғы қалыпты аяңына түсті.

«Бұл жай емес…» деген күдік

Бұл көрініс үлкендердің де назарынан тыс қалмады. Қабыш сақалын салалап отырып: — Қалай десеңдер де, бұл жай емес. Жануар әлде соғысқа қатысты ма екен? Бәлкім, соғыста көзіне оқ тиген шығар… — деп күмәннің ұшын шығарды.

Бірі «болуы мүмкін» десе, бірі «Украина қайда, біздің Таза бұлақ қайда» деп қайырды. Тіпті әңгіме мектептегі тарихшы ағайға дейін жетті. Ол: — Тайбурыл, Байшұбар шыққан қазақ жеріне соғысқа ат алынды ма деп сұрауларыңның өзі надандық емес пе?! — деп бір-ақ кесті.

Таңқаларлығы — Жолдыбай «Соқыр ат соғысқа қатысты ма?» деген дауға араласпады. Әркім өз сөзін дәлелдеуге тырысып, қанша айтысса да, тиянақ табуы екіталай екенін ол іштей сезгендей еді. Алып-қашпа әңгімеге бас ауыртуды артық санады.

Қамқорлыққа көшкен жүрек

Бәлкім, оған Бейсенбай қарттың бұрын айтқан сөзі ой салған шығар: «Әкең марқұм сөзге жоқ, ісіне мығым адам еді. Жануарға, әсіресе жылқы малына ерекше құрметпен қарайтын…»

Жолдыбай соқыр атты мезгілінде суарып, азды-көпті жем беріп, Бейсенбай қарттың көмегімен арқасындағы жарасын емдеп жазуға шын ден қойды.

Ақыры оқуға аттанар шақ та жетті. Әдетінше соқыр аттың жалын тарай отырып, Жолдыбай жануардың мойнын құшақтап:

Кешірім

— Сен мені қамшымен бас-көзге сабағанымды да, басыңнан жүгенмен салып қалғанымды да кешір, жануарым. Білместік болды…

Үнінде өткенге өкініштің лебі бар еді.

Сүлеймен Баязитов